ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 30.11.2023

Просмотров: 109

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


-Ата, «маңдай тер» деген не?- деп сұрады бірде Хамит.

Атасы ойға шомды. Көзін бір нүктеге қадады. Әжімдері тереңдеді.

Сонан соң Хамитті жетектеп, өзі көшет алып жүрген тоғайға кеді. Қолына күрек ұстатты:

-Қане, екі-үш көшет қазып ал!

Өзі шеткерерірек барып, ағаш көлеңкесіне жайғасты. Хамит пора-порасы шығып терледі. Үйге келген соң да атасы жақ ашпады.

... Жылдар өтіп жатты. Көшеттер үлкен ағашқа айналды. Алма мен жүзім мол жеміс салды. Қоңыр күзде атасы Хамитті ертіп бақ ішіне келді. Қып-қызыл алманың біреуін үзіп, қолына ұстатты. Сондай дәмді!...

  • Маңдай тер деген осы, Хамитжан. Өзіңнің маңдай теріңнің жемісі.

Хамит атасын құшақтай алды. (90 сөз)
Мазмұндау жоспары:

  1. Қария кім болып істеген?

  2. Ол кімді ертіп жүреді?

  3. Хамит атасынан не деп сұрады?

  4. Оған жауап орнына қандай жұмыс жасатты?

  5. Көп жылдың соң қандай өзгерістер болды?

  6. Атасы «маңдай тер» дегенді қалай түсіндірді?



Құмырсқа мен кептер

(ертегі)

Құмырсқа су ішуге арыққа барыпты. Еңкейіп су іше бергенде, толқын ала жөнелді. Жағадан бірте-бірте алыстап барады. Өлім қауіпі төнді. Оның мүшкіл халін кептер байқап қалды. Жәрдем етпекші болды. Ол жерден шөп іліп алып, құмырсқаның алдына тастады. Қарманып жүріп аман-есен жағаға шықты. Кептерге істеген жақсылығы үшін алғысын жаудырды.

Бір күні сол құмырсқа жолмен келе жатқан еді. Ағаш бұтағында қаннен-қаперсіз отырған кептерді бір мерген атпақ болып тұр екен. Құмырсқа аңшының аяғын шағып кеп алды. Мерген ұшып түсті. Садағын қоя салып, ашыған жерін сипалап жатты. Мұны байқаған кептер ұшып кетті. Сөйтіп бір ажалдан аман қалды.

«Жақсылыққа- жақсылық» деген осы. (81сөз)
Мазмұндау жоспары:

1.Құмырсқаның мүшкіл халі. Еңкейе бергенде, толқын ала жөнелді,

өлім қаупі.

2.Кептердің жәрдемі. Мүшкіл халі, жәрдем, шөп іліп қарманып
жүріп, алғыс.

3.Құмырсқа кептерді ажалдан Қаннен-қаперсіз, шағып кеп,

сақтап қалуы. ыршып түсті.


Кішіпейіл бала

Таңертең мамасы Есімді сүтке жұмсаған. Кезекте адам көп екен. Сүтке таяп қалғанда Есім артына қарады. Кезек соңындағы бір қарияны көрді. Көрші үйдегі әжей. Балаға көзі түскен соң ол кісі де жымиды. Есім әлденеге сәл-пәл ыңғайсызданып қалды. Өзінің бұрын алып кеткені дұрыс емес сияқты.

Сосын, әлгі кісінің қасына келді де:

-Әжей, сіз барып менің орныма тұрыңыз. Мен сіздің орныңызда қалайын,-деді.

- Жоқ, айналайын. Менің уақытым көп. Ал сен сабағыңнан қалып қоярсың, рақмет ниетіңе,-деп алғысын айтты әже. Ыдысын көтеріп, томпаңдап бара жатқан Есімге тұрғандардың бәрі қызыға қарады:


-Неткен кішіпейіл бала! (90 сөз)
Мазмұндау жоспары:

1.Таңертең мамасы Есімді Сүтке.

қайда жұмсады?

2.Кезек соңында тұрған кімді көрді? Көрші әжейді.

3.Есім неге ыңғайсызданып қалды? Өзінің әжейден бұрын тұрғанына.

4.Есім әжейге не деді? Сіз барып менің орныма тұрыңыз.

5.Әжей не деп жауап қайырды? Рахмет ниетіңе деп,- алғыс айтты.

6.Неткен кішіпейіл бала!


Шілдің балапаны

Күн ыстық. Бір топ бала қарақат теруге бара жатыр. Базылбек пен Телжан өзге балалардан бөлініп кетті. Олар бұлақ басына жете бергенде, алдарынан екі шіл дүр етіп ұшты. Қанаттанбаған жиырмадан астам қоңыр балапан жан-жаққа шашырай қашты. Базылбек артта қалған бір балапанға тұра ұмтылды. Қолын созып еңкейе бергенде, балапан тас үстіне құлады. Ол балапанды көтеріп алды. Алақанда қимылсыз жатыр. Мойыны былқ-сылқ етеді, көзі жұмулы.

Балалар балапанның өліп қалғанына қатты өкінді. Базылбек күрсінді де, шілді тас үстіне қойды. Екеуі де оған үнсіз қарап тұр. Балапан бір көзін ашып қарады. Айналаға қарап алды да жүгіре жөнелді. Қас қаққанша шөп арасына сіңіп кетті. Балалар оның өтірік өлгеніне мәз боп күлді. (93сөз)
Мазмұндау жоспары:

  1. Балалар қайда бара жатқан еді? Қарақат теруге.

  2. Базылбек пен Телжан бұлақ басына Қоңыр балапан ,

не көрді? шашырай қашты.

  1. Балалар неге өкінді? Өліп қалғанына.


Бір сабақ жіп

Баяғыда бір шал мен кемпір болыпты. Олардың бір қызы болыпты. Күндердің күнінде қыздың шешесі дүние салыпты. Айлар өтеді, жылдар өтеді. Бірде үсті-басы тозып кеткен қызын көрген әкесі:

-Қызым, басқа ештеңе істемесең де, үстіңе бір сабақ жіп іл,-дейді. Күніне етегіне бір сабақ іліп, қыз әкесінің айтқанын орындайды. Бір күні жолаушылап келген әкесінің алдынан қызы жүгіріп шығады. Қыз үстіндегі жалбыраған жіптерінен әкесінің аты үркіп, өлтіріп кете жаздады. Өз қызын әзір таныған әкесі қызына айтқан сөзі есіне түседі. Қапаланған түрі мен жерге қарайды. (82сөз)
Мазмұндау жоспары:

  1. Қыздың үсті басы неге тозып кетті? Күндердің күнінде, дүние

салды,айлар өтеді.

  1. Әкесі оған қандай ақыл айтады? Үстіне, жіп сабақ, жіп іл.

  2. Қыз әке ақылын қалай орындады? Етегіне айтқанын орындады.

  3. Әкесі неге қапаланды? Қапаланған түрімен, ақылы-

на түсінбегендігіне.
Мәтінді оқып шығып, тірек сөздерді пайдаланып, мазмұнын ықшамдап жазу.
Қолғабыс

Күздің қара суығының қақағанына көп болды. ызғарлы да, өткір. Түстен кейінгі кезекте оқитын Әлихан Сембекпен бірге мектепке келе жатты. Иығына дәу қара портфель. Екі ауылдың арасын таспадай темір жол бөліп тұр. Жолдың жиегінде тұрған кемпір мен шалды әуелі Әлихан байқап қалды. Олар жайдан жай тұрмаған секілді. Мүсәпір адамдарға ұқсамайды. Өйткені шалды қолтығында қос балдағы бар екен.



Шамалы жер жүреді де тоқтайды Жанындағы кемпірі сүйемелдеп келеді. Жол ұзақ. Вокзал бетке өту үшін әлі біраз жер жүрулері керек. Әлиханның бар ынта-ықыласы қарттарға ауды. Сабақтың басталуына әлі ерте.«Кемтар жандарды көрсең көмегіңді аяма» деген әжесінің сөзі оның ойына оралды.

  • Ата, әже сіздерді жолдың арғы бетіне өткізіп салайық,-деді Әлихан.

Қариялар қарсы болған жоқ. Қайта қуанып қалды. Әжесінің көзі нашар көреді екен. Олар әуелі балдақты атаны, сосын барып әжені қолынан жетектеп өткізді. Қарттар батасын беріп,алғыстарын жаңбырдай жаудырды. Әлихан мен Сембек мектепке келгенде сабақ әлі басталмаған екен. (90 сөз) «Балдырған» журналынан.

Тірек сөздер: күз, мектеп, Әлихан, қарт, адамдар, бата.
Мазмұндау жоспары:

1.Жылдың қай мезгілі?

2.Мектепке кімдер келе жатты?

3. Әлихан кімдерді көріп қалды?

4. Олар қандай адамдар?

5. Балалар ата мен әжеге қалай көмектесті?
Қарт атасы мен немересі

Атасы әбден қартайды. Аяғы жүруден, көзі көруден, құлағы естуден қалды.Тістен тіс қалмады. Ішкен асы езуінен ағып отыратын болады. Ұлы мен келіні оны стол басына отырғызбай, тамағын пештің үстіне тасып беріп жүр еді. Бірде келіні көжесін аяққа құйып әкелген еді. Қарт ыдысты жылжыта беріп, жерге түсіріп алды. Ыдыс сынып қалды. Келіні: «Үйдегінің бәрін бүлдіріп, шыны аяқты шағып бітірдің. Бұдан былай тамақты ит аяққа құйып беремін» деп зіркілдеді. Шал ештеңе демеді. Күрсінді де қояды.

Бірде ерлі- зайыптының көзі еденде құнжиындап ағаш жонып ойнап отырған ұлдарына түсті. Әкесі: «Не істеп отырсың, Марат?» деп сұрады. «сендерге, мамам екеуіңе, қартайғанда тамақ құйып беретін ит аяқ жасап отырмын, әке»-дейді Марат. Ерлі-зайыптылар бір-біріне қарап, жылап жіберді. Өздерінің қартты ренжіткеніне қысылды.

Содан бастап оны қайтадан стол басына жайғастырып, қызмет көрсетіп, асты-үстіне түсіп отыратын болды. (90 сөз) «Балдырған» журналынан

Мазмұндау жоспары:

  1. Атасы қартайғанда қандай күйде болады?

  2. Ұлы мен келіні атасын қалай күтеді?

  3. Келіні атасына не деді?

  4. Баласы Марат не істеді?



Тұңғыш қазақ ғарышкері

Әуелі Тоқтар ғарышкерлер тобына дайындыққа қосылды. Аз уақыт қабілет бейім танытқан ол мемлекеттік сарапшылар тарапынан жоғары баға алды.

Сосын ұшушылар құрамына кіріп,-ғарышты күндерінің жоспарымен танысты. Ұлы жазушы Олжас Сүлейменов туған халқына батыр ұлын алғаш былай таныстырған:

Тоқтар ер тұлғалы, елгезек, ар-иманы бетіне үйірілген. Жаны жайсаң, ашық-жарқын, өзгенің жанын түсіне білетін, байқампаз азамат кейпінде танылды. Екі жасында әкеден жетім қалып, апа-жездесінің қолында өскен.


Қазақ балаларына нендей тілек айтасыз?-дегенде. Тоқтар Әубәкіров тереңнен толғай жауап қатып: «Інілерім мен қарындастарым өнерді қорықпай алыстан да іздесін, өнер тапсын. Және өнерді қорықпай алыстанда іздесін, ғасырдың ғылыми, жетістіктерін меңгерсін », -деп тілек айтты.

1991жылы қазан айының 10-ында Тоқтар Әубәкіров тұңғыш ғарышкер атанды.

Б.Төлеубайұлы (90сөз)
Мазмұндау жоспары:
1.Тоқтар туралы не білесіңдер?

2. Тоқтарды қандай азамат деп танисыңдар?

3. Тоқтардың балаларға айтқан тілегі қандай?

4. Тұңғыш ғарышкер батыр атағын қашан алды?
Бозторғайдың ерлігі

Бозторғай балапандарына ертелі-кеш жем тасумен жүрген еді.

Күн сәскеге таянғанда, ұясына жем алыпұшып жеткен бозторғай бір қатердің үстінен түсті. Ұзындығы сала құлаш қара шұбар жылан тілін сумаңдатып, ұясына жақындап қалыпты. Балапандар ауызын ашып, шыр-шыр етеді.

Бозторғай ұя мен жыланның аралығына келіп қонды.

  • Мына сорлы қайтеді, ей?! Жан керек болса, былай тұр жолымнан, -деді

жылан басын көтеріп.

  • Сен менің балапандарымды жемексің, қалайша мен саған жол

бермекпін? Жоқ, ол болмас.

  • Онда өзіңді жеймін.

  • Жей алмайсың.

  • Не дейсің? Бозторғай жыланға қыр көрсетті дегенді кім естіген.

  • Кім естісе, ол естісін. Мен балапандарымды тастап кете алмаймын.

Одан да өзімнің өлгенім жақсы.

  • Онда кел бері, түс аузыма.

  • Аш аузыңды.

Жылан аузын ашып, көзін жұмды.

Бозторғайға керегі де осы еді, жыланды шап беріп екі аяғымен басынан

мықтап бүріп, жерден іліп әкетті. Жылан торғайды орып алмақ болып жиырылып әлектеніп көріп еді, ештеңе шықпады. Бозторғай шырқай көтеріліп, тү-у биіктен жыланды жалпақ тастың үстіне тастап жіберді. Содан соң жер бауырлай ұшып, оның парша-паршасы шыққанын көрді де, жөніне кетті.

Бозторғай бұл ерлікке балапандары үшін барған еді. (Ә.Қалдыбаев, 100сөз).

Сөздік: сала құлаш, қыр көрсету, қатер.

Мазмұндау жоспары:

1. Жем тасыған бозторғай.

2. Келген қатер.

3. Балапандар шырылы.

4. Бозторғай мен жыланның егесі.

Екі дос

Ертеде, ел арасында жаугершілік жиі болатын кезде, қазақтың екі жауынгері төс қағысып дос болады.

Бірде әскерлер бір өзеннің бойында шатыр тігіп, демалыпты. Тұтқиылдан жаудың қалың қолы шабуыл жасапты. Тонаған мал-мүліктерін тиеп кетіпті. Қолға түскен азаматтарды айдап әкетіпті. Әлгі елі достың біреуі жау қолына түседі. Досының қолға түсіп қалғанын естіген екінші батыр күздің қар суығына қарамастан, өзенді малтып өтіп, жау жатқан жағаға келеді Анталаған жау әскерлері оны тарпа бас салады. Жауынгер өзін қолбасыларына апаруды өтінеді. Алып келген соң ол жаудың қолбасшысына:


  • Мен қолдарыңа түскен бір жауынгерге құн төлеп, сатып алуға келдім.

Менің оған айырбасқа беретін малым, мүлкім жоқ. Бір-ақ нәрсе беремін. Ол –өзімнің өмірім. Досымды босатыңдар, ол үшін өзімнің өмірімді қияр едім, - дейді.

Қолбасшысы ойланып отырып, оны сынамақ болады да:

  • Жарайды, мен сені қыршыныңнан қимай-ақ қояйын. Маған сол

өміріңнің бір бөлшегін ғана берсең болады, - дейді.

  • Ол не дейді? –дейді досын құтқаруға асыққан жігіт.

  • Маған сенің көздерің керек, - дейді қолбасы.

  • – Екі көзіңді ойып аламын.

  • Айтқаның болсын, көзімді тезірек ал да, досымды босат, - дейді.

Жігіт бұл сыннан толқусыз өтеді.

Әлгі жауынгер тұтқыннан босаған досының иығына қолын қойып, зағип

күйі қуанып, күлімдеп келе жатады.

Мұны көрген жаудың қолбасшысы: «Мынадай ерлері бар халықты тұтқиылдан келіп, қапыда бас салған жағдайда болмаса, бетпе-бет ұрыста қиынға соғады», - деп түйеді. Сөйтіп, өз әскерлеріне шегінуге бұйрық берген екен. («Ел аузынан», 110 сөз).

Сөздік: тұтқиылдан, зағип, қапыда.

Мазмұндау жоспары:

1. Жауынгершілік заман. Достық.

2. Тұтқиылдан келген жау.

3. Тұтқын.

4. Құн төлеу.

5. Сынақ.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫ

МАЗМҰНДАМАЛАР ЖИНАҒЫ

(1-4 кластарға арналған)

АҚТӨБЕ,2014

Ақтөбе облыстық оқу-әдістемелік орталықтың ғылыми –әдістемелік кеңесінде талқыланып, баспаға ұсынылды

Автор-құрастырушылар:

М.К.Алдабергенова, Н.К.Кабидуллина - Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы Құмжарған

орта мектебінің І санатты бастауыш класс мұғалімдері

Пікір жазғандар:

С.О.Жубаева- Ақтөбе облыстық оқу-әдістемелік орталығы, «Жалпы

білім беру бастауыш класс» бөлімінің меңгерушісі

«Мазмұндамалар жинағы» көмекші құралы жалпы білім беретін мектептердің бастауыш класс оқушыларына жазба жұмысын ұйымдастыру мақсатында жасалды. Жинақ 1-4 кластың қазақ тілінен стандарттың сөз нормасына сай мазмұндамалар мәтіндері мен мәтінге арналған жоспарды құрайды. Бастауыш класс мұғалімдеріне көмекші құрал ретінде ұсынылады

АЛҒЫ СӨЗ

Ұлттық тіл - әр халықтың өзіндік ой-санасы мен парасатын, бүкіл болмыс-тіршілігі мен сезім түйсігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін күретамыр. Мемлекеттік тіл - тәуелсіз ұлттың мәдениеті мен рухани болмысының негізгі тірегі. Әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу жағдайында қазақ тілін оқыту мәселесіне үлкен көңіл бөлуді талап етеді. Осыған орай, оқыту тәжірибесіне түрлі педагогикалық технологиялар енгізіліп, қазақ тілін жаңа педагогикалық технологияларға сәйкес оқыту жұмысының маңыздылығы арта түсті.