Файл: Мектепте 9 сынып геометриясын зерттеп оыту технологиясы дістемелік рал.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 07.11.2023

Просмотров: 126

Скачиваний: 4

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Қ.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ

МЕКТЕПТЕ 9 СЫНЫП ГЕОМЕТРИЯСЫН ЗЕРТТЕП ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ

Әдістемелік құрал

Ақтөбе – 2020



Қағазбаева Ә. К. п.ғ.д., профессор, Нұрлыбек А. Н.

Мектепте 9 сынып геометриясын зерттеп оқыту технологиясы, Ақтөбе. -2020. -40 б.
Әдістемелік құралдың бірінші бөлімінде зерттеп оқыту технологиясының дидактикалық негіздері бойынша ұсыныстар қарастырылса, екінші бөлімінде -мектепте 9 сыныпта «Геометрия» пәнінің нақты тақырыптарын оқытуда зерттеп оқыту технологиясын қолдану әдістемесі ұсынылған.

Әдістемелік құрал «Математиканы оқыту әдістемесі» пәні оқытушыларына, математика мұғалімдеріне арналған. Ғылыми- әдістемелік ұсыныстардың әсіресе жас мұғалімдерге тигізер көмегі зор.







МАЗМҰНЫ








Алғы сөз

4

1

Зерттеп оқыту технологиясының дидактикалық

негіздері ........................................................................................


5

1.1

Оқыту процесі және зерттеп оқыту технологиясы....................

5

1.2

Зерттеп оқыту технологиясын математиканы оқыту үдерісінде қолдануға қойылатын педагогикалық-психологиялық талаптар...............................................................



7

2

Мектепте 9 сыныпта Геометрия пәнін зерттеп оқыту технологиясын қолдану әдістемесі……………………..........


11

2.1

Негізгі мектепте геометрия курсын оқытуда оқушыларды зерттеу іс-әрекетіне баулу ...........................................................


11

2.2

9 сынып геометриясын зерттеп оқыту технологиясын жүзеге асыру ……....….............................................................................


14




Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ..........................................

39





АЛҒЫ СӨЗ

Күннен-күнге дамып, өзгеруді қажет ететін қазіргі әлемде жаңа табыстарға жетіп, өз мүмкіндіктеріңді жүзеге асыру үшін қалыптасқан бірізділікке сүйену мүмкін емес. Жаңа заман адамы үнемі ізденіс пен зерттеу белсенділігінің нәтижесінде өзінің алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін функционалды сауатты болуға ұмтылады. Сондықтан да қазіргі білім беруде жаңа заман талаптарына сәйкес оқушылардың функционалды сауаттылығын қалыптастыруда білім беру технологияларының ішінде зерттеп оқыту әдістеріне қызығушылық деңгейі жоғары болып отыр.

Жаңа білім беру технологияларының көпшілігі білім алушыларды өзіндік зерттеу тәжірибесі мен жобалауға «енгізудің» әртүрлі жолдарын қарастырады. Бірақ іс жүзінде, "оқушыларға зерттеу ізденістерін қалай жүргізуді үйретпесе, оларда зерттеулік қабілеттерді арнайы дамытпаса ізденіс жасау іскерлігі қалыптасатындай жағдай қайдан пайда болады?"- деген заңды сұрақ туындайды. Сонымен қатар, "білім алушыларды жаңа мәліметтер іздеуге қалай үйретуге болады?, оларды мәселелерді көре алуға, болжау жасай алуға, сұрақтар қоя алуға, бақылауға, эксперименттеуге, ұғымдарға анықтама бере алуға қалай итермелеуге болады?"- деген сұрақтарға жауап іздеу ең көкейтесті мәселе болып отыр.

Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында оқушылардың зерттеулік ізденістеріне қатысты білік пен дағдыларды қалыптастыруға бағытталған зерттеп оқыту мәселесіне байланысты арнайы дайындалған ғылыми еңбектерге тоқтала кетейік.

Жексенбаева Ү.Б., Игенбаева Б.Қ., Ниязова Г.Б. «Оқушыларды зерттеушілік оқытудың технологиясы» атты әдістемелік құралы Ү.Б.Жексенбаеваның төменгі сынып оқушыларының зерттеушілік дағдысы мен мәдениетін дамытуға арналған «Мен зерттеуге үйренемін» атты оқу құралын негізге ала отырып жасалған. Онда бастауыш сынып оқушыларын зерттеуге қалай үйрету керектігі; зерттеу әрекеті проблеманы анықтаудан басталып, алынған нәтижелерді презентациялауға дейінгі циклден тұратындығы атап көрсетілген [1]. Ш.Т.Таубаеваның монографиялық еңбегінде зерттеп оқытуға үйрету озық педагогикалык тәжірибені зерттеу, жалпылау, қолдану мұғалімдердің зерттеушілік мәдениетінің құрамды бөлігі ретінде қарастырылады [2]. Абдикаева А.Ш., Рысбаева Г.И. мақаласында бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекетін қалыптастыру барысында зерттей оқуға үйрету тәсілдері айтылған [3].

Математиканы оқытуда зерттеуге үйретуде оныңәр саласының орны ерекше: алгебра, арифметика, математикалық сауаттылық, соның ішінде геометрия оның 40%-ын құрайды. Практика көрсеткендей, зерттеп оқыту технологиясына арналған ғылыми еңбектерде, зерттеп оқыту технологиясын жүзеге асыруда оқушыларды проблеманы көруден бастап болжам жасап ұсынуға дейінгі итермелейтін арнайы кезеңдер толық көрсетілмеген [4], зерттеп оқытудан геометрия пәніне арналған ғылыми еңбектердің аздығы, зерттеу жұмысына арналған практикалық жұмыстар бойынша эксперименттің жетіспеуі және оқушылардың жас ерекшелігі тек бастауыш сыныптар арасында шектелген.



Осыған орай, оқушыларға зерттеу ұғымын кеңінен түсіндіру және олардың зерттеу қабілеттерін дамыта отырып, функционалды сауаттылығын көтеру, геометриядан оқушылардың құзіреттіліктерін арттыру қажеттігі мен оның практикадағы жағдайы арасындағы қайшылықты шешуде ұсынылып отырған ғылыми-әдістемелік ұсынымдардың мұғалімге тигізер көмегі зор болмақ.Жұмыстың бірінші бөлімінде зерттеп оқыту технологиясының дидактикалық негіздері бойынша ұсыныстар қарастырылса, екінші бөлімінде -мектепте 9 сыныпта «Геометрия» пәнін оқыту барысында зерттеп оқыту технологиясын қолдану әдістемесі ұсынылған.
1. Зерттеп оқыту технологиясының дидактикалық негіздері

1.1 Оқыту процесі және зерттеп оқыту технологиясы

Әлемдік білім беру кеңістігіне ұмтылуда педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үдерісіндегі өзгерістерге байланысты білім берудің мазмұны жаңартылды. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында оқушыларға жаңаша білім берудің үдерісін қалыптастыруда мұғалімнің алдындағы міндеті: оқушының өз бетімен білім алуға құлшынысын арттыру, оларды білім, білік, дағдымен қамтамасыз ету, жеке шығармашылық қабілеттерінің дамуына жағдай жасау болып саналады. Бұл міндет оқушының бойында зерттеу қабілеті мен дағдыларын қалыптастыруға, танымдық қызығушылығын арттыруға жағдай жасайды.

Оқыту процесі мен оқыту технологиясы бір-бірімен тығыз байланыста. Себебі, оқыту процесінің мәселелер жүйесі оқытудың және тәрбиелеудің мақсаты мен мазмұнын қамтитын болса, оқыту технологиясы оқыту мен тәрбиелеуді жүзеге асырудың мазмұнды әдістері, құралдары, стратегияларын қарастырады.

Оқыту процесінде оқушының бойында танымдық әрекетті қалыптастыруда қабылдаушылық және өзгертушілік қабілеті орын алады. Соның ішінде танымдық өзгертушілік қабілеті оқушының өз бетімен шығармашылық жаңа іс-әрекет тәсілдерін игеруге дайындығын мақсат ететін, оларда жаңа өзгерістер мен білімдерді, зерттеу қызметі нәтижелерін алуға деген маңызды қажеттілікті үйрететін зерттеп оқыту әдісі арқылы жүзеге асырылады.

Зерттеп оқыту әдісі – оқушыларды айналадағы құбылыстарды бақылап, ондағы заңдылықтарды тануға, өздігінен қорытынды жасай білуге үйретуде зерттеу элементін қолдану арқылы оқытудың бір тәсілі. Ол оқушының белсенділігін, қызығушылығын қалыптастырып, оның ойын дамытуға, өздігінен ізденуге бағытталады [5].


Зерттеп оқыту – шектелмейтін танымдық үдеріс яғни, онда зерттеу объектісі бар және оның танымын шектейтін нақты шекаралар жоқ. Зерттеп оқыту қызметін іске асыруда зерттеу қабілеті мен зерттеу әрекетінің орны ерекше.

Оқушы зерттеу қабілеті арқылы: ізденіс белсенділігі, дивергентті және конвергентті ойлау деңгейін көтерсе, зерттеу әрекетінің негізінде зерттеу нысаны бойынша болжам жасап, жұмыстың бағдарын анықтай білу іскерлігін қалыптастырудажаңа ақпаратқа, жаңа әсерлер мен білімдерге, ізденістің жаңа нәтижелеріне деген маңызды қажеттілікке қол жеткізеді. Бұл қажеттілік оқыту үдерісінде зерттеп оқыту технологиясының дамуында оқушының жай орындаушы ғана емес, өзінің психикалық функциясының жағдайында өзекті даму аймағынан жақын даму аймағына өте алатын анық, шығармашыл, ізденушілік қабілеті жоғары тұлға екендігін көрсетеді.

Зерттеу қабілеті тұлғаның жеке психологиялық ерекшелігі ретінде, зерттеу қызметін нәтижелі жүзеге асырудың субъективті шарты болып табылады. Зерттеу қызметінің әдістері мен тәсілдерін игерудің тереңдігімен өлшенетін зерттеу қабілеті: ізденіс белсенділігі, дивергентті ойлау, конвергентті ойлаудан тұрады. Дивергентті ойлау зерттеу әрекетінің, яғни мәселелерді анықтаумен қатар оларды шешудің әртүрлі жолдарын іздестіру кезеңдерінде де өте қажет болатын маңызды болатын сапалы ойлау.

Іздеу белсенділігі дегеніміз биологиялық тұрғыдан алдын-ала анықталған ізденіске деген талпыныстың ортадағы фактордың өзара әсер етуімен дамитын белсенді әрекет. Танымдық процесті дамытуда маңызды қызметті атқаратын зерттеу әрекетін А.Н. Поддьяков сырттай қоршаған ортадан жаңа мәліметтер іздестіру мен оларды табуға бағытталған әрекет деп анықтаған болса, И.П. Павловтың көзқарасы бойынша «бұл не?» деген сұраққа туындайтын рефлекс болып табылады. Тиімділігі жағынан зерттеу позициясының қаншалықты дамығандығымен өлшенетін зерттеу әрекетінің қажетті құраушылары: уәждеудің жоғары деңгейі, қызығушылық, эмоционалды берілу.

Мәселені анықтау кезеңінде, шешудің ықтимал нұсқаларын іздеу кезеңінде де орын алатын дивергентті ойлау сипаттамалары өнімділігі, бірегейлігі, ойлау икемділігі, идеяларды әзірлеу қабілеті жағынан зерттеу қызметін жоғары деңгейде жүзеге асырудың бірден-бір көрінісі.

Конвергентті ойлау талдау және синтездеу қабілеті арқылы логикалық алгоритмдер негізінде мәселені шешу қабілетімен тығыз байланысты. Зерттеу объектісін табысты әзірлеу мен жетілдірудің, табылған ақпарат пен рефлексияны бағалаудың маңызы болған конвергентті ойлау жағдайды талдау және бағалау, пайымдаулар мен ой-қорытулар әзірлеу кезеңдерінде көрініс табады.


Оқыту процесінде зерттеу әрекетін табысты жүзеге асыруда білім беруші мен білім алушының арасында үздіксіз байланыс болуы шарт. Оқушының танымында қызығушылықты тудыру арқылы зерттеу әрекетіне деген құзіреттілікті қалыптастырып, олардың жіберген кемшіл тұстарын көрсетпей керісінше, зерттеу кезінде өз қателігін өзі табуға бағыттау және оқушылардың өзін-өзі бағалауы мен өзін-өзі жетілдіруге жағдай жасау арқылы кеңес беріп, уәждеп, бағалап, көмекші-бағыттаушы қызметін атқаратын білім берушінің бойында нәтижеге қол жеткізу мақсатында арнайы педагогикалық ерекше қабілет пен іскерліктің болуы зерттеу жұмысын жемісті етудің қажетті шарты болса, білім алушының зерттеу барысында проблеманы таңдау арқылы өзіне жауапкершілікті бекітіп, сәтсіздіктің болуына байланысты әрекеттің күтпеген салдарына объективті және субъективті талдау жасауы және өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, өз жұмысын сыни тұрғыдан қарап, білімін бағалауы жеткілікті шарты болып саналады.

Дегенмен, егер оқыту процесінде білім алушыны зерттеулік ізденісті қалай жүргізуге болатынын арнайы үйретпесек, зерттеу қабілетін дамытпасақ ол өздігінен қалыптасады деп айту қиын.

Сонымен, білім алушыларды зерттеуге үйрету оларда келесідей жалпы зерттеу іскерліктері мен дағдыларын дамытуды көздейді:

  • мәселені және зерттеу бағыттарын анықтау;

  • зерттеу тақырыбын таңдап, міндетін анықтау;

  • болжам жасау ;

  • зерттеу әдістерін анықтау;

  • зерттеу жүргізу (мәліметтер жинақтау мен оларды өңдеу, бақылау жасау, эксперимент жүргізу);

  • алынған материалдарға талдау жасау және жалпылау (алынған материалдарды құрылымдау, белгілі логикалық ережелер мен тәсілдерді қолдану);

  • қорытындылау(негізгі ұғымдарды анықтау, зерттеу нәтижелері бойынша мәлімет дайындап есеп беру);

  • көпшілік алдында жариялау (зерттеу нәтижелерін қорғау, сұрақтарға жауап беру);

  • жұмыс нәтижелерін қорытындылау, рефлекция.

Зерттеп оқыту технологиясының тиімділігі: оқушының өз бетінше жұмыс істеудің әрқилы түрлеріне негізделген, проблемалық тұрғыда қолға алған материалды зерттеу негіздеріне және оқушының шығармашылық, практикалық жұмыстарына бағытталған оқыту тәсілдерін қолдануға; оның еркін сөйлеуіне өзгелермен пікір таластыруға, салыстыруға, өз ойының ақиқат екендігін дәлелдеп көрсетуіне, талдауға, ойын нақтылап тұжырым жасауына ықпалын тигізу.

1.2 Зерттеп оқыту технологиясын математиканы оқыту үдерісінде қолдануға қойылатын педагогикалық-психологиялық талаптар