Файл: Сахна жне актер маман Байсеркенов айта терген Есмакова Жанерке Алы сз.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 1111
Скачиваний: 25
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
...Театрда режиссер болып істеп жүрген жылдары біраз классикалық шығармалармен істес болудың сәті түсті, Солардың бірі — Вс. Вишневскийдің «Оптимистік трагедия» пьесасы. Аталған шығарманың алғашқы көрінісінде анархистер жайлаған соғыс кемесін Кеңес өкіметі жағына шығару мақсатымен орталықтан әйел комиссар өкіл болып келетін қызықты сурет сахнасы бар. Режиссерлік шешім бойынша кемеге алғаш аяқ салған комиссарды «анархия — тәртіп анасы» дейтін тағылық ұранын идеясына айналдырып алған бейбастақ матростар айнала қоршап алады. Бұл — анархистермен бірінші кездесу. Комиссар ортада жалғыз. Мизансцена сақина тәріздес шеңбер үлгісінде шешілген болатын-ды. Комиссарды құрсауға алған шеңбер бірте-бірте тарыла береді. Асқан айуандықпен аспай-саспай комиссарды қоршауға алған дүлей теңізшілердің көздері қанталап, беттерінен түгі шығады. Анталаған түрлерінде асап қоятын сыңай бар. Сахнаның көркемдік зілзала жүгі анархистердің психологиялық ішкі шырғалаң дүниесіне шиеленген-ді. Көріністің ішкі кідіріске құрылған шиыршық атқан ауа райы ашу-ызаға құрылғандықтан ауырлығы адам төзбестей күйзелтіп жіберетін. Дәл осы сәтте көрермендер іштей ыңыранып, зал сілтідей тынатын. Комиссардың «мүшкіл» халіне жандары ашып, іштей тығылып үнсіз қалатын. Ұшқан шыбынның ызыңы естілмейтін.
Бұл сахна мен көрермендер арасында пайда болған қарым-қатынас процесі еді. К. С. Станиславскийдің тілімен айтқанда: «көрермен артистерден алапат тебіреніс процесін қабылдап, өздерінің лаулаған сезімдерімен жауап қайырған» сәт. Осы көріністі сан қайтара бақылай жүріп, осындай өзара қарым-катынас актісінің спектакль сайын қайталанатынына көзім жетті. Мұндай мысалдар өз қолымнан шыққан А. Штейннің «Толас», М. Шолоховтың екі кешке арналған «Тынық Дон» қойылымдарында да жеткілікті болатын-ды...
Өзара қарым-қатынастың кейіпкержандылық ойын үлгісіне жатпайтын зиянды түрлері де болады.
К. С .Станиславский оны — актердің кәсіпқойлық қарым-қатынасы (актерское ремесленное общение) деп атаған.
Актердің кәсіпқойлық қарым-қатынас процесі — төтелей көрермен залымен байланысатын акт. Ал,
К. С. Станиславский мектебі — ең алдымен партнермен қарым-қатынас принципін лұғат етеді. Қасындағы партнерін айналып өтіп, тікелей көрермендермен қатынасқа шығу түрін ұлы реформатор, актердің өзін-өзі көрсетуі (актерское самопоказывание) немесе өзін-өзі қызықтауы деп бағалап, мұндай құбылысқа үзілді-кесілді қарсы болған. Актердің өзін-өзі қызықтауы мен партнер арқылы ойын өрнегін өрістету арасында үлкен айырмашылық бар. Екеуі бір-біріне кереғар ұғым. Партнерлер арасындағы қарым-қатынас кейіпкерлердің қуаныш, қайғы сияқты тірі сезіміне негізделген творчестволық процесс болса, актер мен көрермендер арақатынасы алшақ, тікелей сезім алмасуға қиын құбылыс. Өйткені, сахна мен залдың арасында едәуір қашықтық болғандықтан, актер көрерменге өз сезімін сыртқы қимылдың көмегімен — қол сілтеу, ымдау, ишарат жасау арқылы жеткізуге мәжбүр болады. Нәтижесінде, сыртқы жалаң белсенділік белең алады да, ішкі көркемдік белсенділік мазмұны көрерменге жетпей қалады. Адамның сыртқы қимылы көзге түскенмен, ішкі тылсым дүниесі көзге тез шалына бермейді ғой. Өнерде қимылдық қарым-қатынас емес, рухани қарым-қатынас қымбат. Кейіпкержандылық мектеп мұраты — сахнада «адамның рухани тіршілігін» сомдау принципі ғибрат етеді. Сондықтан да актердің ішкі әрекеті мен ішкі қарым-қатынас процестері ғана көркемдік қазына болып есептеледі.
К. С. Станиславский: «Ішкі қарым-қатынас үлгісін қадір тұтыңдар, творчество мен сахна алаңында, ол аса маңызды белсенді әрекет болып саналғандықтан рольдің адамдық рухани тіршілігін» сомдау мен тасымалдау процесінде оның төтенше қажет екенін біліп алыңдар» (там же, с. 260) деп ұран тастаса, пікір маңыздылығы талас тудырмаса керек.
Әрине, сахнада творчестволық қарым-қатынас процесіне бару үшін, өз ойың, өз пікірің, өз сезімің мұрындық болу керек. Адамда ой болмаса, ойын өрнегі қайдан тусын.
Күнделікті тұрмыс жағдайында ой мен сезімді өмірдің өзі туғызады. Өмір туғызған ой мен сезім —қарым- қатынас процесінің өмірге келуіне түрткі болады.
Театрда жағдай басқаша. Онда автордың тасқа басылған пьесасының кейіпкерімен кездесуге тура келеді. Яғни бөтен адамның тіршілігі, ой мен сезімі, тосын қарым-қатынасы ұсынылады. Біреудің тағдырын өз тағдырындай етіп бастан кешу оңай емес. Мұндайда жанын қинағысы келмеген актерлер оңай жолды іздейді. Олар монологтың ішкі дүниесіне ой жібермейді, сөздің астарын ашпайды, жаттап алған бос сөзді «тары қуырғандай» бытырлатып айтып шығады. Сөйлем мен сөздің мәйектей ұйыған маңызын емес, сылдыраған сыртын қызықтайды. Кімге не айтқаны белгісіз, айтылған мұндай қарым-қатынастың түрін К. С. Станиславский «құрғақ материал» (материал-пустышка) деп атаған.
Сайып келгенде, жоғарыда айтылған қарым-қатынас процестерінің пайдалы үш түрін актерлердің жадында сақтаған абзал, олар:
-
сахнада нысанамен тікелей қарым-қатынас және сол арқылы көрермендермен жанама қарым-қатынас; -
өз-өзімен қарым-қатынас; -
жоқ нысанамен немесе қиялмен қарым-қатынас. Қарым-қатынастың аталмыш түрлері аян болса, бізге әзір аян емес: ішкі, көзге көрінбейтін, көңіл арқылы қарым-қатынас жасау түрлері тағы бар. Бұл процесс әрі қиын, әрі қызық.
Мәселен:
Білегімнен қысты да, қолын үзбей қолымнан
Қадам кейін шегінді, басқа қолын
Апарды да көзіне, содан маған
Суретшідей сығалап кеп қарады.
Ұзақ тұрды сол күйі. Ақырында
Жұмсақ сілкіп қолымды,
Үш мәрте басын иді де,
Жан тәсілім қылардағы адамдай,
Ышқына бір күрсінді,
Уысын жазып босатты да қолымды.
Маған ғана қайырыла қараумен
Аяқ жолын мен арқылы көргендей,
Көзсіз беттеп есікке
Сол бетімен кетті шығып ақыры.
Зейін қойып, бар ынтасымен үңілген адамға келтірілген шумақтардан Гамлет пен Офелияның екеуара үнсіз қарым-қатынастары аңғарылмай ма? Өмірде не болмаса, сахнада мұндай үнсіз қарым-қатынас процесі саусақтың ұшы, терінің майда тесіктері, әсіресе, көз арқылы пайда болатынын айтады К. С. Станиславский.
«Өзара қарым-қатынастың осы құрал іспетті түрін немесе көзге көрінбейтін жолын қалай деп атауға болады? Нұрландыру (лучеиспускание) әм нұрлану (лучевосприятие) дейміз бе? Әлде, сәулелендіру (излучение) әмсәулелену (влучение) деп атаймыз ба? Басқа терминология таба алмағандықтан осыларға тоқтауға тура келеді, себебі: бұлар менің сіздерге айтайын деген қарым-қатынас процесін бейнелеп сипаттай алады» (там же, с. 267) деп
К. С. Станиславский аталмыш ілімнің дәл мағынасын бере алатын терминді табудың қиын екеніне қинала отырып, келешекке үміт артатынын айтады.
Енді сол терминологияның қазақша мағынасы туралы. Қазақ тілінің сөздік қорында нұрландыру әм нұрлану немесе сәулелендіру әм сәулелену сөздерінің мағынасын беретін синонимдік сөздер аз емес. Мәселен, ажарландыру, ажарлану, көріктендіру, көріктену, шұғыла шашу, шұғылаға шомылу, шуақ шашу, шуақтану, шапақ шашу, шапақтану болып кете береді. Алайда бұл сөздер сыртқы әсемдікті ғана сипаттайтын бір қырлы, бір мағыналы сөздер сияқты. Ал, «жүзінен нұры тамады», «нұр жайнайды», «нұрлы екен», «маңайын нұрға бөлейді», «көкірегінен нұр саулайды», «алланың нұры жаусын» деген сөздердің астар-айшығы мен мағынасында ақыл, парасат, естілік қасиеттері қоса жүреді. Мол мазмұн, көп қырлылык маңыз бар.
Атақты Сегіз Серінің «Гауһартас» атты әсем әнінде:
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай...—
дейтін жолдардың бар екенін жұрттың бәрі біледі. «Ажарың ашық екен атқан таңдай» деп, қыздың сүйкімді, сұлу, келісті келбетін айтса: «Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай» деп, ақылдылығы мен естілігін айтып отыр. Адамның ішкі сарайы, ақыл-парасаты қараған көзқарасынан байқалады. «Көзі — қанталап тұр», «көзінен от шашады» деп ашу мен ызаны айтса, «теке көзденіп тұр» деп есерсоқ пен әумесерді айтады. К. С. Станиславский: «көз—актердің ішкі дүниесінің айнасы» деп бекерден-бекер айтпаған шығар. Көз — актердің ғана емес, күллі адамзат баласының да ішкі дүниесінің айнасы. Бұл қасиет—жан-жануарларға да тән қасиет. Сүзейін деп тұрған бұқа мен шайнап тастайын деген бураның сыңайын көзінен тануға болады.
Солай десек, орысша «лучеиспускание и луч е в о с п р и я т и е» сөздерінің қазақшасы н ұ р л а нд ы р у ә м н ұ р л а н у дегенге саяды. Өйткені, К. С. Станиславский аталмыш процесті — көзге көрінбейтін тоқ (невидимый ток) деп отыр ғой. Ендеше, нұрландыру әм нұрлану процесі ішкі қарым-қатынастың парасаттылық мазмұн сипаты. Актер партнерімен үнсіз қарым-қатынасқа барғанда ішкі сарайының, бүкіл жан дүниесінің асыл қазынасын оған тарту етеді. Мұндай қатынастың екі жолы бар. Біріншісі, жайма шуақ кезде нұрландыру әм нұрлану қарым-қатынас білінер-білінбес елеусіз жағдайда пайда болса, екіншісі, қатты күйінген сәтте, елеуреп тебіренген сәтте аса қызу түрде пайда болады.
Білегімнен қысты да, қолын үзбей қолымнан
Қадам кейін шегінді, басқа қолын
Апарды да көзіне, содан маған
Суретшідей сығалап кеп қарады...
Немесе:
Жұмсақ сілкіп қолымды,
Үш мәрте басын иді де,
Жан тәсілім қылардағы адамдай,
Ышқына бір күрсінді...-
дейтін жолдар Гамлеттің Офелияға деген асқақ арманын, күшті сезімін, экстазға дейін биіктеп, шапшыған ыстық ықыласы мен қызу іңкәрлігін білдіреді. Бұл — нұрландыру қарым-қатынасының тебіреніс түрі. К. С. Станиславский айтқандай: «көз арқылы» берілген нұрландырудың «көзге көрінбейтін ток» сипаты. Гамлеттен «нұрланған» немесе «нұр алған» Офелия да Гамлеттің азапты күйін бастан кешіп, сол көңіл күймен өмір сүреді. Гамлет ішкі толғанысын Офелияға аударып, сол толғаныс арқылы оны нұрландырса, Офелия, Гамлеттің ішкі толғанысын қабылдап, өз жан дүниесін нұрландырады. Алай-түлей аласапыранға түскен Гамлет, өзінің оттай лаулаған ішкі сарайымен Офелияны сәулелендірсе, яғни оған сәулесін төксе, Офелия — сәулеленеді яғни сәуле сіңіреді. Аталмыш қарым-қатынастың алғашқы алғы шарты осындай.
К. С. Станиславский: «Бізді іңкәр қылып ынтықтырған көзге көрінбейтін токты ғылымның ашып беретін кезі де алыс қалған жоқ, сонда олар ыңғайлы терминологияны ойлап табар. Ал, әзірше өзіміздің актерлік жаргонымызға лайық аталмыш атауды қалдыра тұрайық» (там же, с. 267) деп терминологияның ғылыми атауын болашақтың бодауына байлайды.
Терминологиялық атауларды іздестіру жолында К. С. Станиславскийдің кемелділігі мен кемеңгерлігі қайран қалдырады.
Физика ғалымдарының бүгінгі күнге дейін көз жеткерген болжамы бойынша, адам бойында туа бітті энергия қуаты (биоэнергетика) болмайды екен. Ондай қуат көзінің асып-төгілген мол байлығының сарқылмас кені — әлем кеңістігі болса керек. Кез келген тірі организм, сол әсем кеңістігінен керегінше энергия қуатын өз бойына сіңірмек. Сіңіру сипаты әрқалай, организмнің қабілетіне сай — кейбірі көп, кейбірі аз қабылдамақ. Организмнің өзара байланысы көптеген органдардан, анық айтқанда, клеткадан тұратынын мектептегі балаларға дейін біледі.
Тіршілік генераторы — клетка. Ол — өмір ұясы.
Ал, егер сол клеткаға жарақат немесе психологиялық ауыр зардап түссе, адам ауруға ұшырайды. Ар жағында ажал да алыс емес. Клетка — молекула, атом, нуклон, кварк сияқты қуат көздерінің от-ошағынан жаратылған. Молекула, атом, нуклон, кварк бас-басына қуатты болса, клетка да қуатты болмақ.
Күшті клетка — күшті куат жинайды. Қызуы мол қуаттың нұрландыру қасиеті де құдіретті келеді.
Физика ғалымдары осы құбылысты ертеректе биологиялық өріс (биополе) деп атаса, қазіргі кезде биологиялық қуат (биоэнергетика), экстрасенс, сенситив деп атап жүр. Алайда осы атаулардың өз мағынасына жауап бере алмайтынын, сәтсіз атаулар екенін физиктер де мойындайды. К. С. Станиславскийдің көрегендігі осында. Физиктер таппаған атауды К. С. Станиславский де таппаған ғой. «Әзірше актерлік жаргонымызға лайық осы атауды қалдыра тұрайық» деп шыншылдық пен тазалық танытқан. Неткен періштедей пәк, зиялы жан еді!
Жеме-жемге келгенде, мәселе, атаудың атында емес, мағынасында. Әлемдік әдебиетпен қатар философия, психология, биология, физиология ілімдерін түбегейлі терең зерттеген К. С. Станиславскийдің зер салып, үңілмеген ғылымы болмаған. Тіпті, оның сонау Үнді жұртының йог жүйесімен айналысқаны да көптеген деректерден мәлім.
Нұрландыру әм нұрлану терминін К. С. Станиславский француз ғалымы, эксперименталдық психология ілімінің атышулы өкілі Т. Рибоның «Зейін психологиясы атты еңбегінен алған. Қарым-қатынас процесінде аталмыш термин бірден-бір мағынасына, қызметіне дәл келген элемент болғандықтан алынған. Партнерлердің өзара қарым-қатынасын байланыстырып, зейін процесін ушыктыра күшейтетін ролі зор. Сондай қасиетімен қымбат. Қарым-қатынас пен зейін элементтері бір-бірімен іштей байланысты, екеуі де психология арнасынан өріс алады.Ал, нұрландыру мен нұрлану актісі тікелей зейін процесінің басшылығымен әрекет етеді.
...Әлем — дүниені дүр сілкіндірер дүрбелеңімен қызық. Елімізде сондай дүрбелеңнің ел құлағын елең еткізген елеулісі—теле-экстрасенс болып жүр. Бүкіл одақтық көгілдір экраннан берілген телесеанс ғасырымыздың ғажайып құбылысына айналды. Ауру-сырқауды операциясыз, дәрісіз емдейтін теле-толқындар пайда болды. Шашы жоққа шаш шықты, ауыр дертке душар болып, төсекке құлағандар пышаққа түспей орнынан тұрып кетіп жатты. Қырық-елу жыл бұрын ауыр жарақаттан қалған тыртық атаулы өз-өзінен ғайып болып, із-түссіз жоғалып кетті. Мылқаудың тілі шығып, кекештің сөзі түзелді. Тоқсандағы әженің аппақ шашы қайтадан қарайып, жастық шағына қарайлайтынды
шығарды. Қан қысымы қалпына келіп, тұз басқан тізе қақаймай бүгілетін болды. Жасы бар, жасамысы бар, тайлы-таяғымен үймелесіп, көгілдір экранға көз тікті. Қөгілдір экраннан көк толқыны арайлы ақ таңнын шапағатты шапағын шашып жатты. Тау мен теңіз асып, көк толқынның «көзге көрінбейтін тогы» нұрландыру қарым-қатынасының жаңа белесін ашты. Адамдар арасында болуға тиісті қайырымды қарым-қатынас процесі алыс, жақынға қарамайды екен. «Нұрландыру» иесі әмір берсе, ынтық адам «нұрға малынатын» болды. Сөйтіп, қарым-қатынастың тосын түрі —«толқын трассасына» жол ашылды. Телеэкраннан берілетін «толқын» төріне — Джуна Давиташвили,