Файл: Мектепке дейінгі трбие мен оытуды, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалы жне ксіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді мемлекеттік жалпыа міндетті стандарттарын бекіту туралы.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 10.01.2024
Просмотров: 506
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
4-тарау. Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
32. Білім алушылардың дайындық деңгейі "Тіл және әдебиет", "Математика және информатика", "Жаратылыстану", "Адам және қоғам", "Технология және өнер", "Дене шынықтыру" сияқты бірнеше мәндес оқу пәндерін біріктіретін әрбір білім беру саласының ерекшеліктері ескеріле отырып жобаланған оқытудан күтілетін нәтижелер арқылы айқындалады.
33. "Тіл және әдебиет" білім беру саласы бойынша бастауыш білім беру аяқталғанда күтілетін нәтижелер.
"Қазақ тілі" / "Орыс тілі"/ "Ана тілі", "Әдебиеттік оқу":
1) тыңдалым және айтылым:
білім алушы әңгімелесудің, оқылған немесе тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын түсінеді және жеткізе алады; сөйлеушінің көзқарасын жеткізу жолдарын айқындайды, қорытындылар жасайды; пікірталастың тақырыбын түсінеді және сөйлеу нормасын сақтай отырып, оны талқылауға қатысады; сөйлеу барысында синонимдерді, антонимдерді, омонимдерді, тура және ауыспалы мағыналы сөздерді саналы түрде қолданады; мәнерліліктің эмоциялық-реңкті құралдарын қолдана отырып, әңгімелеу және сипаттау мәтіндерінің мазмұнын баяндаудың түрлі тәсілдерін пайдаланады; көркем шығармалардың мазмұнын баяндаудың түрлі тәсілдерін қолданады; тыңдағандарына және оқығандарына қатысты пайымдайды, өз ойымен және эмоциясымен бөліседі; логикалық дәйектілікті сақтай отырып, өз көзқарасын дәлелдейді; берілген тақырып пен коммуникативтік нұсқауға сәйкес өзара байланысқан, логикалық тұрғыдан дәйектелген дербес пікір білдіреді; тілдік қатынастың әртүрлі тәсілдерін қолдана отырып, диалогқа қатысады; оқылған, тыңдалған ақпараттың негізінде рухани-адамгершілік құндылықтар туралы түсінікті талдайды;
2) оқылым:
білім алушы халық ауыз әдебиеті мен балалар әдебиеті туындыларын оқиды, кейіпкерлердің мінез-құлықтарын талдайды және іс-әрекеттеріне баға береді; көркем мәтіндерді көркем емес мәтіндерден ажыратады; көркем шығармалардың негізгі идеялары мен композициясын айқындайды; көркем туындының жанрын айқындайды, өзінің жауабына/таңдауына негіздеме береді; автордың бейнені сомдау үшін қолданған әдеби көркемдеуіш құралдарын айқындайды; жазушының өз кейіпкерлеріне қатынасы туралы қорытынды жасайды; мәтіндерді белгілі бір оқу түрлері мен стратегияларын қолдана отырып оқиды; шығармалардағы оқиғалар барысын болжайды; мәтін түрлерін (сипаттау, әңгімелеу, пайымдау) айқындайды; әңгімелерді/өлеңдерді мәнерлеп оқиды; өлеңді мәнерлеп жатқа оқиды; көркем әдебиет туындыларындағы адамзаттың ортақ құндылықтарын айқындайды;
3) жазылым:
білім алушы тиісті сөздерді негізді түрде іріктей отырып, әртүрлі типте, жанр мен стильде өз мәтіндерін құрастырып жазады; меңгерген грамматикалық, пунктуациялық және орфографиялық нормаларға сай жазады; жеткізудің түрлі тәсілдерін (суреттер, сызбалар, кескіндер, кестелер) қолдана отырып, мәтіндер жазады; жазудың гигиеналық және каллиграфиялық дағдыларын сақтайды; Қазақстан халқының мәдениетіне, салт-дәстүріне байланысты тақырыптарға өзінің жеке көзқарасын білдіре отырып, шағын мәтіндер құрастырады.
"Қазақ тілі" (оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда,)/ "Орыс тілі" (оқыту орыс тілінде жүргізілмейтінсыныптарда):
1) тыңдалым:
білім алушылар қарым-қатынас жасаудың әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени салалары үшін өзекті аудиовизуалды материалдардың мазмұнын түсінеді; мәтіннің тақырыбын, негізгі идеясын, мәтіндегі басты және қосалқы ақпараттың мағынасын барынша толыққанды, терең және дәл түсіне алады; қарым-қатынас жасау жағдаяттарына, қарым-қатынас орнына және қарым-қатынасқа (коммуникацияға) қатысушыларға қарай сөйлеу стильдерінің қалай өзгеретінін түсінеді; түрлі пікірлерді ескере отырып, оқиғаның/әңгіменің мазмұнын болжайды;
2) айтылым:
білім алушы алдын ала дайындалған жазбалар мен жоспарды пайдалана отырып, әңгіменің, оқиғаның мазмұнын жеткізеді; оқығаны, естігені жөнінде сұрақтар құрастырады және көзқарасын білдіреді; ұсынылған тақырып пен белгіленген коммуникативтік тапсырма бойынша өзара байланысқан, логикалық жүйеге құрылған хабарламаны құрастырады; қарым-қатынастың әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени саласында түрлі тілдік жағдаяттарға сай өзінің коммуникативтік ниетін білдіре отырып, диалогқа қатысады;
3) оқылым:
білім алушы оқу түрлері мен стратегияларын пайдалана отырып, мәтіндерді оқиды; таныс емес сөздері бар мәтіннен негізгі ақпаратты, автордың тұжырымы мен бағасын түсінеді; көркем және көркем емес мәтіндерді ажыратып таниды; алуан түрлі дереккөздерден қажетті ақпаратты табады; идеяны, оқиғаларды және кейіпкерлер іс-әрекеттерінің себептерін түсінетінін көрсетеді; сөздіктер мен анықтамалықтарды пайдаланып, таныс емес сөздер мен фразалардың мағынасын анықтайды; қазақ және әлем әдебиетінің көркем туындыларындағы адамзаттың ортақ құндылықтарын айқындайды;
4) жазылым:
білім алушы тыңдалған мәтіннің, оқылған ақпараттың және көрген оқиғаның (тақырыптар, жекелеген деректер, пікірлер) қысқаша жазбаларын жасайды; орфографиялық, грамматикалық және пунктуациялық
нормаларды ескере отырып, баяндау (баяндаусыз) сипатындағы мәтіндерді құрастыру үшін тиісті лексикалық бірліктерді пайдаланады.
"Шетел тілі":
1) тыңдалым:
білім алушы таныс тақырыптар бойынша қысқа әңгімелесулердің негізгі мазмұнын түсінеді, таныс сөздер мен фразалардың айтылуын ажырата алады; түстер мен сандар туралы қысқа сұрақтарды түсінеді; таныс тақырыптар бойынша қысқа әңгімелердің мазмұны мен мәнін болжау үшін мәнмәтіндік тірек сөздерді пайдаланады; баяу және айқын дыбысталып айтылған шағын әңгімелердің жалпы мәнін түсінеді;
2) айтылым:
білім алушы өзі туралы тіркестер мен сөйлемдер құрастырады, сұрақтар құрастырады; сұрақтарға жауап береді; заттар мен оқиғаларды сипаттағанда негізгі сөздер мен фразаларды дұрыс интонациямен және екпінмен айтады; өзіне не ұнайтынын және не ұнамайтынын айтады;
3) оқылым:
білім алушы қарапайым иллюстрацияланған сөздікті пайдаланады; тұрмыстық-әлеуметтік тақырыптағы көлемі шағын көркем және көркем емес мәтіндерді түсінеді; қысқа мәтіндердің негізгі ойын айқындайды; қысқа мәтіндерден нақты және детальді ақпаратты айқындайды;
4) жазылым:
білім алушы жиі қолданылатын сөздердің жазылуы мен айтылуы арасындағы айырмашылықты білетіндігін көрсете отырып, дұрыс жазады; дауыстап оқығанда жай сөйлемдерді жаза алады; сөйлем соңында тыныс белгілерін дұрыс қояды.
34. "Математика және информатика" білім беру саласы бойынша оқытудың күтілетін нәтижелері.
Бастауыш білім беру аяқталғанда білім алушы:
1) "цифр", "сан", "координаталық сәуле", "санның үлесі", "жай бөлшек", "аралас сан", "санды өрнек", "әріпті өрнек", "теңдік", "теңсіздік", "бұрыштың градустық өлшемі", "пайыз", "жиын", "симметрия", "ақпарат", "объект", "файл", "папка", "затбелгі", "модель", "компьютер желісі", "Интернет" ұғымдарының мәнін; ондық санау жүйесіндегі разряд бірліктерінің мәндерін; жазық және кеңістік геометриялық фигураларының түрлерін және олардың элементтерін; шаршы және тік төртбұрыш периметрі мен ауданын есептеу формулаларын, бірдей дәрежелі бөлшектерді қосу және азайту принциптерін; операциялық жүйе объектілерінің қызметін; ақпаратты ұсыну түрлері мен өлшем бірліктерін; компьютердің негізгі құрылғыларын, енгізу мен шығару құрылғыларын; қолданбалы, сервистік бағдарламалардың және операциялық жүйенің мақсатын, компьютерде жұмыс істеген кезде қауіпсіздік техникасы принциптерін біледі;
2) натурал сандарға, шамаларға және олардың арасындағы байланысқа қатысты арифметикалық амалдардың мәні мен ретін; шамалар арасындағы қарапайым өзара тәуелділікті; жиындардың "қиылысуы" мен "бірігуіне" қатысты операциялардың мағынасын; пайызды бөлшек санмен өрнектеуді, бөлшек сандарды пайызбен өрнектеуді; тұрақты және айнымалы шамалар арасындағы айырмашылықтарды; компьютердің негізгі бөліктерінің қолданылуы, құрылымдарының, операциялық жүйе интерфейсі элементтерінің кіру және шығу құрылғысы; компьютерлік техниканың адам денсаулығына тигізетін әсері; ақпаратты және құрылымдарды зиян келтіретін бағдарламалардан қорғаудың маңыздылығы; ақпараттың авторларға сілтеме жасалған ілеспе қажеттілігін түсінеді;
3) өрнектер жазу үшін, санды өрнектерді түрлендіру үшін, есептер шығару үшін математикалық символдарды, арифметикалық амалдар мен қасиеттерді; натурал сандар мен арифметикалық амалдарды ауызша және жазбаша есептеу амалдарын; шамалардың стандартты және стандартты емес өлшем бірліктерін (ұзындық, аудан, көлем, масса, уақыт); шамаларды өлшеу құралдарын; есеп шарттарын жазудың математикалық тілі мен графикалық модельдерін; теңдеулер мен теңсіздіктерді шешу алгоритмдерін; периметр мен ауданды есептеу формулаларын (шаршының, тік төртбұрыштың, тікбұрышты үшбұрыштың); жиын элементтері арасындағы қатынастарды көрсету үшін Эйлер-Венн диаграммаларын; санның бөлігін және оның бөлігі бойынша санды табу білігін; ақпаратты жинауға, сақтауға, өңдеуге және жеткізуге арналған ақпараттық-коммуникациялық құралдарды; ақпараттың алуан түрлерімен жұмыс істеуге, модельдер құруға арналған қолданбалы бағдарламаларды; алға қойылған міндеттерді шешу үшін интернет қызметін; компьютерде жұмыс істеу принциптерін қолданады;
4) ауызша және жазбаша санаудың рационалды тәсілдерін; геометриялық фигуралардың ерекшеліктерін; сандық өрнектер мен айнымалысы бар өрнектердің мәндерін салыстыру нәтижесін; әртүрлі шамалар арасындағы тәуелділіктер (сан, баға, құн, жылдамдық, уақыт, арақашықтық, еңбек (жұмыс) өнімділігі, жұмыс ұзақтығы, жұмыс көлемі); заңдылықтарды және тізбектің жетіспейтін элементтерін табуды; күрделі емес комбинаторикалық және логикалық есептерді; есеп шартының сызба, кесте түрлеріндегі жазбасын; санаумен, өлшеумен байланысты деректер мен нәтижелерді; қолданбалы бағдарламалардың мүмкіндіктерін; желіде этикалық және құқықтық нормалардың бұзылу салдарын; мәлімделген талаптарға сәйкес іріктеп, түрлі дереккөздерден алынған ақпаратты талдайды;
5) заттарды олардың белгілері мен кеңістіктегі орналасуына қарай сыныптауышын; шамалар арасындағы тәуелділіктің математикалық моделін; шынайы әлемнің нақты нысандары мен процестерінің бейнелер мен сызбалар түріндегі ең қарапайым модельдерін; ұсынылған мәліметтер немесе математикалық модельдер бойынша есеп құрастырады және оған кері есеп құрайды; берілген заңдылықтар бойынша тізбек құрастырады; практикалық міндеттерді шешу үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданып, объектілер мен жағдаяттардың модельдерін; қолданбалы бағдарламалар мен желілік қызметтердің мүмкіндіктері туралы білімдерін түрлі міндеттерді шешу үшін жинақтайды;
6) өлшем нәтижелерін; сандар, шамалар, геометриялық фигуралар туралы қарапайым тұжырымдардың ақиқаттылығын немесе жалғандығын; графика, кесте, диаграмма түрінде берілген деректерді; модельдің берілген критерийлерге сәйкестігін; қолданбалы бағдарламалар мен желілік қызметтердің түрлі міндеттерді шешуде пайдалану мүмкіндіктерін бағалайды.
35. "Жаратылыстану" білім беру саласы бойынша оқытудың күтілетін нәтижелері.
Бастауыш білім беру аяқталғанда білім алушы:
1) Күн жүйесінің ғаламшарларын және олардың ерекшеліктерін; Жер мен оның табиғаты туралы, Ғалам туралы негізгі жаратылыстану түсініктерін; ғылыми таным әдістерін: бақылау, эксперимент, тәжірибе; зерттеуді жоспарлау мен жүргізу барысындағы қауіпсіздік техникасы негіздерін; апатты табиғи құбылыстар кезінде әрекет жасау принциптерін; адамның, өсімдіктердің, жануарлар мен саңырауқұлақтардың өмірлік циклдерін; адамның, өсімдіктердің, жануарлар мен саңырауқұлақтардың негізгі органдарының құрылымы мен орналасу ерекшеліктерін және олардың функцияларын; өсімдіктердің, жануарлар мен саңырауқұлақтардың жіктелуін; фотосинтез процесінің негіздерін; жарықтың кейбір қасиеттерін; кейбір физикалық күштерді және олардың пайда болу себептерін; қуаттың кейбір түрлерін; Жер бетінде кеңінен таралған заттектердің құрамы мен қасиеттерін; түрлі денелердің қасиеттерін және олар қолданатын кейбір салаларды; пайдалы қазбалардың негізгі түрлерін және олардың маңызын, Қазақстан Республикасындағы пайдалы қазбалардың негізгі кеніштерін біледі;
2) қоршаған ортаға қамқорлықпен қараудың және Жердегі биоалуантүрлілікті сақтаудың маңыздылығын; жеке бас гигиенасын сақтаудың қажеттілігін; ағзаның қорғану функцияларын; табиғат компоненттерінің тірі ағзалар үшін маңызын; қоршаған ортаға енудің құралы ретіндегі ағзалар ерекшеліктерін; омыртқалы және омыртқасыз жан-жануарлардың қарапайым айырмашылықтарын; табиғат ресурстарын ұтымды пайдаланудың қажеттілігін түсінеді;