Файл: Слтанлі Балабаев Тойдан айтан азатар азастан.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 29.11.2023

Просмотров: 351

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, жақсы сау болыңыздар!.. /кенет есіне бірдеңе түскендей, Жолсерік келіншекке қарап/. Сіз бізбен бірге жүресіз! Асай Мүсеевич, мына кісіні біздің делегацияның құрамына қосып қойыңыз!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ойбай-ау, Мәке, ол болмайды ғой!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, болмайды!.. Болмайды!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Болады!.. Әбден болады! Өйткені, бұл кісі – менің әйелім!..

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ах!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Ох!..

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Бәсе, өзім де солай ойлап ем!.. Күнімен оны несіне жасырып келеді екен?!.

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Мен де соны айтам-ау. Жұрттың басын қатырып!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әйел дегенде бұл былай ғой!.. Мысалы, делегация болған соң ол делегацияның басшысы болады!.. Басшысы болған соң оның қасында міндетті түрде әйелі болады – солай емес пе?!.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Әрине, оны телевизордан күнде көрсетіп жүр ғой!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ал солай болса мен ертең Ташкенттен түскенде сопаң етіп жалғыз басым түссем қалай болады? Жұрт не дейді?!. Қазақстанда әйелдерді кемсіту әлі күнге тоқтамаған екен деген әңгіме тарамай ма?

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Өзіне/. Анаң қарашы, мас болса да логикасы сұмдық!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /не істерін білмей/. Иә, дұрыс қой!.. Дегенмен... /кенет есіне бердеңе түскендей/. Мэлис Әлібаевич, айтпақшы ұмытып барады екем ғой – ол жақтың делегациясында әйел жоқ.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қалайша – жоқ!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Кәдімгідей – жоқ!.. Делегация – бар!.. Делегацияның басшысы – бар!. Ал әйел жоқ.

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /түсініп, қоштай кетіп/. Иә-иә, жоқ!.. Протоколда солай!.. Ал дипломатияның заңы бойынша ана жағы әйел апармаса мына жағы да әйел апармау керек!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, бұл дипломатия деген... Ертең бірдеңе болса...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, бұл дипломатия деген!.. /Жолсерік келіншектің қолын қысып/. Өкінішті!.. Өте өкінішті!.. Сау болыңыз!.. Сау болыңыздар!..

Билетсіз жолаушы мен Жолсерік келіншектен басқалары кетеді. Жолсерік келіншек шелегі мен сыпырғышын алып, вагонды тазалай бастайды.

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Міне, азаматтар!.. Қандай керемет! Халықты айтқанда... ел деп еңірегенде жылағың келеді.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Бір сөзіне де сенуге болмайды!.. Шетінен суайт! Жұртты ақымақ қып, айдалаға қаңғытып, ал өздері қара басының ғана қамын ойлайды!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. /кекесінмен/. Бәрі емес қой енді!.. Бірен-сарандап кездесетіні рас!.. Тіпті пара сұрайтындары да бар!..


ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Үйбай, пара ғана сұраса оған айналайын дейсің ғой!.. Оны бересің ғой!.. Ал олар болса... олар болса – түк ұяттары жоқ.

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Иә-иә, сәл ыңғайсыздау екені рас!.. Азаматтардың бірақ қателіктері бар!.. Әсіресе, арақ дегенде... әйел дегенде! Бірақ әлі жас қой! Ақылдары аздау! Егемендікті енді ғана алып жатыр деген сияқты... Түзеледі ғой!..

Кекесінді сөйлеген қалпы купеге кіріп кетеді. Мэлис Әлібаевич кіреді. Безіп қашып келе жатқан түрі бар. Жан-жағына алақ-жұлақ қарап қояды!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қарындас!.. Жолдас прәбәдник! Мен бәрін тастадым! Қызметті де! Үкіметті де!.. Тіпті бала-шағамды да! Бәрін!.. /Кенет Жолсерік келіншекті құшақтап/. Сіз... сіз қандай сұлусыз!.. Қандай әдемі!... Бүкіл денеңіз... Мүсініңіз!.. Күлгеніңіз!..

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /Босануға тырысып/. Сіз... сіз мені жіберіңізші! Өтінем, жіберіңізші дейім!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Мен... мен сізді алып кетейін деп келдім!..

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Қайда, Ташкентке ме?!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, басқа жаққа! Мен сізді Америкаға алып кетемін!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ха-ха!.. Қайдағы Америка? Америкада не бар маған!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /сыбырлап/. Өзің ойлап көрші!... Мұнда жүре берсең не бітіресің?! Түк преспектива жоқ!.. Ал Америкада бәрі бар!.. Біз шалқып өмір сүретін боламыз онда!.. Менің онда ақшам бар!.. Сенбейсіз бе?!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Жо-жоқ, қойыңыз!.. Америкаңыз да құрысын!.. Өзіңіз де құрыңыз!.. Жіберіңіз дейім!

Пойыздың бастығы мен Асай Мүсеевич келеді.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ау, Мәке? Мәлис Әлібаевич, сізге не болған? Адамды әбден әуре қылдыңыз ғой!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә, ұят, масқара болды бұл!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А, келдіңіздер ме?! Өте жақсы келдіңіздер! Қане, кеттік Америкаға! Жинаңдар барлық жұртты! /Айқайлап/. Қане, шығыңдар бәрің!..

Саудагер әйел мен Билетсіз жолаушы шығады.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Ойбай, мынау тағы келген бе? Не жынды емес, не сау емес – бір пәле болды ғой!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әй, шуламаңдар!.. Қане, кімнің Америкаға барғысы келеді!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Шырағым, Америкаға барғанда не бітіреміз!..Сенің Америкаңнан құм борап тұрған өзімнің Сұлутөбем жақсы!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, қазаққа бір жақсылық жасайын десең ылғи осы! Кері тартады! Бірақ, мен... мен бәрібір! /Пойыздың бастығына/. Әй, бала, тарт пойызыңды Америкаға қарай!

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Асай Мүсеевич, мына кісілерге қой дейсіз ба, жоқ па? Қашанғы шыдауға болады?!



САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Туһ, өздерің құр шуылдағанмен қолдарыңнан түк келмейтін адамдар екенсіңдер!.. Қане, маған жіберіңдерші!.. Біздің үйдегі сұмырай бұдан жаман болатын... Мен оны сонда бірден... оп-оңай! /Жолсерік келіншекке/. Шырағым, ана шелегіңді берші!.. Суымен бер!..

Жолсерік келіншек еден жуып жүрген шелегін береді.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әй-әй, маған тиіспеңдер!.. Тиіспеңдер!.. Басыма бостандық беріңдер!..

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қазір... қазір береміз бостандықты! /қасындағыларға/. Қане, ұстаңдар!.. Екі аяғынан ұстап көтеріңдер!

Асай Мүсеевич пен Пойыздың бастығы Мэлис Әлібаевичті екі аяғынан ұстап жоғары көтереді. Басын саудагер әйел ұстайды.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Бір-екі! Бір-екі!.. /Саудагер әйел Мәлис Әлібаевичтің басын тығып жібереді. Мәлис Әлібаевичтың су жұтып, тұншыққаны байқалады. Аяқ-қолы тырбаңдап кетеді./. Қане, тағы бір рет!

Басын шелекке қайта тығады. Мәлис Әлібаевичтің аяқ-қолдары қайта тырбаңдап кетеді. Саудагер әйел басты шелекке бұл жолы ұзағырақ ұстайды. Сосын қайта шығарады.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Бітті шаруасы осымен! Жіберіңдер енді!

Бәрі Мәлис Әлібаевичті аяғынан қайта тұрғызады. Мәлис Әлібаевич басынан суы сорғалап біраз тұрады. Сосын айналасына қарайды.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мәке!.. Мәлис Әлібаевич, қалайсыз?!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жақсы!.. Бәрі дұрыс!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мәлис Әлібаевич, біз қателесіп басқа пойызға мініп кетіппіз...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А, солай ма? /залдағы жұртқа қарап/. Мыналар кім?!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Бұл қазақтар ғой!.. Тойға келген қазақтар!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Осылардың бәрі тойға келген бе?! Странно! /Пойыздың бастығына қарап/. Сіз де тойға келген қазақ па?

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Жо-жоқ, мен пойыздың бастығы боламын!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А, бастығы болсаңыз пойызға неге дұрыстап қарамайсыз?! Мынау – не, бәрі тозған... ескі! Ау, анау Американың пойызын көрмейсіңдер ме?! Неге сол Американың пойызындай болмайсыңдар?!

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Е, боламыз ғой... бірақ ақша бермейді!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, ылғи осы!.. Бірдеңе десең бәрі жылай бастайды!.. Ең болмаса, айна бар ма осы пойызда?!

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Айна дейсіз бе?! Айна бар менде!.. /купесінен шағын айна алып шығады. / Сатуға әкеле жатыр едім.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Рахмет!.. Ұстай тұрыңызшы! /Саудагер әйелдің ұстап тұрған айнасына қарап, үсті-басын ретке келтіре бастайды
/. Демек, бизнеспен айналысасыз ғой?.. Дұрыс, бизнесті үйрену керек біздің қазаққа!

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Иә, үйрендік қой! Бәрін сатамыз қазір!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жақсы, сату керек бәрін! /Билетсіз жолаушыға қарап/. Сізді бір жерден көрген сияқтымын!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Сіз... біздің ауылға ана жолы келіп...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /сөзін бөліп/. Иә-иә, барғанмын!.. Барып тұрамыз ауыл дегенге! Жұмыс істеу керек!.. Той тойлап, арақ ішіп жүре бермей жұмыс істеу керек!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Мәке! Мэлис ағай, сіз маған... әлгі айтқаныңыз... Уәдеңіз...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /оны енді байқап/, А, сіз маған бірдеңе айтайын деп пе едіңіз? Арызыңыз бар ма еді?!.. Оны кеңсеге әкеліңіз!.. Канцеляраға апарып тіркетсеңіз маған жібереді... Көреміз сосын... Ал сау болыңыздар!

Тобымен кетеді. Сахнада Билетсіз жолаушы, Жолсерік келіншек, Саудагер әйел қалады.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ақсақал, сіз де түспейсіз бе?

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Түсем ғой, қарағым! Сұлутөбеге жеткен соң түсемін!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Сіз мені кешіріңіз... мен сізге шынында сенген жоқ едім... Білесіз ғой, қазіргі адамдар әртүрлі!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Оқасы жоқ!.. Ал мен шынында құран оқып келе жатқам!..

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Оныңыз дұрыс қой! Ата-баба дегенннің жолы бөлек!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Мен де солай деп есептеп... арнайы барып... қарасам түк те жоқ!.. Бәрін жоқ қып жіберіпті.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Нені айтасыз...

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Әлгі ата-бабамыздың жатқан жерін... Сондай жақсы жер еді... Төбе!.. Тоғай... Соның бәрін тегістеп ресторан жасап жіберіпті... Түсінесіз ғой, ресторанға да жақсы жер керек!..

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Астафралла!.. Егер шынымен сөйтсе бірдеңеге ұшырайды ғой!

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қайдам!.. Кім білсін! Қазір бәрі басқа ғой... Заман да, адам да басқа!..

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Жоқ, сонда да... сонда да олар бәрібір бірдеңеге ұшырайды!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Қарағым, керегі жоқ! Айтпа ондай жаман сөзді!.. Біз не де болса жақсылық тілейік!..

Сахнаның алыс түкпірінен пойыздан түскен қазақтардың тізіліп кетіп бара жатқан сұлбасы көрінеді.

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. /Кетіп бара жатқандарға қарап/. Ай, қазақтар-ай! Қайран қазақтар-ай! Барар жерлеріңе аман-есен жетер ме екенсіңдер?! Тағы бір пәлеге ұшырап қалмай, аман жетер ме екенсіңдер?!

Ақырындап музыка ойнай бастайды.

СОҢЫ

Алғашқы нұсқасы 1-24 ақпан, 1996 жылы «Алматы» саноториясында жазылды.