ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 30.11.2023
Просмотров: 145
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
-
1916 жылғы Орта Азия ұлт-азаттық көтерілісі.
Қазақстан мен Орта Азиядағы он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтеріліс патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс болды. 1914 жылы басталған І дүниежүзілік соғыс Ресей империясында пісіп-жетіліп келе жатқан жалпы дағдарысты шырқау шегіне жеткізді. Ең алдымен өзінің шаруашылық ерекшеліктеріне қарай қазақ елінің майданды және елді шикізат, азық-түлікпен қамтамасыз етудегі рөлі мейлінше күшейді. 1914-1916 жылдардың арасында тек Түркістан өлкесінен 2089 мың тонна мақта, 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мыңға жуық түйе, 14 мыңға жуық киіз үй алынған. Соғыстың бірінші жылында тек Жетісу облысынан майданға жіберілген мал мен малшаруашылығы өнімдерінің құны 34 миллион сомға жетті. Соғыстың ауыр зардаптарының бір көрінісі шаңырақ салығының артуы болды. 1914 жылы қазақтан жиналатын осы әлеуметтік ауыртпалықтың мөлшері 600 мың болса, 1917 жылға қарай 1 миллион 200 сомға ұлғайды Көтерілістің басты себептері әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерге тікелей байланысты болды. Отаршылдық езгінің күшеюі, Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халқының жерлерін тартып алудың жалғасуы, салықтар мен басқа да алымдар көлемінің шамадан тыс ұлғаюы, патша өкіметі жүргізген орыстандыру саясатының кең өріс алуы мен қалың бұқараның әлеуметтік жағдайының күрт төмендеуі көтерілістің басталуына себеп болды. Көтерілістің басталуына ІІ Николай патшаның 1916 жылы 25 маусымдағы «Реквизициялау туралы» жарлығы тікелей себеп болды. Жарлық бойынша Қазақстан, Орта Азия мен ішінара Сібірдің «бұратана халықтарының» ер-азаматтарынан (19 бен 43 жастың аралығында) майданның тыл жұмыстарына (қорғаныс құрылыстары мен жолдар салу, окоп қазу, т.б.) 400 мың адам (оның ішінде қазақтан 240 мыңға жуық) алу белгіленді. Қазақстандағы көтерілістің алғашқы ошақтары 1916 жылы шілде айының бас кезінде пайда болды. Халықтың ашу-ызасына жұмысқа алынатындардың тізімдерін жасаған болыс басқарушылары, ауыл старшындары және жергілікті әкімшіліктердің басқа да қызметкерлері ұшырады, өйткені жасалған тізімдер әуел бастан жаппай парақорлық, көзбояушылық пен қиянатқа негізделді. Әкімшілік жүйе ол кезде қазақтарда тууы туралы куәліктің болмағанын пайдаланып, тізімге жас шамасына қарамастан кедейлерді қалауынша енгізіп, ал ауқатты әулеттерден пара алып, оларды шақыртудан босатты. Көтерілісшілер болыстық кеңселерді, болыстар мен ауыл старшындарының үйлерін, жасалған тізімдерді өртеді, жекелеген болыс бастықтарын өлтірді. Стихиялы қозғалыс біртіндеп ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласты. Көтерілістің негізгі қозғаушы күштері – отарлық езгіден күрт кедейленген шаруалардың қалың тобы мен сол кезде қалыптаса бастаған жергілікті жұмысшылар болды. Көтеріліске сондай-ақ қазақ халқының басқа әлеуметтік топтарының (байлар,
болыстар мен билер, интеллигенция) өкілдері де қатынасты. Соңғылары кейбір аймақтарда жетекші рөл атқарды. Қазақ зиялыларының кейбір өкілдері (Т. Бокин, Ж. Ниязбеков, Ә. Жүнісов, Т. Рысқұлов, С. Меңдешев, Б. Алманов, Ә. Жангелдин және т.б.) патша жарлығына батыл қарсы шықты және халықты қарулы қарсылыққа шақырды. Ал «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан либерал-демократияшыл зиялылардың жетекшілері (А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, т.б.) патша әкімшілігінен тыл жұмысына адам алуда асықпауды өтініп, керісінше дайындық шараларын жүргізу жөнінде ұсыныстар жасады, көтеріліске шыққан халық патша өкіметі тарапынан аяусыз жазалауға ұшырайтынын ескертіп, көпшілікті жарлықты орындауға қарсылық көрсетпеуге шақырды. Түркістан генерал-губернаторы бірнеше жазалау отрядын жасақтап, көтерілісшілерге қарсы жөнелтті. Көтерілісшілер Самсы төңірегінде отрядқа шабуыл жасап, оларды Верныйға (Алматы) қарай шегінуге мәжбүр етті. Т. Бокин бастаған көтерілісшілер (10 мыңнан астам) тамызда шабуылға шығып, Верный мен Пішпек арасындағы байланысты үзді. Көтерілісшілер арасынан Бекболат Әшекеұлы, Нұқа Сатыбеков сияқты басшылар шықты. Бұл кезде Жаркент және Лепсі уезіндегі көтеріліс күшейе түскен еді. Жетісу облысындағы ірі көтерілістің бірі Қарқара жайлауында болды. 1916 жылы шілдеде Қарқаралы (Семей облысы) мен Өскемен уезінің, Көкпекті мен Зайсанның көтерілісшілері майданға жіберілетін адамдардың тізімін тартып алып, болыстарға күш қолданды. Әбдіғапар Жанбосынұлы пен Амангелді Иманов басқарған Торғай көтеріліс ошағы ең табанды және ұзаққа созылған азаттық үшін күрес аймағына айналды. Он алтыншы жылғы көтеріліс Қазақстанның барлық аймақтарында қатаң басып-жанышталды. Бұл көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алды. Ол Ресейдегі әскери-әкімшіл және отаршыл басқару жүйесінің іргесін шайқалтты және шығыстағы отар халықтарда ХХ ғасырдың басында өріс алған ұлт-азаттық қозғалыстардың құрамдас бір бөлігі болды
-
Қазақ тіліндегі алғашқы мерзімді басылымдар.
Бірінші болып 1870-1882 жылдар аралығында Ташкентте басылып тұрған «Түркістан уалаятының газеті» дүниеге келді. Бұл мерзімді басылым Түркістан генерал-губернаторының ресми үнқағазы – «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет қазақ және өзбек тілдерінде алма-кезек шығып тұрды.
Басылым жабылған соң, 1888 жылы Дала генерал-губернаторының Омбыдағы кеңсесі жанынан «Дала уалаятының газеті» деген атаумен екінші басылым жарық көре бастады. Жаңа газет 1894 жылға дейін «Особое прибавленіе къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» басылымына, 1900 жылға дейін – «Акмолинскимъ, Семипалатинскимъ и Семиречинскимъ областнымъ ведомостямъ» басылымының «Киргизская степная газета» атауымен басылып тұрған үнқағазына, ал біржола жабылған 1902 жылға дейін «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» газетіне қосымша ретінде жарық көріп тұрды.
Мерзімді қазақ баспасөзінің ресми тарихнамасы бойынша, аталған екі басылым мерзімді қазақ баспасөзінің басы деп саналады.
Көп ұзамай өзге басылымдар шыға бастады. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісі тұсында шығып, қазақтың қоғамдық-саяси өміріне онша ықпал ете алмай ғайып болған «Серке» және «Қазақ газеті» солардың қатарында.
1911 жылы шыға бастаған өзге екі басылым – «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналы әлдеқайда салмақты көрінді және дәуірі ұзағырақ болды. Газетті кадет корпусының түлегі, белгілі ақын әрі ағартушы Шәңгерей Бөкейұлы ашты, ал журналды шығаруға белгілі қоғам қайраткері, публицист әрі педагог Мұхаметжан Сералин мұрындық болды әрі өзі редаторлық етті.
15 нөмірі жарық көрісімен отаршыл биліктің күштеуімен жабылған «Қазақ» газетіне қарағанда, түрлі дерек бойынша таралымы 500-ден 1 мыңға дейін жеткен «Айқап» журналының тұрақты оқырмандары болды.
-
Ресейдегі ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы және оның Қазақстанға әсері.
Ақпан төңкерісі — 1917 жылғы 27 ақпанда (12 наурыз) Ресей империясында патша үкіметін құлатып, елде буржуазиялық-демократиялық республика орнатқан төңкеріс.
Ақпан төңкерісінің жеңісі саяси жүйенің жоғарғы сатысы — республикалық құрылысқа көшуге жағдай туғызумен қатар отаршыл жүйенің күш-қуатын әлсіретуге де мүмкіндік берді. Ақпан төңкерісі нәтижесінде ресми билікті қолына алған Мемлекеттік Думаның шешімімен құрылған Уақытша үкімет қазақ халқының 1916 жылы өзін-өзі билеуге құқықты болғандығын мойындады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарды жазалау экспедицияларының әрекеттері тоқтатылды. Ақпан төңкерісінің жеңісінің ең маңызды нәтижесі бұрынғы Ресей империясы аумағында кең көлемде саяси бостандықтар орын алып, бүкіл қоғамдық өмірдің демократиялануы болды. Бүкіл аймақта буржуазиялық мәндегі бостандықтар (саяси ұйым құру, сөз, баспасөз т.б.) жүзеге асырыла бастады, жасырын түрдегі партиялар жариялық жағдайға шықты, жаңа партиялар мен басқа да саяси ұйымдар құруға рұқсат етілді. Алайда Ақпан төңкерісі жеңісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін шеше алған жоқ (мысалы, соғыс және жер мәселелерін). Ақпан төңкерісі монархияны құлатқанымен жер-жердегі ескі басқару аппаратын түбегейлі жоя алмады. Жаңа үкімет органдарын құру үшін күрес күрделі болып, ұзаққа созылды. Жер-жерлерде буржуазияшыл Уақытша үкіметтің органдарымен қатар орталықта Петроград кеңесі басқарған жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңестері құрылды. Революция жеңісіне жеткеннен кейінгі алғашқы күндерде Кеңестердің қолында айтарлықтай күш болды. Елде қос үкіметтілік (ресми Уақытша үкімет және оның жергілікті жүйесі мен нақтылы күшке ие болған Кеңестер) жүйесі қатар орын алды.
Уақытша үкімет Ресей империясының Қазақстан сияқты отар аймақтарында кадеттерден, эсерлерден және өзінің саяси бағытын жүзеге асыруға сенімді деп табылған қазақтың ұлттық-демократиялық интеллигенциясының жекелеген өкілдерінен өлкелік, облыстық және уездік комиссарларын тағайындады. Мысалы, Ә.Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы, М.Тынышбаев Жетісу облысындағы комиссарлары болып тағайындалса, М.Шоқай, А.Бірімжанов, А.Кенесарин Түркістан өлкесі мен Торғай өңіріндегі Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жауапты қызметтер атқарды. Қазақстанның облыс, уезд орталықтарында Уақытша үкіметтің жергілікті органдары — атқару катеттер, коалициялық катеттер, азаматтық катеттер жүйесі қалыптасты. Олар негізінен жергілікті орыс буржуазиясының, кәсіпкерлердің, банкирлердің өкілдерінен құрылып, кадеттердің, эсерлердің және соларға жақын саяси партиялар мен қозғалыстардың мүшелері болды. Уақытша үкіметтің өлкедегі ұлттық тірегі 1917 жылғы наурыз айынан құрыла бастаған қазақ және мұсылман катеттері болды. Олар негізінен сол жылғы шілде айында қазақтың ұлттық Алаш партиясын ұйымдастырған Ә.Бөкейханов басқарған ұлттық-демократиялық интеллигенцияның жетекшілігімен құрылды.
Ақпан төңкерісі жеңіске жетісімен ұлттық-демократиялық қозғалыс (1917 жылы шілдеден — Алаш қозғалысы) басшыларының халыққа ұсынған саяси бағдарламасы жалпы алғанда түбірлі түрде Уақытша үкіметтің және оның саяси тірегі болған кадеттер партиясының ел басқарудағы бағытына қайшы келген жоқ. Сондықтан да ұлттық-демократиялық интеллигенция басшылары Уақытша үкіметке қайшы келетін жолды ұстаған кеңестерге әуел бастан-ақ оң көзқараста болмады, олардан өз іргесін қашығырақ салды. Кейінірек, Кеңестер жаппай құрылып, Уақытша үкіметке ашық қарсы шыға бастаған кезде қазақтың ұлттық-демократиялық қозғалысы күрделі жағдайға душар болды.
Қосөкіметтілік өзінің дүниеге келуі арқылы 1917 жылы Ақпан төңкерісінің ішкі қайшылықтарын бейнеледі, елдің қоғамдық-саяси өмірінің тұрақсыз екенін көрсетті. Мұндай жағдай ұзаққа созылмайтын еді: ерте ме, кеш пе, қосөкіметтілік жойылып, барлық билік буржуазия мен оның одақтастарының мүддесін қорғайтын Уақытша үкіметтің немесе 1917 жылғы көктемде әлеуметтік және ұлттық езгінің ауыртпалығын көтерген халықтың басым көпшілігі жұмысшылар мен шаруалардың айтарлықтай бөлігінің сеніміне ие болған Кеңестердің қолына көшуге тиіс еді. Ақырында Ақпан төңкерісінен басталған саяси тұрақсыздық Қазан төңкерісіне ұласып, Уақытша үкімет биліктен тайдырылды.
-
Жалпықазақ съездері және олардың маңызы.
Бірінші жалпықазақ съезі - 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан 20-дан астам қазақ өкілдерінің қатысуымен Орынбор қаласында өткен сиез. Ол Х.Досмұхамедұлының төрағалығымен, А.Байтұрсынұлының, Ә.Көтібаровтың, М.Дулатовтың, А.Сейітовтың хатшылығымен өтті. Бірінші жалпықазақ сиезінің күн тәртібіне сол тарихи кезендегі елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне Қатысты төмендегідей 14 мәселе қойылды:
-
Мемлекеттік құрылыс. -
Қазақ автономиясы. -
Жер мәселесі. -
Халық милициясы. -
Земство. -
Оқу мәселесі. -
Сот мәселесі. -
Дін мәселесі. -
Әйел мәселесі. -
Бүкілресейлік құрылтай жиналысы. -
Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі. -
Қазақ саяси партиясы. -
Жетісу оқиғасы. -
Киевте өтетін Бүкілресейлік федералистер сиезіне және Санкт-Петербургтегі оқу комиссиясына Қазақтан өкіл жіберу.
Сиез қабылданған қаулы бойынша Ресей «демократиялық федеративтік республика болып, қазақ облыстары қоныс, ұлт жігіне қарай облыстық автономия алуға тиіс» болды. Делегаттар жер туралы мәселені аса ұкыптылықпен талқылап, 14 тармақтан тұратын шешім қабылдады. Онда: «Қазақ халқы өзіне қарасты жерге орналасып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін» деп көрсетіліп, бұрын қазақтардың пайдасынан алынып қойған жерлерді кері қайтару талап етілді. Делегаттар «жер туралы қазақ өз алдына заң жобасын жасасын» деген ұсыныс білдіріп, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының болашақ депутаттарына жиналыста бұл мәселені талқылап, оған депутаттыққа кандидат етіп 81 адамнан тұратын тізімді бекітті. Олардың ішінде Ә.Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермеков, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Айдархан Тұрлыбаев, А.Сейітов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, С.Қадырбаев, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, Мұхаметжан Тынышбаев, Ы.Жайнақов, С.Аманжолов, М.Шоқай, Ә.Кенесарин, Қ.Қожықов, Ғ.Оразаев, Б.Құлманов, У.Танашев секілді белгілі қазақ зиялылары болды. Сондай-ақ, депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылғандардың арасында Г.Н. Потанин, В.Чайкин, Т.Нарботабеков, Ә.Диваев сияқты басқа ұлт өкілдері де бар еді.[1]
Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне сиез шешімімен Ақмоладан А.Тұрлыбаев, Семейден Ә.Сәтбаев, Торғайдан Ә.Байғарин, Оралдан Досмұхамедұлы, Бөкей ордасынан У.Танашев, Жетісудан Б.Мәметов, Сырдариядан М.Шоқай, Ферғанадан Ғ.Оразаев сайланды. Бірінші жалпықазақ сиезі қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуы тиіс деп есептеп, бұл партия бағдарламасының жобасын Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Сиездің шешімі бойынша, құрылатын партия парламенттік негізде демократиялык ұстанымдарды басшылыққа алған, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғауды мақсат тұтқан саяси партия болуы тиіс еді. Сиез жұмысы барысында бір топ делегат партия құру ісіне байланысты сөйлеген Бөкейханұлынан ресейлік кадет партиясына қатынасын ашық мәлімдеуді талап етті. Соған байланысты болашақ партия басшысы кадет партиясынан шығатынын мөлімдеді. Сиез өз қаулыларында «осы күнгі тұрақты әскер орнына халық милициясы құрылсын» деп, ұлттық әскер жасақтауды, «көшпелі елдерде отырықшылардікі секілді тоқтаусыз болыстық земство ашылсын» деп, земстволық басқару жүйесінің қазақ тұрмысына бейімделген түрін ұйымдастыруды, «қазақтың народный сотын» жойып, оның орнына «қазақ тұрмысына лайық сот - айрықша сот» құруды жақтап шықты. Сиездің оқу-ағарту ісі, әйел теңдігі және дін мәселелері бойынша қабылданған шешімдері қазақ зиялыларының бұл қоғамдық мәселелерді түсініп, шешуде өз заманындағы қоғамдық ойдың алдыңғы қатарында тұрғандығын айғақтайды. Оқу-ағарту ісіне байланысты «бастауыш білім жалпыға міндетті болсын, бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде жүрсін, мектеп оқулықтары және мерзімді басылым «Қазақ» газеті емлесімен жазылсын» деп көрсетіп, ал әйел теңдігі жөнінде «әйелдер саяси құқықта ерлермен тең, ерге шығу еркі әйелдің өзінде болсын, қалыңмал жойылсын, 16-ға толмаған қызға құда түсу болмасын, неке қиярда әйел мен еркекті беттестіріп, ризалықтары ескеріліп отырсын» деп қаулы етті. Сиез Жетісу облысында туындап отырған жағдайды талқылап, Ресей ішкі істер министрі атына: «Жетісудағы қазақ-қырғызды атып-жаншып жатқан мұжықтардың және соғыстан қайтқан солдаттың қолынан қару-жарағын жиып алып, халықты тыныштандырсаңыз екен», - деген мазмұндағы жеделхат жолдады. Сонымен бірге Жетісу облысындагы ашаршылықтан қырылып жатқан қазақ-қырғызға «алаш баласының жәрдем беруін» өтініп үндеу тастады. Киев қаласында тамыз айында өтуі тиіс федералшылар сиезіне Бөкейханды, Досмұхамедұлын және Танашевты жіберу жөнінде шешім қабылданды. Санкт-Петербургтегі оқу комиссиясына С. Кенжеұлы баратын болып белгіленді. Сиездің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қабылданған қарарлар кейінірек, 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш» партиясы бағдарламасы жобасында басшылыққа алынды