Файл: Сахна жне актер маман Байсеркенов айта терген Есмакова Жанерке Алы сз.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.12.2023

Просмотров: 1114

Скачиваний: 25

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Қазақта:«киелі сөз—иелі сөз» дейтін мақал бар. Киелі сөз — астар-айшығы ашылып, анықталған көркем сөз болғанда, иесі—ұқсатып айтар зергер болған ғой. Киелі сөздің иесі болуға — кейде қолдан келсе, кейде қолдан келмеген болу керек. Сахнада — тірі рухпен емес, өлі рух — декорациямен, жылт-жылт еткен жарықпен, партнеріміздің киген киімімен, омырауындағы тананың көзіндей жалтыраған түймелерімен қарым-қатынас жасап жүрген күндерімізді өнерге балап, өріске шығып өркен жайғандай көріппіз. Қарым-қатынастың творчестволық нысанасын таба алмай қыдырыстаған актер жанарына тиянақ болар тұғырын көрсете қоюға өзіміздің де жетеміз жете бермеген екен-ау.

Кілті жоғалған қақпаны қаңғырлатып қаға беріппіз. Қаңғырлаған, бос қақпаның даңғыры құлақ тұндырмай не қылсын. Құлақты жаңғыртқан даңғаза жүрекке жетуші ме еді? Жүректі шым еткізе алмаған құр айғай, тұла бойды шымырлатар ма? Жүректі тербеп, тұла бойды шымырлатпаса, өнер емес, айғай емей немене?...

Ендеше, К. С. Станиславский ашқан элемент — өз- өзімен қарым-қатынас жасау процесі тікелей тірі рухқа тәуелді екен. Мен (актер) — субьект болсам, ол (обьект)—тірі рух болмақ. Бұл ережені актер де, режиссер де білуге тиіс. Аталмыш творчестволық аксиоманың сахналық ролі мен маңызы санаткерлерге осыны жүктейді.

Келесі бір аса маңызды творчестволық акт — өзара қарым-қатынастың (взаимное общение) қайтару мен қабылдау (алыс-беріс) (отдача и восприятие) процестері.

Қайтару процесі — субъект (мен) арқылы, яғни сөз сөйлеп тұрған актер арқылы іске асса, қабылдау п р о ц е с і — обьект (ол) арқылы, яғни сөз тыңдап тұрған актер арқылы іске асады. Демек, мен (субьект) қайтарамын немесе беремін, ол (обьект) — алады немесе қабылдайды.

Осы процесті К. С. Станиславский қ у а т жолығысы (встречный ток) деп атаған. Сахна алаңында алыс- беріс сәтінде қуат жолығысы өзара ұдайы алмасып тұрады. Өйткені, актерлер алма-кезек тіл безеп, айтыс үлгісін танытады. Айтыс үлгісі — қуат жолығысының өзара алмасуын тудырады. Бұл бесенеден белгілі жәйт. Мәселе мұнда да емес, басқада.

Мәселе — партнерлер арасындағы болатын өзара қ а рым-қатынастың үздіксіздік (непрерывное взаимное общение) процесінің үзілмеуі.

«Сахнада дәл осындай өзара қарым-қатынастың, әсіресе үздіксіз қарым-қатынастың қажеттілігі мен маңызы аса зор, өйткені автордың шығармасы мен актерлердің ойын өрнегі екі немесе одан да көп адамдардың — пьесаға қатысушылардың диалогтарынан тұрады (там же, с. 256) дейді К. С. Станиславский.


Иә, сахнада өзара қарым-қатынастың алыс-беріс ағыс жолығысының үздіксіздігі қажет. К. С. Станиславский актерлерден үздіксіздік процесінің үзілмеуін талап сткен.

...Өкінішке орай, сахна алаңында өзара үздіксізд і к қ а р ы м - қ а т ы н а с процесі үнемі бола бермейді. Актерлердің басым көпшілігі көп жағдайда үздіксіздік қарым-қатынас процесін, тек, өзі сөйлеп тұрған сәттерде ғана пайдаланады да, сөзі таусылған соң, тынығып, дем алып тұрады. Ең азабы, партнерінің не айтып тұрғанын түсінуге тырыспақ түгілі тыңдамайды да, келесі репликасын тосып, тұра береді. Қасындағы партнеріне құлақ аспаған соң, алыс-беріс қуатжолығысы,өзара үздіксіздік қарым-қатынас процесі қайдан болсын. Актерге аса қажет аталмыш элементтер қатыспаған жерде творчестволық өмір бола ма? Өмір жоқ жерде — тіршілік жоқ. Алыс-беріс сезімі, қуат жолығысы, өзара үздіксіздік қарым-қатынас — тек рольді айтқан кезде емес, үнсіздік сәттерде де қажет. «Көз — актердің ішкі дүниесінің айнасы»,—дейді К. С. Станиславский. Сезімнің үздіксіздік сәттері актердің екі көзіне ауысады. Адамның ішкі сарайы — көзінде сайрап тұрады. Сондай кезде жанарының шоғы сөніп, сәулесі азайған көзді көру — тамұққа түскенмен пара-пар. Иә, дүкендерде сөреге тізіп қойған жансыз қуыршақтың түйме көздеріндей болып мөлдіреген жанарсыз көздер, кей шақта біздің де көз алдымызда елестеп қояды...

Мұндай актерлер туралы К. С. Станиславский: «Сахнада саған көз тігіп тұрып, сені емес, басқа біреуді көріп тұратын актермен ойнау деген азап қой! Ондай партнерлер қарым-қатынас жасайтын адамымен екі арасын керегемен бөліп қойғандай: оның не репликасын, не дауыс ырғағын, не қарым-қатынас тәсілін қабыл алмайды. Көз алдын тұман басқандай кеңістіктен елестен басқа еш нәрсе көрмейді. Осындай аса қауіпті актерлік мертігу тажалынан қорқыңдар! Ол кінәрат тез тамыр жаяды да, түзетуі қиын болады» (там же, с. 258) де жазады.

Қарым-қатынастың тағы бір түрі—сахнада жоқ нысанамен (объект), яғни қиялмен қатынас. Мұның ерекшелігі, ол сахнадағы актерге де, залдағы көрермендерге де көрінбейді. Дәлелдеу үшін тағы да «Гамлет» трагедиясынан мысал келтірейік. (Аударған Х.Ерғалиев).


БІРІНШІ АКТ
Бірінші сахна
Марцелл. Бүгін көзге түсті ме әлгі сұмдық?

Бернардо. Көрінген жоқ әзірше.

Марцелл. Ойдан шыққан ойнақы бір елес деп.

Есептейді Горацио, сол аруақты

Екі дүркін көрдік десек, сенбейді.

Сенбеген сон, сақшылықта өзін де


Осы түнде бізбен бірге бол дедім.

Аруақ бүгін қайтадан бір көрінсе,

Тәптіштелік, тілдеселік өзімен.

Горацио. Иә, шіркін, келе қояр ол саған!

Бернардо. Отырайық,

Бізге қарсы құлағыңыз қамалы

Қанша берік болса да,

Көзімізбен көргенді айтып,

Сол қамалды бұзуға

Рұхсат деңіз.

Горацио. Жә, ендеше, отырайын.

Бернардоны тыңдалық, не айтар екен бізге бұл.

Бернардо. Өткен түнде

Темірқазық жұлдызының

Батысынан ісең аспанда жарқырап

Сонау жұлдыз сәулесі қазіргідей

Осы тұрған тұсына ауған шақта.

Мына Марцелл екеуміз...

Сағат бірді енді ғана...

Аруақ көрінеді.

Марцелл. Жап аузынды! Қозғалма! Әне, тағы тап өзі.

Бернардо. Тұлғасы дәл — король марқұм аумаған.

Марцелл. Білімдар едің, сен тілдесші, Горацио.

Бернардо. Қане, қалай, есінізге түсіре ме, корольді?

Горацио. Түсіргенде қандай! Шошып тұрмын үрейден!

Бернардо. Сауал күтіп тұр ғой ол.

Марцелл. Жөнін сұра, Горацио.

Горацио. Заманында шалқып өткен жандай-ақ,

Баса көктеп түнді кезген кім едің?

Дат монархы болармысың жерленген?

Құдай ақы, сауалыма жауап бер!

Марцелл. Көңіліне ауыр алды.

Бернардо. Кетіп те қалды.

Горацио. Тоқта! Жауап! Жауап бер! Жалбарынам!

Аруақ кетеді.

Тілдескісі келмеді де, жөнелді.
Гамлетпен жеке кездесетін жерін есептемегенде, бірінші актіде аруақ үш дүркін көрінеді. Бірақ, аруақ сахнаға шықпайды. Оны Марцелл, Бернардо, Горациолар болмаса, залдағы ойын тамашалап отырған көрермендер көре алмайды. Горациолардың көруі де шартты нәрсе, кұр қиялмен болған қарым-қатынас. Сонда актердің нысанасы кім болмақ? Олар кімдермен қарым-қатынас жасау керек? Сахнада аруақтың жүргенін көрермендерге қалай сендіру керек? Дәл осындай көрінбейтін нысанамен партнер болған сәтте жасы бар, жасамысы бар актерлердің көбісі нысананың елесін іздеп, галлюцинациялық жалған әдіске көшеді. Сондықтан олардың бар зейіні мен күш-қуаты жоқ нәрсені іздеуге жұмсалады. Әлгі жоқ нысананы ойша жорып, көз алдына елестетеді де соны көріп, сонымен қарым-қатынасқа баруға тырысады. Соның салдарынан бар зейін, қуаты ішкі мақсатқа жұмсалмай (сахнада өмір сүру процесіне емес) жоқ нысананы іздеп, табуға жұмсалады. Ең қатерлісі — осындай жаңсақ тәсілге әбден төселген актер, оны дағдыға айналдырып алады да, өзі мен партнерінің арасына жалған нысана қоюды үйреніп алып, нағыз тірі нысана мен қарым- қатынас жасаудан көз жазып қалады.


Ал, К. С. Станиславский: Сахнада жоқ нысанамен, тек, ішкі көзқарасың арқылы қарым-қатынас жасау керек. Әлгі «елестің» орнына өзіңнің киелі күш «егер де» элементіңді қойып: егер де маған сахна алаңыңда «елес» кездесіп қалса, мен қандай әрекетке барар едім деп сауал қою арқылы іс істеуің керек дейді.

Демек, сахнада өмір сүрмейтін қиял нысанасымен қарым-қатынас жасау үшін ішкі көзқарас (отношение) әм сиқыр элемент киелі күш «егер де» арқылы әрекет ету керек екен.

Сахнадан Гамлеттің аруақ-әкесін іздеп, әуре-сарсаң болудың қажеті аз. Оған деген ішкі көзқарасыңды ойнатқан абзал. Мәселен, Марцелл, Бернардо, Горацио аруақтың елесінен қорқып жүрген жоқ. Елес — оқиға. Оқиға — көзқарас арқылы ойын өрнегіне ие болады. Ендеше, олардың аруаққа деген көзқарасын анықтау керек. Дәл осы тұста олардың аруаққа көзқарастары өте жағымсыз. Неге? Не үшін олар оны жек көреді?

Жоғарыда келтірілген үзіндінің аруақ кетіп қалғаннан кейінгі Горационың монологына құлақ тосайық.
М а р ц е л л. Ұқсай ма екен корольға?

Г о р а ц и о. Сен өзіңе ұқсағандай тұп-тура.

Норвегтермен шайқаста

Үстіне киген баяғы сол сауыты,

Ұмытылмас ұрыс-жанжал кезінде

Ұлықтарын поляктың

Шанасынан аударғанда көк мұзға,

Жаңағыдай тұрған еді-ау тұнжырап!

Ақыл жетпес ақуал!
Әке — Гамлет көзі тірісінде Дат еліне патша болып тұрған кезде Норвегияға жорыққа шықпақшы болып, қатты дайындалған. Бала-Гамлет айтқандай, әке-Гамлеттің: «Өлгеніне екі-ақ ай... Одан да кем». Демек, Норвегия Даниядан соғыс қаупін күтеді. Клавдий таққа ағасы өлгеннен соң ие болғанды. Ол кездегі дәстүр бойынша патша азасы екі айға созылады. Бұл мерзім ішінде патшасы өліп, қара жамылған қазалы елге жау шаппайтын дәстүр болған. Оның үстіне Норвегия патшасы Фортинбрас, жаңадан таққа отырған Клавдийдің сыртқы саясатынан бейхабар. Аңдысумен отыр. Екі ел арасындағы ескі кекті Клавдийдің қайта өршітуі мүмкін бе? Не дегенмен өлген патша ағасы ғой. Ал, тақ пен тәж үшін өз ағасын өзі өлтірген Клавдий қылмысы елге аян емес. Олай болса, соғыс өрті бұрқ ете түсуі мүмкін. Осындай ел бүліну қаупі төніп, әрі-сәрі қылпылдап тұрған заманда өлген патшаның аруағы көрден шығып, ел торыса — жаман ырым. Елизавета билеп тұрған феодалдық Англияның жұрты аруақ-құдайға имандай ұйып сенетін болған.

Сонда Марцелл, Бернардо, Горациолардың сахналық нысанасы кімдер болмақ? Ойын өрнегін өрбіту үшін кімдермен қарым-қатынас жасау керек? Жоғарыда айтқанымыздай сахнада жоқ партнермен қарым-қатынас жасау сауатсыздық.


Солай десек, сахнада аруақка деген өз көзқара с ы ң д ы ойнату керек екен. Өмірде жоқ, қиялдағы партнермен қарым-қатынас процесі осындай жолдармен шешілмек. Марцелл, Бернардо, Горациолардың аруаққа деген көзқарастарының қырғиқабақ болатын себебі сол. Олар соғыс шығып кете ме деп сескенеді. Сол себепті өлген патшаның аруағы арқылы соғысқа қарсы өз көзқарастарын ойнатады. Аталмыш қарым-қатынас түрінің творчестволық мән-мағынасы осы.

Сахналық қарым-қатынастың тағы бір ауыр түрі — көрермен залмен арадағы қатынас. Мұның қиындық ерекшелігі: аталмыш қарым-қатынас партнермен де, көрермен қауыммен де бір мезгілде, бір мезетте байланыс жасайды. Біріншісімен, яғни партнермен саналы түрде т і к е л е й қарым-қатынас жасаса, екіншісімен,яғни көрермендермен санасыз жанама түрде қарым-катынас жасайды.

Сахнада актердің партнермен тікелей қарым-қатынас процесі бізге белгілі. Ал, көрермен мен актер арасында болатын жанама немесе санасыз қарым-қатынас түрін қалай түсінуге болады?

«Көрермені жоқ жерде ойын көрсету — көп кілем, жұмсақ мебельдермен сықай толтырылып, тұншықтырып тастаған бөлмеде ән салумен бірдей. Ал, керісінше, ықыласы шыңдап ауған лық толы залда ойын көрсету — акустикасы жақсы үйде ән салғанмен пара-пар.

Көрермен қауым рухани акустика тудыруға жағдай жасайды. Ол, резонатор сияқты бізден аларын алып, есесіне өзінің адамдық тірі сезімін қайыра қайтарады» (там же, стр. 259) деп жазады К. С. Станиславский.

Актерлердің ойын өрнегіне дән риза болып, сатырлата қол соғу, қызық тұстарда шек-сілесі қатқанша күлу, кейіпкермен қоса қайғыру, толғану мен тебірену, ойынның қайғылы сәттерінде шыдай алмай еңіреп жіберу — көрерменнің актерлерге адамдық тірі сезіммен жауап беруі немесе көрермен мен актерлер арасындағы өзара қарым-қатынастың пайда болуы болып есептеледі. Анықтап айтқанда, ойын тамашалап отырған көрермен қауым актердің қуанышына ортақтасып, қайғысын бірге бөліседі. Қосылып жылап, қосылып күңіренеді. Қысқасы, бірге өмір сүреді.

Санасыз немесе жанама қарым-қатынас деген осы.

Мұндай қарым-қатынас түрі сахнада жүріп жатқан творчестволық процестің көркемдік қуатына қуат қосады. Актерлердің темпераментін күшейтіп, қызуын лаулатады. Бірте-бірте сахна мен көрермен залының арақатынасы күшейіп, алдын ала жоспарланбаған санасыз түрде сабақтасын, ұласуға айналады. Зал мен сахна бір деммен, бір тыныспен ғұмыр кешеді. Сөйтіп, екі жақты і творчестволық акт процесі өктемдік алып, билік құрады. Аталмыш жанама қарым-қатынастың қадір-қасиеті, көркемдік сипаты осындай.