ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.01.2024
Просмотров: 743
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
10) сөйлеу тілі саласында есту қабілетінен 80-нен 90 децибелге дейін айырылған (диагностикалық (сынамалы) оқытуға жол беріледі);
11) есту (аудиториялық) нейропатиясы бар және есту қабілетінен 40-тан 80 децибелге дейін айырылған кезде сөйлеу арқылы қабылдау қабілеті бұзылған.
29. Есту қабілеті зақымдалған балаларды оқыту мен тәрбиелеудің арнайы шарттары:
а) дыбыс күшейткіш аппаратураны пайдалану;
б) есту қабілеті зақымдалған балаларға сурдопедагог тарапынан есту арқылы қабылдауын дамыту және айтылым мен сөйлеу тілінің басқа жақтарын қалыптастыру бойынша топтық, шағын топтық және жеке сабақтар түрінде арнайы педагогикалық көмек көрсету;
в) естімейтін білім алушыларды оқытуда қосымша оқу құралы ретінде дактильді және ымдау тілін пайдалану;
г) мінез-құлығы және қарым-қатынас барысында мәселелері бар балаларға психологиялық көмек көрсету
30. Зердесі зақымдалған (ақыл-ойының жеңіл және орташа түрде бұзылыстары бар), тірек-қимыл аппараты бұзылыстары бар немесе көру қабілеті зақымдалған естімейтін және нашар еститін балаларға жеке даму бағдарламаларына сәйкес арнайы педагогикалық көмек көрсетіледі.
3-параграф. Сөйлеу тілінің ауыр түрдегі бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы бөбекжай мен балабақшалар қызметінің тәртібі
31. Сөйлеу тілінің ауыр түрдегі бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы бөбекжай мен балабақшаларға төмендегі балалар қабылданады:
1) сөйлеу тілі дамуының тежелуі бар;
2) алалия, афазия, дизартрия, ринолалия, тұтығуының салдарынан 1-3 деңгейдегі сөйлеу тілінің жалпы дамымауы бар;
3) кохлеарлық имплантпен;
4) бастапқыда зердесі сақталған балалар аутизмі, аутистік спектрдегі бұзылыстары мен сөйлеу тілінің ауыр түрдегі бұзылыстары бар.
32. Сөйлеу тілінде бұзылыстары бар балаларды оқытудың арнайы шарттары:
1) барлық сабақтарда және сабақтан тыс уақытта топтық, шағын топтық және жеке сабақтар түрінде логопедиялық көмек көрсету;
2) сөйлеу тілі режимін сақтай отырып, сөйлеу тілін дамыту, сөйлеу дағдыларын бекіту бойынша тәрбие сабақтарын өткізу;
3) қарым-қатынасы мен мінез-құлқы бұзылған балаларға психологиялық көмек көрсету.
4-параграф. Тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы бөбекжайлар мен балабақшалар қызметінің тәртібі
33. Арнайы бөбекжай мен балабақшаға тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар төмендегі балалар қабылданады:
1) өз бетінше қозғалып, жеке қолдауды талап етпейтіндер;
2) арнайы жүріп-тұру құралдары және (немесе) техникалық орын толтыру (қосалқы) құралдарының көмегімен қозғалатындар;
3) арнайы балабақшаға кедергісіз орта құрып, қол жеткізу үшін арнайы жағдайлармен қамтамасыз етілген жағдайда өз бетімен жүре алмайтындар. Ол жағдайларға пандустар, кең жақтауы бар есіктер, мүгедектер арбасын көтергіштер, баспалдақтар бойымен құрылатын көтергіштер, автоматты түрде ашылатын есіктер жатады.
34. Тірек-қимыл аппараты бұзылған әрі жеңіл және (немесе) орташа деңгейде ақыл-ой кемістігі бар балаларға арнайы педагогикалық көмек жеке дамыту бағдарламаларына сәйкес атқарылады.
35. Тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балаларды тәрбиелеу мен оқытудың арнайы шарттарына төмендегілер жатады:
1) кедергісіз орта құрып, әмбебап дизайн жасау: пандустар, кең жақтауы бар есіктер, мүгедектер арбасын көтергіштер, баспалдақтар бойымен құрылатын көтергіштер, автоматты түрде ашылатын есіктер және т. б.;
2) арнайы ұйымдастырылған қозғалыс режимін сақтау;
3) нақты түрде байқалатын зердесі, сөйлеу тілі, мінез-құлығы және қарым-қатынас барысында бұзылыстары болған кезде арнайы топтық, шағын топтық және жеке сабақтар түрінде педагогикалық, логопедиялық және психологиялық көмек көрсету;
4) топтар бойынша емдік дене шынықтыру сабақтарын өткізу: өздігінен жүретіндер, жеке қолдауды талап етпейтіндер; қозғалыс белсенділігі орташа түрде шектелген; қимыл-қозғалысында бұзылыстары айқын (ауыр) (ата-аналары не заңды өкілдерімен бірлесіп айналысады);
5) арнайы жабдықталған кабинеттерде физиотерапиялық ем-шаралар, уқалау, ортопедиялық жұмысты қамтамасыз ету; материалдық-техникалық базасы болған жағдайда: емдік жүзу, атпен жүру және т.б. іс-шаралар.
5-параграф. Зердесі зақымдалған балаларға арналған арнайы бөбекжайлар мен балабақшалар қызметінің тәртібі
36. Зердесі зақымдалған балаларға арналған арнайы бөбекжайлар мен балабақшаларға ақыл-ой кемістігі бар және шығу тегі әртүрлі зерде бұзылыстары бар балалар, сондай-ақ зерде зақымдалуымен қатар аутизмі бар балалар қабылданады.
37. Зерде зақымдалуының ауырлығы мен сипатына байланысты психикалық дамуы тежелген, жеңіл және орташа деңгейде ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған арнайы топтар құрылады.
38. Зердесі зақымдалған балаларды тәрбиелеу мен оқытудың арнайы шарттары:
1) зердесі зақымдалған (ақыл-ой кемістігі бар) балаларды МЖББС-на бағдарланбаған арнайы оқу бағдарламалары бойынша оқыту мен тәрбиелеу;
2) дефектолог (олигофренопедагог), логопед, психологтың топтық, шағын топтық және жеке сабақтар түрінде көмек көрсетуі;
3) емдік дене шынықтыру, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бойынша сабақтар өткізу.
6-параграф. Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы бөбекжайлар мен балабақшалар қызметінің тәртібі
39. Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы балабақшаларға шығу тегі әртүрлі, оның ішінде кохлеарлық импланты бар, балалар аутизмі бар психикалық дамуы тежелген балалар қабылданады.
40. Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы оқыту шарттарына дефектологтің (олигофренопедагогтің), логопедтің, психологтің топтық, шағын топтық және жеке сабақтар түріндегі арнайы психологиялық-педагогикалық көмегі жатады.
7-параграф. Балалар санатын қоса атқаратын арнайы бөбекжайлар мен балабақшалар қызметінің тәртібі
41. Арнайы бөбекжайлар мен балабақшалардың контингенті осы Ереженің 15-тармағында көрсетілген балалар, оның ішінде күрделі бұзылыстары бар балалар (есту және көру қабілеттерінің аралас бұзылыстары, ақыл-ой және есту қабілетінің бұзылыстары, есту қабілетінің бұзылыстары және балалардың церебральды сал ауруы, көру қабілетінің бұзылыстары және балалардың церебральды сал ауруы) санаттарынан құрылады.
Оқыту жетекші бұзылысы бойынша тәрбиеленушілерден қалыптастырылатын, Санитариялық қағидаларға сәйкес жинақталатын арнайы топтарда тиісті санаттағы тәрбиеленушілерге арналған Үлгілік оқу жоспарлары және оқу бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.
3-тарау. Арнайы мектептер, арнайы мектеп-интернаттар, "балабақша-мектеп-интернат" арнайы кешендері, "мектеп-интернат-колледж" арнайы кешендері қызметінің үлгілік қағидалары
42. Арнайы мектептер өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Білім туралы"
Заңды, осы Қағидаларды басшылыққа алады.
Балаларды арнайы мектептерде/сыныптарда оқыту және тәрбиелеу МЖББС-на, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 "Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы" бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелген) және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 "Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндер, таңдау бойынша курстар және факультативтер бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы" бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8424 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.
Арнайы мектептердің қызметін үйлестіру және әдістемелік қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жүзеге асырады.
43. Арнайы мектептер төмендегі санаттағы балаларға арнап ашылады:
1) көру қабілеті зақымдалған балалар;
2) есту қабілеті зақымдалған балалар;
3) сөйлеу тілінде ауыр түрде бұзылыстары бар балалар;
4) тірек-қимыл аппаратында бұзылыстары бар балалар;
5) зердесі зақымдалған балалар;
6) психикалық дамуы тежелген балалар;
7) эмоционалды-ерік саласы және мінез-құлық бұзылыстары бар балалар;
8) осы тармақта көрсетілген балалар санаттарын араластыру кезінде.
44. Арнайы мектептер жалпы білім беретін мектептермен ортақ білім алушыларды оқыту, тәрбиелеу, дамыту міндеттерін, сондай-ақ бұзылған қызметтерді түзету және қалпына келтіру міндеттерін шешеді, оларға төмендегілер жатады:
1) бастауыш (0-4 сынып) және негізгі (5-10 сынып) орта білім беру деңгейлерінде оқытудың ұзартылған мерзімдері;
2) оқытудың арнайы әдістері, тәсілдері мен құралдары;
3) техникалық және орын толтыру құралдары;
4) тіршілік ету ортасы;
5) арнайы дайындалған мұғалімдер;
6) психологиялық-педагогикалық көмек (логопедтер, арнайы педагогтар: сурдопедагогтар, тифлопедагогтар, олигофренопедагогтар, психологтар, әлеуметтік педагогтар, ЕДШ нұсқаушылары);
7) дамудың кемшіліктерін түзеу, әлеуметтік, қарым-қатынастық дағдыларды қалыптастыруды қамтамасыз ететін оқу жоспарының арнайы пәндері;
8) медициналық, әлеуметтік.
Арнайы жағдай жасау мақсатында мектеп педагогтері мен мамандары оқушылардың білім алудағы ерекше қажеттіліктерін бағалауды жүзеге асырады.
45. Арнайы мектептерге/сыныптарға білім алушыларды қабылдау Заңға сәйкес олардың ата-аналары (заңды өкілдерінің) келісімімен ПМПК қорытындысы мен ұсынымдары негізінде жүзеге асырылады.
46. Арнайы мектептер болмаған жағдайда жалпы білім беретін мектептерде осы Ереженің 43-тармағында көрсетілген балаларға арналған арнайы сыныптар ашылады.
47. Білім алушыларды арнайы мектеп/сыныптан басқа білім беру ұйымына ауыстыруды баланың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен ПМПК қорытындысы негізінде білім беруді басқару органдары жүзеге асырады.
48. Білім алушының қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, білім беру үдерісі облыс, республикалық маңызы бар қала, астананың жергілікті атқарушы органы берген рұқсатпен қашықтықтан оқыту, сондай-ақ экстернат түрінде ұйымдастырылады. Білім алудың әртүрлі нысандарын үйлестіруге рұқсат беріледі.
49. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың Үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларының негізінде оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламалары әзірленеді, олар педагогикалық кеңесте қарастырылады және білім беруді басқару органымен келісім бойынша ұйым басшысы тарапынан бекітіледі. Түзету компонентінің үлгілік оқу бағдарламалары негізінде жеке/шағын топтық/топтық түзету сабақтарының бағдарламалары жасалады.
50. Зердесі қалыпты білім алушыларға арналған арнайы мектептерде/сыныптарда білім беру қызметін бейіні бойынша педагогикалық білімі бар педагогтер жүзеге асырады. Зердесі зақымдалған білім алушыларға арналған мектептерде/сыныптарда білім беру қызметін "Дефектология" ("Арнайы педагогика") мамандығы және "Олигофренопедагогика" білім беру бағдарламасы бойынша жоғары педагогикалық білімі бар мұғалімдер жүзеге асырады.
51. Үлгілік оқу жоспарларының түзету компонентінің сабақтарын "Дефектология" ("Арнайы педагогика") мамандығы және арнайы мектеп түріне сәйкес білім беру бағдарламасы бойынша жоғары педагогикалық білімі бар педагогтер, қажет болған жағдайда белгіленген тәртіппен аттестаттаудан өткен психологтар жүргізеді. Түзету компонентіндегі пәндер бойынша білім алушылардың жетістіктерін бағалау кезінде балдық бағалау пайдаланылмайды.