Файл: Асхат лімов интербелсенді дістерді жоАРы оу орындарында олдану оу ралы Алматы.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.12.2023

Просмотров: 1131

Скачиваний: 21

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Бұдан әрі қарай сілтеме көзі келесідей беріледі: алдымен автордың фамилиясы, одан кейін қажет болған жағдайда жарық көрген жылы, содан соң беті көрсетіледі. –А.Ә.).

Осыған сәйкес оқу нәтижелерін құрастыру - әр ЖОО-ның, оның ішінде әрбір оқытушының, әр пәннің міндеті болып танылуда. Егерде бұрынырақта жоғары оқу орындары оқудың мазмұнын құрастыруға ден қойған болса (студенттің «не оқу» немесе «не білу» керектігін көрсететін бағдарламалар, оқу жоспарлары), енді кредиттік оқу жүйесі жағдайында олар оқыту (оқытушы әдістемесі), оқу (студенттердің өздігімен үйренуі) және бағалау арқылы студенттердің «не білетіндігін», яғни олардың оқу нәтижелерін анықтауы қажет. Бұрынғы тар мағынадағы «біліктілік» термині енді «құзырлылық» ұғымымен алмастырылған. Ал бұл дегеніңіз студенттің кең ауқымды контекст аумағында (рухани-моральдік, философиялық, әлеуметтік, экономикалық, саяси, т.б) оқып-үйреніп, өмірдің көлденең тартқан қандай да болмасын проблемаларын шешуге құзырлы болуы керек дегенді білдіреді. Мәселе «өмір бойы азық боларлықтай білім беру» идеясының енді «өмір бойы өздігімен үйрену» ұстанымына өзгеруінде болып отыр.

Нәтижеге бағытталу оқу процесінде студентті бірінші орынға шығаруды талап етеді. Ал бұл ұстаным әрбір оқытушыға студенттерді белсенділендіретін оқу/оқыту әдістемелерін қолдануды міндеттейді, өйткені бүгінгі күні оқу процесі бұрынғыдай «үйрету», «оқыту», «беру» сынды етістіктерден құралмай, «ұйымдастыру», «жағдай жасау», «бағыт-бағдар беру» сияқты ұғымдардан тұрады. Оқу процесі студентке бағытталып, студентцентристік идеяларды ұстанғандықтан үйрену мен үйрету әрекеттері қоян-қолтық қарым-қатынастан тұруы керек. Бұл қарым-қатынас оқытушы мен студенттер, студент пен басқа студент, студенттердің шағын топтары арасында өтеді. Оқу мен оқыту, үйрену мен үйрету мұндай қарым-қатынаста біртұтас қалыпта болып, олардың нәтижесі мен маңызы да осындай қарым-қатынасқа тәуелді болады (сол себепті әрі қарай «оқу/оқыту» және «үйрену/үйрету» терминдері жұптасқан қолданыста болады – А.Ә.).

Басқаша сөзбен айтқанда, бүгінгі күні білім беру жүйесінде мәселені тіпті келесідей төтесінен қоюға болады: «Үйрену мен үйрету тек өзара белсенді әрекеттерге негізделген қарым-қатынас арқылы жүзеге асырылады» және «Тек әрекеттесу арқылы ғана үйренуге/үйретуге болады».


Міне, осы себептерге байланысты жоғары мектепте оқу процесінің негізін интербелсенді (интерактивті) әдістемелер құрауы керек, әрбір оқытушы интербелсенді (бұдан әрі қарай «интербелсенді» термині қолданылады – А.Ә.) құралдар мен тәсілдерді өзінің әдістемесінің төрінен көруі қажет.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылдың 1-қыркүйегінде Білім күнін интербелсенді сабақ түрінде өткізуі Елбасының интербелсенді әдістеменің тұлғаны дамыту мен маман қалыптастырудағы ерекше маңызын баса көрсеткендігі деп түсіну керек.

Бұл оқу құралының басты мақсаты – жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерінің назарын интербелсенді оқу/оқытудың ерекшеліктеріне аударып, оларды бұл әдістеменің негізгі идеялары мен әдіс-тәсілдерімен таныстыру. Автор мұнда интербелсенді әдістеменің аз ғана бөлігін сипаттағанын мойындайды. Өзінің педагогикалық философиясында «Әрбір ұстаз – білікті маман, ал әрбір студент – ойшыл тұлға» деген қағидаларды ұстанғандықтан, автор осы құралда келтірілген мәліметтерді әрбір оқырман (оқытушы және студент) өз қажеттіліктеріне икемдеп, бейімдеп, өз мақсаттарына сәйкес өзгертеді, тереңдетеді, дамытады деген үмітін білдіреді.

«Интербелсенді оқу/оқыту» ұғымы жан-жақты, кең мағыналы болғандықтан, оның философиясы мен әдістемесін көптеген оқу/оқыту жүйелерінен көруге болады. Олардың қатарына біздің еліміздің педагогикалық жұртшылығы арасында кеңінен танымал, педагогикалық қолданыста жан-жақты көрініп жүрген «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» халықаралық жобасын, халықаралық «Street Law» және «Тәй-тәй («Step by step») бағдарламаларын, М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясын» және де басқа жобалар мен бағдарламаларды жатқызуға болады.

Бұл орайда әсіресе Қазақстанда 1997 жылдан бастап дамып келе жатқан «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» («Reading and Writer for Critical Thinking») халықаралық жобасының ұстанған философиясы мен әдістемесі интербелсенді оқудың/оқытудың мазмұнына толық сәйкес деп айтуға тұрарлық. Аталмыш жобаны педагогтар арасында тарату ісімен айналысатын Қазақстан Оқу Ассоциациясы (президенті С.С.Мирсейітова) бүгінде еліміздің он төрт мыңнан астам ұстаздарын интербелсенді оқуға/оқытуға үйреткен. Оқу құралының авторы да осы жоба аумағында он жылдан астам қызмет жасаған ұстаз, аталмыш ассоциация мүшелерінің бірі. Бұл құралда «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасының көптеген идеялары мен әдіс-тәсілдері қолданыс тапқан. Автор талай жыл бірлесе әрекеттесіп келген Қазақстан Оқу Ассоциациясының мүшелеріне (олардың ішінде әсіресе Мұрат Құрмановқа) және оның президенті Сапаргүл Мирсейітоваға өзінің шексіз ризашылығын білдіреді.



Оқу құралының идеялары мен негізгі ұғымдары соңғы бес жыл ішінде Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясында жыл бойы өткізіліп отырған «Кәсіби даму мектебі» атты тұрақты семинарда қолданыс тапқан. Бұған қоса автор І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде, Д.А.Қонаев атындағы университетте, Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетінде, Қ.А.Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде және еліміздің басқа да жоғары оқу орындарында өткізген әдістемелік семинарларда осы оқу құралында келтірілген интербелсенді оқудың әдістемесін қолданған.

Жалпы алғанда, «оқу құралы» дегеніміз практикалық маңызы бар жұмыс, сол себепті де автор осы кітапта интербелсенді әдістеменің оқу процесінде қалайша қолдануға болатындығына баса назар аударуға тырысты. Бұл жерде әсіресе кредиттік оқу жағдайында лекция (дәріс) мен семинар сабақтарын қалайша ұйымдастырып, қандай интербелсенді әдіс-тәсілдерді қолдануға болатындығы құрал мазмұнының негізін құрайды.

Интербелсенді оқу/оқыту бірінші мезетте диалогқа негізделетіндіктен, автор оқу құралында өз оқырмандарымен әңгіме, сұхбат құруға ниеттелді. Осы мақсатта мұнда баяндаудың негізгі тәсілі ретінде эссеистік стиль таңдалып, құралдың мазмұнында «Лирикалық шегіністер» айдарымен автордың субъективтік эсселері және сопылық хикаялар қолданылады, Қосымшаларда басқа да ақпарат пен деректер келтіріледі.

Мұндай шешімдердің өміршеңдігі мен ұтымдылығына, оқу құралының пайдасы мен қажеттілігіне оқырмандар әділ баға беріп, өз ойлары мен пікірлерін келтіреді деген үмітпен автор барлық ескертпе мен ұсыныстарға өзінің дайын екендігін білдіріп, келесі электрондық адресін жариялауды жөн көрді: alai@ok.kz.

І. Постиндустриалды дәуірдің білім жүйесі туралы ұстанымдары
1. Білімге деген жаңа көзқарастар мен түсініктер
1.1 Білім «беру» ме, «алу» ма?
«Білім беру» мәселесі туралы әңгіме қозғамас бұрын, бұл атаудың аталмыш процестің мазмұны мен мәнін толық ашпайтындығы жайында айту керек секілді. Өйткені бұл термин тұжырымдамалық және практикалық тұрғыдан көптеген күмәнді сұрақтарды тудырады: Неліктен «білім беру» - «білім алу» емей? Және де кімге «беру»? Білімді «берген» дұрыс па, жоқ әлде «алған» дұрыс па? Білім саласында мақсат қандай болмақ: «алу» ма, жоқ әлде «беру» нәтижелері ме? «Білім беру» ұғымы бір жақты процесті, яғни «берушінінің» белсенділігін ғана меңзеп, «алушыны» бәлсенді (ықтиярсыз, ырықсыз, пассив) етіп көрсетпей ме? Мұнда басты рөлді «үйретуші», «білім беруші» атқара ма? Ал «білім алушының» мақсаттары мен атқаратын рөлі қандай болмақ?


«Білім беру» атауы бүгінгі күннің талаптарына сай келмейді деп тұжырымдауға тұрарлық. Өйткені білім игерудің жаңашыл тұжырымдамалары бұл процестің тиімділігі мен нәтижелігін білім алушының белсенділігімен тікелей байланыстырады. Олардың қағидаларына сәйкес, білім басқа біреудің ықпалынан пайда болмайды, мәселен «беру» арқылы. Білім игеру процесі үйретушінің (ұстаздың) басынан білімді үйренушінің (шәкірттің) басына тасымалдау емес, ал шәкірт білімді басында жинақтаушы (банкте ақша қаражатын жинақтау сияқты) емес. Олай болған жағдайда үйрету/үйрену ісі оп-оңай шаруа болып шығар еді: мұнда тек білімді «беруден» шаршамау керек – тықпыштай бер, тықпыштай бер шәкірт басына! Олай болатын болса, адамдардың бәрі де білімді болып кетер ме еді?.. Өкінішке орай, олай емес.

Білімді болу үшін үйренуші еңбектенуі керек, әрекет жасауы қажет. Білім өз басында (миында) пайда болу үшін адам оны есінде сақтап, түсінуі, қолдануы, талдау жасауы және бағалауы қажет. Осылай ғана білімді игеру мүмкін болар. Үйренуші өзін білім игеру процесінің басты тұлғасы ретінде сезініп қана үйренеді.

Білімге тек үйренуге болады және де үйрену ісі белсенді әрекеттерден құралуы керек: ұмтылыс пен талаптану арқылы ғана біздің білуіміз ықтимал. Білім игеру процесінің басты қағидасы «Үйрету мүмкін емес, үйрену ғана ықтимал!» екендігін бұл жерде баса айту қажет. Білім алушының өзі үйренуге құлық, құлшыныс, ықылас пен ынта танытуы керек. Қандай керемет ұстаздар болмасын, оқуға еш ынтасы мен қызығушылығы жоқ шәкіртті үйрете алмайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы мамыр айының 26 жұлдызында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқыған «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына» атты лекциясында осы мәселені келесі сөздермен дәлелдеп берген сияқты: «Қандайлық жақсы және кәсіби болса-дағы бір де бір оқытушы, егер студенттің өзі білімге ұмтылмаса, егер студенттің өзі кәсіби, жоғары білікті маман болғысы келмесе, оны ештеңеге үйрете алмайды» (Назарбаев Н. Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына. – Егемен Қазақстан, 2006, 27 мамыр).

Білімді игеру екі жақтың да (шәкірт пен ұстаздың) белсенділігін қажет етеді. Ұстаздың мұнда дәстүрлі де үйреншікті «білім көзі», «үйретуші» рөлдерінен бас тартып, оны
«ұйымдастырушы», «сабақты жүргізуші», «үйренуге жағдай жасаушы», «жәрдемші», «көмекші», «бағыт-бағдар сілтеуші», «талаптандырушы», шәкірт пен білімнің арасындағы «делдал» рөлдерімен алмастыруы керек. Үйретуші (ұстаз) білім игеру ісінде басты рөлді үйренушіге (шәкіртке) ұсынады.

Сол себепті де қазақ тілінде «білім беру» термині таным процесінің ерекшеліктерін жан-жақты айқындамайды деуге тұрарлық. Мұндай ойдың айғағы ретінде басқа тілдерден мысалдар келтіріп, оларда қолданыс тапқан атауларды қазақ тіліндегілермен салыстырып көрелік.

Мәселен, осы мағынадағы ағылшынның «education» және орыстың «образование» деген сөздеріне тоқтайық.

Ағылшын сөзінің түп тамыры латынның «суырып алу» деген мағынадағы «educare» сөзіне барып тіреледі. «Суырып алу» мен білімнің арасында қандай байланыс бар десеңіз, көне гректерде (ал одан кейін римдіктерде) келесідей сенім-наным болған. Олар әрбір адам жаны өмірге келместен бұрын құдайлармен бірге тұрып, олардан бар білімді үйренген деп түсінген (бұл түсінік Платонның «Күйме» атты мифінде жан-жақты келтіріледі). Алайда бұл дүниеге келгенде, білімнің бәрі ұмыт қалады да, адам тек «о жақта» көріп,білгенін өмір бойы есіне түсіреді деп сенген көне гректер. Басқаша сөзбен айтқанда, білім шәкірттің басында сонау жаратылыс кезінде орналасқан, алайда бұл дүниеге пәк күйінде келген шәкірт оны білмейді, сондықтан да адам психикасының тұңғиығында беймәлім күйде жатқан білімді сананың бетіне «суырып алу» керек.

Ал оны кім және қалай суыруға болады? Өз басындағы білімді үйренушінің өзі «суырып алуы» керек, ал ұстаз осындай «суырып алуға» жағдай жасап, шәкіртіне жәрдем беруі керек, мәселен «еске түсіруді» жеңілдететін, ынталандыратын сұрақтар қою арқылы.

Сондықтан да болар ғұлама философ Сократ өз шәкірттерін ешқашан да үйретпеген, оның орнына оларға тек сұрақтар ғана қойып отырған (атақты маевтика тәсілі). Оның сұрақтарына жауап бере отырып, шәкірттері өз бойларында әу бастан қалыптасқан, бірақ ұмыт болып қалған білімді есіне түсіріп, бастарынан «суырып» алғандай болған. Бірде тіпті Сократ сұрақ қою арқылы қол өнер шеберінің сауатсыз, хат танымайтын 12-13 жасар көмекшісінің өздігімен Фалестің теоремасын («теңбүйірлі үшбұрыштың табанының бұрыштары бірдей болады») құрастыруына себепкер болған дейді аңыз...

Сөйтіп көне гректер үшін «білім беру» ұғымы «еске түсірумен» тең болған. Кейінірек жаңа дәуірде Декарт пен Лейбниц те танымның осы теориясын ұстанған болатын. Бүгінгі күні де көптеген философтар бұл ұғымның өміршеңді екендігін мойындайды (В.Губин).