Файл: "Б" жаттары Зерттеулер кітапханасы.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.01.2024

Просмотров: 740

Скачиваний: 1

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


      52. Есту, көру қабілеттері зақымдалған және тірек-қимыл аппараты бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектептерде зердесі зақымдалған (ақыл-ой кемістігі бар) білім алушылар анықталған жағдайда 4-6 білім алушыны қамтитын арнайы сыныптар ашылады. Балаларды сыныпта оқыту ПМПК қорытындысы мен ұсынымдары негізінде және білім беру үдерісі жағдайында психологиялық-медициналық-педагогикалық бақылау барысында жасалған жеке оқу бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.

      53. Оқу аптасының ұзақтығын тиісті білім беруді басқару органының келісімі бойынша педагогикалық кеңес белгілейді және жарғыда бекітіледі.

      54. Сабақтар мен сабақ кестесіндегі оқу пәндерінің және жеке/шағын топтық/топтық түзету сабақтарының күнделікті саны, ұзақтығы, реттілігі көрсетіледі.

      55. Жеке/шағын топтық/топтық түзету сабақтары мектеп кеңесі талқылайтын және білім беру ұйымының басшысы бекітетін кестеге сәйкес оқу күні бойы және сабақтан тыс уақытта өткізіледі.

      56. Арнайы мектептер оқу-тәрбие үдерісін жүзеге асыру, кадрларды іріктеу мен орналастыру, ғылыми, қаржылық-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болып табылады.

      57. Арнайы мектептер жергілікті жағдайларға байланысты қосалқы шаруашылық, оқу-тәжірибелік жерлер, оқу-өндірістік шеберханалар құра алады.

      58. Арнайы мектептердің/сыныптардың педагогтері қажет болған жағдайда ата-аналар (заңды өкілдер) үшін отбасылық тәрбие және дамыту сабақтарын ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңестер, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептердің педагогтеріне мүмкіндіктері шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау мәселелері бойынша кеңес береді.

      59. Арнайы мектептердің/сыныптардың түлектері "Білім туралы құжаттардың түрлерін, білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың нысандарын және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, сондай-ақ білім беру ұйымдарында білім алуды аяқтамаған адамдарға берілетін анықтаманың нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы № 39 бұйрығына (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 27 ақпанда № 10348 тіркелді) сәйкес мемлекеттік үлгідегі аттестат алады.

      60. Арнайы мектептердегі/сыныптардағы сыныптардағы балалар саны "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 
бұйрығына (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 6 тамызда № 23890 болып тіркелді) сәйкес (бұдан әрі – Санитарлық ережелер) айқындалады.

      61. Сыныптардағы балалар саны жеткіліксіз болған жағдайда білім беру үдерісі шағын жинақталған мектеп түрі бойынша ұйымдастырылады.

      62. Арнайы мектептерді материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру Жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.

1-параграф. Көру қабілеті зақымдалған балаларға арналған арнайы мектептер қызметінің тәртібі

      63. Көру қабілеті зақымдалған балаларға арналған арнайы мектепке/сыныпқа төмендегі балалар қабылданады:

      1) көзі көрмейтін (толық көрмейтін);

      2) көзі көрмейтін – көру сезімінің толық болмауы, жарық сезуі немесе қалдық көруі бар (жақсы көретін көзінде 0,04-ке дейін түзетумен);

      3) жарық қабылдағыштық қасиеті бар;

      4) жақсы көретін көзінде 0,04 және одан төмен қалдықты көруі бар және одан төмен ауыстырылатын түзетумен;

      5) оптикалық түзету жағдайында жақсы көретін көзінде 0,05-0,4 көру өткірлігімен.

      64. Балаларды арнайы мектепке/сыныпқа жолдау үшін офтальмологиялық көрсеткіштер офтальмологиялық тексеру деректері негізінде жеке белгіленеді.

      65. Көру қабілеті зақымдалған балаларға арналған арнайы мектептерде/сыныптарда сыныптар толық жинақталмаған жағдайда көзі көрмейтін және нашар көретін балалар бірлесіп оқиды.

      66. Көру қабілеті зақымдалған білім алушылар Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңына сәйкес оқудың кез келген кезеңінде жалпы білім беретін мектепке ауыстырылады.

      67. Көру қабілеті зақымдалған балаларды оқытудың арнайы шарттары:

      1) көзі көрмейтін білім алушыларды Брайль бедерлі-нүктелі қарпімен басылған жалпы білім беретін мектептердің оқулықтары, оқу құралдары және әдебиеттермен; бедерлі суреттер, сызбалар, схемалар, сипау арқылы қабылданатын басқа да суреттер және безендірулермен қамтамасыз ету;

      2) нашар көретін білім алушыларды жалпы білім беретін мектептердің үлкейтілген қаріппен басылған оқулықтары, оқу құралдары, әдебиеттермен және көру арқылы қабылдауға қолжетімді арнайы өзгертілген бейнелермен қамтамасыз ету;

      3) тифлотехникалық құралдарды бұзылған көру қызметтерін түзету немесе орнын толтыру мақсатында, сондай-ақ көру қабілетін дамыту және қалпына келтіру үшін пайдалану: оптикалық (лупалар, көзілдіріктер, моно- және бинокулярлар, проекциялық ұлғайтқыш құралдар); телевизиялық; жарық техникалық және т.б.



      4) қалдық көру және көру арқылы қабылдау қабілетін қорғау және дамыту, әлеуметтік-тұрмыстық және кеңістіктікте бағдарлау, ымдау мен пантомимиканы дамыту, сөйлеу тілінің дамуының кемшіліктерін түзету, түзету ырғағын дамыту бойынша сабақтар өткізу.

      5) емдеу аппаратурасы және құралдары бар арнайы жабдықталған кабинетте офтальмолог дәрігер мен ортоптист мейірбикенің емдеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асыруы.

2-параграф. Есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған арнайы мектептер қызметінің тәртібі

      68. Есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған арнайы мектепке/сыныпқа төмендегі балалар қабылданады:

      1) қатты дауысқа жауап бермейтін;

      2) қатты дауысқа жауап беретін;

      3) құлақ жарғағының түбінде сөйлеу тілі дауысына жауап беретін;

      4) есту қабілетінің орташа айырылуы 90 децибелден астам құлақ жарғағының жанында естілуі жоғары айтылған кейбір сөйлеу дыбыстарын (а, о, у, р) ажырататын;

      5) сөйлеу аймағында есту қабілетінің орташа айырылуы кезінде 40-тан 80 децибелге дейін сөйлеу тілін (құлақ жарғағынан үш метрге дейінгі қашықтықта әдеттегі сөйлеу көлемінің сөздері мен сөз тіркестерін) ажырататын және есту қабілетінің төмендеуі салдарынан сөйлеу тілінің әртүрлі дәрежеде дамымауы бар;

      6) мектепке дейінгі жаста есту қабілетінен айырылған, бірақ әжептәуір бұзылыстары бар сөйлеу тілі сақталған;

      7) сөйлеу тілі саласында есту қабілетінен 80-нен 90 децибелге дейін айырылған (диагностикалық (сынамалы) оқытуға жол беріледі);

      8) есту (аудиториялық) нейропатиясы бар және есту қабілетінен 40-тан 80 децибелге дейін айырылған кезде сөйлеу арқылы қабылдау қабілеті бұзылған;

      9) кохлеарлық имплантпен, қабылдау (түсіну) және белсенді сөйлеу тілінің даму деңгейі төмен.

      69. Есту қабілеті зақымдалған балаларды оқытудың арнайы шарттары:

      1) дыбыс күшейткіш аппаратураны пайдалану;

      2) естімейтін білім алушыларды оқытуда қосымша оқу құралы ретінде дактильді және ымдау тілін пайдалану;

      3) есту кабинетінде сөйлеу тілін есту қабілетін дамыту және ауызекі сөйлеу тілінің айту жағын қалыптастыру бойынша сабақтар, түзету ырғағы, ымдау тілі бойынша сабақтар өткізу.

3-параграф. Сөйлеу тілінің ауыр түрдегі бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектептер қызметінің тәртібі

      70. Сөйлеу тілінің ауыр түрдегі бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектепке/сыныпқа төмендегі балалар қабылданады:


      1) 1-2 деңгейдегі сөйлеу тілінің жалпы дамымауы, оның ішінде алалия, афазия, дизартрия (анартрия) бар;

      2) ринолалия, ринофония, ауыр дәрежедегі тұтығу, жазбаша сөйлеу тілінің ауыр түрдегі бұзылыстары (аграфия, дисграфия, алексия, дислексия) бар;

      3) балалар аутизмі және аутистік спектрдегі бұзылыстармен қабаттасқан 1-2 деңгейдегі сөйлеу тілінің жалпы дамымауы (бір сыныпта аутистік спектрдегі бұзылыстары бар екі баладан артық емес);

      4) кохлеарлық импланты бар.

      71. Сөйлеу тілінде бұзылыстары бар балаларды оқытудың арнайы шарттары:

      1) сөйлеу тілі режимін сақтай отырып, барлық сабақтарда және сабақтан тыс уақытта логопедтік көмек көрсету;

      2) қарым-қатынасы мен мінез-құлқы бұзылған балаларға психологиялық көмек көрсету;

      3) білім алушылардың сөйлеу тілінің даму деңгейін ескере отырып, екінші және үшінші тілді үйрену.

4-параграф. Тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектептер қызметінің тәртібі

      72. Тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектепке/сыныпқа төмендегі балалар қабылданады:

      1) өз бетінше қозғалып, жеке қолдауды талап етпейтіндер;

      2) арнайы жүріп-тұру құралдары және (немесе) техникалық орын толтыру (қосалқы) құралдарының көмегімен қозғалатындар;

      3) өз бетімен жүре алмайтындар.

      73. Тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балаларды оқытудың арнайы шарттары ретінде төмендегі жағдайлар болып табылады:

      1) кедергісіз орта құрып, әмбебап дизайн жасау: пандустар, кең жақтауы бар есіктер, мүгедектер арбасын көтергіштер, баспалдақтар бойымен құрылатын көтергіштер, автоматты түрде ашылатын есіктер және т.б.;

      2) арнайы ұйымдастырылған қозғалыс режимін сақтау;

      3) зердесі, сөйлеу тілі, мінез-құлығы және қарым-қатынас барысында бұзылыстары болған кезде арнайы педагогикалық, логопедтік және психологиялық көмек көрсету;

      4) топтар бойынша емдік дене шынықтыру сабақтарын өткізу: өздігінен жүретіндер, жеке қолдауды талап етпейтіндер; қозғалыс белсенділігі орташа түрде шектелген; қимыл-қозғалысында бұзылыстары айқын (ауыр) (ата-аналары не заңды өкілдерімен бірлесіп айналысады);

      5) арнайы жабдықталған кабинеттерде физиотерапиялық ем-шаралар, уқалау, ортопедиялық жұмысты қамтамасыз ету; материалдық-техникалық базасы болған жағдайда: емдік жүзу, атпен жүру және т.б.

5-параграф. Зердесі зақымдалған балаларға арналған арнайы мектептер қызметінің тәртібі


      74. Зердесі зақымдалған балаларға арналған арнайы мектепке/сыныптарға төмендегі балалар қабылданады:

      1) жеңіл түрде зердесі зақымдалған (жеңіл ақыл-ой кемістігі бар);

      2) орташа түрде зердесі зақымдалған (орташа ақыл-ой кемістігі бар).

      75. Ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған арнайы оқыту шарттары:

      1) зердесі зақымдалған білім алушыларды оқыту жалпы білім беретін мектептердің Үлгілік оқу бағдарламаларының мазмұнына бағдарланбаған арнайы оқу бағдарламалары және арнайы оқулықтар бойынша;

      2) зердесі зақымдалған білім алушыларды сынып педагогінің және психологиялық-педагогикалық қолдау мамандарының балалардың мүмкіндіктерін психологиялық-педагогикалық зерделеу негізінде жасалған және жарты жылдан аспайтын мерзімге арналған жеке оқу бағдарламаларына сәйкес оқыту;

      3) өлшемді сипаттамалық бағалау және бес баллдық шкаланы пайдалана отырып, оқу жетістіктерін бағалау. Орташа түрде зердесі зақымдалған білім алушылардың жетістіктерін бағалау кезінде балдық бағалау пайдаланылмайды;

      4) сөйлеу тілі мен мінез-құлығының айқын түрдегі бұзылыстары болған жағдайда логопедиялық және психологиялық көмек көрсету;

      5) емдік дене шынықтыру, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бойынша сабақтар.

      76. Орташа түрде зердесі зақымдалған оқыту жеке сыныптарда немесе педагогикалық кеңестің шешімі бойынша жеңіл түрдегі зердесі зақымдалған білім алушылармен бірлесіп ұйымдастырылады.

      77. Жалпы еңбекке дайындық, кәсіби-еңбекке оқыту, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бойынша сабақтар үшін сыныптың білім алушылары екі топқа бөлінеді.

      78. Топтарды еңбек түрлері бойынша жинақтау білім алушылардың дене және психикалық жағдайы мен мүмкіндіктерін ескере отырып, дәрігердің ұсынымдары негізінде жүзеге асырады.

      78. Арнайы мектепте 10-шы өндірістік сынып терең кәсіптік оқытуды жүзеге асырады.

      80. Арнайы мектепте еңбекке оқыту жұмысшы кадрларға қажеттілікке бағдарланған өңірлік, жергілікті жағдайларды негізге ала отырып, тәрбиеленушілердің дене және психикалық дамуы, денсаулығы, мүмкіндіктері, сондай-ақ олардың заңды өкілдерінің мүдделерін ескере отырып, білім алушыны жеке еңбек қызметі үшін даярлауды қамтитын еңбек саласын таңдау негізінде жүзеге асырылады.

      81. Ақыл-ой бұзылыстары жеңіл түрде балаларды мектепте оқыту еңбекке баулу бойынша емтиханмен аяқталады. Білім алушылар белгіленген тәртіппен соңғы емтихандардан босатылуы мүмкін. Ақыл-ой бұзылыстары орташа түрдегі білім алушылар еңбекке даярлау пәндері бойынша бітіру емтиханын тапсырмайды.