Файл: Мектепке дейінгі трбие мен оытуды, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалы жне ксіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді мемлекеттік жалпыа міндетті стандарттарын бекіту туралы.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 10.01.2024
Просмотров: 520
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
3) денені жетілдіру үшін кең диапазондағы іс-қимыл дағдыларын; өзінің және топтың қызығушылығын есепке ала отырып, жеке және бірлескен дене шынықтыру сабақтарын болжау; өзінің және басқалардың дене шынықтыру тәжірибелерін байыту үшін білімі мен дағдыларын; оқу бағдарламасында көрсетілген спорт ойындары мен циклдік спорт түрлерінде тактикасы мен стратегиясын; бағдарламадағы спорт түрлері бойынша мектеп жарыстарында қазылық жасау кезіндегі қағидалар туралы білімін қолданады;
4) болашақ оқуды және топтағы мінез-құлықты басқару үшін дене шынықтыру жаттығуларындағы жетістіктер мен тәжірибені; іс-әрекетті оңтайландыру негізінде өзі-өзі дамытуға және білімін жетілдіруге даярлығын және қабілеттілігін; қысқа және ұзақ уақытты жаттығулар кезінде ағзадағы физикалық өзгерістерді басқарудың түрлі әдістерін талдайды;
5) қозғалыстың түрлері мен олардың ретін қозғалыстың жақсартылған комбинациясында; салауатты және қауіпсіз өмір сүруді қалыптастыруда білім мен дағдыларды; дене шынықтыру сабақтарының шеңберінде проблемаларды зерттеу және шешу үшін сын тұрғысынан ойлау құралдары мен білімін; адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін төтенше жағдайларда жеке және ұжымның қауіпсіз әрекеттерінің қағидаларын білуді жинақтайды;
6) өзінің физикалық қабілеттері мен басқалардың қабілеттерін; түрлі дене жаттығуларын орындау кезінде туындайтын қиындықтар мен тәуекелдерді; денсаулықтың түрлі аспектілеріне дене жаттығуларының әсерін; салауатты өмір салтын таңдау мен қалыптастыруда, мектепішілік және мектептен тыс спорттық іс-шараларға қатысуда белсенді шығармашылық іс-әрекетке араласу үшін өзінің әлеуетін бағалайды.
"Өмір қауіпсіздігінің негіздері" оқу курсының мазмұны 5-9-сыныптарда дене шынықтыру оқу курсының аясында 15 сағаттық жылдық оқу жүктемесімен дене шынықтыру мұғалімінің оқытуымен іске асырылады. "Өмір қауіпсіздігінің негіздері" бойынша сабақтар міндетті болып табылады және оқу процесі кезінде жүргізіледі.
57. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау білім алушылардың білімін бағалау критерийлерін қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бағалау критерийлері білім алушылардың оқу жетістіктері деңгейлерін өлшеу үшін пайдаланылады.
58. Бағалау критерийлері әрбір оқу бағдарламасы бойынша оқыту мақсаттарына сәйкес әзірленеді, сонымен бірге білім алушылардың ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктері ескеріледі.
59. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау формативті және жиынтық бағалау нысанында жүзеге асырылады.
60. Білім алушылардың білімін бағалау критерийлерін білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
61. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін олардың білім алуына, даму бұзушылықтарын түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасалады.
5-тарау. Оқу мерзіміне қойылатын талаптар
62. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын меңгеру мерзімі – бес жыл.
63. Оқу жылының ұзақтығы – 36 оқу аптасы.
64. Күнтізбелік жылдағы каникул уақытының ұзақтығы кемінде 115 күнді, оның ішінде оқу жылында кемінде 25 күнді құрайды.
Каникулдар оқу жылында үш рет – күзде, қыста және көктемде беріледі.
| Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығына 4-қосымша |
Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабы, 5-1) тармақшасына және 56-бабына сәйкес әзірленді және білім берудің мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне, білім алушылардың дайындық деңгейіне және оқу мерзіміне қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Стандартта Заңға сәйкес терминдер мен анықтамалар қолданылады. Оларға қосымша мынадай терминдер мен олардың анықтамалары енгізілді:
1) бағалау – білім алушылардың оқуда нақты қол жеткізген нәтижелерін оқытудан күтілетін нәтижелермен әзірленген критерийлер негізінде салыстыру процесі;
2) бағалау критерийлері – білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауға негіз болатын нақты өлшеуіштер;
3) білім алушыларды қорытынды аттестаттау – тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында көзделген оқу пәндерінің көлемін олардың меңгеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім;
4) білім берудегі құндылықтар – білім алушының тұлғасын қалыптастырудағы жетекші фактор болып табылатын жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген оқыту мақсаттарының жүйесін қалыптастырудағы бағдарлар;
5) ерекше білім беру қажеттіліктері – денсаулығына байланысты білім алуда ұдайы немесе уақытша қиындық көріп жүрген, арнайы, жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мен қосымша білімнің білім беру бағдарламаларына мұқтаж балалардың қажеттіліктері;
6) жалпы орта білім берудің базалық мазмұны – типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан, білім беру ұйымдарында оқып білуге міндетті жалпы орта білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы мен көлемі;
7) жиынтық бағалау – анықталған оқу кезеңін (тоқсан, триместр, оқу жылы), сондай-ақ оқу бағдарламасына сәйкес бөлімдерді оқып аяқтағаннан кейін өткізілетін бағалау түрі;
8) инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білім алуына тең қолжетімділік үшін жағдайлар жасау;
9) оқу жүктемесінің инвариантты компоненті – білім беру ұйымдарында типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан, барлық білім алушылардың оқып білуі үшін міндетті оқу пәндерін айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құрамдас компоненті;
10) оқу жүктемесінің вариативті компоненті – білім алушылардың білімге деген қажеттіліктеріне сәйкес білім беру ұйымдары айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құрамдас компоненті;
11) оқытудан күтілетін нәтижелер – оқыту процесі аяқталғаннан кейін білім алушының білуін, түсінуін, көрсетуін сипаттайтын құзыреттіліктер жиынтығы;
12) сабақтан тыс іс-әрекет – біртұтас оқу-тәрбие процесінің құрамдас бөлігі, білім алушылардың бос уақытын ұйымдастыру нысаны;
13) үлгілік оқу жоспары – оқу пәндерінің тізбесін реттейтін және тиісті білім беру деңгейінің оқу жүктемесінің инвариантты және вариативті компоненттерінің көлемін айқындайтын құжат;
14) формативті бағалау – сыныпта күнделікті жұмыс барысында жүргізілетін бағалау түрі, білім алушылардың үлгерімінің ағымдағы көрсеткіші болып табылады, оқыту барысында білім алушылар мен мұғалім арасындағы жедел өзара байланысты, оқушы мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және білім беру процесін жетілдіруге мүмкіндік береді;
3. Стандартты қолдану:
1) оқытудың күтілетін нәтижелері түрінде көрсетілген жалпы орта білім беру мақсаттарының жүйесіне қол жеткізу арқылы оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға;
2) қазақ, орыс және шетел тілдерінде білім беру процесін ұйымдастыру үшін қажетті жағдайлар жасау арқылы үштілді білім беру саясатын іске асыруға;
3) қолданбалы сипаттағы міндеттерді шешу үшін білім алушылардың теориялық білім негіздерін меңгеруі мен алған білімдерін қолдана білуін дамытуды көздейтін жалпы орта білім берудің академиялық және практикалық бағыттылығының үйлесімділігіне;
4) білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, пәндік білім мен дағдыларды кезең-кезеңімен тереңдетуді қамтамасыз етуге;
5) білім беру процесінің мазмұндық негізін айқындайтын білім берудің құндылықтары мен оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесінің өзара байланыстылығы мен өзара шарттылығына негізделген оқыту мен тәрбиелеудің бірлігі қағидатын іске асыруға;
6) балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге, білім алушылардың ерекше білімге деген қажеттіліктерін, сондай-ақ қосымша білім беру қызметтерін алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға қолайлы жағдайлар жасауға;
7) орта білім беру ұйымдарының типтері мен түрлерінің әртүрлілігі жағдайында жалпы орта білім берудің баламалылығын қамтамасыз етуге;
8) білім беру ұйымдарында инновациялық практиканы қолдауға және дамытуға;
9) білім сапасын қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарының қызметін объективті бағалауды ұйымдастыруға бағытталған.
2-тарау. Оқыту нәтижелеріне бағдарлана отырып, білімнің мазмұнына қойылатын талаптар
4. Жалпы орта білім беру білім берудің барлық деңгейлеріне ортақ болып табылатын және білім алушы тұлғасының мінез-құлқы мен қызметін ынталандыратын өмірлік тұрақты бағдарлары болуға арналған білім алушылардың бойында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дарытуға бағытталған.
5. Жалпы орта білім беру мазмұнында базалық құндылықтар ретінде:
1) қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік;
2) құрмет;
3) ынтымақтастық;
4) еңбек пен шығармашылық;
5) ашықтық;
6) өмір бойы білім алу айқындалған.
6. Білім беру құндылықтарын сіңіру негізінде білім алушыларда:
1) Қазақстанның мүдделеріне қызмет етуге әзірлігі;
2) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының нормаларын құрметтеу және сақтау;
3) әлеуметтік жауапкершілік және шешім қабылдай білу;
4) мемлекеттік тілді меңгеру уәждемесі;
5) Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлерін, әлемнің мәдени әралуандығын құрметтеу;
6) рухани келісім мен төзімділік идеяларына бейімділік;
7) қоршаған әлемге және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға оң көзқарас;
8) шығармашылық және сыни ойлау;
9) коммуникативтілік және ақпараттық-коммуникациялық құралдар мен технологияларды тиімді қолдана білуі;
10) өмір бойы білім алу және өзін-өзі жетілдіруге уәждемелеуі дамуы қажет.
7. Жалпы орта білім берудің мақсаты:
кең ауқымды дағдыларды дамыту негізінде білім алушылардың жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруы және кәсіби өзін-өзі анықтауы үшін академиялық дайындығын қамтамасыз етуге қолайлы білім беру кеңістігін жасау болып табылады:
1) білімді функционалдықпен және шығармашылықпен қолдану;
2) сын тұрғысынан ойлау;
3) зерттеу жұмыстарын жүргізу;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану;
5) коммуникацияның түрлі тәсілдерін қолдану;
6) топта және жеке жұмыс жасау білігі;
7) мәселелерді шешуі және шешім қабылдау.
8. Жалпы орта білім беру деңгейінің нәтижесі ретіндегі кең ауқымды дағдылар білім алушыларға ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды өзіне үйлесімді үйлестіруге, кез келген өмірлік жағдайларда функционалдық сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетуге, сондай-ақ оқу және қолданбалы тапсырмаларды шешуге мүмкіндік береді.