ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 29.11.2023
Просмотров: 353
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Не?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Академияға президент болуға деймін?... Осы жөнінде ойланып көріңізші! По моему, сізден артық кандидатура жоқ!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ойбай-ау, қайдағы президент?!. Қайдағы президент?!. Ол түгіл корреспондент – мүше болайын деп тұрғанда мұрттай ұшырған жоқ па?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ничего!.. Президент болсаңыз бітті, бәрі шешіледі. Тіпті, өздері жалынып жүріп академик жасайды. Білем ғой оларды!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ.Жақсы... жақсы, оны кезінде көреміз... Ал қазір мынау пойыз... пойыз мәселесі!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Туһ, Асеке!.. Не надо переживать!.. Пойыз болса пойыз-ақ болсын!.. Өзіңіз де жақсы білесіз, біздің баяғы көсемдеріміз пойызбен жүруді жақсы көрген!.. Иосиф Виссарионович!.. Никита Сергеевич!.. Шаяхметов!.. Пойызбен бүкіл союзді аралаған... Барлық қалада... барлық вокзалда митинг өткізген!.. Айтпақшы келесі тоқтаған жерде митинг бола ма?
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Қайдағы митинг айтып тұрғаныңыз?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Асай Мүсееевич, бұл жарамайды!.. Әрине, бұрынғы көсемдерді жамандаған да дұрыс... Бірақ олардың жақсы жақтарын да үйрену керек!.. Сондықтан да қане, бір митинг жасап жіберейік!.. /айналасына қарап/. Қайда бұл халық?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Халық жоқ!.. Халық ұйықтап жатыр!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ұйықтап жатыр?!. Неге ұйықтайды?!. Неге ұйықтайды?!. Жалпы бар ғой, біздің халық ұйқыны жақсы көреді! Өзгелердің бәрі әлдеқашан тұрып, оянып тірлік жасап жатыр!.. Ал біз болсақ... біз болсақ... /ұран салғандай етіп/. Оян, қазақ!.. Оян, қазақ!.. Осыны айтқан мен емеспін ғой дейім, ә?!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ.Жо-жоқ, сіз емес... Басқа... баяғыда!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Өкінішті!.. Осы мен бұрынғыларды түсінбеймін!.. Жақсы сөздердің бәрін солар айтып қойған!.. Ау, сондай да бола ма екен?!. Кейінгілерге де бірдеңе қалдырайық деп ойласа қайтеді?! /купенің есігін ашып/. Әй, оян, қазақ!.. Оян!.. Тұр, митинг жасаймыз!..
Тоғызыншы көрініс
Купеден саудагер әйел мен Билетсіз жолаушы шығады.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Не болды?!. Тағы не болып қалды?!.
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Не билет бермейді, не ұйқы бермейді – сұмдық қой мынау!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /купенің ішіне үңіліп/. Әй, мынау кім-ей жатқан?! Түске дейін серейіп жатқан бұл қайсыссың?!.
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ол... ол әлгі, өзіңізбен бірге жүрген... әкімшілікте істейтін...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, біздің трагедиямыз осы... Ең көп ұйықтайтын қызметкерлер - әкімшілікте істейтін қызметкерлер!.. Сосын біз қалай өсеміз... Қалай өркендейміз...
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Сіз осы жолы өте дұрыс, тауып айттыңыз!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Мен әрқашан да дұрыс айтам! /купеге қарап/. Әй, оян, қазақ!.. Тұр!..
Есіктен қалбалақтап Қошқарбай шығады.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /жиналғандарға салтанатпен қарап/ . Қазақстан үкіметі атынан сіздерге жалынды сәлем!.. Ура!..
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. /түсінбей/. Не дейіт?!. Үкіметіміздің түрі сендей болса, жетіскен екенбіз!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ауышқан неме ғой... Жұрт айлық алмай, басы қатып жүрсе, қайдағы бірдеңені айтады!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /Қошқарбайға/. Мен саған айтып тұрмын!.. Үкіметтің атынан жалынды сәлем деп тұрмын!..
ҚОШҚАРБАЙ. /былқ-сылқ еткен күйі/. А-а.. Алматыдан келген құрметті қонақтарға жалынды сәлем!.. Ура!.. /дауысын төмендетіп/. Арақ ішесіздер ме?!. Коньяк ішесіздер ме?!. Арақ ішесіздер ме?!. Коньяк ішесіздер ме?!.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /риза болып/. Апырмай, мынау жақсы жігіт қой... тәжірбиесі мол, ысылған қызметкер ғой мынау!..
ҚОШҚАРБАЙ. Е-енді әкімшілікте істеген соң... /кенет әндетіп, билей жөнеледі/.
Жасасын біздің үкімет!.
Үкіметіміз жасасын!..
Жасасын барлық аппарат!..
Аппараттағылар жасасын!..
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қазақстанның бір министрі шетелге барғанда арақты ішіп-ішіп тырайып қалыпты дегенді бір жерден естіп едім – сол ып-ырас екен!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ал осыларды біреуге барып айтсаң ғой – ешкім сенбейді!.. Қайта пәле жаптың деп өзіңді сотқа береді.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әй-әй, болды, шуламаңдар!.. Митингті бастаймыз! Жасасын демократия!.. Ура!..
ҚОШҚАРБАЙ. Жасасын демократия!.. Ура!..Арақ құяйын ба?!. Коньяк құяйын ба?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /қолын сілтеп/. Қоя тұр!.. Сосын!.. /жұртқа/. Халқым-ай!.. Қайран менің халқым-ай!.. Сендер үшін түн ұйқымды төрт бөлдім-ау мен!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ана жолы да тура осылай дегенсіз. Бірақ одан ауылымызға бір тиын да пайда тиген жоқ!.. Қайта жағдайымыз бұрынғыдан да қиындады...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Сенің ауылың – рушыл ауыл!.. Оған сол керек!.. Сауап болған!.. /Қошқарбайға/. Айтпақшы, Қошеке, сіздің ауылда бұл рушылдық мәселесі қалай?!.
ҚОШҚАРБАЙ. Бізде рушылдық құрыған!.. Ініне су құйғанбыз!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Өте тамаша! Қане, онда дұрыстап айтып жібер!.. Үйренсін мына рушыл ауылдың қазақтары!..
ҚОШҚАРБАЙ. Айтсам – былай!.. Біздің ауылдың әкімі де – біздің рудан!.. Әкімнің орынбасары да біздің рудан!.. Жақында депутат сайлайық деп отырмыз – құдай қаласа, ол да біздің рудан болады!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Сосын?
ҚОШҚАРБАЙ. Сосын – сол!.. Басқа рудың адамы бас көтеріп көрсін – ініне су құйып жіберейік!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. О, азаматтар, жарайсыңдар!.. Ал енді жекешелендіру қалай?!.
ҚОШҚАРБАЙ. О да керемет!.. Ауылда жүз мың қой бар еді – соның бәрін жекешелендірдік!... Ауылда қазір емге қой жоқ!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /Қошқарбайға/. Шырағым, қойыңды қоя тұршы!.. Мәке!.. Мэлис Әлібаевич, алдымен жаңағы пойыз мәселесін шешіп алайық!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Пойыз?!.. Қайдағы пойыз? Асай Мүсеевич, осы сіз теріс сөйлеуді қашан қоясыз?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /шырылдап/. Қашан?!. Қашан теріс сөйледім?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Анаң қарашы, ілезде ұмытып қалады!.. /мазақтап/. «Біздің бабамыз бес жасында шешен болған... он жасында көсем болған» Ха-ха!.. Осы сіздер жұртты ақымақ деп ойлайсыздар ғой дейім!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Дұрыс айтасыз, шежіре жаздық деп ойдан шығарып, суқита береді.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Сосын той жасаймыз, ас береміз деп дымымызды қоймайды!.. Тіпті, жұрттың пенсиясына дейін жинап алады.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жинаса – неге бересіңдер?!.. А?!. Сендер өздерің бересіңдар!.. Тып-тыныш отырған адамға өз қолдарыңмен әкеліп бересіңдер!.. /Билетсіз жолаушыға/. Мысалы, сен шал, неге бересің, а?!.
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Бергенде... бергенде... Ойбай-ау, балаңды оқудан шығарайын деп жатса қалай бермейсің?!.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, айттым ғой!.. Өздерің... өздерің бересіңдер!.. /Жолсерік келіншекке/. Сен де бересің ғой?.. Айт қане, бересің ғой?
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /шошып кетіп/. А-а? Берем, әрине!.. Кез келген уақытта берем!.. Пожалуиста!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, естідіңіздер ғой... Жап-жас боп ешқандай ұяты жоқ!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. А-а? Бергенде енді былай ғой!.. /Пойыздың бастығына қарап/. Ағай, енді өзіңіз түсіндіріңізші!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Мәке, бергенде – берейін деп бермейді ғой, заставить етеді...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Кім?.. Кім заставить етеді?!. Сен бе?!.
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Шошып кетіп/. Жо-жоқ, мен емес, жұрттың бәрі!../қарсы шабуылға шығып/. Бұлардың бергенін жалғыз бір өзім ала береді дейсіздер ме? Мен көп болса он-ақ процентін аламын! Қалғаны сіздерге!.. Өзіңіз сияқты үлкен кісілерге!.. бұл пойыз дегенің пойыз емес, басыма пәле болды!..
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Иә, күнде көріп жүрміз ғой – жағдайы қиын бишаралардың!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Кетіп қалайын десең – басқа баратын жерің жоқ! Дым жұмыс жоқ! /жылай бастайды/.
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, сондай!.. Бүйте берсе бір күні не сотталып құрыймын, не асылып өлем!.. Бала-шағамның обалы сосын сендерге болады!.. /жылауға айналады/.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Бәріміз де сол! Бәріміз де сол!.. Өлетін болдық!.. /Жолсерік келіншекке қосылып жылай бастайды. Вагонның іші азан-қазан шу болып кетеді/.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Апырмау, мынау не болып кетті! Шырағым, мында келші!.. /Пойыздың бастығын оңаша апарып сыбырласа бастайды/.
ҚОШҚАРБАЙ. /есін біржола жинап алып/. Иә-иә, шынында мынау не болып кетті!.. Мынау өзі митинг те емес, жиналыс та емес, басқа бірдеңе болып кетті ғой!.. Ай, қойыңдар!..
Асай Мүсеевич пен Пойыздың бастығы ортаға қайта жақындайды.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мэлис Әлібаевич! Мэлис Әлібаевич дейім, бір мүмкіндік болып тұр!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә, мүмкіндік!.. «Өзбекстан» пойызы!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, сол!.. Алдымыздан келе жатыр!.. соған ауысып мінсек...
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Сосын не Шымкентке дейін... Не Ташкентке дейін – аржағы оңай ғой!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, солай... Тіпті, самолетпен ұшсақ та!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әй, басты ауыртпаңдар!.. Мен өз митингтен шығып, демалайын деп тұрмын!.. Ұйықтауым керек!
Купеге кіріп, қорылдап ұйықтай бастағандай болады.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мэлис Әлібаевич!.. Қайдағы митинг?! Қайдағы митинг?! Тұрыңыз дейім!..
Іштегі қорыл бұрынғыдан да күшейе түседі.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Аяқ-қолын байлап сүйреп шығарса қайтеді?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Жо-жоқ, болмайды!.. О, таптым!.. Таптым! /купеге жақындап/. Мэлис Әлібаевич, төтенше тапсырма!.. Жоғарыдан!.. Үкіметтен!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /басын купеден сумаң етіп шығарып/. А, үкіметтен дейсіз бе?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, солай... Қазір шұғыл түрде Өзбекстанға... Ташкентке баруыңыз керек!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А, не дейіт! Сіз өзі өтірік айтып тұрған жоқсыз ба?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Құдай ақы рас!..
Өзгелер де «Рас!.. Рас!» деп қоштай кетеді.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Өте шұғыл!.. Газ!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қандай газ?
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Кәдімгі... кәдімгі – от!.. Өзбекстаннан құбырмен келетін... Өзбектер соны тоқтатамыз дейді!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Апырмай, өте қиын болған екен!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сұмдық!.. Бүкіл Алматы... Тіпті, Шымкент... Тараз бәрі, егер газ келмей қалса, құрыды!.. Осы мәселені тек сіз ғана шеше алады деп!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А-а, иә-иә, менің Ташкентте достарым, таныстарым өте көп!.. /купеден сыртқа шығып/. Үкіметіміздің өзі айтқан соң... Біз үкіметке көмектесуіміз керек!.. /Асай Мүсеевичке/ Делегацияның құрамы анық па?!. Кім барады?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Өзіңіз бастап... Сосын – мен!.. Сосын – мына Қошқарбай!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /жұртпен қоштасып/. Ал сау болыңыздар!.. Митингімізді аяғына дейін өткізе алмағанымыз өкінішті!..
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Иә-иә, солай!.. Айтпақшы анау «Өзбекстан» пойызына айта салыңызшы – есігін тарс жауып алуды доғарсын! Бізді де мінгізетін болсын!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ендігі жолы депутат боламын десеңіз біздің ауылға тағы келіңіз!.. Жұртқа түсіндірем, өзіміздің рудың адамы екен деп анкетаңызды жаздырып қоям!..