Файл: Мектепке дейінгі трбие мен оытуды, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалы жне ксіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді мемлекеттік жалпыа міндетті стандарттарын бекіту туралы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 10.01.2024

Просмотров: 515

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
3-тарау. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
      40. Негізгі орта білім беру деңгейіндегі білім алушылардың апталық оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі 5-сыныпта – 30,5 сағаттан, 6-сыныпта – 30,5 сағаттан, 7-сыныпта – 33,5 сағаттан, 8-сыныпта – 34,5 сағаттан, 9-сыныпта – 36 сағаттан аспауы тиіс.

      Ескерту. 40-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 23.09.2022 № 406 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      41. Білім алушылардың инвариантты және вариативті компоненттерден тұратын оқу жүктемесінің жалпы көлемі, сондай-ақ сыныптар бойынша апталық және жылдық оқу жүктемесі ҮОЖ-да белгіленеді.

      42. Апталық оқу жүктемесі Үлгілік оқу жоспарында (инвариантты және вариативті компоненттер) айқындалған оқу жұмыстарының барлық түрлерін қамтиды. Арнайы білім беру ұйымдарының оқу жоспарларында даму бұзушылығының түрін ескере отырып, міндетті түзеу компоненті қарастырылған. Арнайы білім беру ұйымдарының оқу жоспарларындағы инвариантты, түзеу және вариативті компоненттер білім алушылардың ерекше білім беруге қажеттіліктерін ескере отырып белгіленеді.

      Инвариантты компоненттен таңдалған вариативті компоненттінің таңдау бойынша пәндеріне "сыналды" / "сыналмады" қойылады.
      43. Сыныпты екі топқа бөлуге қалалық білім беру ұйымдарында сыныптарда білім алушылар саны – 24 және одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар саны – 20 және одан артық болғанда:

      1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда – қазақ тілі мен әдебиеті;

      2) шетел тілі;

      3) көркем еңбек;

      4) информатика бойынша жүзеге асырылады.

      Білім беру ұйымдарында қалалық жалпы білім беретін ұйымдарда сыныптардағы білім алушылар саны 24 және одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар саны 20 және одан артық болған жағдайда, оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша сыныпты екі топқа бөлуге болады.

      Білім беру ұйымдарында көркем еңбек бойынша сыныптың толымдылығына қарамастан ұлдар мен қыздарға сыныпты екі топқа бөлуге болады.

      Ескерту. 43-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 23.09.2022 № 406 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      44-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Оқу-ағарту министрінің 23.09.2022 № 406 (01.09.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      44. Сыныпты екі топқа бөлуге білім беру ұйымдарында сыныптарда білім алушылар саны – 24 және одан артық болғанда:


      1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда – қазақ тілі мен әдебиеті;

      2) шетел тілі;

      3) технология;

      4) информатика бойынша жүзеге асырылады.

      45. Жоғарыда аталған пәндерден инклюзивті білім беру аясында сыныпты топтарға бөлу білім алушылардың жалпы саны ерекше білім беру қажеттіліктері бар әр балаға барлық білім алушылар санын үшке кеміту есебінен жүзеге асырылады.

4-тарау. Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

      46. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруіне, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке тұлға ретінде өзін-өзі танытуына және кәсіптік бағдарлануына, сондай-ақ білім алушылардың бейіналды даярлығына бағытталады.

      47. Білім алушылардың дайындық деңгейі бірнеше мәндес оқу пәндерін біріктіретін "Тіл және әдебиет", "Математика және информатика", "Жаратылыстану", "Адам және қоғам", "Технология және өнер", "Дене шынықтыру" білім беру салаларының ерекшеліктері ескеріле отырып жобаланған оқытудан күтілетін нәтижелер арқылы айқындалады.

      48. Білім беру салалары (және оқу пәндері) бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер негізгі орта білім берудің базалық мазмұнын айқындау үшін негіз болып табылады.

      49. Негізгі орта білім берудің оқу бағдарламаларында білім беру салалары (және оқу пәндері) бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер әрбір оқу пәнінің бөлімдері бойынша оқыту мақсаттарында нақтыланады.

      50. Оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесі білім алушылардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың жеке даму траекторияларын қалыптастыруға және олардың оқытудың ұзақ мерзімді мақсаттарына кезең-кезеңмен қол жеткізуге ілгерілеуіне мүмкіндік жасайды.

      51. "Тіл және әдебиет" білім беру саласы бойынша негізгі орта білім беру аяқталғанда күтілетін нәтижелер.

      Қазақ тілі (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптар үшін)/ "Орыс тілі" (оқыту орыс тілінде жүргізілетін сыныптар үшін)/ "Ана тілі" (оқыту ұйғыр/өзбек/тәжік тілдерінде жүргізілетін сыныптар үшін):

      1) тыңдалым және айтылым:

      білім алушы қарым-қатынастың әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени, оқу-кәсіптік салалардағы мәтіндерін түсінеді; сөйлесу тәртібінің, бағалаудың ашық және жабық түрде берілген нысандарын таниды; әртүрлі өмірлік жағдаяттарда ауызша тілдік қарым-қатынасты жүзеге асырады; тілдік қарым-қатынастың әртүрлі мақсаттары мен тактикаларын іске асыру үшін түрлі тілдік құралдарды пайдалана отырып, әңгімеге бастамашы бола алады және диалогты қолдайды; проблемалық сипаттағы ақпаратты жинақтай отырып, монолог құрастырады; өз пікірін қорғайды және дәлелдейді; өз пікірін білдіре отырып, әңгіме нысанасына қатысты сөйлеушінің көзқарасын бағалайды; тақырыбы/басы/соңы бойынша мәтін мазмұнын болжайды; өз сөздерін ресімдеу кезінде грамматикалық, стилистикалық нормаларды сақтайды;



      2) оқылым:

      білім алушы әртүрлі типтегі, жанрлар мен стильдердегі мәтіндерден негізгі және егжей-тегжейлі ақпаратты (мәтіндік, сандық, графикалық) түсінеді және өзінше түсіндіреді; мәтіннің астарлы мағынасын түсінеді; зерттеп, шолып, таңдап, белгілеп оқуды, арнайы ақпарат алу үшін оқуды, талдамалық оқуды, белгілі бір мақсатпен оқуды қоса алғанда, оқу стратегияларын пайдаланады; әртүрлі дереккөздерден қажетті ақпараттарды алады, оларды талдайды және жинақтайды; қарым-қатынастың әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени және оқу-танымдық аяларына қатысты мәтіндердің құрылымдық, лингвистикалық және стилистикалық ерекшеліктерін салыстырады; дәлелдер мен фактілерді ажырата отырып, ақпараттың өзектілігі мен құндылығы тұрғысынан мәтінді бағалайды;

      3) жазылым:

      білім алушы естіген және оқыған ақпараттарын жинақтай отырып, әртүрлі типтегі, жанрдағы және стильдегі мәтіндерді жазады; ақпаратты ұсынудың әртүрлі нысандарын пайдалана отырып, мәтін құрастырады (оның ішінде, баспа); ұсынылған ақпаратты талдау және бағалау қабілетін көрсете отырып, өзінің проблемалық сипаттағы мәтінін (мақала, эссе, хат және т.б.) жазады; әртүрлі типтегі, жанрдағы және стильдегі мәтіндердің құрылымдық-композициялық, тілдік ерекшеліктерін салыстырады; анықтамалық материалды пайдалана отырып мәтіндерді түзетеді және редакциялайды; белгілі бір тақырып бойынша қарапайым, күрделі және жан-жақты жоспар жасайды; орфографиялық, грамматикалық және стилистикалық нормаларды сақтайды.

      "Қазақ тілі мен әдебиеті (оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптар үшін) / "Орыс тілі мен әдебиеті" (оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптар үшін)

      1) тыңдалым:

      білім алушы мәтіннің негізгі мазмұнын, сондай-ақ сөйлеушінің ниетін білдіретін функционалдық маңызды мағыналы ақпаратты түсінеді; мәтіннен арнайы ақпаратты алады; терминдердің мәнін және әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени және оқу-танымдық аялары бойынша мәтіннің негізгі бөліктерін түсінеді; фактілер мен пікірлерді ажырата отырып, мәтіннің мазмұнын бағалайды; әртүрлі стильдегі және жанрдағы мәтіндердің негізгі проблемаларын айқындайды; мәтінде айтылған деректер мен құбылыстар, оқиғалар арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастарды аша отырып, мәтінді талдайды; иллюстрациялар/негізгі сөздер/тақырыбы/басталуы бойынша айтылған ойдың мазмұнын болжайды;


      2) айтылым:

      талқылау, өзінің пікірін білдіру және оқиғаларды, пікірлер мен проблемаларды бағалау арқылы білім алушы оқылған тақырыптар аясындағы диалогты қолдайды; назарды өзіне қарату тәсілдерін пайдаланып және мақсатты аудиторияны есепке ала отырып монолог құрады, ұсынылған тақырып бойынша ақпаратты талдайды және жинақтайды; белгілі бір тақырып бойынша айтылған ойды бағалайды; сөйлеу нормаларын сақтай отырып, тілдің лексикалық және грамматикалық құралдарын пайдаланады;

      3) оқылым:

      білім алушы оқылған тақырыптар аясында белгілі бір күрделі тұтас және аралас мәтіндердің мазмұнын түсінеді; әртүрлі типтегі, стиль мен жанрдағы мәтіндердің ерекшеліктерін анықтайды; сөздердің айқын және астарлы мағынасын, көркем бейнелеуіш құралдардың мәнін түсінеді; өзектілігін, шынайылығын, пайдалылығын және құндылығын анықтай отырып, әртүрлі дереккөздерден қажетті ақпаратты алады; негіздемелі қорытынды шығара және оқығанына сыни тұрғыдан баға бере отырып, мәтіннің мазмұнын талдайды және жинақтайды; көркем шығарманың тақырыбын, идеясын, проблемасын, автордың көзқарасын анықтай отырып мәтінді салыстырады, белгіленген оқу стратегияларын пайдаланады;

      4) жазылым:

      білім алушы әртүрлі тілдік құралдарды пайдалана отырып, естігені және оқығаны негізінде әртүрлі типтегі, жанрдағы және стильдегі мәтіндерді жазады; әртүрлі деректерден ақпарат алу арқылы проблемалық сипаттағы мәтіндерді жазады; тұтас мәтіндердің негізінде сызбаларды, кестелерді, диаграммаларды жасайды; белгілі бір тақырып бойынша қарапайым, күрделі және жан-жақты жоспар жасайды; әртүрлі типтегі, стильдегі мәтіндердің мазмұнын салыстырады, талдайды және бағалайды; орфографиялық және грамматикалық нормаларды сақтайды; троптар мен тілдің көркемдегіш-бейнелеуіш құралдарын пайдаланады.

      "Қазақ әдебиеті" / "Орыс әдебиеті" / "Ұйғыр әдебиеті" / "Өзбек әдебиеті" / "Тәжік әдебиеті":

      Негізгі орта білім беру аяқталғанда білім алушы:

      1) әдебиеттің негізгі даму кезеңдерін; әртүрлі жанрдағы шығармалардың мазмұнын, фольклорда халық тұрмысының, салт-дәстүрінің бейнелену ерекшеліктерін, әдеби терминдер мен әдеби бағыттарды, түрлері мен жанрларын, көркем шығармалардың бейнелі суреттеулерді біледі, өлең мәтіндері мен прозалық мәтіндердің фрагменттерін (таңдауы бойынша) жатқа біледі; оқылатын шығармалардан дәйексөздерді біледі;

      2) ұлттық көркем мұраның әлемдік мәдениеттегі мәнін; әдебиеттің мәдениеттің аса маңызды жетістіктерінің бірі ретіндегі рөлін; адам өміріндегі көркем әдебиеттің мәнін, әдеби терминдер мен әдеби бағыттарды, түрлері мен жанрларын, шығарманың тақырыбын, идеясын, проблемаларын, шығармадағы автордың көзқарасын, көркем шығармалардағы бейнелі суреттеулерді, шығармаларда ашық және астарлы айтылған мағыналарды түсінеді;


      3) әдеби тақырыпқа хабарлама, баяндама, эссе, сұхбат дайындау; жазбаша әңгіме құрастыру үшін әдеби кейіпкерлердің диалогын (оқығанының негізінде) дайындау – кейіпкерлердің біреуіне немесе бір топ кейіпкерге (топтық мінездеме), екі кейіпкерге (салыстырмалы мінездеме) мінездеме беру кезінде, өз бетімен оқыған кітапқа шағын жазбаша пікір дайындау кезінде; талдамалық сипаттағы өзіндік мәтін құрастыру кезінде, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қатыстыра отырып, оқыған мәтінге өзіндік түсініктеме беру процесінде; өзі үшін өзекті оқу ортасын анықтау және көркем шығармаларды бағалау; пікірталастарға немесе көпшілік алдында сөз сөйлеуге қатысу; қажетті ақпаратты іздестіру үшін алған білім, білік және дағдыларын; оқытылатын шығармаларды талдау үшін арнайы терминдер мен ұғымдарды; өзекті проблемаларды талқылау кезінде меңгерген дағдыларын; өз ойын білдіру, мәдени іс-шараларға қатысу үшін шығармашылық қызметтің тәсілдерін қолданады;

      4) оқығанына өзінің көзқарасын дәлелмен тұжырымдай отырып, әртүрлі жанрда бейнеленген шығармаларды; тақырыпты, идеяны және шығарма композициясының, сюжет ерекшеліктерін, шығарманың тілдік ерекшеліктерін, негізгі эпизодтарын, кейіпкерлердің іс-әрекетін және амалдарын, жазушы стилінің ерекшеліктерін талдайды, оларды әлем әдебиеті туындыларымен және өнердің басқа түрлерінің туындыларымен салыстырады;

      5) көркем мәтіннің жанры және түрі жағынан ұқсас шығарманы талдау жолдарын таңдау; фактілерді, детальдарды тарихи деректермен салыстыру; әртүрлі жоспарлар құру үшін; әртүрлі ресурстарды пайдалану арқылы жазбаша мәтіндерді құрастыру үшін алған білімін, білігін және дағдыларын жинақтайды; шығармалардағы құндылықтарды қазақ және басқа да халықтардың құндылықтарымен өзара байланыстырады;

      6) оқылған шығарманы композициялық, стильдік тұтастығы, тілдік ресімделуі және қойылған коммуникативті міндеттерге қол жеткізу тиімділігі тұрғысынан; өнердің басқа да құралдары арқылы жасалған көркем мәтінді түсіндіруді бағалайды.

      "Шетел тілі":

      1) тыңдалым:

      білім алушы оқытылған тақырыптар шеңберінде мәтіндердің негізгі мазмұнын түсінеді; екінші кезектегі мәселелерді қалдырып, басты фактілерді анықтайды; оқытылған тақырыптар шеңберінде егжей-тегжейлі ақпаратты түсінеді; қосымша ақпарат алу мақсатында естігені негізінде күрделі сұрақтар құрастырады; түпмәтіндік мәнге сүйене отырып, естігені бойынша ой қорытады; оқытылған тақырыптар шеңберінде арнайы ақпаратты ажырата алады; оқытылған тақырыптар шеңберінде берілген дәлелдердің сәйкессіздігін анықтайды;