ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 09.01.2024
Просмотров: 1029
Скачиваний: 4
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Г Сұлтанов М.Ә., Ербасова А.А.
ФАРМАКОЛОГИЯ
Оқу құралы
Шымкент
2008
ББК 52.81
С 89
Шымкент медицина колледжінің оқу-әдістемелік кеңесінде талқыланып, баспаға ұсынылған (хаттама №2, 28.01.2008ж.)
С 89 Сұлтанов М.Ә., Ербасова А.А.
ФАРМАКОЛОГИЯ. Оқу құралы.-Шымкент, 2008.-284 бет
ISBN 9965-32-510-3
Ұсынылып отырған оқу құралы «Кіріспе», «Жалпы рецептура», «Жалпы фармакология» және «Жеке фармакология» бөлімдерінен тұрады.
«Кіріспе» бөлімінде фармакология пәні, оның міндеттері және фармакологияның, қысқаша тарихына шолу жасалған.
«Жалпы рецептура» бөлімінде дәрілік түрлер, рецептің жазылу ережелері, рецептуралық бланк түрлері, мемлекеттік фармакопея туралы мәліметтер берілген.
«Жалпы фармакология» бөлімі бойынша терминология берілген. Дәрілік заттардың фармакодинамикасы, фармакокинетикасы қарастырылған.
«Жеке фармакология» бөлімі М.И.Кравчуктың «Лекции по фармакологии» оқу құралынан мемлекеттік тілге аударылып, жаңа дәрі-дәрмектер тізімімен толықтырылып, қосымшалар енгізіледі.
Еңбек орта буынды медициналық және фармацевтикалық колледж оқушыларына арналған.
Пікір жазғандар:
Арыстанов Ж.М.-ОҚММА фармация ісін ұйымдастыру және басқару кафедрасының
меңгерушісі, фармация ғылымдарының докторы, профессор
Кадеева М.С.-ОҚММА клиникалық фармакология курсымен фармакотерапия
кафедрасының доценті, фармация ғылымдарының кандидаты
Кравчук М.И.-Шымкент медицина колледжі фармацевтикалық пән бірлестігінің
төрайымы, оқытушы
ББК 52.81
ISBN 9965-32-510-3
Алғы сөз
Медициналық және фармацевтикалық мамандарды даярлау барысында фармакология пәнінің алатын орны ерекше. Болашақ медицина қызметкерлерінің фармакология және фармакотерапия негіздерін терең меңгерулері, олардың кәсіби білімі мен дағдыларын шыңдауға оң ықпал етеді.
Фармакология ғылымының жылдам қарқындап дамуы нәтижесінде тиімділігі жоғары жаңа дәрі-дәрмектер тізімі жылдан-жылға артып келеді. Олардың саны 5000-нан астам, сондықтан әрбір препараттың фармакологиялық сипаттамасын есте сақтау мүмкін емес. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы қолдануға рұқсат етілген препараттарды нақты және сауатты жіктеуді қажет етеді. Бұл жіктелу дәрігерлер мен фармацевттер үшін дәрілік препараттардың номенклатурасын қолдануды жеңілдетеді.
Ұсынылып отырған оқу құралында фармакологиялық топтар бойынша жиі қолданыстағы дәрілердің жіктелуі берілген. Бөлімде «Жүйке жүйесіне әсер ететін дәрілер», «Атқарушы мүшелер мен жүйелер қызметін реттейтін дәрілер», «Зат алмасу жүйесіне әсер ететін дәрілер», «Микробқа, вирусқа және қарапайымдыларға қарсы дәрілер», «Қабыну, аллергия және иммунды жүйеге әсер ететін дәрілер», «Бластомаға қарсы дәрілер» және т.с.с. тақырыптар бойынша мәліметтер берілген. Онда дәрілердің фармакологиялық сипаттамасы (әсер ету механизмі, фармакологиялық әсері, қолдануға қарсы көрсеткіштері), латынша атауы мен бір реттік мөлшері, шығарылу түрі мен енгізу жолдары көрсетілген.
Шартты қысқартулар тізімі 4-бетте көрсетілген. Еңбектің соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі және кең тараған ауруларды емдеуде қолданылатын дәрі-дәрмектердің тізімі келтірілген.
Әр тақырыптың соңында фармакологиялық топтар мен топшалар бойынша бөлінген жіктелудің жалпылама кестесі берілген. Кесте оқушылардың есте сақтау қабілетін арттырып, алған білімін жүйелеп, толық және нақты меңгеруіне септігін тигізеді.
Дәрілік препараттар туралы ақпарат қазіргі тәжірибедегі медицинаның талаптарына сай келеді. Еңбек дәрілік препараттар бойынша қысқа әрі жеткілікті ақпарат алу мақсатында жазылған. Фармакологиялық әсері бірдей, бірақ әсер ету механизмі әр түрлі дәрілерді таңдауға мүмкіндік береді және дәрілер тағайындауда қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қазіргі нарықтағы дәрі-дәрмектер дәрігерлерден, фармацевттерден және болашақ медицина мамандарынан терең фармакологиялық ойды, тәжірибелік және теориялық әдістерін білуді, дәрілерді үнемді, қолдану шегін кеңейтуді талап етеді.
Ұсынылып отырған оқу құралының мемлекеттік тілде жазылуы, медицина колледжі оқушыларына арналған фармакология пәні бойынша оқу құралдарының жоқ болуы ол қылығын толтыруға бағытталған алғашқы қадам деп санауға болады.
Оқулықтың құрылымы, мазмұны Қазақстан Республикасы білім мен ғылым және Денсаулық сақтау министрліктерінің бағдарламаларына сай жазылған.
ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР ТІЗІМІ
ААФ (АПФ) – ангиотензинге айналдырғыш фермент
АІЖ – асқазан ішек жолдары
АҚ – артериялық қан қысымы
АИТВ (ВИЧ) – адамдағы иммуннотапшылық вирусы
АКТГ – адренокортикотропты гормон
АYФ (АТФ) – аденозинүшфосфаты
а-альфа
амп.-ампула
ӘБ - әсер бірлік
б/е – бұлшық етке
β-бэтта
еріт.-ерітінді
ГАМҚ – гаммааминомай қышқылы
г-грамм
Грамм (+) – грамм оң микроорганизмдер
Грамм (-) – грамм теріс микроорганизмдер
ДНҚ – дезоксирибонуклеин қышқылы
ЖИА (ИБС) – жүректің ишемиялық ауруы
ЖИТС (ЖҚТБ) (СПИД) – жүре пайда болған иммуннотапшылық синдромы
ТЖВЖ (ЖРВИ) (ОРВИ) – тыныс жолдарының вирусты жұқпалары
капс.-капсула
к/т – күре тамырға
МАО-моноаминооксидаза
мл-миллилитр
мин.-минут
ОЖЖ-орталық жүйке жүйесі
ПАБҚ-парааминобензой қышқылы
РНҚ-рибонуклеин қышқылы
СЕҚҚД-стериодты емес қабынуға қарсы дәрілер
СҚҚД-стериодты қабынуға қарсы дәрілер
супп.-суппозиторий
т/а-тері астына
таб.-таблетка
ШЖЖ-шеткерлік жүйке жүйесі
ц-АМФ-циклді аденозинмонофосфат
ұнт.-ұнтақ
ХБ-Халықаралық бірлік
І. КІРІСПЕ
1.ФАРМАКОЛОГИЯ ПӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ МІНДЕТТЕРІ. ЖАҢА ДӘРІЛЕРДІ ІЗДЕСТІРУ БАҒЫТТАРЫ МЕН МЕДИКО-БИОЛОГИЯЛЫҚ ПӘНДЕР АРАСЫНДАҒЫ АЛАТЫН ОРНЫ
Фармакология – (гр.pharmacon – дәрі, у; logos-ілім, ғылым) – химиялық қосылыстар мен тірі ағзаның өзара әрекеттесуін зерттейтін ғылым. Фармакология әртүрлі аурулар мен патологиялық жағдайларды алдын алу және емдеу үшін қолданылатын дәрілерді игереді.
Фармакологияның міндеттері:
-тиімділігі жоғары және қауіпсіз, әсер ету механизмі жаңа дәрі-дәрмектерді іздестіру;
-дәрілердің сапасын бағалайтын фармакологиялық бақылауды күшейту;
Фитотерапияны дамыту (дәрілік өсімдіктердің фитохимиялық талдауын жетілдіру);
-клиникалық фармакологияны дамыту;
-дәрілерді дұрыс қабылдамаудан пайда болған дәрілік ауруларды алдын алу;
Жаңа дәрілерді іздестіру бағыттары:
І.Препараттардың химиялық синтезі
А.Бағытталған синтез
Б.Эмпирикалық жол
1.Кездейсоқтық әдіс. Мысалы, антибактериалды сульфаниламидтердің қандағы қанттың құрамын төмендететінін кездейсоқ білген, сондықтан оның туындылары (бутамид) қазіргі кезде қант диабетін емдеу үшін кеңінен қолданылады.
2. Скрининг – тиімділігі төмен және қиын дәрілік заттардың эмпирикалық іздестіру бағыты болып табылады.
ІІ. Препараттардың дәрілік шикізаттардан және жекелеген заттардан алынуы:
1.Жануарлар ағзасынан алынған;
2. Өсімдік бөліктерінен алынған;
3. Минералдардан алынған.
Бұл жолмен алынған препараттар тек тазартылған күйінде емес (галенді, жаңа галенді, органопрепараттар), сондай-ақ химиялық қосылыс (алкалоидтар, гликозидтер) түрінде кеңінен қолданылады.
Табиғи жолмен алынған препараттар
Препараттың аты | Медицинада қолданылуы | Алу кездері |
Пилокарпин Морфин Дигоксин | Глаукомада Анальгетик Кардиотоник | Өсімдіктерден |
Пенициллин Тетрациклин Акиномицин | Антибиотик Антибиотик Ісікке қарсы дәрі | Микроорганизмдерден, саңырауқұлақтардан |
Инсулин Паратиреоидин Панкреатин | Диабетке қарсы Қалқансерік безінің Жеткіліксіздігінде Асқорыту ферменті | Жануарлар ұлпаларынан |
ІІІ.Дәрілік заттардың саңырауқұлақтар мен микроорганизмдердің өмір сүру өнімдерінен алынуы: (мысалы, антибиотиктер)
Жаңа дәрілерді іздестіру 8-15 жыл немесе оданда көп уақытты қажет етеді және келесі сатылардан (4 фазада өтеді) тұрады: химиялық зертханаларда препаратты өңдеу, фармакологиялық зертханаларда (жануарларда) оның әсерін зерттеу, фармакологиялық комитетте бекіту және клиникалық байқау. Сонымен қатар фармакологиялық комитетте қайта бекітуден тұрады. Клиникалық байқаудың құқықтық, этикалық және әдістемелік маңызы бар. Алынған нәтижелерді жан-жақты, әділ бағалау үшін плацебо (бос, керек нәрсе) әдісі қолданылады, онда зерттелінетін емделуші топқа дәрілік препарат, ал бақылау тобына – бос, қуыс нәрсе (сыртқы түрі бойынша дәрілік препаратқа ұқсас, бірақ әсер етуші заты жоқ қалып) беріледі. Бұл кезде дәрілік препаратты қайсысы қабылдайтынын, ал қайсысы бос, керек нәрсе қабылдайтынын зерттелуші науқас та, бақылау өлшемдерін жүргізетін емдеуші дәрігер де білмеуі («екі жақты соқыр әдіс» деп атайды) тиіс.
Фармакология медико-биологиялық және клиникалық пәндермен тығыз байланысты. Медицина үшін фармакология ғылымының маңызы өте зор. Патологиялық жағдайда адам ағзасына дәрілік заттардың әсер етуін клиникалық фармакология зерттейді. Орталық және шеткерлік жүйке жүйесін тежейтін немесе қоздыратын; артериялық қысымды жоғарылатын немесе төмендететін; жүрек жұмысын, тыныс алу жүйесін қуаттандыратын;
қан жасалуын, қан ұюын, зат алмасу процесін және т.б. реттейтін дәрілердің медицинада үлкен маңызы бар. Жұқпалы ауруларды емдеу және алдын алу үшін микробқа және қарапайымдыларға қарсы дәрілер маңызы орын алады.
Хирургия саласында наркозға арналған дәрілер, жергілікті анестетиктер, кураре тәрізді дәрілер, ганглиоблокаторлар және т.с.с. үлкен жетістіктерге жетуде.
Психотропты дәрілердің ашылуы психиатрияның дамуымен, гормональды дәрілердің синтезделуі науқастардың эндокринді ауруларды емдеуде оң нәтиже беруі, антибиотиктердің және сульфаниламидтік препараттардың ашылуы бактериялы инфекцияларды тиімді емдеуде, иммунодепрессивті дәрілердің көмегімен мүше қондыру қарқындап дамып келеді.
Ағзаға дәрілердің улы әсерін токсикология, дәрілердің химиялық құрамын, анализін және дайындау әдістерін фармация саласы оқытады. Фармакологияның жетістіктерін медицинаның барлық саласында қолданады.
Фармакология жалпы және жеке бөлімдерден тұрады.
Жеке фармакология – жеке фармакологиялық топтарды танудың бөлімі. Екі бөлім де дәрілік заттардың фармакокинетикасы мен фармакодинамикасына назар аударады.
Фармакокинетика (гр.pharmacon – дәрі, kineo-қозғалту) –ағзаға дәрілік заттардың енгізілуін, сіңірілуін, таралуын, биотрансформациясын (өзгеруін) және дәрілік заттардың ағзадан шығарылу жолдарын оқытады.
Фармакодинамика (гр.pharmacon-дәрі, dynamis-күш) – дәрілік заттың әсерінің түрін, локализациясын, әсер ету механизмін және фармакологиялық тиімділігін оқытады.
2. ФАРМАКОЛОГИЯНЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
Фармакологияның тарихы адамзат тарихы секілді өте ұзақ. Дәрі танудың дамуына ежелгі грек дәрігері Гиппократ (б.э.д. 460-377ж. бұрын), Дискорид (б.э.б.І ғ.), Рим ғалымы Гален (б.э.д.131-201 ж. бұрын) үлкен үлес қосқан.
Клавдий Гален өсімдіктерді балассты заттардан тазартып, галенді препараттар алып, әртүрлі дәрілік түрлерді: ұнтақтар, жапсырмалар, тұнбалар, қайнатпалар, микстуралар ұсынған және де дәрі-дәрмектерге рецепт жазу оның атымен байланысты.
Ғалым –энциклопедист және атақты шығыс табибі Абу Бакр ар-Розий (865-928ж) медицина мен фармакология саласына 36 еңбек жазып қалдырған.
ХІ ғасырда дәрі тану ғылымының дамуына баға жетпес үлес қосқан шығыстың ойшыл дәрігері Әбу Ибн Сина (Авиценна) (980-1037ж.) «Канон медицинасы», «Шипагерлік ғылымдарының негіздері» атты кітаптарында адам ауруларының түрлері, оларды емдеу әдіс-тәсілдері мен олардан сақтану жолдарына сипаттама берген. Олардың кейбіреулері қазіргі уақытқа дейін қолданылып келеді. Мысалы: камфора, итжидек, қара күйе препараттары және т.б.препараттар. Ибн Сина Европа дәрігерлерінен 400 жыл бұрын мерезді емдеуге сынап препараттарын қолданған.
ХІ ғасырда өмір сүрген атақты ойшыл Әбу Райхон Беруни «Емдік заттар» атты еңбегінде Орта Азия аумағында өсетін шипалы шөптерге толық сипаттама берген.
ХV ғасырда өмір сүрген қазақ ғалымы Өтебойдақ Тілеуқабылұлы Жәнібек ханның тұсындағы жеті жарғысының бірінде, жеті атаға дейін қыз алыспауға жарғы шығарған. Жарғы тектің (геннің) таза сақталуына негізделген. Шипагер Өтебойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» атты қолжазбасы ұрпақтан ұрпаққа беріліп, 7 рет көшіріліп жазылған. «Шипагерлік баяны» атты қолжазбасында ауруларды емдеу тәсілдері, әдіс амалдары, дәрі-дәрмектер жинағы келтірілген. Бұл қолжазбада сандардың көне абстракт атауы, ондағы 1-10 аралығындағы сандарды көне абстракт атауы дене мүшелерімен бейнеленген. Мысалы: 2-көз; 4-көз-құлақ; 5-оң қол; 10-қос қол; 20-қол мен аяқ және т.б. деп санаған. Ғылымға, мәдениетке құштар Өтебойдақ ел ішінде шипагерлікке қажетті тәжірибе, әдіс-амал, дәрі-дәрмек жинаумен бірге байырғы мәдениет жұрнақтарын да жинап, зерттеп, жүйеге түсіріп отырғандығына кітаптың өзі дәлел. Қазақстанның ғылыми медицинасы дамымай-ақ қазақтар жұқпалы ауруларға қарсы егу принциптерін білген. 1446ж. дарынды ойшыл, данышпан, емші Өтебойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баяны» атты қолжазбасында желшешекке қарсы егуді (1796ж.) Эдуард Женнерден бұрын ашқан болатын.