Файл: Асхат лімов интербелсенді дістерді жоАРы оу орындарында олдану оу ралы Алматы.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.12.2023

Просмотров: 1151

Скачиваний: 21

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Білім игеру процесі - қайталау емес, ал сабақ - тексеру емес

Дәстүрлі оқытуда ұстаз шәкірттерінен өткен сабақта немесе оқулықта айтылған (берілген) білімді қайталап беруін талап ететіндігі туралы айттық. Алайда бүгінгі күні де сабақтардың дені осы әрекет (қайталау) тұрғысында өтетіндігін қынжылсақ та мойындауымыз керек сияқты: педагогика саласында еңбектенетін ғалымдардың айтуы бойынша, орташа есеппен әр сабақтың 80% бөлігі есте сақтауға (репродукцияға) бағытталған әрекеттерден құралады екен.

Мәселен, Ресей орта мектеп оқушыларынан он бір жыл бойы келесі мәліметтерді жаттап алу талап етіледі екен: биологиядан -929 түсінік, 347 анықтама және 612 факт; физикадан - 39 физикалық құбылыстар мен 31 қасиеттер, 97 физикалық шамалар мен олардың өлшем бірліктерін, 54 физикалық аспаптар, 27 заң, есептердің 76 түрін, өлшеу бірліктерінің 24 қатынасын, физикалық құбылыстарды қолданудың 43 жолын; химиядан - 190 анықтама мен ұғымдар, 17 заттың физикалық қасиеттерін, 73 заттың химиялық қасиеттерін, 34 заттың қолдануын, қасиеттер өзгеруінің 10 заңдылығын, есептерді шығаруда қажет 24 формула, есептердің 26 түрін, заттардың 40 түрін, химиялық жабдықтардың 26 аспабын, 25 таңбаны; математикадан - 270 ұғым, 137 анықтама, 154 ереже, формула, диаграмма, аксиома, таңба, 82 математикалық есеп түрлері, 89 теорема мен 45 олардың дәлелдеуі, 8544 есептің шешімі («Время» газет і, 13 шілде, 2006 жыл).

Барлығы: 12056 жадуал, орта есеппен жылына 1096 .

Бұл тек қана төрт жаратылыстану пәндері бойынша ғана!

Ал бұған егерде тарих (әсіресе толып жатқан есімдер, оқиғалар мен даталар), география (жер-су атаулары, т.б.), тілдер (жаңа сөздер, емлелер), әдебиет (авторлар, шығармалар мен олардың кейіпкерлері), астрономия (аспан денелерінің атаулары), т.б. пәндер бойынша жатталатын, яки есте сақтауды қажет ететін мәліметтерді қосатын болсақ, мектеп оқушысының көрген күні оңай деуге кімнің батылы жете қояр екен?!

Сабақта мұғалім (оқытушы) оқушылардан (студенттерден) көбіне-көп «қайтала», «жатта», «есіңе түсір», «көшір», «келтір», «анықтаманы айтып бер» сияқты репродукцияға негізделген тапсырмаларды орындауды талап етеді. Және де ұстаз ұғымында бұл қайталау неғұрлым түпнұсқаға (оқулық, мұғалім сөзі, лекция, көркем шығарма, т.б.) жақын, оған дәлме-дәл, сол қалпында болса, соғұрлым жақсы деген түсінік қалыптасқан. Санамызда берік орын алған «озат оқушы» деген ұғым берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайтын, тіпті оны жаттап алатын шәкіртпен байланысты емес пе?


Бұл жерде ерекше қынжылтатыны: шәкірттеріміздің де осындай әрекеттерге үйреншікті болып, білім алуды қайталау деп түсінуі. Олар да осы әрекеттерге бейімделе береді, сабаққа дайындалғанда көбінесе жаттауға ден қояды. Ал бұл әрекеттер таным мен ойлаудың ең төменгі деңгейіне жатады (Блум таксономиясы бойынша).

Жаттау және қайталауға негізделген мұндай тапсырмалар мен әрекеттерді әзілдеп те, мысқылдап та «ксерокстың жұмысы» деп атауға тұрарлық. Ал ол дегеніңіз, тағы да қайталауға рұқсат етіңіздер, тек репродуктивтік әрекет, яғни еш ізденісі мен шығармашылығы жоқ амал, қандай да болмасын мәліметті қайталау ғана.

Сөз үйретпейді, әрекет үйретеді

Дәстүрлі оқытуда ұстаз өзіне мәлім ақиқатты жария қылып, шәкірттерінен өзінің айтқанына ғана иланып, соларды қайталап беруді талап етеді. Мұндай ұстаздың пікірі де біржақты болады: ол басқа көзқарастарды тіпті де қарастырмайды, оның қолданатын әдістері мен тәсілдері жұпыны: өз ұстанымдарын шәкірттеріне сөз арқылы жеткізе білетіндігіне кәміл сенеді, «Мен айтып берсем – оқушы түсінеді» деген қарапайым дидактикалық қағиданы ұстанады.

Алайда мұндай түсінік бүгінгі күні тіпті де ескіріп кеткен. Баяғы патриархалдық заманда емес пе сөздің маңызды да, қасиетті құрал болғаны? Ол кездерде сөзге иланған, сенген, сөзді силаған, сөзге тоқтаған. Ғалымдар тіпті қасиетті кітаптардың алғашында жазылмай, тек ауызша түрде халыққа таратылғанын (мәселен, Таурат мың жыл бойы - біздің дәуірімізге дейінгі Х-ғасырдан І-ғасырға дейін қағаз бетіне түсірілген деп есептелінеді) жазудың қасиеті жоқ, ал сөздің құдіреті (сакралдығы) бар деген сеніммен байланыстырады.

Алысқа бармай-ақ қояйық, қазақ қоғамында да сөз құдіретті деп қабылданған емес пе еді?!. Бір ауыз сөз жауларды бітімге келтірген (Қаз дауысты Қазыбектің жоңғар ханына айтқан сөзі), ел ішінде бірлік орнатқан (Бұқар жыраудың керейлерді тоқтатқаны), ел жақсыларын пендешілік әрекеттерден тоқтатқан (бала Сырымның екі рудың көсеміне «Ет сасыса тұз себем, тұз сасыса не себем?» деген дуалы сөздері). «Айтқан сөз – атылған оқ» деген қағиданы ұстанған аталарымыз.

Ал қазіргі күні сөз өзінің бұрынғы қадірін жоғалтқан, бүгінгі қоғам - сөзден әбден жалыққан, айтылған сөздің жауапкершілігін сезінбейтін қауым. Бүгінде сөз – арзан. Сол себепті да сөйлей саламыз, уәдешілміз, айтқан сөздерімізге еш жауап бермейміз, оқытуда да сөзді үйретудің негізгі құралына айналдырғанбыз. Алайда сөздің нәтижелігі шамалы: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын» (Конфуций). Шәкірттеріміз де сөзге онша да илана қоймайды. Көп жағдайда сөзіміз айтылған жерде қалып қояды, немесе оқушылардың бір құлағына кіріп, екінші құлағынан шығып кетеді.



Бүгінде педагогикада тек сөз арқылы ғана үйрену мүмкін еместігі дәлелденіп отыр. Керісінше, білімді әрекет арқылы ғана игеруге болады. Адам тек өз қолымен жасағанды жадында сақтап, осы әрекеттерінің негізінде туындаған білік пен дағдыларын күнделікті өмірде қолдана алады: «Менің өзіме жасатсаң – үйренемін!» (Конфуций). Сондықтан да әр сабақта үйренушілер бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенді әрекеттер атқаруы керек: ойлау, оқу, сөйлеу, талқылау, жазу, пікрілесу, пікір таластыру.
Лирикалық шегініс

Үйренушілердің өз біліміне деген жауапкершілігі

(эссе)
- Мұғалім не үшін тозаққа барады?

- Өзі білгенді сұрай бергені үшін! –

дегенқазақы әзілде терең мағына жатыр. Шынымен-ақ неліктен мұғалім оқушыдан көбіне-көп өзіне мәлім нәрселерді сұрайды – олардың бәрі де өзіне белгілі ғой?! Мүмкін ол өзінің білмейтінін сұрауы керек болар? Әрине, бәз біреулердің «Мұғалімнің білмейтіні бар болса, ол несіне ұстаз болып жүр!» деп ойлауы да ықтимал. Пән бойынша мағлұмат тұрғысынан алатын болсақ, дәп осылай: мұғалім көп нәрсеге қанық. Алайда оның білмейтіні де шексіз дүние. Мұғалім нені білмейді? Ол шәкірттің ішкі жан-дүниесінің болмысы мен ахуалын білмейді, оқушының қандай ойы, пікірі, дүниетанымы, көзқарасы, түсінігі, пайымдауы, уәждері, дәлелдері бар екендігін білмейді.

Сол себепті де ұстаз шәкірттерінен білмейтінін сұрап, олардан тілейтіні - тақырып (мәселе, проблема, ақпарат, мәлімет) бойынша өзінің ойларын, түсінігін, толғаныстарын, сезімдерін, тұжырымдауын, талдауларын келтірулері.

Алайда үйренушілер мұндай жұмысқа дайын емес, олар тіпті оны мойындайды да: «Біз оданша өткен тақырыпты қайталап берейікші?» деп. Неліктен шәкірттер белсенді әрекеттерге ден қойып, өзіндік түсінікті қалыптастырып, оны өзгелерге жеткізуден қашқақтайды?

Менің ойымша, мұның басты себебі - ырықсыздық, енжарлық. Жалпы алғанда, адам баласы үшін біреудің айтқанымен жүру оңай өмір салтына айналған. Бұл қанға сіңген әдет: біз жетекке әбден көндігіп кеткеміз. Өз ықтиярымыз, қалауымыз, таңдауымыз жоқ, ырықсыз бір беделдінің (ата-ана, мұғалім, оқытушы, бастық, әйеліміз немесе күйеуіміз, жасы үлкендер, т.б.) айтқанына иланып, мойынсұнып, оның артынан еріп, оған өзімізге қатысты мәселелер бойынша барлық шешім қабылдау өкілеттілігін беріп, жетекке көніп жүре береміз.


Ыңғайлы позиция емес пе бұл: ойлаудың да, толғанудың да қажеті жоқ, - біз үшін басқа біреудің басы ауырады, басқа біреу өміріміздің маңызды проблемаларын шешеді. Біреуге тәуелді, бағынышты болғанды қалау, біреудің ырқына бой алдыру - адамның басты келеңсіз қасиеттері деп есептеуге тұрарлық.

Сенбесеңіздер, бұрнағы жылдарға көз жүгіртейікші: өмірдің елеулі кезеңдерінде (жоғары оқуға түсерде, жұмысқа тұрарда, тұрмыс құрып той жасағанда, балаларыңыздың есімін таңдағанда, т.с.с.) өзіміз таңдау жасап, шешім қабылдап па едік?

Мен жыл басында 1- курс студенттерінен «Осы мамандақ пен біздің жоғарғы оқу орнын қалай таңдап алдыңыз?» деп сұрағанда, олардың көпшілігінің өзі емес, басқалардың сілтеуімен бізге келгендігі белгілі болды. Тіпті жастардың арасында «Мектеп бітірген соң мен ПҚЖ-ға оқуға түсемін» деген әзіл де бар. «ПҚЖ» дегеніңіз «Папам Қайда Жібереді» екен. «Джуниор Эчивмент Казахстан» қоғамдық қорының деректері бойынша жоғарғы сынып оқушыларының 30% ғана болашақ мамандығын саналы түрде таңдап, қалған бөлігі біреудің сілтегенімен жүре береді екен («Московский комсомолец» Казахстан» газет і, 2-8 ақпан, 2006).

Бұған қоса біз бар әрекеттерімізді сол беделдің бағалауымен өлшейміз, соған жалтақтаймыз. Оның «ақ» дегені алғыс, «қара» дегені қарғыс болады біз үшін. Алысқа бармай, мектептегі сабақты көз алдымызға елестетейік. Оқушы жауап бергенде немесе қандай да бір әрекет жасағанда жүзін мұғалімге бағыттайды, айтайын дегенін соған қаратып сөйлейді, мұғалімге бағыштайды, ұстаздан мақтау, мадақ, қолдау күтеді, жауабымды «дұрыс-бұрыс» деп осы кісі бағаласа екен деп тұрады. Қайтадан тәуелділік, тағы да бағыныштылық. Бұл ұстаным өмір бақилыққа айналып кетпей ме?

Осы біз неліктен балалық шаққа оралғымыз келіп тұрады? Әрине, ол кезде біздің жан дүниеміз бүгінгіден әлдеқайда таза, кіршіксіз болғандығын мойындаймыз, сол пәктікті аңсаймыз, соған ұмтыламыз. Егерде өткенге қайтар жол болса, жалаңаяқ болса да жаяу тартып кетпес пе едік сонау көз жауын алған, мұнар шалған бала күндерге?!.

Сонымен бірге балалық шақты сағынудың басқа да түсіндірмесін келтіріп кетейін. Өмірінің тек сол кезінде ғана адам өзін толық қамқорлықта болғандығын сезінеді, ол не ішем, не жеймін, ертеңгі күнім қандай болар деп ойланбайды, қаннен-қаперсіз ойнап-күліп жүре береді, өйткені оны барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етіп, қызғыштай қоритын анасы бар. Біз осындай жайбарақат уақытты аңсаймыз, өйткені онда ойланып-толғанбай бақытты күй кештік, мұқтаждарымызды еш әрекетсіз-ақ қанағаттандырушы едік қой, барлық нәрсе дайын күйінде қолымызға түсуші еді ғой!.. Ана махаббаты біздің қорғаушымыз бен таянышымыз, арқа сүйеріміз бен жанашырымыз іспеттес.


Алайда біз мұнда да барлық мұң-мұқтаждарымыздың шешімін басқаға (бұл жерде анамызға) ысырып қоятын кезді сағынып жүрген жоқпыз ба? Әрине ана махаббаты қасиетті, бірақ оның әсірелігі, астамшылдығы, көп мөлшерден асуы адамды баяғы масылдыққа әкелмей ме: «Мен не үшін ұмтыламын, не үшін өзімді қинаймын, егерде анам менің барлық сұраныстарымды қанағаттандырып отырса?» деген жаңсақ дүниетанымдық көзқарастың да пайда болуы әбден ықтимал анасының баласында. Ал мұндай масылдықтың өмір қағидасына айналып, әрқашан өз проблемаларымызды біреуге ығыстыра салуға дайын болуымызға да әкелуі әбден мүмкін. Айналамызға көз жүгіртейікші: қырыққа жетсе де әлі анасының зейнетақысына қол жайып отырғандар немесе тіпті шешесінің мойнына отырып алып, аяқтарын төмен салбыратқандар кездесетін шығар?..

Неліктен біз өз өміріміздегі, өзімізге ғана тиеселі проблемаларды шешуді басқа біреуге жүктейміз? Сонда біз кім үшін өмір сүреміз? Өзіміз үшін емес пе? Америкалық ақын Уолт Уитмен «Мен де, басқа адам да Сіз үшін бұл жолды жүріп өте алмайды, Сіз оны өзіңіз жүріп өтуіңіз керек» деп айтқандай, бұл өмір менікі, сондықтан да мен оны өзім сүріп, өзім бұл дүниеден өтуім керек – мен үшін ешкім де өмір сүріп, ешкім де өлмейді. Сол себепті біз басқалардың өміріне еш ұқсамайтын өзіндік өмір сүріп, өлімге дайын болуымыз қажет дейді адамзат ұстаздары. Сүйікті Пайғамбарымыздың (Салаллаһу ғалейһи уа с-саламу) хадистерінен: «Ажал жетпей тұрып өлуге дайындал», «О, Алла Тағала! Маған кіршіксіз адал өмір, ақ өлім жіберуіңді, Өзіңе қайғы-қасіретсіз оралтуыңды тілеймін!»

Мен осы сөздеріммен не нәрсе меңзеп тұр деп ойлайтын болсаңыздар, ол идея келесідей: әр адамның өз өмірі мен өліміне деген жауапкершілігі сияқты мүмкін білім берудің ең басты проблемасы - өз біліміңедеген жауапкершілік болар.

Мектепте де, жоғары оқу орындарында да көп жағдайда шәкірттердің масылдық көзқарас қағидаларын ұстанғанын байқауға болады. Олардың басты қағидасы «Мені үйретсін, маған білім берсін» болады. Оқушы білім алу барысында, «Мұғалім мені оқытып, үйретсін, өйткені ол сол жұмысы үшін мемлекеттен ақша алады» деген ойда болса, студент те сол сияқты немесе сәл басқашалау («Мен оқудың ақшасын өз қалтамнан төлеймін, сондықтан да маған осы ақшаға тиеселі білім берсін») ниетті ұстанады. Олар өзін іші қуыс ыдыс сияқты түсінеді: «Ұстаздар сол ыдыстың ішіне неғұрлым көбірек білім салса, соғұрлым дұрыс болады, ал білім менің тарапымнан еш талап пен ықтиярлық болмаса да автоматты түрде игеріледі», - деп жаңсақ ойлайды олар. Бұл өмірге еш бейімділігі жоқ, дайын нәрсені талап ететін масылдардың философиясы емей немене?!