Файл: Сахна жне актер маман Байсеркенов айта терген Есмакова Жанерке Алы сз.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 1128
Скачиваний: 25
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Жалпы, бұл ағымға тән нәрсе — шындық пен сенім. Артист сезімінің көркемдік рухани шындығы мен сенім шынайылығы. Шындық пен тіршіліктің табиғи тынысы, сенім шынайылығы мен мөлдір сезімнің жұпар исі — сахнада сирек болатын құбылыс. Шындық пен сенім — бірін-бірі тудырып, бірін-бірі қуаттап отыратын кіндіктес, көгендес категория. Егер сенім, артист сезімінің шынайылығы арқылы шындықты тудырса, шындық ойын өрнектеген актер мен ойын тамашалап отырған көрерменнің сенімін нығайтуға жәрдемдеседі. Аталмыш шынайы ойын өрнегіне көрермен қауым сеніп қана қоймай, өз сезімдерінің қатысуымен ойынға араласып кетуге мүмкіншілік алады. Артист сезіміне елтіген көрермен, сол артистпен бірге өмір сүруге айналады. Сөйтіп, рухани әм қимыл-іс арасында болатын шындық пен сенім өмірге келеді. Демек, сахна мен көрермен арасында тұрақты рухани қарым-қатынас орнығады. Қорытындысында, кейіпкержандылық өнерінің басты мақсаты — асыл арман мен қуатты көркемдік ғажайыбы салтанат құрады. Ол салтанат — сахна мен көрермен залынан қарама-қарсы сәуле шашып, мыңдаған жүректерге рухани жалын дарытқан қарым-қатынастың көзге көрінбейтін сезім қуатының қасиеті.
«Творчествоға елтіген көрермен, бұрынғыдай шіренген қалпы жайбарақат отыра алмайды, өйткені, артист олардың көңілін көтеру үшін іс істеп жүрген жоқ. Сондықтан, көрермен қауымның сахнаға аңсары ауып, бар ой, бар сезімімен творчествоға араласып кетеді. Ал, спектакльден соң өз сезіміне өзі ие бола алмайтындай дәрежеге жетеді. Ол театрдан шулы шапалақсыз, әсіреқызыл овациясыз, үн-түн жоқ күйде үйіне қайтады. Өйткені, шындыққа, көзі тірі адамдарға, әке мен шешеге, әпкеге, дос пен дұшпанға қол соғуға болмайды. Оларды жек көруге, не жақсы көруге ғана болады. Жан дүниесінің кемерінен асып-төгілген дүниесін төгіп-шашудан жасқанған көрермен, театрдан айғай-шусыз аттанады. Оның аңсары айғай-шуы мол, шұбар-ала тобыры құжынаған ресторанға емес, үйге ауады. Ол театрдан көргендері туралы емес, жан дүниесінің сезімін оятқаны туралы айтқысы келеді. Өзге мен өз өмірінің кейбір ой мен сезімінің енжар тұстары есіне түсіп, көңіл көкжиегі кеңиді, әлдеқашан ұмыт болған өлеңдер, суреттер мен әуендер қайта тіріліп, қысқасы, оның көркемдік әлемінің тіршілігі қайта оянады. Ал, ертеңіне осы әсер, бейне бір аса маңызды нағыз өмірлік оқиғадан соң болғандай, әлсіреудің орнына, керісінше күшейіп, кеңейіп, тереңдеп толыққаны сондай, қайыра өмір сүріп, төбесін көкке тигізген әсерге бөлену үшін театрға қайта барғысы келеді» (там же, с. 87) деп К. С. Станиславский сахнадағы нағыз шындық пен сенімнің көрерменге тигізер ізгі әсер- қуатын жеріне жеткізе көркемдікпен кестелейді.
Иә, театрға сену керек. Алайда, театрда көргені мен естігеніне сену үшін сахнаның әсер-қуаты көрерменнің жан дүниесіне тереңдеп ену қажет. Әсердің көркемдік қуатына көрермен рақатпен бөлену үшін, ең алдымен өзі сомдаған сахналық туындысына актердің өзі сену керек. Өзінің өмір сүру процесі мен өз сезімінің шынайылығына сенбеген жерде нағыз творчество да болмайды. Артистің сахнада өмір сүру процесі мен сезім шындығына көрермен күдік туғызса, ол жерде әсердің де салмағы қауқарсыз болмақ. Қөрерменнің жан дүниесінің терең түкпіріне бойлай енетін әсердің ғана құны қымбат. Кейіпкержандылық өнеріне тән сахналық шындық — артист сенімі. Періштедей пәк, баладай мұңсыз сенім ғана көркемөнер қабырғасын қалай алады. «Өнер болып қалу үшін артист пен көрерменнің көз алдына тіпті, өтіріктің өзін шындыққа айналдырып жіберу керек. Тек осылай болғанда ғана өнер мен өтіріктің басы қосылады» (там же, с. 88) деп жазады «жүйе» негізін салушы. «Сенім — артист пен көрерменнің балалық пәк аңқаулығынан туа ма, болмаса өмір шындығынан туа ма — бәрібір» дейді ол, тағы да. Солай десек, кейіпкержандылық өнер өкілдеріне халқымыз айтатын: «Өтірікті — шындай, ақ сауытты — кудай» қылып жеткізетін шеберлік те керек.
Сайып келгенде: «Өнер құпиясы — ойдан шығарылған нәрсені көркемдік әсем шындыққа айналдыру»,— дейді
К. С. Станиславский.
Бар мәселе мынада: егер актер табиғаты жасандылыққа органикалық түрде шындап тұрып сенсе, әлгі жасандылық шындыққа айналады да, актер табиғаты — табиғи, шынайы түрде тіршілік етеді. Ал, егер, керісінше, актер мен көрермен сахнада сомдалған образдың шындығына күдік келтірсе, онда бар тіршілік, өмір сүру процесі, өнер мен шындық өтірікке айналып, сол сәттен бастап боямалық, жалғандық, кәсіпқойлық, кейіпкерсындылық кінәраттары басталады.
Өйткені, табиғат пен шындық, шындық пен сенім, сенім мен сезім — кіндіктес.
Ал, табиғаттың төркіні — шынайы әдемілік. Табиғат жаратқан әдеміліктің өзі — шындық.
Сондықтан, кейіпкержандылық өнері — шартты түрдегі әдемілік пен әдемісымақ, әсемсымақты қабылдмайды. Кез келген шарттылық — жалғандық пен зорлықтың жемісі, сол себепті ол, әдемі бола алмайды. Шарттылық атаулының бәрі ойдан шығарылып, қолмен жасалады. Мәселен, бутафория тәсілімен жасалған сахналық алма, алмұрт, жүзім сияқты жемістер түгелімен шарттылық, қолдан жасалынған бояма, жалған дүниелер.
Әдемілік — табиғат перзенті. Ол біздің санамыздан биік құбылыс. Жарық жалғанда табиғаттан сұлу, табиғаттан әдемі еш нәрсе болмақ емес.
«Әдемілікті көре білу керек. Ал, сол әдемілікті табиғат пен өмірден сахнаға солдырмай, бүлдірмей көшіре де білу қажет. «Үлгі өрнегін табиғат пен өмірдің өзінен ала біліңдер»— міне ұстазымыз М. С. Щепкиннің лұғатының ортақ мағынасы осы» (там же, с. 89) деп К. С. Станиславский, табиғат пен өмір шындығын кейіпкержандылық мектебінің асыл арқауына айналдырды.
Бір ортақ әрекетке көгенделмеген сахналық ішкі көңіл күй элементтері шашылып жатқан моншақ іспеттес. Егер оларды мөлдіретіп жіпке тізіп, жіптің екі ұшын түйістіріп түйіп қойса, әдемі алқаға айналады. К.С. Станиславский «жүйесі» де сондай құбылыс. Солай десек, сахна мұраты — жібін үзіп, моншағын шашып алмай «Станиславский элементтерінен» алқа тізу. Біздің де мақсат осы. Жібектен жіп есіп, мөлдіретіп моншақ тізіп, сахнаға алқа тағу.
Жібі үзілмей, моншағы шашылмай, алқасы құтты болғай.
САХНА САЗЫНЫҢ САРҚЫЛМАС САРҚЫРАМАСЫ
Сахна өнері мен актер шеберлігінің қадым заманнан басталатын ұзақ тарихында (көне Грекия дәуірінен бастап) актердің творчестволық процесіне бағыт сілтеп, талдау жасауға, негізгі сахналық нормаларын қалыптастыруға дүркін-дүркін елеулі талпыныстар жасалып келді. Алайда, мұндай батыл талпыныстарға қол созған адамдардың айтарлықтай басым көпшілігі сахна санаткерлері болмағандықтан актерлік процесс — әдеби процеске айналып, сахналық емес, шығармашылық сипат алып кетті. Ал, сахнампоз суреткерлер — актер немесе актрисалар ниет қылған жағдайда теориялық терең талдауға өрелері жетпегендіктен өз рольдерін қалай сомдағаны туралы жазылған естелік дәрежесінен аса алмады. Қалай болғанда да актердің творчестволық процесін бір арнаға салатын ғылыми сұраныс қажеттілігі ғасырлар бойы күшейіп, асқындай берді. Театр өнерінің жөргегі саналатын Грекиядан бастап, сахна мәдениеті қатты дамыған Италия, Испания, Германия, Англия, Франция сияқты куатты елдерде театрдың теориялық ілімін туғызу мәселесі шындап жолға қойыла бастады.
Солай бола тұра, сахна туралы ілім XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында тұңғыш рет басқа елдерде емес. Ресей топырағында дүниеге келді.
Ол — «Станиславский жүйесі».
Ол — Станиславский ашқан ілім.
Сондықтан да ол, режиссер мен актер өнері ілімінің негізін қалаушы реформатор санатында дүние жүзі мәдениетінің тарихында есімі алтынмен жазылып, мәңгі есте қалды.
Десек те, Станиславский, сахна өнері іліміне қандай жолдармен келді?
Ұстаздан ұлағатқа қалған ұшан теңіз мол мұраларды сарыла парақтап, сарғая зерттеу нәтижесі —талас тудырмайтын жалғыз шындыққа ат басын тірей береді. Ол шындық — Станиславскийдің өзі айтып, өзі жазып кеткендей: өзіне дейінгі әлемдік сахна қайраткерлерінің жинақталған іс-тәжірибелерінен, өзімен істес болған айтулы актерлермен қара басының байқаулары мен зерттеулерінен құрыштай қорытылып, екшеліп келіп өнер іліміне айналған шындық.
Бұған оның «Менің өнердегі өмірім» атты мемуарлық кітабының соңғы бетінде жазылған: «Енді келіп өзімнің өнердегі бүкіл өміріме, жүріп өткен жолдарыма қайыра көз салып қарап отырсам, мен өзімді жер асты алтын кенін ақтарушыға, бар болғаны бірнеше қиыршық асыл тастарды айырып алу үшін жүздеген пұт құм мен тастарды жуып-шайып, ит тұмсығы өтпейтін ну жыныстарды ұзақ кезіп, шарлап шыққан алтын іздеушілерге ұқсатам. Алтын іздеуші ретінде мен, ұрпақтарыма сіңірген еңбегімді, іздегенім мен жоғымды, қуанышым мен қасіретімді емес, іздеп тапқан кенішімді ғана аманат етпекпін.
Менің артистік саласында тапқан кенішім, өмір бойғы ізденістерімнің қорытындысы — актерге роль бейнесін сомдап шығаруға, адамның рухани тіршілігін айқара ашып, сахнада болған өзім байқап көрген актер қызметінің тәсілі аталатын менің «жүйем» болмақ.
Аталмыш тәсілдің ірге тасы — тәжірибе жүзінде өзімнің көзім жеткен артист табиғатының органикалық заңдылықтары болып есептеледі. Мұнда ойдан шығарылған немесе өзім болып, шәкірттерім болып іс-тәжірибе жүзінде тексермей жіберіп қойған бөтендей ештеңе жоқ, мұның құндылығы да сонда. Өйткені, оның өзі менің ұзақ жылғы тәжірибемнен арна алады ғой» (К. С. Станиславский. Моя жизнь в искусстве. Москва, 1962, стр. 486) дейтін әділ де ақиқат жолдар куә.
Осындай дүниежүзілік мәдениет пен өзінің іс-тәжірибелерін қырағылықпен салмақтай саралап, талдау-тезден өткізген Станиславский, сахналық әрекет пен сахна тілінің әліппесін жасады. Бұған оның аса мол білімі, сезімтал табиғаты, байқампаздығы мен ересен еңбек сүйгіштігі себеп болды. Енді оған ұзақ байқау мен бақылаудан жемісті қорытынды шығару қажеттілігі пайда болды. Өйткені, көркем шығармаларды егжей-тегжей терең талдау, актерлерге түбегейлі түрде індете түсіндіру үшін де, теория қуғызып, сахна заңдылықтарын салалай саралау үшін де белгілі бір тұрақты терминология керек қой. Міне, осы салмақты салада Станиславский таңқаларлық батыл қадам жасады. Театр қызметкерлерінің бәріне бірдей ұғынықты жұмыс терминдерін ойлап тапты. «Зейін», «зерде», «әрекет арқауы», «түпкі мақсат» сияқты терминдер Станиславскийдің батыл қадамынан туған «жасаулары» болатын-ды. Сөйтіп, күні бүгін сахна процесінің атауы табылмаған театр ілімінің терминологиялық «тілін» тауып, тағы да бұрын-соңды болып көрмеген тың жаңалық ашты. Сахна ілімінің талдау теориясына алғаш негіз салып, оның күрт ілгерілеуіне мүмкіндік туғызды.
Режиссура мен актер шеберлігіне арналған сахналық ілім — «Станиславский жүйесінің» іргетасын қалайтын басты-басты элементтер шоғыры өте мол. Олардың көпшілігі режиссерлер, театр зерттеушілер, ұстаздар, мамандар тарапынан жеке-жеке талданып, өз алдына еңбек болып жарық көрді. Сондай-ақ сахна заңдылығының Станиславский ашқан тәсілдерінің (метод) кейбіреулері де өз алдына оқшау-оқшау түрде зерттеуден өтіп, баспалардан теріліп шықты.
Солай бола тұра, «Станиславский жүйесінің» қызыл өзегін жарып шыққан заңдылықтардың бір желіге желіленген біртұтас теориялық ережесі әлі жасалған жоқ. Әуелі жоғарыда аты аталған элементтердің қайсысы басы, қайсысы соңы екенін, қайсысынан кейін қайсысы келетінін қисындық ретке салған мамандар әлі күнге сирек кездеседі. Алайда «Станиславский жүйесінің» асыл арқауына желі тартып, тарау-тарау салаларға тармақталған әрқайсысы әр түрлі мән-мағынаға ие элементтер шоғырын методологиялық бір ізге түсіруге талпыныс жасаған профессионал санаткерлер болды. Атап айтқанда, театр институтының студенттеріне арналған оқулық ретінде Г. Кристидің «Станиславский мектебінің актер тәрбиесі» (Воспитание актера школы Станиславского), Б. Захаваның «Режиссер мен актер шеберлігі» (Мастерство актера и режиссера), М. Кнебельдің «Ұстаз жыры» (Поэзия педагогики») сияқты еңбектері болса, жалпы өнер адамдарына арналған Н. Горчаковтың «К. С. Станиславскийдің режиссерлік дәрістері» (Режиссерские уроки К. С. Станиславского), В. Топорковтың «Станиславский репитиция үстінде» (Станиславский на репетиции), П. Румянцевтің «Станиславскийдің «Риголетто» операсымен жұмыс істеуі» (Работа Станиславского над оперой «Риголетто»), М. Строеваның Станиславскийдің режиссерлік ізденістері» (Режиссерские искания Станиславского) атты екі кітабы, театр сыншылары: Б. Алперстың, Ю. Юзовскийдің, П. Марковтың, Вл. Прокофьевтің, Э. Полякованың, Н. Сибиряковтың, Н. Велехованың, И. Палдың, Вл. Блоктың, А. Анастасьевтің, Н. Эфростың, Н. Крымованың еңбектері жарыққа шықты. Ал белгілі практик режиссерлерден В. Немирович-Данченконың, Е. Вахтанговтың,