Файл: Негізгі орта білім беру дегейіні 59сыныптарына арналан "азастан тарихы" оу пні бойынша лгілік оу бадарламасы 1тарау. Жалпы ережелер.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 25.10.2023

Просмотров: 259

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған "Дүниежүзі тарихы" оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасы 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Оқу бағдарламасы "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес әзірленген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген).

      2. "Дүниежүзі тарихы" оқу пәнінің мақсаты – білім алушылардың бойында тарихи сана, толеранттылық, өз елі және басқа елдердің тарихы мен мәдениетіне құрмет қалыптастыру, ғасырлар бойы қалыптасқан жалпы адамзаттық құндылықтарды дарыту және зерттеушілік, ойлау, коммуникативті дағдыларды дамыту.

      3. "Дүниежүзі тарихы" оқу пәнінің міндеттері:

      1) адамзат өркениетінің ежелгі заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі әлеуметтік, мәдени, саяси, экономикалық дамуының негізгі кезеңдері және түрлі халықтардың тарихи даму жолының ерекшеліктері туралы білімін қалыптастыру;

      2) әлемнің тарихи дамуы барысында қалыптасқан жалпы адамзаттық құндылықтар жүйесі туралы білім беру;

      3) негізгі оқиғалар, құбылыстар мен тарихи даму процестерінің мәні туралы түсінік қалыптастыру;

      4) тарихи оқиғаларды, құбылыстар мен процестерді және тарихи тұлғалардың қызметін дүниежүзі тарихы контекстінде сын тұрғысынан талдау және баға беру дағдыларын қалыптастыру мен дамыту;

      5) тарихи деректердің негізінде дәлелді пайымдау дағдыларын дамыту;

      6) тарихи зерттеу жүргізу дағдыларын қалыптастыру мен дамыту (гипотезаларды ұсыну, зерттеу сұрақтарын құрастыру, деректерді талдау, әртүрлі көзқарастарды салыстыру, нәтижелер мен қорытындыларды шығару, өзінің ұстанымын анықтау);

      7) қазіргі кездегі саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени процестерде бағдарлану үшін тарихи білімдерін қолдана білу дағдыларын қалыптастыру;

      8) коммуникативті дағдыларды қалыптастыру, соның ішінде, өз ойын ауызша және жазбаша түрде анық білдіру, командада жұмыс істей алу, түрлі деректерден алынған ақпараттарды қоса алғанда, басылымдар мен электронды құралдарды қолдану.


2-тарау. "Дүниежүзі тарихы" оқу пәнінің мазмұнын ұйымдастыру 1-параграф. "Дүниежүзі тарихы" оқу пәнінің мазмұны

      4. "Дүниежүзі тарихы" оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің жоғары шекті көлемі:

      1) 5-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында 36 сағатты;

      2) 6-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында 36 сағатты;

      3) 7-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында 36 сағатты;

      4) 8-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында 36 сағатты;

      5) 9-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында 36 сағатты құрайды.

      Оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі "Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу жоспарына тәуелді (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелді).

      5. "Дүниежүзі тарихы" оқу пәнінің білім мазмұны бөлімдер арқылы қамтылған. Аталған бөлімдер сыныптар бойынша оқу мақсаттарын қамтитын бөлімшелерден тұрады.

      6. "Дүниежүзі тарихы" оқу пәнінің білім мазмұны төрт бөлімді қамтиды:

      1) әлеуметтік қатынастардың дамуы;

      2) мәдениеттің дамуы мен өзара әрекеттестігі;

      3) саяси жүйелердің дамуы мен өзара әрекеттестігі;

      4) экономикалық қатынастардың дамуы.

      7. "Әлеуметтік қатынастардың дамуы" бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:

      1) әлеуметтік құрылымдар;

      2) әлеуметтік өзара әрекеттестік.

      8. "Мәдениеттің дамуы мен өзара әрекеттестігі" бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:

      1) дін;

      2) өнер;

      3) философиялық жүйелер;

      4) ғылым.

      9. "Саяси жүйелердің дамуы мен өзара әрекеттестігі" бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:

      1) мемлекет: белгілері, құрылымы және басқару тәртібі;

      2) империялар, соғыстар, көтерілістер мен революциялар.

      10. "Экономикалық қатынастардың дамуы" бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:

      1) шаруашылық жүйелер: эволюция және өзара әрекеттестік;

      2) экономикалық жүйелердің тарихи үлгілері.

      11. Оқу бағдарламасы базалық тарихи ойлау дағыдыларын: тарихи деректердің интерпретациясы, уақыт пен кеңістікте бағдарлану, тарихи талдау және түсіндіруді қалыптастыруға бағытталған.



      12. "Дүниежүзі тарихы" оқу пәні бойынша тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыру және оқу мақсаттарын тиімді жүзеге асыру төмендегі тарихи концептілерге (түсініктер) негізделеді:

      1) өзгеріс пен сабақтастық;

      2) себеп пен салдар;

      3) дәлел;

      4) ұқсастық пен айырмашылық;

      5) маңыздылық;

      6) интерпретация.

      13. Тарихи концептілер негізінде оқытудың қүтілетін нәтижелері:

      1) "өзгеріс пен сабақтастық" бойынша білім алушылар: сабақтастық пен өзгеріске қатысты тарихи мысалдарды уақыт пен кеңістікте талдайды және бағалайды; сабақтастық пен өзгеріске қатысты тарихи мысалдарды ұзақ уақыт бойы ауқымды тарихи процестер мен тақырыптарға дейін біріктіреді, тарихи оқиғалар мен процестердің белгілі бір уақыт межесінде жүйеленуі мен ұйымдасуының негізін (критерийлер) түсіндіреді;

      2) "себеп және салдар" бойынша білім алушылар: бір немесе бірнеше себептердің және/немесе ықпалдардың өзара әрекеттесуін талдайды және бағалайды; ұқсастықтарды, себеп-салдарды, өзара байланысты көрсете отырып тарихи себептілікті түсінеді, тарихи құбылыс, оқиға немесе процесті басқа ұқсас тарихи құбылыстармен уақыт пен кеңістікте байланыстырудың әдістерін түсіндіреді және бағалайды;

      3) "дәлел" бойынша білім алушылар: қарастырылып отырған дәлелге қатысты: аудитория, мақсаттар, көзқарастар, формат, аргумент, шектеулер және контекст сынды тарихи айғақтың ерекшеліктерін талдайды, тарихи айғақтарды талдау және бағалау негізінде дәйекті қорытынды жасайды, өткен заман туралы объективті түсінік қалыптастыру мақсатында түпнұсқалық және қосалқы деректерден әртүрлі, қарама-қайшы айғақтарды талдайды,

      4) "ұқсастық пен айырмашылық" бойынша білім алушылар: белгілі бір жерде, белгіленген бір уақыт кезеңінде және/немесе әртүрлі қоғамдарда, немесе бір қоғамның ішіндегі өзара байланысқан тарихи оқиғаларды салыстырады;

      5) "маңыздылық" бойынша білім алушылар: қоғамның дамуы үшін тарихи оқиғаның, құбылыстың, процестің маңыздылығын анықтайды;

      6) "интерпретация" бойынша білім алушылар: белгілі бір тарихи оқиғаға, құбылысқа, процеске қатысты әртүрлі көзқарастарды түсіндіреді және бағалайды.

      14. 5-сыныпқа арналған "Дүниежүзі тарихы" оқу пәнінің базалық мазмұны келесі тараулардан тұрады:

      1) терімшілер-аңшылардан бастап егіншілер мен малшыларға дейін. Адамның пайда болуы туралы теориялар. Адамдардың алғашқы бірлестік формалары: адамдар тобыры, ру, қауым, тайпа және олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары. Ежелгі адамдардың өмір салты. Иемденуші және өндіруші шаруашылық түрлері (терімшілік, аңшылық, балық аулау, мал шаруашылығы,егіншілік, металл өңдеу, айырбас сауда). "Неолиттік төңкеріс" ұғымы. Ежелгі діни наным-сенімдер. Алғашқы қауымдық өнердің түсінігі және түрлері;


      2) өзен алқаптарының өркениеттері. Алдыңғы Азия мен солтүстік-шығыс Африканың табиғи жағдайлары. Месопотамия тарихының ежелгі кезеңі: Шумер және Аккад мемлекеттері. Ежелгі өркениеттердің шаруашылық жүйесі мен өнері;

      3) Ежелгі Египет. Табиғи жағдайлары. Египеттегі мемлекеттің пайда болуы. Пирамидалар құрылысының дәуірі. Ежелгі Египеттің әлеуметтік құрылымы, экономика, діни наным-сенімдер мен ғылыми білімдері;

      4) қос дөңгелекті арбалар мен империялар. "Империя" түсінігі. Ежелгі замандағы әскери өнер: соғыс арбалары мен атты әскердің пайда болуы. Жаулаушылық соғыстар мен империялар шекараларының өзгеруі. Таяу және Орта Шығыс империялары. Орталық Азияның ежелгі мемлекеттері. Әлеуметтік ұйымдасу, шаруашылығы мен мәдениеті;

      5) Ежелгі Үндістан: буддизмнің гүлденуі мен индуизмнің салтанат құруы. Табиғи жағдайлары. Үндістанда мемлекеттің қалыптасуы. Ежелгі Үндістандағы индуизм мен буддизм. Ежелгі Үндістанның әлеуметтік құрылымы (касталық жүйе). Шаруашылығы. Мәдениеті мен ғылыми білімдердің дамуы;

      6) Ежелгі Қытай. Табиғи жағдайлары. Ежелгі Қытай мемлекетінің қалыптасуы. Конфуций және Лао Цзы ілімдері. Ежелгі Қытайдың саяси, шаруашылық және қоғамдық құрылысы. Ежелгі Қытайдың мәдениеті;

      7) Ежелгі Грекия. Ежелгі Грекияның географиялық жағдайы. Грекияның ежелгі өркениеттері. Грекиялық қала-мемлекеттер. Афина мемлекеті. Ежелгі Спарта. Ежелгі Грекияның саяси, шаруашылық және қоғамдық құрылысы. Грек-парсы соғыстары. Александр Македонский империясы;

      8) Ежелгі Грекия мәдениеті. Ежелгі Грекияның тарихшылары мен философтары. Ежелгі Грекиядағы білім мен ғылым. Ежелгі Грекияның мәдениеті (күнделікті өмірі мен мерекелері, Олимпиада ойындары, діни наным-сенімдер, аңыздар мен мифтер, театр, сәулет және мүсін өнері);

      9) Рим империясының гүлденуі. Апеннин түбегінің табиғи-географиялық ерекшеліктері. Ежелгі Римнің саяси және қоғамдық құрылысы (патшалық басқару және республика кезеңі тұсында). Римнің жаулаушылық соғыстары. Рим империясы. Рим империясындағы басқару жүйесі мен әлеуметтік ұйымдасу. Спартак бастаған құлдар көтерілісі. Шаруашылығы мен тұрмысы. Мәдениет. Империя дағдарысы;

      10) дәуірлер кезеңіндегі Рим. Христиандықтың пайда болуы. Рим империясындағы алғашқы христиандар. Мемлекеттік басқару жүйесі. Ұлы Константиннің діни реформасы. Ежелгі дүниенің мәдени мұрасы: жазу, әлемнің ғылыми бейнесі, ежелгі Римдегі техниканың дамуы.


      15. 6-сыныпқа арналған "Дүниежүзі тарихы" оқу пәнінің базалық мазмұны келесі тараулардан тұрады:

      1) Рим империясының құлауы. Тарихтағы "орта ғасыр" түсінігі. Орта ғасырлар тарихының хронологиялық шеңбері мен кезеңдері. Халықтардың ұлы қоныс аударуы және Батыс Рим империясының құлауы. Византия империясы. Византия мен Түрік қағанатының дипломатиялық қарым-қатынастары. Киев Русінің құрылуы. Киев Русінде христиандықтың қабылдануы;

      2) феодализм. "Феодализм" түсінігі. Феодалдық шаруашылық түрінің ерекшеліктері. Феодалдық қоғамның әлеуметтік құрылымы. Ортағасырлық қалалар мен өнердің даму ерекшеліктері;

      3) ислам тарихы. Ислам дінінің пайда болуы. 610 және 1258 жылдар аралығындағы ислам тарихындағы басты оқиғалар. Араб халифаты. Мұсылман әлемі мәдениетінің дамуы;

      4) крест жорықтары. Крест жорықтарының (1-4 крест жорықтары) себептері, барысы мен салдары. Крест жорықтарынан кейінгі христиандық Еуропа мен мұсылман әлемі;

      5) моңғолдар. Шыңғыс хан. Моңғол империясының құрылуы. Моңғолдардың әскери өнері. Еуразия этносаяси картасының қалыптасуына моңғол шапқыншылықтарының әсері;

      6) XIV ғасырдағы - XVI ғасырдың бірінші жартысындағы ортағасырлық еуропалық қоғам. "Қара індет". Франция мен Англиядағы шаруалар көтерілісі. Феодалдық соғыстар (Жүз жылдық соғыс, Ал қызыл және Ақ раушандар соғысы) және Еуропадағы бір орталықтанған мемлекеттердің қалыптасуы. Жанна дАрк;

      7) Батыс пен Шығыстағы абсолютизм. Феодалдық мемлекеттің даму кезеңдері. Батыс пен Шығыс мемлекеттеріндегі абсолютизмнің ерекшеліктері (Франция, Ресей, Англия, Қытай, Жапония, Осман империясы). "Парламент", "Бас штаттар", "сейм", "кортес", "Бояр Думасы" ұғымдары;

      8) сауда, қолөнер және әлемді игеру. Ұлы Жібек жолы. Халықаралық сауда мен саяхаттар. Қытайдағы Мин әулетіндегі теңіз саяхаттары (Чжен Хе басшылығымен). XV ғасырдың соңы - XVI ғасырдың басындағы Ұлы географиялық ашулар мен олардың салдары. XV ғасырдағы Америка халықтары. Алғашқы отарлық империялар (Португалия, Испания);

      9) Қайта өрлеу дәуірі. Батыс Еуропадағы қайта өрлеу дәуірінің мәдениеті. Гуманистер идеялары. Шығыстың ортағасырлық мәдениеті;

      10) Реформация. Реформация себептері мен оның Еуропа елдеріндегі таралуы. Мартин Лютер наразылығының тарихи маңызы;

      11) ғылыми революция. Әлемнің қазіргі ғылыми бейнесінің негізін қалаушылар және олардың ізбасарлары (Николай Коперник, Галилео Галилей, Джордано Бруно, Иоганн Кеплер).