Файл: Слтанлі Балабаев Тойдан айтан азатар азастан.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 29.11.2023

Просмотров: 355

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
/ . Бірдеңе жоқ па?!

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Не?!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Бірдеңе... жүз грамм!.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Бар ғой... қалпақтай ұшыратын тағы біреуі бар!..

Жүгіріп кетеді.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /Мэлис Әлібаевичті қайтадан оятпақшы болып/. Мэлис Әлібаевич!.. Мэлис Әлібаевич, ояныңыз!.. /Анау былқ етпейді/. Шаршаған ғой... әбден шаршаған!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Шаршамай... жұмыстары ауыр.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, сондай... Кешегі тойды түгелімен өзі өткізді!.. Басынан аяғына дейін... Оңай ма?!

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә, бұл кісілердің жаны темір ғой... Біз болсақ әлдеқашан!..

Бөтелке мен бір рюмканы подносқа салып Жолсерік келіншек келеді.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Құяйын ба?!.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Толтыра құй!..

Жолсерік келіншек рюмкаға арақ құяды. Асай Мүсеевич арақты Мэлис Әлібаевичтің сірескен жағын ашып, аузына құюға әрекеттене бастайды.


АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мэлис Әлібаевич!.. Мэлис Әлібаевич, көзіңізді... көзіңізді.. тоист аузыңызды ашыңыз!.. Кішкене... кішкене, бір жұтым ғана... Шаршадыңыз ғой!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Асай Мүсеевичке барлық жағынан көмектесіп/. Иә-иә, шаршап жүрсіз ғой... жұмысыңыз ауыр!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А-а!.. О-о!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Қане, қане... титімдей... бір жұтым!.. Денсаулық үшін!..

Екеуі жабылып жүріп Мэлис Әлібаевичтің қарысқан жағын ашып, рюмкадағыны аузына құяды. Мэлис Әлібаевичқа жан біте бастайды. Ерінін жалайды. Тұманданған көзін ашып, айналасына қараған болады.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мэлис Әлібаевич дейім!.. Мэлис Әлібаевич!.. Қане... қане, тұрыңызшы дұрыстап!.. /Қолтығынан сүйеп, аяғынан нық тұрғызбақ болады/.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /Ернін жалап қойып/. Туһ, қытықтамаңызшы!.. Қытықтамаңызшы!.. Хи-хи!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Маладес!.. Маладес, Мэлис Әлібаевич!.. Қане... қане, жүрейікші былай!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, сөйтіңізші!.. Кішкене жүріңізші!.. /Мэлис Әлібаевичті екінші қолтығынан демейді/.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /Қытығы келіп/. Хи-хи!.. Қойыңдаршы!.. Хи-хи!.. /Кәдімгідей жүруге айналады/.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Тамаша!.. Өте тамаша!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Жарайсыз, Мэлис Әлібаевич!.. Жарайсыз!.. Маладес!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А, солай ма? Мэлис Әлібаевич маладес пе?! /Кенет әндетіп билей жөнеледі/.

Жасасын Мэлис Әлібаевич!.

Мэлис Әлібаевич жасасын!

Жасасын Мэлис Әлібаевич!.

Мэлис Әлібаевич жасасын!

/Жолсерік келіншекке көзі түсіп/. О-о, керемет!. Ғажап!.. Қане-қане, билеңіз!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /Жолсерік келіншекке/. Билеңіз!.. Билеңіз!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, биле!.. Қане, биле!..

Жолсерік келіншек те билей бастайды.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /Билеп жүріп әндетіп/;

Жасасын сұлу әйелдер!.

Қыз-келіншектер жасасын!

Жасасын жақсы ханымдар!

Әдемі қыздар жасасын!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /Мәз болып қол шапалақтап/. Ах!.. Ох!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Мәз болып қол шапалақтап/. Ах!.. Ох!.. /Жолсерік келіншекке/. Сен де... сен де әндетіп...

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /Әндетіп/.

Жасасын біздің ағайлар!.

Жақсы ағайларымыз жасасын!.

Үлкен ағайлар жасасын!

Барлық ағайлар жасасын!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ой, мынау керемет қой!.. Прәбәдник емес, театрда әртіс болатын адам ғой мынау!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, солай!.. Біздің прәбәдник қыздарымыздың бәрі осындай...



МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ой, жайнаңдаған көзіңнен сол!.. /Асай Мүсеевичке/ Қане, сендер де.. сендер де билеңдер!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мэлис Әлібаевич, биіңіз не?. Би сосын!.. Біз... біз масқара болып, басқа пойызға мініп кетіппіз!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /Әлі мастығы тарқамаған қалыппен/. Оны кім айтады?

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мен... Сосын мына кісілер айтады... Біз қателесіп басқа пойызға мініп кетіппіз.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Кешіріңіз, қателестік дегенді кім айтып жүр!.. Біз қайта өте дәл... өте дұрыс!.. /Жолсерік келіншекке сүзіле қарап/. Әне қараңызшы, қандай керемет! Періште сияқты!.. Ал сіз қателесіп дейсіз!.. Жаным сол!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Жо-жоқ, мен оны емес... пойызды... пойызды айтып тұрмын!... Біз Алматыға бару үшін басқа пойызға мінуіміз керек!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жақсы... жақсы! /Жолсерік келіншекті көрсетіп/. Бірақ біз онда мына кісіні де ала кетеміз.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /Шошып кетіп/. Жо-жоқ, болмайды... Менің өз пойызым бар!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Ол да шошып кетіп/. Иә-иә, өз пойызы бар!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А-а, өз пойызы бар ма?! Ендеше біз бұл кісіні пойызымен қосып алып кетеміз... /Пойыздың бастығына/. Қане, бұр пойызыңды Алматыға қарай!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. А?!.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Пойызыңды Алматыға қарай бұр дейім дереу!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Ойбай-ау, ол болмайды ғой!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, болмайды!.. Бұл деген үкіметтің пойызы!.. Ешкімнің хақысы жоқ!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әй, мен кіммін?!.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сіз... сіз – Мәкең!.. Мэлис Әлібаевич!

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, сондай... Сіз – құрметті Мәкең!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, мен дегенде... менің жұмысым... қызмет істейтін жерім!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сіз... сіз енді қызметіңіз... белгілі ғой... Ана жер... Үкімет!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, солай, үкімет!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Айтпақшы, әлгінде ғана менің үкімет болғаным үшін бірдеңе ішкен жоқ па едік?!.

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Ішкенбіз... Жүз грамнан тартып жібергенбіз...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, көрдіңіздер ме?! Егер мен үкімет болсам, мына пойыз да үкіметтікі болса – сонда бұл пойызды кейін қарай бұруға менің неге қақым жоқ, а?. Неге қақым жоқ?!.

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /өзіне/. Апырмай, сөзін қарашы, мас болса да логикасы сұмдық!.. /даусын шығарып/. Мэлис Әлібаевич, үкіметтікі дегенде былай ғой... Ол – мемлекеттікі деген сөз!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әй-әй, сен өйтіп мені жолға салма!.. Жалпы темір жолдан тәртіп кеткен!.. Осы
сендер билет сатпай, жұрттан, пассажирлерден ақша алады дейді ғой. Сол рас па?!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /шошып/. Жо-жоқ, о не дегеніңіз!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Біз ондайды өмірі жасаған емеспіз.. Және болашақта жасамаймыз да!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Өтірік! Сендер әр прәбәдникке салық салады дейді!.. Взнос!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Қатты шошып/. А-а, жоқ, ол – жала! Бала-шағамның қызығын көрмей кетейін!..

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Иә-иә, сондай!.. Қайдағы взнос?! Мен ондай сөзді бірінші рет естіп тұрмын!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ха-ха! Солай ма?! Демек, сіздер бізді ешнәрсе білмейді деп ойлайсыздар ғой?! Хи-хи!.. Кешіріңіз... кешіріңіздер!... Біз бәрін... бәрін... /Пойыздың бастығына/. Әй, сен взносты тек өзің аласың ба, жоқ әлде өзгелерді де ойлайсың ба?!

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. А-а, ойлағанда... ойлағанда, ол былай ғой!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жақсы... жақсы!.. Түсінікті. Жалпы, сен өзі мықты екенсің... Әсіресе, кадр таңдау мәселесінде... /Жолсерік келіншекке үздіге қарап/. Қандай керемет!. Айтпақшы, сіз бізге... аппаратқа жұмысқа келесіз бе?!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /Түсінбей/. А?!. Аппарат?! Аппарат деген ол не?!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Аппарат деген ол сондай... номенклатура!.. Үкімет!..

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Қашқақтап/. Ойбай-ау, ол болмайды ғой... Жаңа айттық емес пе, бұл қарындасыңыздың өз пойызы, өз вагоны бар!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қарындасты өсіру керек!.. Қараңдаршы, қандай керемет!.. Қазақтың бір осындай қызы... керемет қызы өсіп жатса – бәрімізге мақтаныш, абырой емес пе?! /Жолсерік келіншекке/. Сіз қазірден бастап осы пойыздың бастығы боласыз!..

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /шошып кетіп/. Не?! Үйбай, қойыңыз!.. Қойыңыз!.. /Пойыздың бастығына қарап/. Мына кісі... өзі!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Бұл кісіні де өсіреміз!.. Жоғары... министр... Министр... Бірақ енді пойыздың бастығынан бірден министр болу бір түрлі... сәл-пәл...

ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /шошып кетіп/. Мэлис Әлібаевич!.. Мэлис Әлібаевич, қойыңыз ойбай!.. Біреу-міреу естісе рас екен деп ойлап қалар?!.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ.Ха-ха! Мынау сенбейді-ей маған!.. Асай Мүсеевич, айтыңызшы, бұл қолымнан келе ме менің?!.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Әрине... Егер сіз шындап кіріссеңіз...


МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /саусағын шошайтып/. Әне, көрдіңіз бе?! /Пойыздың бастығына/.Сен темір жолдың бастығы боласың!.. Начальник дороги!.. Әрине, Алматы темір жолын береміз деп айта алмаймыз!.. Ондағы жігіт – өзіміздің жігіт! Ал басқа жерге... кез келген жерге!.. /қиялдап/. Жолдың бастығы болу деген де..ол деген де, шырағым, министр болудан ешқандай да кем емес!.. Өзіңнің жеке вагоның болады... обслужить ететін қыз-келіншектерің болады – жүресің сосын взносыңды алып!.. /Жолсерік келіншекке/. Жайнаңдаған көзіңнен сол!.. Жаңа қызметің құтты болсын!..

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Мэлис ағай, қойыңызшы!.. Қайдағы қызмет?!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Шырағым, ешкім де іштен пойыздың бастығы болып тумайды!.. Пойыздың бастығы да... жолдың бастығы да... министр де бәрі – осындайдан!.. Осындай кездейсоқ таныстықтан басталады!.. Қане, бір құйып жіберші!.. /Жолсерік келіншек арақ құяды/. Сіздердің жаңа қызметтеріңіз үшін!..

Мэлис Әлібаевич рюмканы қағып тастап, көзін жұмып рахаттанып тұрып қалады. Пауза.

Сегізінші көрініс

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /батылсыздау/. Мэлис Әлібаевич!.. Мэлис Әлібаевич, сонымен не болды? Не істейміз?!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /шошып оянғандай/. А? Не?!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Әлгі анау... Біз қателесіп, Мәскеу жаққа кетіп бара жатырмыз.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /ойланып, әрлі-берлі жүріп/. Мәскеуге... пойызбен... Мен түсінбеймін... Неге пойызбен?! Самолет қайда?! Самолет!.. Ұшақ!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Қайдағы самолет?!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Менің самолетім қайда деймін!.. Мен Мәскеуге пойызбен барсам ұят емес пе? Ай, осы сендер қайда қарайсыңдар?! Қазақстанға неге жандарың ашымайды?! Қазақстанның авторитетін неге ойламайсыңдар?! /Пауза/ Айтпақшы, мені қалай қарсы алатынын келістіңдер ме?!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Не?!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қалай қарсы алады дейім?! Кім?! Черномырдин бе?!. Чубайс па?!.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /жылап жібере жаздап/. Мэлис Әлібаевич, сізге не болған?! Есіңізді жисаңызшы!.. Ертең біздің Академияға жиналыс... үкімет қатысатын жиналыс... Ал біз болсақ әлі мұнда жұрміз!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жиналыс дейсіз бе?! Ондай жиналысты менімен келіспей өткізуге Академияның қандай хақысы бар?! Осы мен Академияның басшыларын түсінбеймін... Ақша керек болса жүгіріп келеді... Үй керек болса жүгіріп келеді... Ал жиналыс өткізетін болса бір ауыз сөз айтпайды!.. Ақылдаспайды!.. Бұл не сонда?! Айтпақшы, Асай Мүсеевич, сіз осы Президент болуға қалайсыз?!