Файл: Сахна жне актер маман Байсеркенов айта терген Есмакова Жанерке Алы сз.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.12.2023

Просмотров: 1107

Скачиваний: 25

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Жалпы, өлшем-ырғақтың атқаратын көркемдік ролі өлшеусіз. Тәжірибе жүзіне сәтті қойылып, әдемі ойналған тамаша пьесалардың көрермен жүрегіне жол таппай, сахнадан тез, түсіп қалатынына күә болатын кездер де болады. Оның табысты қойылып, табыссыз аяқталатын себебі: орындаушылық олақтықтан, өлшем-ырғақ заңдылығын сақтамаудан не болмаса оны шалажансар ұғынудан кеткен кінәрат деп тұжырымдау абзал. Спектакльдің ішкі қызуын, ащы өзек тыныс-тіршілігін жете тұшынбаудан туған кемшілік. Соның салдарынан, спектакльдің өлшем-ырғағы мөлшерсіз ұзарып кетеді, не болмаса шамадан тыс екпін алып кетеді. Демек, орынсыз баяулық немесе қажетсіз қарқындық спектакльдің күйреуіне себеп болмак. Айтты айтпады, трагедияны — водевильдің, водевильді трагедияның өлшем-ырғағымен өрнектеуге бола ма? Ешқашан!

Ендеше, «өлмем-ырғақ»—спектакльдің соғып тұрған жүрегі, оның тарамыс-терісінің тыныс тіршілігі! Творчество саласында, кейде орташа деңгейде жазылған пьесалардың табысқа ие болып кететін сәттері де болады. Ширақ, көтеріңкі өлшем-ырғақта шешіліп, кілті табыла кеткен орташа қойылым мен орташа орындалған сахналық шығарманың жұлдызы жарқырап шыға келгеніне де куә болған жағдайлар бар. Бұған тағы бір себеп: актер пьеса мен рольдің табиғатын терең тұшынып, тез сезініп сахнада шынайы өмір сүреді де, екінші жағынан риза болған көрермен қауым қызу қолпаштап, актер мен спектакльдің көркемдік рухын тасытып жібереді. Сол кезде қойылымның өлшем-ырғағы кездейсоқ табылып, өз арнасын табады. Өлшем мен ырғақтың осылай кездейсоқ табыла кететін ойда жоқ қызық құбылысын К. С. Станиславский жоққа шығармайды, құптайды. Осындай қызық құбылыстар, ол кісінің еңбектерінде аз айтылмаған.

Ал, енді осы «өлшем-ырғақ» процесін психотехникалық әдіс жолдары арқылы басқаруға бола ма? Егер қолымызда мұндай ғылыми-техникалық мүмкіншіліктер болса, нұр үстіне нұр болмас па еді? Өкінішке орай, «өлшем-ырғақ» секілді сынаптай сырғып ұстатпайтын қиын да күрделі процесті техникалық жолдармен басқаратын өнер құралы біздің қолымызда жоқ. Сол себепті де режиссер болсын, артист болсын, өздерінің тебіреніс зердесіне, жан сарайының көңіл күйіне тәуелді жағдайда қалып отыр. Мәселенің қиындығы осында. Егер аталмыш психотехникалық құралымыз қолымызда болса, біз соның жәрдемі арқасында алдымен спектакльдің ішкі, сонан соң сыртқы өлшем-ырғағын қалыпқа құйып алып, соңында сезімнің отты қуатын арнасына салған болар едік. Қайталап айтамыз, сахна өнерінде спектакльдің өлшем-ырғақ ағысын өз мөлшерінде ұстап тұруға басшылық ететін кұрал жоқ. Бір рет қойылған спектакльдің әр ойналған сайын өлшем мен ырғағының әрқалай өзгеріп отыратыны сондықтан. Әр көріністің, бүтін перденің, рольдің, сайып келгенде, күллі қойылымның өлшем-ырғағын өз мөлшерінде уыстан шығармай ұстап тұру қиынның қиыны. Тамырдың соғысы, жүректің лүпілімен өлшенетін спектакльдің тіршілік-тынысы бір деммен ойналатын ойын өрнегін қалайды.


К. С. Станиславский: «Бишілер мен әншілер, музыканттар бақытты халық! Олардың регент, хормейстер, дирижер, метрономдары бар! Оларда өлшем-ырғақ мәселесі әбден зерттеліп, творчестводағы орны дәлелденген. Музыкалық орындаушылық дәлдігі ырғақ пен жылдамдық мағынасынан алып қарағанда белгілі бір дәрежеде қалыптасып, тұжырымдалған. Ырғақ пен жылдамдық нота қағазына түсіріліп, сол арқылы дирижер ұдайы басшылық етеді.

Бізде олай емес. Өлшем, тек өлең түрінде ғана жақсы зерттелген. Ал, қалғандарына келсек, музыкадағы сияқты біздің не заңдылығымыз, не метрономымыз, не нотамыз, не жазылған партитурамыз, не дирижеріміз жоқ. Міне, сол себепті де пьесаны әр күні әр қилы өлшем-ырғақпен ойнаймыз.

Біздерге, драма артистеріне сахна алаңында өлшем-ырғақ жөнінен ешқайдан көмек күтуге болмайды. Ал, сол көмек бізге ауадай қажет!» (там же, с. 164— 165) деп атақты реформатордың өзі қиналса, өлшем-ырғақтың сахна творчествосында алатын орны айрықша. Себебі, біз жоғарыда өлшем мен ырғақ процесі тікелей артистің көңіл күй тіршілігіне тәуелді дедік. Мәселен, актер дәл сахнаға шығар алдында жәйсіз хабар алды делік. Бұл хабар, тек актердің роліне ғана емес, бүкіл спектакльге зиянын тигізеді. Қорқынышты хабардан қатты қапаланып, есі шыққан актер ролінің өлшем-ырғағына ие бола алмай, не мөлшерден тыс асырып жібереді, не жеткізбей қояды. Мұндай қолайсыз жағдай,қазақ сахнасының тарланы Елубай Өмірзақов ақсақалдың басында болыпты. «Асауға тұсау» комедиясы қойылатын күні ұлынан айрылған санаткер, сахнаға іштей азынып, құлазып шыққан ғой. Қайғы қайыстырған адам- кейіпкерінің өлшем-ырғақ тізгініне қалай ие болсын, ілдалдалап ойнап шыққан болар. Тап осындай қиын жағдай 1958 жылы Мәскеуге қазақ өнерінің он күндік декадасына жүргелі тұрған тағы бір тарлан Серке Қожамқұловтың да басына түссе керек. Ол да ұлынан айырлып, асығыс-үсігіс жер қойнына перзентін тапсыра салып, іштей күйзеліп, күңіренген күйі Мәскеуге сапар шегіп кете беріпті. Солай десек, кейде спектакльдің тағдыры осындай өмірде бола беретін кездейсоқ жағдайларға да тәуелді болады. Бұл жерде ешқандай психотехника көмек бере алмайды. Өйткені, өлшем-ырғақ процесін спектакльдің емес, өмірдің әлгідей «ұсынылған тосын жағдайы» билеп кетеді. Нәтижесінде, арнасынан ауытқыған өлшем мен ырғақ актердің сезім мен өмір сүру процесіне айтарлықтай ақау түсіреді.

Солай десек:

Өлшем-ырғақ — спектакльдің ішкі тынысының сымбаттық, мүсіндік, жатықтық, қалыптық ағыс арнасы.

Өлшем-ырғақ — артист ойын өрнегінің айшықтық, әсемдік, саздылық, гармониялық сипаты.



Өлшем-ырғақ — актердің өмір сүру процесінің тамыр соғысы.

Ендеше, өлшем-ырғақ күллі пьесаның әрекет арқауы мен әрекет астарына негізделеді.

Өлшем— образдың ішкі шиыршық атқан психологиялық қуаты, ол әрекет желісі арқылы анықталып, сөз астарына негізделеді. Ішкі сахналық өлшемді меңгеру деген сөз, орындаушылық шеберлігінің психологиялық терең шындығына қол жеткеру болып табылады. Рольдің немесе спектакльдің қалыпты сахналық өлшемін табу — сахна әрекетінің сыртқы тасқыны болып табылатын образдың ішкі тебіреністік байлығы мен оқиғалар легінің темпераменті мен рухын жеткізу. Демек, өлшем-ырғақ процесі К. С. Станиславский «жүйесінің» ең ірі заңдылықтарының бірі болып саналады. Онсыз сахна өнерінде ештеңе шешілмейді. Өлшем мен ырғақ заңдылығын жете меңгеру үшін К. С. Станиславский ұсынған сан қилы жаттығулар бар. Аталмыш еңбек профессионал актерлер мен режиссерлерге арналғандықтан, біз «Станиславский жүйесінің» теориялық жағына зер салдық.

Әсілі, актер сахнада бөгде біреудің (кейіпкердің) тіршілігімен өмір сүреді. Жағдай солай болғандыктан, ол өзгенің өмірін өз өлшем-ырғағымен өлшейді. Яғни соның тіршілік-тынысына өзгеше дем салады. Кей жағдайда біреудің өлшем-ырғағымен өмір сүретін кездер де болады. Осыған орай, сезімнен өлшем-ырғаққа, керісінше өлшем-ырғақтан сезімге қатынас жасайтын жәйттер де жиі кездеседі. Сайып келгенде, режиссер болсын, актер болсын өлшем мен ырғақтың кез келген түрін техникалық тұрғыдан терең білуге міндетті.

Біз өлшем-ырғақтың әрекет пен сезімге қатысты қырларын қарастырдық. Енді оның сөз бен сезім арасындағы бір-біріне тигізетін әсері мен қарым-қатынасы туралы бірер сөз. Қимыл-іс кезінде өлшем мен ырғак-әрекет арқауы мен әрекет астарын басшылыққа алса, сөз сөйлеу кезінде сөз астары мен сөйлемнің сыртқы бітімін басшылыққа алады. Сөз желісі уақытпен өлшенеді десек, уақыт — әріпке, дыбысқа, буын мен бунаққа жіктеліп бөлшектенеді. Ал, сөзден шығатын дыбыс әр қилы жылдамдыққа жіктелетін кідіріс (пауза) пен көшпенді кідіріс (люфт-пауза) арқылы өлшенеді. Дыбыстың ұзақтығы мен қысқалығы сарапқа түседі. Осындай заңдылықтарды пайдалана отырып, артист өзінің сөз сөйлеу сәтіндегі дыбыстық, үндік, әуендік сипаттарын қалыпты өлшем-ырғаққа түсіреді.

Сөз — ән-күймен кіндіктес өнер. Сөздің — саздық, әндік, әуендік, әуездік қасиеттерімен қоса сыршылдық сиқыр қасиеті мол. Аталмыш қасиеттерден құр алақан артист, сахнадан сөз сиқырын жеткізе алмайды. Себебі, сөз төркіні — дыбыс болса, дыбыс төркіні — үн, әуен. Әуен — музыка. Музыка — өлшем мен ырғаққа бағынады, тактілерді тудыратын тілдің әуендік ноталары, бітімі мен пішімі, шет-шегарасы бар. Шет-шегара — өлшем мен ырғақ.


«Ырғақты, үнді, сөз құйылысы — ән-күймен туыстас көптеген қасиеттер мен элементтерден тұрады.

Әріп, сөз бен буын — тұтас симфония мен арияларды, тактілерді тудыратын тілдің әуендік ноталары. Жақсы сөйленген сөзді әуенді екен деп бекерден бекер айтпаса керек» (там же, с. \72) деп Қ. С. Станиславский сөз бен әуен тамырластығын жазады. Демек, музыкаға қатысты дүниелер драма өнеріне де ортақ.

Өкінішке орай, көпшілік артистердің сөз саптауында мынандай басты-басты кемшілік, кінәраттар жиі кездеседі: біріншіден, сөздің баяу, саздық, әуендік құйылысы кедір-бұдыр кедергілерге, тосқауылдарға ұшырап- әуездік сипаттап айрылып жатса, екіншіден, жылдам, жеңіл, ықшам, ширақ, дақпа-дақ сәттері нақтылығынан айрылып жатады. Әсіресе, қазақ сахнасынан өзінің ішкі ағысымен байсалды айтылған немесе өз күш-қуатымен қайратты сөйленген сөздерді өте сирек еститін болдық. Айналып келгенде, осының бәрі өлшем-ырғақты дұрыс сақтамағаннан туатынын білмейміз. Сөздің нақпа-нақ өлшемі сахнада өмір сүру процесінің дұрыс өлшемі екенін, ал өмір сүру процесінің өлшемі сөздің өлшемі екенін, әмісе ескере бермейміз. Өлшем-ырғақ, тек музыкада ғана емес, өлеңде де, қара сөзде де болатынын пайымдамаймыз.

Өлшем-ырғақ музыкада largo, адажио, модечато, апдапте, аллегчо, рчеsто, т. б. сияқты таңбалармен өлшенсе, сөз сөйлеу кезінде дауысты, дауыссыз дыбыстар, буын мен бунақ және кідірістер арқылы таңбаланады. Олар өлшем мен ырғақ процесін тудыратын ең негізгі сахналық материалдар болып саналады. Солай десек, артист ең алдымен грамматика ережелерін жетік білуге тиіс. Өйтпейінше, актер сөз бен сөйлем түгіл, буын мен бунақтың өлшем-ырғағын өз орнына қоя алмайды. Өйткені, өлшем мен ырғақ — әрекет арқауы сияқты әрекет желісін, сөз астарын, кідірістерді, өмір сүру процесін бір тынысқа арқандайтын күрмеу процесі.

Алайда, барлық рольдер мен кез келген көріністі, ақ өлең мен қара сөзді бір-ақ өлшем-ырғақпен өрнектейтін актерлер болады. Олар тіпті жанрға да мән бермейді. Трагедия ма, комедия ма немесе драма, әлде водевиль — бәрібір. Бір кезде табылып, әбден таптаурынға түскен белгілі бір өлшем-ырғақтан айнымайды да, айрылмайды да. Келсін-келмесін бір сарынға түсіп алып төпей береді. Олар үшін Отелло, Петручио, Фердинанд, Чацкий — бір-ақ өлшем-ырғақпен өмір сүреді. Кейіпкердің өмір сүру процесін, сезімнің ішкі өлшемі мен ырғағын, ой мен оқиға астарын мансұқ етіп, сөздің немесе өлең жолдарының сыртқы жадағай пішімін өрнектеумен шектеледі. Мұндайда образ рухани мазмұн-мәйегінен айрылып, іштей құлазып, жұтайды да тақылдаған сыртқы жалаң пішіндік өлшеммен ғана қалады. Кейде, актер сөз астарына терең мән беремін деген ниетпен алдына шамадан тыс ауыр мақсат қою арқылы психологиялық кідірістерді барынша қоюлатып, өлшем-ырғақтың жүгін көбейтіп жібереді. Осылардың бәрі өлшем-ырғақтың салмағын ауырлатып, сөз бен сөйлемнің бітімі мен пішініне өрескел нұқсан келтіреді. Бұдан шығатын қорытынды: Мольердің лыпып тұрған комедиялық өлшем-ырғағын Шекспирдің іштей аласапыранға толы трагедиялық өлшем-ырғағына салуға болмайды. Сондай-ақ, аңқылдаған ақ көңіл ақ өлеңнің ағын судай асау өлшемімен ауыр қозғалатын қара сөздің тастай табиғатын ойнату да қиын. Актер қауымы осылардың арасалмағы мен мөлшер-межесін ажырата білуге тиіс. К. С. Станиславскийдің өлшем-ырғақ қағидасы осыған үйретеді.

ОНЫНШЫ ЗАҢДЫЛЫҚ
Қисын әм сабақтастық

(Логика и последовательность)
Қисын әм сабақтастық (логика и последовательность)—сахнадағы қимыл-іс әірекетінің ішкі психологиялық хал-ахуалын, туу себептерін, көркемдік шынайы өрісін өрім етіп өрнектейтін теориялық заңдылық. Кез келген сахналық өнердің мейлі, ол кіші болсын, ұлы болсын бастауы, қисыны, жалғасы, сабақтастығы болады. Қисынсыз құбылыстан қисынсыз ой тумайды, қисынды ой тумаса, оның психологиялық өрісі, даму процесі — сабақтастық та өмірге шәлкес келеді. Әманда адамның органикалық табиғаты тудырған сабақт а с т ы қ линиясы ең алдымен шынайы қимыл-іс әрекетін өмірге әкелсе, қимыл-іс әрекеті психикалық ішкі дүниені өмірге келтіреді. Істелер істің, қисын — қайнары десек, сабақтастық — құярлығы болмақ. Тас қайнардан атқылаған асау бұлақ белден бел асып, құярлыққа құйылмақ. Арнасынан адаспай ұзын аққан бұлақта үзілмейтін өмір бар.

Қисын әм сабақтастықтың ішкі дүниесінде ой желісінің өмір тасқыны толассыз тулап жатса, сыртқы әлемінде қимыл-іс әрекетінің көркемдігі салтанат құрады. Сахна тілімен айтқанда, актердің ішкі, сыртқы шеберлік техникасы — қ и с ы н мен сабақтастық қайнарынан сусындайды. Қисын әм сабақтастық — бірі бастап, бірі қостап, бірін-бірі толықтырып, егіз өмір құрайды. Мәселен, өмірде жиі кездесетін мынадай бір қарапайым мысалды келтірейік. Қатты шөлдеп келіп, су ішкіміз келеді делік. Ол үшін стол үстіндегі графинді алып, алдымен тығынын ашамыз, сонан соң стаканға құямыз да ішіп саламыз. Егер, біз, графиннің тығынын алмай, стаканды тоспай суды құя салсақ, графиннің шыны тығыны стаканды қиратады да, су жерге төгіледі. Онда, біз, әрекетіміздің сабақтастығын, яғни істеген ісіміздің реттік жалғасын бұзып аламыз. Ал, күнделікті өмірде, біз бұларды ойланбай-ақ істей саламыз. Іс- әрекетіміздің сабақтастығына нұқсан келіп, бұзылмайды. Қисын мен сабақтастық желісі қалыптасқан дағды бойынша жымдасып, жалғасып жатады.

Бір қызығы, сахна алаңында басқаша болып шығады. Ең қарапайым деген қимыл-іс әрекетінің қисыны мен сабақтастығын жоғалтып жатамыз. Қимылымыздың қиюы қашып, жалғасын таппай жатқаны. Ұзаққа бармай-ақ, жоғарыда айтқан шүпілдеп толған бір стакан суды «қақалмай-шашалмай» сахнада тұрып, бір-ақ қағып салатынымызды айтсақ та жеткілікті. Немесе, бокал толған шараптың бір тамшысын «төкпей» құлаштап шайқап тұрып ән салатын опера артистерін айтса да болады. Ал, өмірде тап осылай жасап көрсек не болар еді? Бокал толы шүпілдеген шарап жағаңа, жейдеңе, үсті-басыңа шашырамай ма? Айналаңда отырған адамдардың үстіне төгіліп, ұят болмай ма?