ВУЗ: Казахский национальный медицинский университет им. С.Д. Асфендиярова
Категория: Ответы на вопросы
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 05.02.2019
Просмотров: 3597
Скачиваний: 3
Тік ішектегі ісік жиі ыдырайды, ол кезде оның ортасы терең ойық жараға айналады («табақша тәрізді рак»). Ал жайылмалы ойық жара көтен маңайында жиі болады.
Морфологиялық түрлерінде 90,0% ісік безді рак, оның клеткасы әртүрлі деңгейде пісіп- жетілген, ал 10,0% жағдайда ісік тінді, шырышты, жайылма клеткалы, пісіп-жетілмеген және дәнекер тінді болып келеді. Жайылма клеткалы түрі көтен аймағында орналасады.
А Б
№6- сурет.Тік ішектің экзофитті түмешік (А) және табақша (Б) тәрізді рагы
Тік ішектің ампуласының жоғарғы жағы және ректосигмоидты бөлігінде орналасқан рак ішек қабырғасымен көлденең бағытта өседі. Осылай өсудің нәтижесінде эндофитті ісіктер ректосигмоидты бөлімде сақина тәріздес қысып, ішек қуысын бітеп, нәжістің қатуына мүмкіндік тудырады, ал ісік түйінінің көрініп тұрған шекарасынан ісік клеткалары 2-4 см-ге дейін арақашықтыққа тарайды. Рак эндофитті өскен кезде және ішектің барлық қабаттары түгел зақымданған кезде оның клеткалары бұдан да қашық жерге жайылуы мүмкін. Тікелей көрші сау ұлпаға (тінге) көшу жолымен ісік тік ішектен шығып, оның айналасындағы май қабатын, не көрші мүшеге өтеді. Сонымен ісік тік ішектің алдыңғы жағында орналасса, әйелдерде қынаптың артына, еркектерде - қуықасты безге, ұрық жолдарына, ал жоғарғы бөлігінде орналасқан ісікте - қуық, жатыр, іш пердені зақымдайды.
№7- сурет. Тік ішектің эндофитті жайылмалы рагы
№ 8- сурет. Тік ішектің аралас рагы
Ісік мүшенің ортасында, не жоғары жағында жатса, лимфа арқылы бөгелме ісік, жоғарғы тік ішек артериясының бойымен жоғарғы тік ішек лимфа бездеріне тарап, одан әрі қарай - іш перденің артындағы лимфа бездеріне жетеді. Төменгі бөлікте орналасқан ісікте, ортаңғы тік ішек артериясының бойымен жоғары жамбас лимфа жүйесі мен, жамбас қуысындағы бездерге таралады, немесе төменгі тік ішек артериясы арқылы шап бездеріне жетеді.
Бөгелме ісіктердің жиілігі ісік түйінінің түріне, морфологиялық құрылысына, ісіктің дамуына тікелей байланысты. Жалпы бөгелме ісіктер науқастардың 30-60,0% анықталады.
Қан арқылы бөгелме ісіктер бауырда жиі кездесіп, сирек жағдайда іш қабатында, өкпеде, сүйекте т.б. мүшелерде байқалады (№9- сурет).
бауырда өкпеде
іш перде де (стрелка) қолқа айналасында
№ 9- сурет. Тік ішек рагының алысқы бөгелме ісіктері
Тік ішек рагының өсу сатысы (№10- сурет).
І- сатысы, ісік, шырышты қабатының беті мен астында, ішек шеңберінің жартысын қамтиды, бөгелме ісігі жоқ.
ІІ- сатысы, ісік, шырышты қабатыннан бұлшық етке жеткен, ішектің жартысынан артық жер зақымданған, бөгелме ісігі жоқ (ІІ-а), немесе осындай ісік, аймақтық бір-екі лимфа бездері зақымдалған (ІІ-б).
ІІІ- сатысы, ісік, мүшені тұтас зақымдаған, көрші мүшелермен байланыста болып, көптеген лимфа бездерінде бөгелме ісік бар.
ІV- сатысы, үлкен қозғалмайтын ісік, көрші мүшелерде ісіктің екінші ұясы бар және осындай жағдай басқа да мүшелерден анықталынады.
Шет елдерде қазір Dukes жіктеуі қабылданған, ол бойынша:
А өсу дәрежесі - ісік мүшеден тыс шықпаған, шырышты қабатта, немесе оның астында орналасқан, бөгелме ісік жоқ,
В өсу дәрежесі - ісік мүшенің барлық қабаттарын зақымдаған, бірақ бөгелме ісік жоқ,
С өсу дәрежесі - ішектің қабырғаларынан тыс, лимфа бездерінде бөгелме ісік бар,
Д өсу өсу дәрежесі - алыстағы мүшелерде бөгелме ісік бар.
Қазіргі таңда бұлардан басқа халықаралық жіктеу қабылданған (TNM) ол түгел тоқ ішектің жиекті бөлігінің рагындай.
№11- сурет. Тік ішек рагының даму сатысы.
Тік ішек рагының ХАЖ-10 бойынша таңбалануы:
C20 -Тік ішектің қатерлі ісігі
C21 - Тік ішектің артқы тесігінің қатерлі ісігі [анустың) және анальды түтіктің
C21.0 -Артқы тесікте орналасыуы анықталмаған
Бұған жатпайтындар:
Анальды түтік:
-
терісі (C43.5, C44.5)
-
шеті (C43.5, C44.5)
-
анальды тесік айналасындағы терісі (C43.5, C44.5)
C21.1 - Анальды тұтік
C21.2 - Клоаколық аймақ
C21.8 - Тік ішектің зақымдануы, артқы тесік [анус] және анальды түтік, осы көрсетілген бір не бірнеше аймақ шекарасынан асық зақымдануы
Тік ішек рагының клиникалық белгілері
Тік ішек рагының жалпы клиникалық белгілері төрт топқа бөлінеді:
1. Патологиялық шығынды - қан, шырышты сірне және ірің. Бұлар экзофитті ісіктерде басымырақ көрінеді. Ең негізгісі- қанның (85,0%) нәжісте болуы. Қанның көптігі соншалықты ол қан кетуге әкеліп соғады. Алғашқыда, қан үлкен дәреттің алдында тамшылап, оның түсі алқызыл нәжіспен араласпайды. Ал кейде, шырышты сулы сірнеме араласады, өте сирек жағдайда іріңді қан болуы мүмкін, ол кезде жағымсыз сасық иіс пайда болады.
Сонымен нәжістегі бір рет көрінген қан, әр уақытта тік ішек ісігіне күдік туғызады. Ал ісік көзі ішектің жоғары бөлігінде болған сайын, қаннан бөлек шырышты сірнелі жиі кездесіп, 30% ауруларда анықталады.
Рак жарасынын ыдырауынан, тік ішек шығындысы, әр уақытта жағымсыз иісті ірің- болып келеді.
Мүше қызметінің бұзылуы рак ауруында біркелкі келмейді. Ол ішектен шыққан нәжістің ретсіз жүруімен және оның пішінінің өзгеруімен анықталса, 20,0% ауруларда нәжістің тоқтауы байқалады. Сонымен ұзақ уақыт тоқталып, жиналып қалған нәжіс, сыртқа көп мөдшерде шығады және өте жағымсыз иісті болады. Кейбір кезде ішек нәжістен толық босамайды, адам үлкен дәретке отырғысы келіп тұрғанмен, нәжіс толық сыртқа шықпайды.
Ісік ректосигмоидты бөлікте орналасса. іштегі нәжістің қатуы 2-4,0% жағдайда кездеседі. Тік ішек рагында іш өту, іш қатудан гөрі сирек байқалынады, оны тоқтату өте қиын болады. Кейде іш өту, іш қатумен қосарланып жүреді. Науқасты үлкен дәрет тартып тұрғандықтан, көбінесе «жалған іш өту» сезімі болып, шығындыда қан мен шырышты сұйық сірне өте аз кездеседі.
Нәжістің жалпы пішіні тік ішек рагында сирек өзгереді, ол жан-жағынан қысылған, жуан жіп, немесе бөлек-бөлек құмалақ сияқты болуы мүмкін. Сирек болса да осындай нәжістің ұзақ уақыттағы көрінісі, әр уақытта, ракқа күдік туғызуы мүмкіндігін ескерген жөн. Сондықтан себепсіз іш өту, немесе қату және нәжістегі өзгерістер міндетті түрде арнайы тексерулерді қажет етеді.
Тік ішек рагында ауырсыну сезімі, ол ішектің барлық қабаты зақымданғанда білініп, өте кеш байқаладыі,. Бұл кезде ауырсыну нақты, тиянақты сезіледі және ол үлкен дәрет кезінде күшейіп, құймышақ пен «сегіз көзге», немесе іштің төменгі жақтарына беріледі. Аналды рактың алғашқы өсу кезеңдерінде бірінші ауырсыну сезімі білінеді, ол үлкен дәрет кезінде қатты мазалайды. Науқастың хал-ахуалы ісіктің алғашқы кезеңдерінде еш уақытта өзгермейді, тек кейіннен барып, 20% аурулардың дене салмағы төмендеп, қан азайу да білінеді.
Тік ішек рагын басқа аурулардан ажырату онша қиын емес.
Біріншіден нәжістегі қанның көрінуі – көтеуде, ішек жарылғанда, жарақаттанғанда да пайда болады.
Екіншіден қабыну аурулары да (тышқақ, ойық жаралы проктит) осы белгіні береді.
Үшіншіден қатерсіз ісік- тік ішек түймешіктері – тітіркеніп, жараланған кездеде нәжісте қанның көрінуі байқалады.
Көтеу кезінде нәжісте қан үлкен дәреттің соңында көрінеді, бірақ ол рак ауруымен қосарланып жүруі мүмкін. Мұндайда оларды ажырату қиынға соғады.
Тік ішектің жарылуы, зақымдануы үлкен дәрет кезінде қатты, «күйдіргі ауырсыну сезімін» туғызады.
Жедел проктит пен тышқақта – іш өту, шырышты сірне шығу, кейде азырақ қан кетуі, үлкен дәретке жиі-жиі отыру белгілері байқалып, олар науқасты жиі мазалайды. Бірақ осылардың бәрі рак ауруында болатындықтан арнайы онкологиялық бағытта тексеруді: ректороманоскопия, саусақпен тік ішекті көру, ирригоскопияны жасау диагнозды дәл анықтауға негізгі себеп болады.
Тік ішек рагының диагностикасы
Тік ішек рагына күдік туғанда ең алдымен мына тексерулерді орындау керек.
Олар:
-
сыртартқысын жинау,
-
қанды жалпы сараптау,
-
өкпені рентгенге түсіру (флюрография),
-
тік ішекті саусақпен көру,
-
ректороманоскопияны жүргізу,
-
ирригоскопия жасау.
-
ұрықтық-рак-антигенін тексеру міндетті емес.
Сыртартқысын жинау. Аурудың даму тарихымен таныс қанда ерекше көңілді «қауіп-қатерлі» белгілерге бөлу қажет, олардың біліну мезгілдеріне, тұрақтылығына, реттілігіне маңызды сипат беру керек. Тік ішек рагына клиникалық көріністердің ұзақ уақыт (апта, ай санап) болуы тән, тіпті, олардың бір-ақ рет болып, содан кейін көрінбей кетсе де.
Көтеу және басқа да қабыну аурулары қосарланып келсе, онда аурудың шағымы, өтініші өзгеретіндігіне күмән келтіруге болмайды, тек мұқият анықтау керек.
Тік ішек рагына қауіп-қатерлі белгілерге мыналар жатады:
-
нәжісте қанның болуы, тіпті, ол бір-ақ рет көрінсе де,
-
тұрақты іш тоқтап, немесе оның іш өтумен алмасуы, сол кезде өте жағымсыз иісті нәжістің шығуы,
-
үлкен дәреттің толық емес жартылай орындалуы,
-
нәжістің көлемі мен пішінінің өзгеруі,
-
жамбас қуысында ауырсыну сезімнің қалыптасуы.
Осы көрсетілгендердің біреуі болса, онда тік ішек міндетті түрде саусақпен тексерілу қажет. Тік ішекті саусақпен көру, оның кез келген ауруында қолданатын ең керекті дәрігерлік іс-әрекет. Оны орындау үшін тік ішекті бес бағытта қарау керек: адамды шалқасына, оң және сол қырына жатқызып, одан соң төрт тағандатып (шынтақ пен тізені тіреп) және жартылай отырғызып саусақпен көру керек.. Кейінгі жағдайда тік ішектегі ісік сәл де болса төмендеп, көтеннен 8-9 см қашықтықта орналасуы мүмкін.
Саусақпан көру кезінде (11- сурет), резенке қолғап киіп, сұқ саусаққа май жағылады да, ол тік ішекке артқы тесіктен енгізіледі. Саусақты айналдырып ішектің ішкі қабырғасын сипайды. Қалыпты жағдайда ол жұмсақ келеді, еш жерде қатайған түйін немесе қуысқа қарай шығып тұрған өсінді болмайды.
Тексеру кезінде саусақпен қатты бір өспе, не түйін анықталса, онда бірден тік ішек ісігіне күдіктену керек. Ісік түйіні ауырмайды, қозғалысы тежелген, тегіс емес, жағалары бұлтыйып білеуленіп тұрады. Тексерудің соңында, сұқ саусақта міндетті түрде қан болады. Сондықтан осы тәсіл тік ішектің кез келген ауруында қолданылады. Бұл тәсілсіз, тек сыртартқы арқылы диагноз қою - мүлдем қате болып саналады.
Ректороманоскопия - тік ішек ауруларында қолданатын ең негізгі диагностикалық тәсіл (№12- сурет А,Б). Аспапты қолданар алдында ауру адам екі рет тазалау клизмасы (кешке және ертеңмен тексеруден 1,5-2 сағат бұрын) жасалынады.
№11- сурет. Тік ішекті саусақпен тексеру.
тік ішек айнасы ректоскоп
№12- сурет А. Тік ішекті тексеретін негізгі аппараттар
Науқасты екбетімен тізе мен шынтақты тіреп, сәл белін бүгіп жатқызады. Аспаптың ішекке кіретін жағын (тубусын) вазелинмен майлап, артқы тесік арқылы 5-6 см жерге кіргізеді. Осыдан кейін тубустың ішіндегі бітегіш (обураторды) алынып, оған көзбен қарайтын әйнек (окуляр) кіргізіледі; аспапты жарық көзіне қосып, жарық беріліп, көзбен бақылай отырып, оны ақырын жәйлап, 25-30 см-ге дейін ішек қуысына енгізеді. Аспапты ішек ішімен зақымдамай жоғары енгізу кезінде, әуелі резенке балон арқылы, ішек қуысына жел жіберіп, оның қабырғаларын керіп, бақылауға мүмкіндік тудырады. Аспаптың түтігі тік ішектің иірімдеріне сәйкес алдымен аналды бөлімнен өткен соң, сәл жоғары көтеріліп, көлденең бағытқа жетіп, 15-17 см-ден кейін, солға қарай бұрып, қарағанда ректосигмоид бөлімі көрінеді.
Тік ішек қуысы - аспапты жоғары енгізу кезінде және оны ішектен шығарарда - екі рет көріледі.
№12- сурет Б. Тік ішекті ректоскоппен қарау.
Ректороманоскопия кезінде көзге ішек қуысында экзофитті немесе эндофитті ісік байқалса (№13- сурет), ол ақшыл - қызғылт түсті, ыдыраған ұлпасы болса- жұмсақтау, ал ыдырамаса - қатты ойық жара, беті іріңді қабықпен жабылған, түрткен кезде тез қанайды. Ойық жара, табақша тәріздес келіп, жағалары тегіс емес, беті адыр-бұдыр болады. Ойық жарадан арнайы тістегіш құралмен (хонкотом) ет кесіп, немесе щеткамен оның бетінен жақпа алынады. Кесілген жер қанаса, оны тоқтату ұщін, сол жерді ұзын қысқышпен ұсталған дәкемен біраз басу керек, ал қан тоқтамаса, электр тогымен ол жер күйдіріледі.
№13- сурет. Тік ішек рагының эндоскопиялық көрінісі.
Жараның ортасынан ет кесіп алуға болмайды, себебі ісіктің ортасы өліеттеніп, ыдырайды, оны зерттегенде еш нәрсе табылмайды, сондықтан биопсияны жараның шеткі жағасынан алу керек. Кесілген заттың көлемі 1,0 см-ден кем болмауы керек (хонкотомның қасығы толу керек), одан төмен болса, онда зерттеу кезінде одан ісікке тән клеткаларды табу мұмкін болмайды. Кейде ісіктің бірнеше жерінен биопсия алуға тұра келеді.
Ирригоскопия- тік ішекті рентгенмен тексеру, ол ішек қуысына барий тұзын енгізу арқылы орындалады. Рентгенограммада ішек қабырғасында толу кемістігі, немесе оның тегістігінің бұзылғаны көрінеді.
Қосымша диагностикалық әдістерге ультрадыбыстық тексеру және компьютерлік томография кіреді. Бұлар ісіктің өсу сатысын анықтау және сол арқылы нәтижелі емдік жоспар жасау үшін қажет.
Тік ішек рагын ерте анықтау жүйесіне скринингті тәсіл жатады, соның ішінде, тік ішекті саусақпен карау мен гемокулт-тестті жүргізу. Тік ішекті саусақпен қарау емханалардың көру бөлмесінде, 45 жастан асқан және қауіп- қатерлі топтағы адамдар арасында жүргізіледі.
Қауіп-қатерлі топтарға: тұқымында тоқ ішек рагымен ауырып, емделгендер, ішектерінде түймешіктері барлар жатады. Оларды әр жылда бір рет саусақпен тік ішекті тексерумен қатар, әр 5 жылда бір рет колоноскопия жасап отыру керек.
Жоспарлы түрде скрининг тәсілі, гемокульттест арқылы жүргізіліп отырылса, әр 1000 адамның 2-4 нен қатерлі ісіктің алғашқы сатылары табылуы мүмкін.
Тік ішек рагын емдеу әдістері
Хирургиялық әдіс
Тік ішек рагында жалғыз радикалды ем қатарына хирургиялық әдіс жатады. Сәуле және химия әдістері паллиативті әсер етеді, сондықтан олар операцияға қосымша ем ретінде қолданылады. Тік ішектің аналды бөлік рагының І-ІІ өсу сатысында сәулемен емдеу ең тиімді болып саналады.
Радикалды операциялардың түрлері көп, оларды жоспарлау ісіктің сатысына және орналасқан жеріне байланысты. Жалпы операция жасауды жоспарлау кезінде, тік ішектің қыспағынан ісік шеті 5 см-ден жоғары болуы тиіс, бұл қағида қыспақты сақтап, не оны сылып тастауға негіз болады.
Сонымен, тік ішек рагы ертерек анықталып және ол неғұрлым жоғары орналасқан кезде, физиологиялық тұрғыдан өте тиімді, 3 түрлі операциялар қолданылуы мүмкін.