Файл: азастан Республикасыны 2025 жыла дейінгі Стратегиялы даму жоспары.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 26.10.2023
Просмотров: 306
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
4.8 «Үздік практикалар тәжірибесі бойынша әкімшілік әділет жүйесін құру» бастамасы. Азаматтардың мемлекеттік аппаратпен қарым-қатынасында құқықтарын қорғауға арналған сот (немесе квазисоттық) институты ретінде әкімшілік әділет органы енгізіледі. Жария-құқықтық сипаттағы дауларды шешу тәртібін процестік оқшаулау және заңдастыру мәселесі қарастырылатын болады. Әкімшілік іс жүргізу қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізумен қатар сот төрелігін жүзеге асырудың толыққанды нысанына айналады.
4.9 «Кәсіпкерлік кодексін дамыту» бастамасы. Кәсіпкерлік кодексті одан әрі дамыту кәсіпкерлікті реттеудің отандық және шетелдік үздік тәжірибелерін ескере отырып, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде жария және жеке мүдделердің теңгерімін қамтамасыз етеді.
Кодекс шеңберінде корпоративтік құқық мәселелері де регламенттелетін және кәсіпкерлік субъектілеріне тән жеке-құқықтық қатынастардың ерекшеліктері көрсетілетін болады, бұл кәсіпкерлерге өзінің шаруашылық қызметінде Кодексті тікелей басты құқықтық құжат ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Кодекс кәсіпкерлік саласындағы әкімшілік кедергілердің өсуіне басты заңды тосқауылға айналуы тиіс.
4.10 «Рейдерліктен нормативтік-құқықтық қорғауды қамтамасыз ету» бастамасы. Рейдерлікті және заңсыз қысым көрсетуді болдырмау мақсатында, оның ішінде бәсекелестікті жою мақсатында меншік құқығын қорғау күшейтілетін, меншік иесі үшін нақты кепілдіктер белгіленетін болады.
«Сот төрелігін және сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету» міндеті
Құқық үстемдігін қамтамасыз ету саласындағы неғұрлым маңызды міндет құқық бұзушылықтар үшін жазалаудың қайтарымсыздығы қағидатын және соттың тәуелсіздігін сақтау болып табылады.
4.11 «Сот жүйесінің халықаралық тәуелсіздік стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету» бастамасы. Сот жүйесі халықаралық стандарттар мен тәуелсіздік қағидаттарына сәйкес жетілдірілетін болады.
«100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде сот жүйесінде бұдан әрі де меритократия қағидаттары қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, соттар мен судьяларды мамандандыру жөніндегі жұмыс жалғасады.
Сот билігінің қызметін объективті әрі қалтқысыз жариялау қамтамасыз етілетін болады.
4.12 «Алқабилер сотының қолданылу тетігін жақсарту және оның аясын бұдан әрі кеңейту» бастамасы. Алқабилер соты институтын одан әрі дамыту мен жетілдіру жүзеге асырылады. Алқабилер соты қолданылуы мүмкін қылмыстық істер санаттарын одан әрі кеңейту қаралатын болады.
4.13 «Сот актілерін орындаудың тиімділігін арттыру» бастамасы. Атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыру үшін жеке сот орындаушыларының қызметін жетілдіру, олардың әсіресе әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша сот актілерін тиісті деңгейде орындау үшін жауапкершілігін арттыру жөніндегі шаралар көзделетін болады. Осы мақсаттарда атқарушылық іс жүргізу саласындағы уәкілетті орган тарапынан бақылау мен прокуратура тарапынан қадағалау күшейтілетін болады. Атқарушылық іс жүргізу сот орындаушыларының процестік әрекеттерін барынша автоматтандыру, бірыңғай электрондық сауда алаңшасы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жолымен жетілдірілетін болады.
4.14 «Қылмыстық-құқықтық шараларды жетілдіру» бастамасы. Қоғамнан оқшаулауға байланысты емес қылмыстық-құқықтық шаралар кеңінен қолданылатын болады. Қылмыстық жазаларды орындау жүйесі жалпыға танымал халықаралық стандарттарға жақындатылады. Бас бостандығынан айыру орындарында адамның қауіпсіздігі, жазаның осы түрін өтеп жатқан адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы қамтамасыз етіледі. Сотталған адамның мекеме шегінде жүріп-тұруы мен адамдармен жеке қарым-қатынас жасауы мүмкіндіктерімен қоса ұстаудың камералық тәртібіне біртіндеп көшу жүзеге асырылатын болады. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды әлеуметтендіруге бағытталған жүйелі шаралар қабылданатын болады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу шараларын күшейту» басымдығы
Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оның алдын алу ең басты міндеттердің бірі болып табылады. Ағымдағы мақсат – алдын алу шараларын айтарлықтай күшейту, «сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңсыз әрекеттерге сұраныс» ретінде де, сондай-ақ олардың жүзеге асырылуын да төмендету.
Басымдық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі, алдын алу шараларын ауқымды қолдануға және қылмыстық-құқықтық құралдарды, әсіресе сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары салаларда нақты пайдалануға көшуге берілетін болады.
«Сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары процестерді оңтайландыру және оңайлату» міндеті
Азаматтар мен кәсіпкерлер неғұрлым талап ететін көрсетілетін қызметтерді оңайлату, цифрландыру және тұтынушылармен байланысын қысқарту, олардың ашықтығын арттыру заңсыз іс-әрекеттерді жасаудың қажеттілігі мен мүмкіндігін азайтады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметі салаларында кезең-кезеңімен қолданылатын болады.
4.15 «Азаматтардың мемлекетпен байланыстарын одан әрі оңайлату» бастамасы. Халықтың мемлекетпен өзара іс-қимыл жасасатын барлық нүктелеріне аудит жүргізіледі, оңайлатуға немесе автоматтандыруға әлеуеті бар мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен функциялар айқындалады, электрондық түрде немесе «бір терезе» қағидаты бойынша қолжетімді болатын көрсетілетін қызметтердің үлесі артады. Болашақта «бір өтініш» қағидаты енгізіледі (мемлекеттік қызметтер қосымша құжаттар ұсынылмай, өтініш пен жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі негізінде көрсетіледі). Келесі қадам «барынша белсенді мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» тұжырымдамасын іске асыру болады, бұл кезде азамат қандай да бір сұрау салусыз мемлекеттік көрсетілетін қызметті алудың қажеттілігі/мүмкіндігі туралы автоматты түрде хабарлама алады, ал кейбір жағдайларда бұл қызмет автоматты түрде көрсетілетін болады.
4.16 «Процестерді автоматтандыруды қамтамасыз ету» бастамасы. Мемлекеттік органдарда автоматтандырудың принциптік мүмкіндіктерін айқындайтын критерийлерге жатқызылатын барлық процестер электрондық форматқа көшіріледі. Бірқатар мемлекеттік функцияларды жолға қою мүмкіндігі, оның ішінде, мысалы, «блокчейн» сияқты, құқықтарды белгілеу мен өзгерту процесін автоматтандыратын және даулы мәселелерді болдырмайтын технологиялар базасында меншік құқықтарын тіркеу зерделенетін болады.
4.17 «Сатып алу жүйесін жетілдіру» бастамасы. ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес сатып алу процесін жосықсыз ұйымдастыруға күдік туындағанда немесе анықталған жағдайда мемлекеттік сатып алу қатысушысының іс-қимылы туралы нұсқаулық әзірленетін болады. Бірыңғай тәсілдерді белгілеу, жауапкершілік пен бақылауды күшейту мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларын регламенттеу жөнінде жұмыстар жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде заңсыз іс-әрекеттер тәуекелдерін азайтатын, оның ішінде «блокчейн» технологияларын қолдана отырып, қазіргі заманғы цифрлық шешімдер енгізілетін болады.
4.18 «Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен дерекқорларын интеграциялау» бастамасы. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне, оның ішінде «электрондық үкімет» порталында ведомствоаралық интеграция жүргізілетін болады. Бұл интеграция қолданыстағы, сондай-ақ жаңадан құрылатын ақпараттық жүйелер мен дерекқорларды қамтиды. Бұл жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетулерден - «бір мәлімдеме» қағидаты бойынша кешенді түрде көрсетуге көшуге, сондай-ақ халықтың мемлекетпен өзара тікелей іс-қимыл алаңын қысқартуға мүмкіндік береді.
4.19 «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын ала айтудың қазіргі заманғы әдістерін енгізу» бастамасы. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау мен болжау қолданыстағы бірыңғай дерекқорларды пайдалана отырып қазіргі заманғы предиктивтік талдау әдістерімен толықтырылады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижесінде айқындалған ұсынымдарды енгізу сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында нормативті түрде бекітілетін болады.
«Тұрақты құқықтық мәдениетті қалыптастыру» басымдығы
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмыстардың көп бөлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында, біршама аз бөлігі заңдарды білуді, түсінуді және сақтауды көздейтін құқықтық мәдениеттің жалпы деңгейін арттыру саласында жүргізілуде. Бұл ретте мемлекеттік органдарға азаматтардан түсетін барлық өтініштердің айтарлықтай бөлігі (30-50%) заңдарды түсіндіру қажеттілігіне байланысты.
Басымдықтың негізгі міндеттері – заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің халыққа түсінікті тілдік стильде және форматта берілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру бағдарламаларына құқықтық оқытудың қазіргі заманғы форматтарын енгізуді қамтамасыз ету. Құқықтық мәдениетті қалыптастыруда азаматтардың қоғамдық бақылауға қатысуын кеңейтудің рөлі ерекше.
«Қоғамда заңдардың сақталмауына және сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру» міндеті
Азаматтар мен бизнес-қауымдастықтың өз құқықтары туралы хабардар болуы, оларға стандарттарды, құқыққа сыйымды мінез-құлықтың артықшылығы мен пайдасын түсіндіру құқықтық тәртіпті нығайтып, сыбайлас жемқорлыққа төзушілік деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
4.20 «Құқықтық тәрбие және білім беру бағдарламаларын кеңейту» бастамасы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие мен білім берудің қолданыстағы бағдарламасы құқық қолдану қызметінің түрлі аспектілерін қамтитын болады. Бағдарлама қарапайым азаматтар үшін іс-шараларды және жергілікті мемлекеттік қызметшілер үшін түсіндіру жұмыстарын қамтитын болады. Заңнаманы қолданудың мағынасы мен қағидаттарын түсіндіретін оңайлатылған форматтағы өзекті құқықтық құжаттардан тұратын ашық ақпараттық құқықтық ресурс құрылады. Азаматтардың құқықтық санасын арттыру жөніндегі, оның ішінде сыбайлас жемқорлық әрекеттері әкелетін залал ауқымын көрсететін, сыбайлас жемқорлық көріністеріне және заңдардың сақталмауына төзімсіздікке тәрбиелеуге, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың заңдық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғастырылатын болады.
Бұл ретте заң білімін арттыруға, юриспруденция саласында және қызметтің сабақтас салаларында біліктілігі жоғары мамандар дайындауға бағытталған шаралар әзірленіп, іске асырылатын болады.
«Қоғамдық бақылауды танымал ету және мемлекеттік институттарға сенімді арттыру» міндеті
Қоғамдық бақылау құқық бұзушылыққа қарсы күреске әрбір азаматты тартуға және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
4.21 «Қоғамдық бақылау бағдарламаларын танымал ету» бастамасы. Заңдардың сақталуын қоғамдық бақылау бағдарламаларын, оның ішінде «Азаматтық бақылау» және «Мемлекеттік қызметтегі әдеп» сияқты бағдарламаларды тарату мен танымал ету жұмыстары жүргізілетін болады.
Мемлекеттік орган басшыларының қоғам алдындағы есептілігі практикасы одан әрі дамитын болады.
Қоғамдық бақылауды танымал ету мен тиімділігін арттыру үшін ЭЫДҰ елдерінің озық тәжірибелеріне сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуеті қолданылатын болады.
Азаматтардың нақты уақыт режимінде ескертулері мен ұсыныстарын есепке алу мен жедел ден қою үшін хабарламалармен алмасуы үшін қазіргі заманғы цифрлық технологиялар, әлеуметтік желілер мен мобильді хабарлама қосымшалары қолданылады.
4.22 «Мемлекеттiк институттарға сенiм деңгейi бойынша тиімділіктің басты көрсеткiштерiн енгізу» бастамасы. Электрондық үкімет базасында мониторингтеумен және өлшенетін көрсеткіштерді, сондай-ақ ашық жарияланымды пайдалана отырып, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейін бағалайтын тиімділіктің басты көрсеткіші енгізілетін болады. Мониторингтеудің нәтижелері мемлекеттік институттардың жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген қызметкерлерін көтермелеу мен олардың үздік тәжірибесін тарату үшін пайдаланылатын болады.
Күтілетін нәтижелер
Мемлекеттің құқықтық жүйесінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдігін күшейту, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету Қазақстандағы қосымша экономикалық өсуді жылына 2%-дан бастап және халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аталған реформа бойынша қабылданған шаралар TheWorldJusticeProject заң үстемдігі индексі бойынша позицияларды әлемде 55-60-орынға дейін жақсартуға мүмкіндік береді. Ал сыбайлас жемқорлықты қысқарту жөніндегі жүйелі шаралар (Transparency International сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі 35 балға дейін өседі) және қазіргі заманғы құқықтық мәдениетті тәрбиелеу ұлттық экономикадағы жағдайды жақсартуға мультипликативтік әсер етеді (оның ішінде негізгі капиталға инвестициялардың өсуіне жанама түрде әсер етеді – 2025 жылға қарай ЖІӨ-ден 19,4%-ға дейін).