ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 55
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Дәріс № 10
Тақырыбы: Неврология. Жүйке ұлпасы. Ми және жұлын жүйкелерінің анатомиялық құрылысы және морфофункциональдық сипаттамасы.
Мақсаты: Жүйке ұлпасының жасушаларын оқып білу. Ми және жұлын жүйкелерінің құрылысын түрлерін түсіну, білу
Кілттік сөздер: нейроциттер, нейроглия, аксон, дендрит, макроглия, микроглия, сезімтал жүйкелер, қозғалтқыш жүйкелер, ганглий,
Сұрақтар:
-
Нейроциттің түрлері, қызметі -
Нейроглия -
Жүйке жүйесінің орталық және шеткі бөлімі. -
Ми және жұлын жүйкелері
Жүйке ұлпасы - жүйке жүйесі мүшелерінің негізін құрайтын, жоғары дәрежеде жетіліп маманданған ұлпа. Ол орталық жүйке жүйесінде жұлын мен мидың сұр және ақ заттарын, шеткі жүйке жүйесінде жүйке түбіршіктерін, жүйке түйіндерін, жүйкелерді, жүйке тораптарын, жүйке ұштарын құрайды. Жүйке ұлпасы қоршаған сыртқы және организмнің ішкі орталарынан келетін тітіркеністерді қабылдап, олардың әсерлерінен қозады да, жүйке толқындарын (импульстерін) түзеді. Жүйке ұлпасы жүйке жасушалары - нейроциттерден (нейрондардан) және жүйкелік глиядан (нейроглиядан) тұрады. Жүйке ұлпасының негізгі қызметі болып саналатын тітіркеністерді қабылдау, жүйке толқындарын түзу және өткізу нейроциттердің үлесіне тиеді. Ал нейроглиялар, нейроциттер үшін тіректік, трофикалық, оқшаулау, секреторлық, қорғаныс қызметтерін атқарады.
Нейроцитгер жүйке жүйесі мүшелеріндегі орналасу орындарына және атқаратын қызметтеріне байланысты пішіні мен мөлшерінің көп түрлілігімен ерекшеленеді. Мысалы, мишықтың дәнше тәрізді нейроциттерінің диаметрі 4 мкм, ал ми жартышары қыртысының ірі пирамида тәрізді нейрондарының диаметрі 130 мкм. Нейроциттердің организмдегі орналасу орындары мен атқаратын қызметтеріне және жануарлардың түрлеріне байланысты жасушалар өсінділерінің ұзындығы бірнеше микрометрден (мкм) 1,5 - 2 м дейін болуы мүмкін. Атқаратын қызметіне сәйкес нейроцит өсінділері: дендриттер және аксон (нейрит) болып екіге бөлінеді. Дендриттер жүйке толқынын сырттан (сыртқы және ішкі ортадан немесе басқа нейроциттер аксон-дарынан) қабылдап, нейроцит денесіне (перикарионға) өткізетін тармақты өсінділер, ал аксон нейроцит денесінде еңделген жүйке толқынын басқа нейроциттер дендриттеріне, перикариондарына немесе орындаушы жұмысшы мүшелерге өткізетін өсінді. Әр бір нейроцитте тек бір ғана аксон болады. Өсінділерінің санына байланысты нейроциттер: бір өсінділі (униполярлы), екі өсінділі (биполярлы) және көп өсінділі (мультиполярлы) болып үш топқа бөлінеді.
Униполярлы нейроциттердің тек бір өсіндісі болады. Ол аксонның қызметін атқарады. Дендриттері болмағандықтан жүйке толқындарын нейроцит перикарионы (денесі) қабылдайды. Сақа жануарлар жүйке жүйесінде таза униполярлы нейроциттер болмайды. Олар тек эмбриондық даму қезеңінде ғана ұрық организмінде кездеседі. Бұлар дендриттері жетілмеген бір өсінділі жас I нейроциттердің ізашар жасушалары - нейробласттар. Биполярлы нейроциттердің бір өсіндісі дендриттің, ал екінші өсіндісі, аксонның қызметін атқарады. Биполярлы нейроциттер жануарлар организмдерінде көздің торлы қабығында және құлақтың айналымды (спиральды) жүйке түйінінде (ганглийінде) орналасады. Ал жұлын түйіндеріндегі сезімтал нейроциттер құрылысы жағынан "жалған униполярлы" нейрондар қатарына жатады. Бүл жасушалрда нейроцит денесінен шыққан бір өсінді Т әрпі тәрізді екіге бөлініп, бір-бірінен ажырап, оның бірі дендритке, ал екіншісі аксонға айналады. Сондықтан, бүл нейроциттерді де, биполярлы нейрондарға жатқызады. Мультиполярлы нейроциттердің үш және одан да көп өсінділері болады. Мультиполярлы нейроциттер жүйке ұлпасында ең көп тараған жүйке жасушалры. Бұлардың өсінділерінің тек біреуі ғана аксон, ал қалған өсінділері - дендриттер.
Қызметіне байланысты нейроциттер: рецепторлы (афферентті немесе сезімтал), ассоциативті (байланыстырғыш) және эффекторлы (эфферентгі немесе қозғалтқыш) жүйке жасушалары болып үш топқа бөлінеді. Рецепторлы нейроциттер дендриттерінің сезімтал жүйке ұштары (рецепторлары) сезім мүшелерінде орналасады. Рецепторлар ішкі және сыртқы орта әсерлерінен қозып, жүйке толқындарын түзеді де, оларды байланыстырғыш нейроциттер дендриттеріне өткізеді. Ассоциативті нейроциттер өз кезегінде жүйке толқындарын дендриттері арқылы қабылдап, оларды перикариондарында өңдеп, өңделген жүйке толқындарын не күшейтіп (қозу), не тежеп, эффекторлы нейроциттер дендриттеріне өткізеді. Қозғалтқыш (эффекторлы) нейроциттер өз кезегінде жүйке толқындарын қабылдап өңдеп, одан әрі орындаушы жұмысшы мүшелерге жеткізіп, олардың тітіркендіргіш әсерлеріне жауап беру процесін іс жүзіне асырады. Демек, рецепторлы, ассоциативті және эффекторлы нейроциттер бір-бірімен жанаса жалғасып, нейроциттер тізбектерін жасау арқылы құрылысы әр түрлі (қарапайым, күрделі) рефлекторлық доғалар түзеді. Рефлекторлық доғалар жануарлар организмдеріндегі жүйке жүйесіне тән түрлі рефлекстердің іс жүзіне асуын қамтамасыз етеді. Рецепторлы нейроциттер перикариондары жұлын және мидың сезімтал жүйке ганглийлерінде, ассоциативті және қозғалтқыш сомалық (денелік) нейроциттер перикариондары жұлын мен мидың сұр затында, ал вегетативті екінші эффекторлы нейроциттер вегетативті жүйке ганглийлерінде орналасады.
Нейроциттердің құрылысы. Нейрон сыртынан плазмолеммамен (нейролеммамен) қапталған. Нейролемма құрылысы жағынан биологиялық жарғақ. Жүйкелік қозудың түзілуі мен өтуіне нейролемма бетіндегі потенциалдар айырмашылығының өзгеріп отыруы әсерін тигізеді. Нейроцит цитоплазмасында (нейроплазмасында) жалпы органеллалармен қатар, арнайы органеллалар - нейрофибриллалар мен гранулалы эндоплазмалық тор туындысы - хроматофилді зат болады. Нейроциттің ядросы орналасқан бөлігін, нейрон денесі немесе перикарион - деп атайды. Нейроцит нейроплазмасындағы нейрофибриллалар нейрофиламенттер мен микротүтікшелерден құралған. Олар нейроцит ядросы маңында жиі тор, ал торша өсінділерінде олардың ұзын бойын бойлай бір бағытта орналасқан нейротүтікшелер мен нейрофиламенттер шоғырларын түзеді. Гистологиялық препараттарда нейрофибриллаларды азотты қышқыл күмістің көмегімен анықтайды. Хроматофилді затты негіздік бояулармен (тионин, көкшіл толуидин, көкшіл крезил) бояу арқылы нейроцит цитоплазмасында анық көруге болады. Оны әр түрлі пішіндегі базофилді кесекшелер құрайды. Олар негізінен ядро маңыңдағы перикарионда және дендриттер цитоплазмасында шоғырланған. Ал аксонның нейроцит перикарионынан бөлініп шығатын аксондық төмпешігі мен аксон цитоплазмасында базо-филді зат болмайды. Базофилді затты өте тығыз орналасқан гранулалы эндоплазмалық тор құрайды. Оның қүрамында РНҚ -ның көп мөлшерде болатындығы гистохимиялық әдіс арқылы анықталды. Демек, базофилді зат белоктарды белсенді түзу арқылы нейроцитті құрылымдық белоктық материалмен үздіксіз қамтамасыз етіп отырады. Белоктар, әсіресе, базофилді заты жоқ аксон цитоплазмасының массасын сақтау үшін тым қажет. Нейроцит цитоплазмасы құрамындағы заттарымен бірге жасуша денесінен аксонға қарай тәулігіне 1 мм жылдамдықпен жылжи ағатыны ғылыми дәлелденген. Нейроцит цитоплазмасында майда таяқ тәрізді митохондриялар шашыла орналасады. Пішіні дөңгелек немесе сәл сопақша келген нейроцит ядросы нейроплазманың орталығында орналасады. Ядро ішінде 1-2 ядрошығы болады. Ядро хроматиндері кариолемма маңына жинақталған.
Жүйкелік глия (нейроглия) - нейроциттер үшін тіректік, қоректендіру, оқшаулау, бөлінділер бөлу және қорғаныс қызметтерін атқаратын жүйке ұлпасының жасушалары. Жүйкелік глия өз кезегінде макроглия және микроглия болып екі топқа бөлінеді. Макроглия жасушалары (глиоциттері) жүйке түтігі нейроциттерімен қатар дамиды. Макроглияға эпендимоциттер, астроциттер және олигодендроциттер жатады. Микроглия - жүйке үлпасында қорғаныс қызметін атқаратын макрофагтар. Ол мезенхимадан дамитын ішкі орта ұлпасының өкілі.
Эпендимоциттер - жүйке жүйесі мүшелерінде шекаралық орын алып, ми қарыншалары мен жүлын өзегінің ішкі бетін астарлайтын жұйкелік глия жасушалары. Олардың пішіні текше немесе призма тәрізді болып келеді. Эпендимоциттің ми және жұлын қуыстарына қараған бетінде кірпікшелері болады, ал оның қарама-қарсы жүйке ұлпасына қараған жағындағы бетінен шығатын ұзын өсінділері нейроциттер үшін тіректік қызмет атқарады. Сонымен қатар, аталған өсінділер жүйке жүйесі мүшелерінің қан тамырлары маңында және жүйке мүшелерінің сыртқы бетінде, жүйке ұлпасын басқа ұлпалардан оқшаулайтын шекаралық жарғақтарды түзуге қатысады. Эпендимоглиоциттер жүйке мүшелері қуыстарына немесе қанға әр түрлі белсенді заттар бөлу арқылы секреторлық қызмет те атқарады. Астроциттер құрылысына байланысты протоплазмалық (қысқа сәулелі) және талшықты (ұзын сәулелі) болып екі топқа бөлінеді. Протоплазмалық астроциттердің өсінділері қысқа және тармақталып жатады. Ядроларының хроматины аз, цитоплазмасында митохондриялар көптеп кездеседі. Бірақ эндоплазмалық тор мен рибосомалар нашар жетілген. Про-топлазмалық астроциттер негізінен орталық жүйке жүйесі мүшелерінің сұр затында орналасып, олардағы зат алмасуға қатысады және шекаралық оқшаулау қызметін атқарады. Талшықты астроциттердің мөлдір цитоплазмасында диаметрі 8-9 нм көптеген жіңішке жіпшелер (фибриллалар) кездеседі. Талшықты астроглиоциттер денелерінен 30 - 40 ұзын жіңішке өсінділер шығады. Талшықты астроциттер орталық жүйке жүйесінің ақ затында, жүйке талшықгарының аралығында орналасып, тіректік қызмет аткарумен қатар, мүшелердің қан тамырлары маңы мен сыртқы бетіндегі шекаралық жарғақтарды түзуге қатысады. Олигодендроциттер өсінділері аз, пішіні әр түрлі келген жасушалар. Олар жүйке жүйесінің орталық және шеткі бөлімдеріне орналасып, нейроцит денелері мен жүйке талшықтарының қабықтарын (неврилеммаларды, леммоциттерді) құрауға және олардағы зат алмасуға қатысады.
Микроглиялар немесе глиялық макрофагтар - ішкі орта ұлпасының маманданған макрофагтары. Глиялық макрофагтар — өсінділі тармакты ұсақ жасушалар. Олардың хроматинге бай ядроларының пішіні әр түрлі болып келеді. Микроглиялар жалғанаяқтарымен қозғалып, жүйке ұлпасына сырттан түскен бөгде заттарды немесе қызметін тоқтатып істен шыққан жүйке ұлпасының құрылымдарын қармап жояды. Бұлар фагоцитозды іс жүзіне асыру арқылы жүйке жүйесі мүшелері мен ұлпаларында қорғаныс
қызметін атқарады. Глиялық макрофагтар -мезенхимадан жетілген моноциттер туындылары. Жұлын мен мидың сезімтал түйіндері. (Ганглийлер). Сезімтал ганглийлер ганглионды пластинкалардан дамып жетіліп, жұлын мен мидың дорсальды жұп сезімтал жүйке түбіршіктері бойында орналасады. Сезімтал ганглий сыртынан дәнекер ұлпалы қапшықпен қапталған. Қапшықтан ганглий паренхимасының ішіне дәнекер ұлпалық перделіктер кіріп, мүше ішінде бір-бірімен өзара жалғасып, сезімтал ганглийдің стромасын түзеді. Строма арқылы жүйке түйінін қоректендретін қан және лимфа тамырлары өтеді. Ганглий паренхимасын түйіннің шеткі жағында топтаса орналасқан сезімтал жалған бір өсінділі (псевдоуниполярлы) нейроциттер және ганглий орталығымен өтетін, осы сезімтал нейроциттер өсінділерінен (дендриттерден, аксондардан) түзілген жүйке талшықтары құрайды. Сезімтал нейроциттің дендриті мен аксоны, оның денесінен бірігіп басталады да, біраз аралықтан соң, Т әрпі секілді екіге ажырайды. Нейроциттер дендриттері түйіннен шығып, жұлынның аралас жүйкелері құрамында шетке қарай бағытталып, тері сезімі рецепторларында, ал ми жүйкелері құрамындағы сезімтал жүйке талшықтары бастың терісінің рецепторларында аяқталады. Нейроциттер аксондары жұлынның дорсальды сезімтал түбіршігін түзіп, жұлынға енеді. Ганглийдегі сезімтал нейроциттердің денелері сыртынан бір қабат глия жасушаларымен қоршалып жатады. Бүларды мантий глиоциттері - деп атайды. Глиоциттердің дөңгелекше келген ядролары нейроцит денесінің сыртында бір қатарда орналасады. Өз кезегінде глиальды қабық сыртынан жіңішке талшықгы дәнекер ұлпалық қабықпен қапталған. Дәнекер ұлпалық қабықтың жасушалары ядроларының пішіні сопақ болып келеді.
Жұлынның гистологиялық құрылысы. Жұлын жоғарғы сай мен перделік және төменгі саңылау арқылы бір-біріне тең оң және сол бөлікке бөлінеді. Оның орталығында ішінде жұлын сұйығы ағып жататын жұлын өзегі болады. Жұлынның келденең кесіндісінен, оның шеткі жағы ақ заттан, ішкі орталық жағы, пішіні қанатын жайған көбелекке ұқсас сұр заттан тұратындығы көрінеді. Жұлынның сұр заты сұр дәнекерлік арқылы байланысқан оң және сол бөліктерден құралған. Әрбір бөлік дорсальды және вентральды мүйіздерден, ал жұлынның көкірек, бел, құйымшақ сегменттерінде дорсальды жөне вентральды мүйіздердің аралығында латеральды (бүйір) мүйіз болады.