Файл: Слтанлі Балабаев Тойдан айтан азатар азастан.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 29.11.2023

Просмотров: 350

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Сұлтанәлі Балғабаев
Тойдан қайтқан қазақтар

/«Қазақстан» пойызы/

/екі бөлімді комедия/

Қатынасушылар:

Мэлис Әлібаевич – жауапты қызметкер

Асай Мүсеевич –тарихшы ғалым

Қошқарбай – аудандық әкімшіліктің қызметкері

Пойыздың бастығы

Жолсерік келіншек

Саудагер әйел

Билетсіз жолаушы

Көркемөнерпаздар ансамблі /екі-үш еркек, бір-екі әйел/
БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші көрініс
Шағын перрон. Көз байланған кез. Сахнаға Мэлис Әлібаевич, Асай Мүсеевич, Қошқарбай шығады. Соңдарында көркемөнерпаздар ансамблі. Ансамбль әндетіп, билеп келеді.

Жасасын біздің меймандар!

Біздің меймандар жасасын!

Жасасын жақсы меймандар!

Құрметті мейман жасасын!
Жасасын жақсы ағалар!

Асыл ағалар жасасын!

Жасасын қамқор ағалар,

Бастық ағалар жасасын!
Жігіттер музыка ойнап, қыздар мың бұрала билеп, думанды қыздыра түседі.

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /бишілерге қосылып билеп кете жаздап/. Ай, керемет қой!.. Керемет!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /саусағын сыртылдатып биге қосылып/. Иә-иә, ғажап! Қандай әдемі!.. Қандай әдемі!..

ҚОШҚАРБАЙ. Біздің ауылдың бәрі осы!.. Шетінен әнші!.. Шетінен биші!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Жалпы, біздің халық дарынды халық қой!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Шетінен дарынды!.. Шетінен қабілетті!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Біздің қазақ ұлы халық қой!

ҚОШҚАРБАЙ. Дұрсы айтасыз! Біздің қазақтар деген... /әндетіп/

Жасасын біздің қазақтар!

Қазақтар біздің жасасын!

Ұлы қазақтар жасасын!

Дана қазақтар жасасын!

Көркемөнерпаздар қосылып әндетіп билейді:

Жасасын біздің қазақтар!

Батыр қазақтар жасасын!

Ақын қазақтар жасасын!

Дана қазақтар жасасын!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Өте керемет! Бүгінгідей той, бүгінгідей мереке өте сирек болады.

ҚОШҚАРБАЙ. Бәрі сіздің арқаңыз, Мэлис Әлібаевич! Сонау Алматыдан өзіңіз келген соң жігіттер аянған жоқ! Барын салды!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ертең Алматыға барған соң айтамыз бұл туралы! Тиісті орындардың бәріне жеткіземіз.

ҚОШҚАРБАЙ. Оның үстіне мына кісінің де... /Асай Мүсеевичке қарап/. Асеке!.. Асай Мүсеевич дейім, сіздің баяндамаңыз... бүгінгі тойдағы баяндамаңызды айтам, сондай керемет болды!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ау, енді бүкіл Академияның атынан сөйлеген соң керемет болмаса болмайды ғой.


МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Гениально!.. Классика!..

ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, сондай!.. Әсіресе, батыр бабамыздың бес жасында шешен, он жасында қол бастаған көсем болды деген фактіңіз өте күшті екен. Айтпақшы, ол фактіні қайдан тауып жүрсіз?!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Таптық қой!.. Ғалым болған соң іздену керек!.. Мен ол туралы бүкіл газетке жазғам!... Оқымайсыңдар!..

ҚОШҚАРБАЙ. Жо-жоқ, неге оқымаймыз?! Оқимыз ғой!.. Ойпырмай, бес жасында шешен, он жасында көсем – шынында ғажап!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мен үш жасында деп жазайын дегем!.. Қайта сыпайыладым ғой...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Айтпақшы, тойдағы төбелес осы мәселеден шықты дейді... Біреулер оған сенбей ме, қалай? Асеке, осы фактіні архивтен алдым деген жоқ па едіңіз?

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, алуын алғам ғой... Бірақ енді ол тым ерте, осыдан үш жүз жыл бұрынғы жағдай... ол кезде халық сауатсыз... архив мәселесі нашарлау...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Дұрыс айтасыз!... Қазақ деген қымызды ішуді білген... көп қатын алуды білген... ал архив жазуды білмеген. Соған да мен кінәлімін бе?

ҚОШҚАРБАЙ. Асеке, біздің жақта да үнемі осы... Той болса аяғы төбелес!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә, біздің жақта да осындай!.. Бірақ сіздерде сұмдық екен!.. Қатындарына дейін төбелесті... Бәрі мас!..

ҚОШҚАРБАЙ. Әдейі жасайды!.. Бізде кірмелер бар!.. Басқа рудың адамдары... Солардың қастандығы!.. Көре алмайды иттер!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә, қазақ болған соң болады ғой ондай! Бірақ біз провокацияға жол бермеуіміз керек!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Дұрыс айтасыз!.. Біз тарихты дұрыс білмейміз... Меніңше осы шежіре жазуды мемлекеттік деңгейде қолға алу керек!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ұсынысыңыз өте орынды! Елдің ертеңін ойлағын мәселе бұл!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Әп, бәрекелді!.. Міне, басшылардың бәрі осылай ойласа ғой – біз қайда, ендігі талай жерге барып қалар едік!

ҚОШҚАРБАЙ. Мен де соны айтам! Қазақтың қайраткерлерінің бәрі сіздей болса ғой, шіркін!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Е, қызмет істеген соң халықты ойлау керек! Сол үшін жүрміз ғой міне, күн-түн демей!

ҚОШҚАРБАЙ. Қандай тамаша сөз!.. Айтпақшы, Мэлис Әлібаевич, тағы бір шаруа бар еді... Кішкене шай дайындап қойғанбыз...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, пойыздан қалып кетеміз!

ҚОШҚАРБАЙ. Қалмаймыз! Бұл «Қазақстан» пойызы ешқашан уақытында келген емес... Үнемі кешігіп жүреді.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сонда да болмайды! Ертең жиналыс... Баяндама жасау керек!

ҚОШҚАРБАЙ. /сыбырлаңқырап/ Оның үстіне шамалы конвертымыз де бар еді...

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ

. /ол да сыбырлаңқырап/ А, солай ма? Е, онда баяндама күте тұрады ғой... /Мэлис Әлібаевичке қарап/. Мәке дейім! Мынау Қошқарбай деген жігіт өзі азамат жігіт екен! Бармасақ ұят болады! Ренжіп жүрер!

ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, солай!Ештеңеден алаңдамаңыздар!.. Біз сіздерді пойызбен келесі ауданның шекарасына дейін шығарып саламыз!

Бәрі сыртқа беттейді. Көркемөнерпаздар әндетіп соңдарынан ереді:

Той жасағандар жасасын!

Ас бергендер де жасасын!

Шапан жапқандар жасасын!

Ат мінгендер де жасасын!
Екінші көрініс
Сол перрон. Вокзалға «Қазақстан» пойызы келіп тұрғаны аңғарылады. Перронда 60 жастар шамасындағы бір кісі вагонды жағалап жүгіріп жүр. Бұл – Билетсіз жолаушы

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. /жанұшыра айқайлап/. Әй, ағайындар! Прәбәдниктер! Мені Сұлутөбеге дейін ала кетіңдерші! Сұлутөбеге дейін! Бір-ақ адаммын!

Бір вагонның есігінен Жолсерік келіншек көрінеді:

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Не болы? Біреу бауыздайын деп жатқандай, не болды сонша ойбайлап?!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Қарағым, қарындасым! Сұлутөбеге дейін ала кетші!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Қайдан көрсең осы – ылғи сандалбай қазақ! Сыған сияқты қаңғырады да жүреді. Үйлеріңде отырмайсыңдар ма? Билет қайда?

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Билет жоқ!.. Билетті енді алайын деп тұр едім, депутатпын деп біреу тап алдымнан қақты да кетті.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Обалың депутатқа болсын! Билет жоқ болса орын да жоқ, бар айда!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Қарағым! Жүзің жылы жақсы бала екенсің!.. Мен түрегеп-ақ барам!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Жарайды, қанша бересің!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Бергенде – берем ғой... Өзінің бағасын берем!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Тапқан екенсің ақымақты!

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Қарағым-ау, оқудағы балама барып... қазіргі кезде бала оқыту деген... Бұрын тек оқуға түсерде ғана беретін едік... Енді ай сайын... сессия сайын... Біресе ақша сұрайды... Біресе соғым сұрайды... Тіпті күріш, консерві сұрайтындары да бар... Бұл институт дегеннің мұғалімдері әбден құтырды.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Қазір су тегін оқитын баяғы коммунизм жоқ, ағасы... Айтпақшы институтқа барған болсаңыз айдаладағы бұл станцияда нағып жүрсіз?

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Осы жерде аталарымыздың ескі қорымы бар еді. Жол үсті болған соң құран оқи кетейін деп түсіп едім, қарағым!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ха-ха! Міне, қазіргі жұрттың бәрі осындай! Біресе күнә жасап пара беремін дейді, біресе мұсылман болып, құран оқимын дейді.. Адамды өстіп ақымақ қылады. Басты қатырмай, анда, басқа вогонға барыңыз. /
Вагонға кіріп кетеді/.

Сахнаға саудагер әйел шығады. Екі жеңін түріп, басына орамалды шарт байлаған. Өлген түйедей үлкен қапты сүйреп келеді.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Әй-әй, тоқтаңдар... Тоқтай тұрыңдар!.. /билетсіз жолаушыны көріп/. Әй, шал!.. Азамат, кел көмектесіп жібер!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. /өзінше айқайлап/. Ағайындар! Ағайындар! Сұлутөбеге дейін ала кетіңдерші! аудагер әйелге/. Артық билетіңіз жоқ па?

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қайдағы билет? Осы күні адам пойызға билет ала ма екен? Қане, көтеріс мынаны!..

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Билет болмаса алмаймыз дейді.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Неге алмайды? Бұл не, жекеменшігіне сатып алған әкесінің пойызы ма екен? Бұл үкіметтің пойызы!.. Халықтың пойызы!.. Жүр қане!..

Екеуі түйедей қапты дырылдата сүйреп, вагонның есігінің алдына барады.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Әй-әй, аш!.. Ашыңдар!

Есіктен Жолсерік келіншек шығады.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Айқайламаңдар!.. Неге айқайлайсыңдар түн ішінде!

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Пойыздан қалып бара жатсақ неге айқайламаймыз? Жолда машинамыз бұзылып, әрең келе жатырмыз.

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Билет... Билеттеріңді көрсетіңдер!..

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Мынау не дейді-ей? Билеті бар адам өстіп түн ішінде қап арқалап жүре ме?

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Билет болмаса – кірмейсіңдер.

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Ха!.. Кірмек түгілі тайраңдап тұрып кіреміз... Қайда әлгі жалпақ бас, қисық мұрын бастығың! Шақыр соны!

ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ол кісі демалып жатыр!

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Білеміз ғой қалай демалып жатқанын!.. Сен сияқты бір тұштақай прәбәдниктің қойнында жатқан шығар тырайып! Былай тұр жолдан! Адамның құнын сұрамайтын шығарсың, береміз қанша болса да!..

Үшеуі де кіріп кетеді.

Үшінші көрініс

Сахнаға Мэлис Әлібаевич бастаған топ қайта шығады. Рестораннан шыққан беттері. Сондықтан бұрынғыдан да қызу, бұрынғыдан да көңілді. Көркемөнерпаздар тобы бұрынғыдан да бетер қызу әндетіп келеді.

Қонақжай қазақ жасасын!

Кеңпейіл қазақ жасасын!

Арақ бергендер жасасын!

Шарап құйғандар жасасын!

Дастархандар да жасасын!

Ресторандар да жасасын!

Үйге шақырғандар да жасасын!

Банкет бергендер де жасасын!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ай, біздің қазақ деген... қазақтар деген ғажап қой! Қазақтың дастарханы... Қонақжайлылығы...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Заман қанша қиындағанмен қазақтың пейілі, дастарханы тарылған жоқ!.. Сол баяғыдай...

ҚОШҚАРБАЙ. Дұрыс айтасыз! Баяғы коммунизмдегідей!


АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ай, Қошқарбай, сен де өзі шынымен азамат екенсің! /қалтасынан конверт шығарып/. Әсіресе, мынау конвертің жақсы екен! Жалтырап тұр!... Қалыңдығы да біраз бар ма деймін...

ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, шамамыз жеткенше... Қазақтың жолы деп...

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қазақтың жолы болған соң ғой... Не, әйтпесе біз сендерге конверт жинайын деп келді дейсіңдер ме?

ҚОШҚАРБАЙ. Мәке! Мэлис Әлібаевич, о не дегеніңіз, құдай сақтасын!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Қазақтың азаматтары қандай? Шетінен ер ғой!.. Данышпан, көреген ғой!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Оның ішінде мына Мәкең!.. Мэлис Әлібаевич... Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы!.. Бақ қонған, қыдыр дарыған!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Мынау, Асай Мүсеевич... қазіргі заманның Асан қайғысы... Бұқар жырауы!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сонда да көре алмайды кейбіреулір!..

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, солай!.. Ана жолы депутаттыққа өткізбей тастады, әтеңе нәлеттер!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мені де... мені де... Академиктікке енді өтейін деп тұрған кезімде... Айтыңызшы, менен басқа кімі бар сонда?

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Сізге обал жасады. Бұл Академия деген... кілең бір қатып қалған... ескі... Президентінен бастап бәрін құрту керек.

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Әп, бәрекелді! Өте дұрыс айтасыз! Бәрін құрту керек! Айтпақшы дейім, Мәлис Әлібаевич, сіз алдағы сайлауда президенттікке өз кандидатураңызды ұсынуыңыз керек!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, оған әлі ертелеу!.. Ертелеу!.. ең алдымен /даусын ақырын шығарып/. Сізден несін жасырайын, осы жақында министр болатындай мүмкіндігім болып тұр!

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Дұрыс. Өте дұрыс!.. Ай, қанша айтқанмен біздің бастықтар кадр таңдай біледі. /Қошқарбайға/. Әй, Қошқарбай, айтшы, Мэлис Әлібаевичтен артық министр болатындай кім бар?

ҚОШҚАРБАЙ. Министр дейсіз бе? Қайдағы министр? Бұл кісі деген...бұл кісі деген... Мынау министріңіз не айтып тұрған? Одан да үлкен!.. Одан да жоғары!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, әлі ертелеу!.. Айттым ғой – ертелеу!..

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Жо-жоқ, ерте емес! Міне халықтың өзі... халықтың өкілі солай деп тұр... Халықтың пікірімен санасу керек, жолдас Мэлис Әлібаевич.

ҚОШҚАРБАЙ. Иә, дұрыс! Халықпен санасу керек! Ең құрығанда – премьер-министр!.. Премьер-министр! Қане, сол үшін! /қалтасынан бір бөтелке мен рюмка шығарып, құйып/. Қане, Мэлис Әлібаевич, сол үшін бірдеңе айтып жіберіңіз!

Көркемөнерпаздар Мэлис Әлібаевичті айналып әндетіп, билей бастайды:

Жасасын Мэлис Әлібаевич!