Файл: 1. Адамзат баласы ндылыа мдделі рі мтаж тжырымына атысты з кзарасызды длелдеп жазыыз. Жм.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 12.12.2023
Просмотров: 129
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
13. Ы.Алтынсарин әңгімелеріндегі ата тәрбиесі мен ғибраты туралы айтылған ойларын нақты мысалдармен дәлелдеп жазыңыз (Ы.Алтынсариннің туғанына – 180 жыл). ЖМ
Тұңғыш ағартушы ұстаз ұстаз! Тұңғыш білім ордасын ашқан ұстаз! Тұңғыш қолына күміс қоңырау алып, қазақ балаларын білімге шақырған ұстаз! Ұстаздықты сөз етсек, Ыбырай есіміне тоқталмай кету, тәрбие мен оқуды сөз етсек, «Қазақ хрестоматиясы» жайында бірер сөз айтпау мүмкін емес. Адамзат үшін бей-жай қарамайтын қазақ баласы үшін «Қазақ хрестоматиясы» - аса бағалы, құнды дүние. Құндылығы мынада: бұл кітапқа енгізілген шағын әңгімелер, өлеңдер жақсы мінез – құлыққа тәрбиелеуге қажетті мәселелерді қамтиды. Тілге жеңіл, түсінікті, көлемі де шағын бұл шығармалар осыдан бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын жазылса да, өз маңыздылығы арта түспесе кеміген жоқ. Бұл пікіріме бәрі де қосылады деген ойдамын.
Қазақ даласындағы аумалы - төкпелі заманда ұрпақ болашағын ойлап, балалар мен жас тағдырына терең үңілген Ыбырай Алтынсарин атамыз «Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы» екенін ескерген. Мазмұны жағынан Ыбырай әңгімелері өз заманының келелі мәселелерін қамтиды. Оның шығармалары жас ұрпақты мейірімділікке, адалдыққа, ізеттілікке, ақылдылық пен білімділікке, т.б. ізгі қасиеттерді үйретуге шақырады. Ыбырай «Қазақ хрестоматиясына» Қара батыр, Байұлы, Жиренше шешен, Тазша бала туралы ертегі,Бай баласы мен жарлы баласы, Таза бұлақ, Әке мен бала т.б. тәлімдік мәні зор әңгімелерін енгізді. Ол әдебиетті бала санасына әсер ететін, сөйтіп, оны жақсы, өнегелі істерге үйрететін мықты құрал деп атап көрсетті.
Сонымен қатар,Ыбырай шығармаларының басты тақырыбы –еңбек. Ол еңбек адамның өмірі үшін ерекше маңызды рөл атқарады, еңбексіз өнер де, білім де қолға келмейді деп еңбекті бірінші орынға қойып, тәрбие негізі адал еңбекте деп тұжырым жасайды. Мысалы: Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш, Бай баласы мен жарлы баласы, Қыпшақ Сейтқұл, т.б. Жазушының бір топ әңгімелері адамгершілік тәрбие мәселесіне жазылған. Адамзат баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап ата-ананың аялы алақаны мен ыстық ықыласына бөленіп өсетіні белгілі. Ата-ана баласына небір асыл қасиеттерді үйретіп, жақсы азамат болуын тілейді және үміттенеді. Бұл тақырыпта да жазған Ыбырай шығармалары бар. Мысалы Асыл шөп, Бақша ағаштары, Таза бұлақ т.б. Әр әңгімесінде тәрбиенің ізі жатыр. Оны түсініп оқыған адам ғана ұлы ұстаздың шебер тәрбиеші екеніне көзі жетеді.
Ыбырай заман оқыған көзі ашық жандардікі екенін сөз етеді. Шынымен де солай емес пе? Қазірде білімі арқылы өз мақсатын жүзеге асыру үшін жастарға берілетін мүмкіндік те толы етек тек, «Оқы, оқы және оқы!», бәрі де өз қолыңда! Оқы және тынбай еңбектен. Еңбегіңнің жемісін көр! Бұл жайында ұстаздың «Әке мен бала», «Өрмекші, қарлығаш, құмырсқа», «Атымтай жомарт» әңгімелерінде нақты әрі түсінікті айтылған. Иә, пенде болған соң, аз нәрсеге қанағаттанбай қомсыну, көңіл бөлмеушілік те кездеседі ғой. Сондықтан Ыбырай Алтынсарин балаларды жастайынан жалқаулыққа қарсы тәрбиелей отырып, еңбексүйгіштік қасиетті дамыту әрі еңбек етуге дағдыландыру қажет деген ой қозғайды. Ауырдың астымен, жеңілдімен үстімен жүруді әдет еткен қазіргі жастарға көп ой салатын бұл әңгімелер өз маңдай теріңді төгіп еңбектеніп тапқан табысыңның қадірін түсіне білуді, еңбекпен тапқан дәміңнің тәттілігі де өзгеше екендігін дәріптейді. Келешекке сенімі мол Ыбырай өзі орындай алмаған істерді жастар орындайды деп сенді. Өзін қоршаған ортаның қараңғылығы мен надандығын шеней келіп:
Біз надан боп өсірдік,
Иектегі сақалды.
«Өнер –жігіт көркі», -деп,
Ескермедік мақалды.
Біз болмасақ, сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды....- деп блашақ жастарға зор үміт артты.
Ыбырай шығармалары мазмұны жағынан да, түрі жағынан да балалар әдебиетіне қойылатын талаптарға сай келеді. Сондықтан да Ыбырай Алтынсаринді балалар әдебиетінің негізін салушы дейміз.Тәрбие мәселесі бүгінгі өмірде де өз маңызын жойған жоқ, тіпті күн тәртібіндегі өзекті мәселе екенін де білеміз. Ана мейіріне қанып, әке өсиетін тыңдап өскен бала ғана түбінде жылы жүректі азамат болары сөзсіз,олай болса, Ыбырай әңгімелерінде жасынан отбасы тәрбиесін көрген бала үлкен азамат болғанда, өз мәнінде өмір сүруге бейім болады деген нақты тұжырымдар да берілген деп ойлаймын.
Ұлы Ыбырайдың шығармаларынан менің де ұстаздық еңбек жолымда алғаным көп деп ойлаймын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні аясында алдымдағы шәкірттерді бірінші рухани адамгершілікке тәрбиелеу барысында ұстаздың бала тәрбиесіндегі ұстанымдарына сүйенемін. Өнер – бұлақ, білім – шырақ деп халық даналығы айтқандай, шәкірттеріміз осы өнер мен білімді бойларына сіңіріп өссе, болашақтары жарқын болғай!
Қорытындылай келе, Ы.Алтынсариннің ұрпағына қалдырған мұрасы –ұлан-ғайыр. Небәрі жарты ғасырға жуық өмір кешкен ұстаздың өнегелі еңбегі жан – жақты зерттеліп, туған халқының керегіне жарауда. Оның күні бүгінге дейін мектеп оқушыларының әнұраны іспетті «Кел, балалар, оқылық» атты өлеңінің неге тұрады?! «Біз болмасақ, Сіз барсыз, үміт еткен достарым»,- деп өзі бастаған оқу – ағарту жұмыстарының алуан қырлы асқарлы істерін, бүкіл ұлт болашағын келер ұрпағына үлкен үмітпен жүктеп, келешектен қуаныш күткен ұлы ұстаздың тындырғаны көп болса да, түнек құрсауындағы қалың елінің білім нәрінен жаппай сусындатып, ғылым мен өнер үйренуінен армандауымен кеткен. Ыбырай салған сара жол – бұл күндері қанатын кеңге жайған,тамырын тереңге жіберген,экономикасы мен мәдениеті дамыған тәуелсіз Қазақстан Республикасының білім шаңырақтарында жалғасын табуда.
30. Сұлтанәлі Балғабаевтың «Тойдан қайтқан қазақтар» шығармасындағы кейіпкерлердің көзқарасындағы қарама-қайшылықтарды салыстыра отырып, ұлттық болмысқа жат мінез-құлықтарды талдап жазыңыз. ЖМ
Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев көптеген пьесалар жазды. Ол қазіргі қоғам өмірінің түрлі мәселелері – тіл, руханият, ұлттық мүдде және отбасылық-тұрмыстық өткір жайттар туралы драмалық, трагедиялық, комедиялық сипаттағы реалистік туындылар жасады. Жазушының қаламынан туған әрбір шығарма заман тынысымен үндесіп жатыр.Солардың бірі 1998 жылы М.Әуезов атындағы академиялық театрында қойылған – «Тойдан қайтқан қазақтар» деп аталатын екі бөлімді комедиясы.
Бұл – көзбояушылық, бастықтың алдында құрдай жорғалау, сыбайлас жемқорлық сияқты қоғамдағы келеңсіздікті бейнелеген сатиралық туынды. Осы комедиядағы кейіпкерлердің іс-әрекеттері, мінез-құлықтарынан олардың өз білімі мен талантына сенімсіз, тек жағымпаздану арқылы ғана күн көріп жүрген типтік бейнелер екені көрінеді. Өздерінің руының адамдарын «… батыр бабамыз … бес жасында шешен, он жасында қол бастаған көсем болды…» деп дәріптеп, қазақ тарихын өрескел бұрмалаушы жалған «тарихшы-ғалымдар» Асай Мүсеевич бейнесіне жинақталған. Өз бабасын бес жасында шешен, он жасында қолбасшы болды деп дәлелдеп, Мэлс Әлібаевич сияқтылардың арқасында атақ-дәрежеге бөленіп келе жатқан Асай Мүсеевич сияқты ғалымсымақтар, жылпостығының арқасында "еті тірі жігіт" атанып елді қанап отырған
Ал, Қошқарбай секілділердің оларды: «Ұлы ғалым… Бұл кісінің ашқан жаңалықтары керемет!» деп жағымпаздана көпіртіп мақтауы – біздің қоғамда кездесіп қалатын жағдай. Міне, сол Қошқарбай сонау Алматыдан келген екі дөкейді пойызға шығарып салмақ болып, кеудесін керіп келе жатқан шынайы бейнесі осы жол үстінде бірте-бірте ашылады.
Пьесадағы тағы бір кейіпкер Мэлис Әлібаевич – өз қызметін асыра айдаланушы, туыстарын, жағымпаздарды маңына жинаған қуыс кеуде мансапқор шенеуніктердің жинақталған бейнесі. Жандайшаптар қалай жағынарын білмей, тіпті президент болуыңыз керек деген идея ұсынады: «Айтпақшы дейім, Мэлис Әлібаевич, сіз алдағы сайлауда президенттікке өз кандидатураңызды ұсынуыңыз керек!» Бұл, әлбетте, Мэлис Әлібаевичтің жанына жағып кетеді: «Жо-жоқ, оған әлі ертелеу!.. Ертелеу!..
Ең алдымен (даусын ақырын шығарып). Сізден несін жасырайын, осы жақында министр болатындай мүмкіндігім болып тұр!». Мэлис Әлібаевичтің «оған әлі ертелеу» деген сөзі оның президенттіктен де дәмелі екенін аңғартады. Оның екіжүзділігі жанындағыларға уәдені үйіп-төгіп беріп, кейін тайқып кетуінен аңғарылады. Осы Мэлс Әлібаевич сияқты мақтау сүйер даңғой басшылардың жақсылығы өз басынан артылмайды.
Пьесадағы басқа да кейіпкерлер: пойыздың бастығы, саудагер әйел, жолсерік келіншектің іс-әрекеттері де, кез келген мәселеде бармақ басты, көз қысты, екіжүзділікпен өмір сүретін қазіргі тұрмыс қайшылықтары да уақыт шындығына сәйкес бейнеленген. Пойыз бастығы мен жолсерік әйел – сырттай мінсіз, халыққа адал қызмет етушілер болып көрінгенімен, пайда тауып қалу мақсатымен билетсіз жолаушыларды пойызға отырғызуды көздеген адамдар.
Билетсіз жолаушы – алыпсатарлықтың құрбаны. Көліктердің билет сату қызметін электронды жүйеге көшіргенімен, пойыз билеттері әлі де болса, алыпсатарлардың қолында кететіні – қоғамдағы шынайы, өзекті мәселе. Дегенмен автор билетсіз жолаушының ата-баба басына құран оқыту үшін жүргенін келтіру арқылы бір үміттің бар екенін де білдіреді.
Пьеса өмірдің өзінен ойып ала салғандай баршамызға етене таныс оқиға өзегіне құрылған. Тойдан қайтқан масаң адамдар шайқалақтап, даурығысып, бірін-бірі жөн-жосықсыз асыра марапаттап келеді. Сол сәтте олардан асар шешен де, дана да, батыр да жоқ. Жел сөзге марқайып, талтаңдап, жер баса алмай келе жатқан Мэлс Әлібаевич сияқты азаматтар да бізге таңсық емес, күнде көріп жүрміз деп ойлаймын.
Пьесадағы жандайшаптар мен маймөңке жағымпаздарды айналасына жиып, ел мүддесін ойлаған боп, биік-биік мінбелерден сөз сөйлеп жүрген лауазым иелері бізде аз ба?! Әншейінде олар судағы балық сияқты, сөзі де өзі де жып-жылтыр ұстай алмайсың. Содан кейін де дәурені жүреді. Тіпті іштей олардың безбүйрек адамдар екенін сезсең де қолдан келер қайран жоқ. Бетіне қарсы келіп шындықты айтсаң да, сенің сөзіңді кім тыңдайды. Қызметінің арқасында айтқаны айтқан, дегені деген. Мұның бәрі қоғам кемшілігі... Елді ілгері бастырмай келе жатқан осындай адамдар екенін шығарма желісі алдыңа жайып салады. Ішкенге мәз, жегенге тоқ осындай адамдардың іс-әрекеттеріне қынжыласың.
Қорыта айтқанда, тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетіндегі драматургия саласы әлем өркениетіндегі классикалық үрдістерді жаңғырта жалғастырған сипатымен байқалады. Көркем әдебиеттің байырғы салаларының бірі болып саналатын қазіргі қазақ драматургиясындағы туындыларды уақыт талабына орай ғылыми-теориялық зерттеулер аясында жаңаша зерделеп, жан-жақты қамтып қарастыру – өзекті мәселе. Уақыт еншісіндегі осы өзекті мәселенің зерделеуіндегі жаңа ізденістеріміз жалғаса береді.