Файл: азастан тарихы жне оамды пндер кафедрасы (gzaaн 6305) ылыми зерттеу дістері жне академиялы хат пніні.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 03.02.2024
Просмотров: 225
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
2. Себеп-салдар эссесі. Жазба жұмысының тапсырмасы мен тақырыбына байланысты қандай да бір жайттан туындаған салдар немесе нәтижені түсіндіріп беруге тура келеді. Мұндай жазба жұмысы себеп-салдар эссесі деп аталады. Ол мынадай тапсырмаларды қамтуы мүмкін:
• Жасөспірімдер арасында көзілдірік киюдің көбею себебін түсіндіріңіз.
• Кеден одағы мен оның Қазақстан экономикасына әсерін талдаңыз.
• Жастар арасындағы жұмыссыздықтың себебі мен салдарын түсіндіріңіз.
• Алматы ауасының ластануының тұрғындар денсаулығына әсерін талдаңыз.
Себеп-салдар эссесінің құрылымын бөлім немесе тізбек түрінде жазуға болады. Бөлім түрінде жазу үшін әрбір себепті жеке-жеке параграфқа жазып, содан кейін барлық салдарын екінші бөлім ретінде бірге жазуға болады. Себеп-салдар эссесінде бірінші себебі туралы мәселе беріледі, өйткені себептен кейін салдар туындайтыны белгілі. Кейде берілген тақырып немесе тапсырмаға байланысты эссе тек себептерді яки салдарды ғана қарастыруы мүмкін.
Себеп-салдар эссесінің құрылымы бөлім немесе тізбек түрінде жазылады:
Бөлім түрінде:
Эссенің құрылымын бөлім түрінде жазғанда, оларды байланыстыру мен айырмашылығын көрсету үшін транзиттік параграф немесе сөйлем қолданылады. Оның мақсаты - бір бөлімді қорытындылап, келесі бөліммен таныстыру. Эссе көлемі шағын немесе сөз саны тиісті талаптан асып кеткен жағдайда, транзиттік бөлімді жазу міндетті емес. Бірақ көлемді, күрделі тақырыптың түсінікті болуы үшін атқаратын қызметі зор. Мысалы, Алматы қаласындағы экологиялық мәселелердің бірнеше себебін жеке-жеке параграфқа жазып, содан кейін транзиттік параграф жазып болған соң, оның бірнеше салдарын жазуға болады. Егер эссе тек себебін немесе салдарын ғана жазуға құрылса, онда тақырыптық тұрғыда бөлімдердің бөлінгенін білдіру үшін транзиттік параграф жазылуы мүмкін.Мәселен, қоғамдық көліктердің экономикалық салдары және одан
кейін экологиялық салдары жазылады, оларды өзара байланыстыру үшін арасына транзиттік параграф беріледі.
Себеп-салдар эссесін жазарда, оның құрылымы мен мақсатын айқындап алған дұрыс. Себебі мұндай эсседе бір себептен бірнеше салдар туындауы мүмкін, осы жағдайда негізгі себепті бірінші көрсетіп, салдарын соңынан беруге немесе салдарды сипаттап, содан кейін оны тудырушы негізгі бір себебін ғана түсіндіріп беруге болады.Себепті сипаттау барысында қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері:
…тудырушы бірінші себеп.
3. Үдеріс эссесі. Үдеріс эссесі көбінесе ғылым салаларындағы белгілі бір жайттың орын алуын түсіндіруге бағытталады. Автор эссені жазу барысында бір нәрсені қалай жасау керегін немесе оның қалай жүзеге асатынын сипаттауды мақсат етеді. Әдетте, үдеріс эссесінің талабы оқиғаны баяндағанда және өмірбаян жазылғанда қолданылады.Сонымен қатар үдерісті жазу химия, физика немесе биология пәндерінде белгілі бір тәжірибені жүзеге асырудың жолдарын баяндауда да кеңінен қолданылады.Үдеріс эссесін жазудың басты талабы - хронологиялык реттілікті сақтау. Мұндай эссе берілетін идеяның уақыт бойынша орын алуын сипаттап беруге, оқырманға түсінікті түрде жеткізуге мүмкіндік береді. Мәселен, үдерісті уақыт кезеңдері бойынша баяндау қазақ ауыз
әдебиетінде де кеңінен қолданылады. Тіпті «Күлтегін» дастанындағы Күлтегіннің он алты жасынан бастап қырық жеті жасына дейінгі ерліктері мен жетістіктері хронологиялық реттілікпен суреттеледі.
Үдеріс эссесін жазарда мынадай жайттарды білген дұрыс:
• Тақырып жөнінде зерттеу жасау. Зерттеу арқылы тақырып жөнінде барлық ақпараттардың қолыңызда екеніне сенімді болуыңыз керек.
Сондай-ақ пікірді дәлелдеу үшін кейбір мәліметтер қажет болатынын ескеруге тура келеді.
• Жоспар құра білу. Үдеріс эссесінің құрылымына сай ақпараттарды беру жолдарын жазып, мәлімет қалып қоймайтындай тексеріп отыру керек.
• Жазуға қажетті уақытты мейлінше дұрыс жоспарлап, соған сәйкес жүру қажет.
• Эссе аяқталған соң қайта оқып шығып, қателерін түзету және оны тапсыруға дайындау керек.
Эссе тақырыбын таңдау студенттің еркіне берілсе, өзі білетін және еш күмән туғызбайтын тақырыпты таңдағаны дұрыс. Сол арқылы оқытушыны жаңа әрі қызық ақпаратпен таныстыра алады.Үдеріс эссесін сәтті жаза алу студенттің академиялық жазылым құзыреттілігін арттырып қана қоймай, өз мамандығы бойынша алдағы уақытта жетістікке жетуіне де септігін тигізеді. Үдеріс эссесін сәтті жазу үшін ескеретін жайттар:
• Үдеріс барысында орын алатын құбылыстардың реттілігін білу. Орын алатын құбылыстарды реттілігіне қарай параграфтарға бөлу. Бұл үшін эссенің жазылу құрылымын жоспарлап алған дұрыс.
• Үдерістің атауы мен уақыт реттілігін білдіретін тезис жазу.
• Уақыт кезеңдері немесе хронологиялық реттілікті білдіру үшін сөздер мен сөз тіркестерін қолдану.
• Техникалық терминдер кездесетін болса, олардың анықтамасына қысқаша тоқталу.
• Қажет болған жағдайда, үдеріс барысында туындайтын қауіптіліктер мен қауіпсіздік шаралары жөнінде тоқталу.
• Эссе соңында үдерістің нәтижесі және оны қандай жолдар арқылы сәтті жүзеге асыруға болатындығы жөнінде баяндау.
• Оқырманға үдеріс кезеңдері түсінікті болу үшін суреттер мен кестелер қосу.
Өзге эсселер түріндегідей үдеріс эссесінде де тезис жазуға аса мән берген дұрыс. Тезисте үдеріс эссесінің белгілі бір үдерісті немесе іс-әрекеттің орын алу жолдарын сипаттауға бағытталғандығы
жөнінде ақпарат беріледі. Үдеріс эссесінің тезистері мынадай үлгіде берілуі мүмкін:
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстандағы жекешелендіру бірнеше кезеңнен тұрады.
Электрондық үкімет арқылы құжат тапсыру үшін бірнеше қарапайым қадамдарды іске асыруға тура келеді.
Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесі соңғы жиырма жылдықта үлкен өзгерістерге ұшырады.
Кейде тезисте үдеріс қанша кезеңнен тұратындығы айқын көрсетілуі мүмкін. Мысалы, «Құртты әзірлеу қарапайым әрекеттерден тұрады.» деген тезис: «Құртты әзірлеу үдерісі негізінен үш кезеңнен тұрады.» деген жолмен берілуі мүмкін. Кейде, тезисте кезеңдердің атауы да берілуі мүмкін: «Құртты әзірлеу сүтті дайындау(1), сүзбе жасау(2) және сүзбені кептіру(3) сияқты кезеңдерден тұрады».
Үдеріс эссесі де кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды бөлімдерден тұрады. Мұндағы мақсат қалай жүзеге асырылады/ асырылды? деген сұраққа жауап беру болғандықтан, эсседегі әрбір бөлім осы сұраққа жауап іздеу үшін жазылады.
Кіріспе. Мұнда автор эссенің мақсатымен таныстырып, негізгі мәселені негізгі бөлімде жазу үшін қалдырады. Сондай-ақ бұл бөлімде үдеріс жөніндегі ақпаратты оқырманның неліктен білгені дұрыс екендігі және оның өмірлік маңыздылығы жөнінде қысқаша тоқталып кетеді.
Негізгі бөлім. Бұл бөлімдегі параграфтар саны үдерістің кезендеріне тікелей байланысты. Параграфтарда кезеңдердің сипатталуы тым ұзак және түсініксіз болмауын есте сақтаған жөн. Бөлімдегі параграфтар эссенің жоспарына сай ретімен беріліп, тек бір параграфта бір кезеңнен артық баяндамауға тырысу керек. Сондай-ақ кезеңдер барысында оқырман үшін қажет болатын құралдар мен кездесетін қиыншылықтарды қоса сипаттауды ұмытпаған жөн.
Қорытынды. Әдеттегідей қорытынды бөлім өзге бөлімдерге қарағанда шағын болып келеді. Бұл бөлімнің негізгі мақсаты - эсседе баяндалған үдеріс кезеңдерімен оқырманды қысқаша таныстырып, тезисте көрсетілген үдеріс жөніндегі ақпараттың маңыздылығын таныту.Үдеріс эссесінің тілі жазу барысында аса күрделілікті талап етпейді. Эссені жазу барысында алдын ала құрылған жоспар негізінде кезеңдерді дұрыс сипаттай білу сәтті жазба жұмысының негізгі құпиясының бірі болып саналады.
15-апта. Лекция № 29. Тақырыбы: Эссе түрлері және ғылыми этика.
1.Келісу немесе келіспеу эссесі.
2. Синтез эссесі.
3.Уәждемелік эссесі.
Келісу немесе келіспеу эссесін жазудың мақсаты- сыни ойлауды қалыптастыру және өз пікірін дәлелді тұрғыда жеткізе білу. Сондықтан өз ойын нақты мысалдар келтіру арқылы жеткізуге тура келеді. Бұл эссе аргументтік эссе мен тиімді және тиімсіз жақтарын талқылау эссесіне ұқсас. Аргументтік эсседе пікірталас туындататындай тезисті негізге ала отырып, автор өз пікірін дәлелдеуге тырысса, тиімді және тиімсіз жақтарын талдау эссесінде неліктен мұндай ойда екенін дәлелдеуі тиіс. Келісу немесе келіспеу эссесінде автор өз ойын жеке тәжірибесі мен зерттеу жұмыстарының нәтижелері арқылы дәлелденген фактілер мен тұжырымдар негізінде нақтылап отыруы керек.
Келісу немесе келіспеу эссесін жазу үшін алдымен берілген тапсырманы мұқият түсініп алу қажет, содан кейін автор қандай жағдаймен келісетінін және келіспейтінін анықтап алуы тиіс. Келісетін жағдайды не үшін таңдағаны мен келіспеу себептері туралы ойланып, оларды қандай дәлелдермен растай алатынын қарастыруға тура келеді. Эссені бастамас бұрын автордың өз ойын жинақтап, оның жоспарын құрып алғаны дұрыс.
Кей жағдайда келісу немесе келіспеу эссесінде сұрақ «Бұл пікірмен келісесіз бе, келіспейсіз бе? » деп қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда «қаншалықты» деген сөзге мән беру керек. Мұндай сұрақ қойылған эсседе автор мәселемен қаншалықты келісетінін немесе келіспейтінін көрсетуіне тура келеді. Әдетте , мәселемен автор:
-
Толықтай келіседі немесе келіспейді. Бұл жағдайда автор бір бағытқа көбірек тоқталады. Мәселен, келісетін жағдайда осыған қатысты аргументтерді келіспейтін жағдайға қарағанда көбірек жазады. -
Жартылай келіседі немесе келіспейді. Бұл жағдайда екі жақты пікір тең беріледі. Яғни автор мәселемен келіспей, оған екі пікір көрсететін болса, келісетіндігі жөнінде де екі пікір жазады.
Ең бастысы, эсседегі әрбір параграфтың жазылу мақсатымен қатар, ондағы әрбір сөйлемнің жазылу мақсаты айқын болып, автордың ойын нақты білдіруге қызмет етуі тиіс.
2. Синтез эссе түрлі талдау жасау арқылы ондағы маңызды деген пікірлерді өзара байланыстырып, тұтас бір жазба жұмысын жазуға бағытталған. Бұл эссе түрі көбінесе жоғары оқу орындарының студенттерінен талап етіледі.
Синтез эссе де өзге эссе түрлеріне ұқсайды. Синтез эссесінде дәлелдер мен аргументтер жазу үшін әртүрлі академиялық дереккөздер, дәрістер, сұхбаттар, зерттеу мақалалары т.б. қолданылады. Мұндағы мақсат- тақырыпқа қатысты түрлі пікірлерді бір мәтінге жинақтап, жүйелі түрде шоғырландыру арқылы негізгі ойды жеткізу. Синтез эссесін жазу барысында мынадай қарапайым сатыларды орындауға тура келеді. Біріншіден, тақырыпқа байланысты кем дегенде екі мәтін алынады. Одан кейін бұл мәтіндерді қатар оқу арқылы талдау жасалады. Бұл кезде мүмкіндігінше түрлі түсті қалам қолданып, түртпе жасап отыру керек. Содан кейін мәтіндегі ұқсас немесе жақын ойлар мен идеяларды анықтау керек және оларды қалай біріктіруге болатындығы жөнінде ойлану қажет. Синтез жасаудың негізгі мақсаты жинақтау болғанымен, ол тақырыпқа байланысты мәтіндерге талдау жасай отырып, белгілі бір тұжырымға, пікірге келу.Яғни синтез эссесін жазушы тақырыпқа қатысты мәтіндерді оқи отырып , өз тезисін ойлап табады. Синтез эссенің тезисі өзге эсселер тезисіндей бірінші параграфта толық сөйлем ретінде беріледі. Тезис тек қана тақырыпқа байланысты болып, автордың нені дәлелдегісі келіп тұрғанын анық көрсетуі қажет. Синтез эссенің тезисі анықталған соң, өзге эсселер құрамындағыдай кіріспені, негізгі бөлім параграфтары мен қорытынды бөлімді жазуды ойластыруға болады.
Синтез эссенің құрылымы мынадай болып келеді:
Кіріспе:
-
Тақырыпқа қатысты жалпы мәселе. -
Оқырман назарын аудару мақсатындағы сөйлем -
Тезис және оны қолдайтын 3 пікір
Негізгі бөлім
Бірінші параграф
-
Бірінші пікір (тақырыптық сөйлем) -
Қолдаушы дәлелдер (өзге автордың ойын, сөзін қолдану, дереккөздерге сілтеме жасау) -
Дәлелдерге талдау жасау
Екінші параграф
-
Екінші пікір (тақырыптық сөйлем) -
Қолдаушы дәлелдер (өзге автордың ойын, сөзін қолдану, дереккөздерге сілтеме жасау) -
Дәлелдерге талдау жасау
Үшінші параграф
-
Үшінші пікір (тақырыптық сөйлем) -
Қолдаушы дәлелдер (өзге автордың ойын, сөзін қолдану, дереккөздерге сілтеме жасау) -
Дәлелдерге талдау жасау
Қорытынды:
-
Эсседе қамтылған негізгі аргументтерді, пікірлерді жинақтап беру.
Синтез эссенің түсініктемелік және аргументтік деген екі түрі бар.
Түсініктемелік синтез эссесі тақырыпты сипаттауға, түсіндіруге бағытталады, сондықтан мұнда аргументтік жайттарға көп тоқталмайды. Тақырыпты ашу, пікірді қолдау үшін қолданылған дереккөздер өзге академиялық мәтіндердегідей обьективті тұрғыда беріледі.