Файл: азастан Республикасыны 2025 жыла дейінгі Стратегиялы даму жоспары.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 26.10.2023
Просмотров: 305
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Заңдардың сапасын, түсінікті болуын қамтамасыз ету, азаматтардың сенім білдіру деңгейі жоғары болған кезде сенімді және әділ сот қорғауына кепілдік беру негізгі міндеттер болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында алдын алу шараларын қолдану практикасын кеңейту және процестерді жеңілдету мен ашықтығы есебінен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою, толық автоматтандыру мен есептілік арқылы цифрлық технологияларды қолдана отырып, мемлекеттік аппарат қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту керек.
Құқықтық мемлекетті қалыптастыруда табыстың маңызды құрамдас бөлігі құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті орнату, азаматтардың заңды сақтаушылық мінез-құлқын және жалпы қоғамда жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.
«Заңнаманы жетілдіру және заңдарды сақтау үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз ету» басымдығы
Ұлттық заңнаманың жоғары сапасы қолдау табады, азаматтардың құқықтарын қорғау тетігі жақсартылады, сот жүйесінің тәуелсіздігі күшейтіледі, қоғамның мемлекеттік институттарға сенім білдіру деңгейі артады. Қазақстанда құқық қорғау жүйесі халықаралық стандарттарға барынша жақын болады.
«Заңнаманың және құқық қолданудың сапасын, тұрақтылығын арттыру» міндеті
Заңнаманың болжамды және сапасының жоғары болуы ел ішіндегі өмір сүру деңгейін арттыру үшін жағдайлар жасайды, Қазақстанды халықаралық бизнес үшін неғұрлым бәсекеге қабілетті әрі тартымды етеді. Осы мақсаттарда заңды әркелкі түсіндіру мүмкіндіктерін жою, олардың қайталануын болдырмау, заңдардың тұрақтылығын және бір мезгілде заңнамадағы өзгерістер мен жаңалықтардың болжамдылығын қамтамасыз ету қажет. Бірінші кезекте бұл халық пен бизнес үшін неғұрлым қолданылатын және маңызды заңдарға қатысты.
Заңнаманы, оның нормативтік деңгейлері мен құқық құрылымын одан әрі жаңғырту ұлттық заңнаманың, оның базалық салаларының даму басымдықтарын, ведомстволық норма шығармашылықтың рөлін, құқықтық реттеу тетігіндегі заңнамалық және заңға тәуелді актілер үлесінің оңтайлы арақатынасын айқындау арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте ұлттық заңнаманы дамыту басымдықтары жаһандық әлемдегі біздің құқықтық жүйеміздің бәсекеге қабілеттілігін, тартымдылығын қамтамасыз ету призмасы арқылы айқындалатын болады.
Мемлекеттің құқық шығармашылық рөлі ең алдымен азаматтық айналым субъектілеріне қызмет жасау үшін (әсіресе кәсіпкерлік) көбірек еркіндік беруге, оның ішінде құқықтағы диспозитивтілік қағидатын неғұрлым кеңінен пайдалана отырып, еркіндік беруге бағытталады. Сөзсіз және әрқашан мемлекеттің қарамағында болатын, сондай-ақ мемлекеттік монополиядан тыс болуы мүмкін қатаң нормативтік-құқықтық реттеуге жататын салалар мен аялар нақты айқындалатын болады, өйткені бірқатар жағдайларда неғұрлым «икемді» және нақты нормативтік-құқықтық реттеген жөн. Бұл реттеу белгілі бір жағдайларда институционалдық ортаның дайын болуына қарай мемлекеттік емес субъектілерге берілуі мүмкін.
4.1 «Заңнаманың сапасын арттыру» бастамасы. Заң жобаларын және қолданыстағы заңнама актілерін бағалау рәсімдерін жетілдіру (заң қабылдау, экономикалық әсерді талдау, реттеушілік әсерді бағалауды кеңінен пайдалану, ықтимал тәуекелдер болжамы) арқылы заң жобаларын дайындау, жобаларды неғұрлым сапалы дайындау және олар бойынша консультациялар жүргізу үшін жеткілікті мерзімдер белгілеу арқылы заң жобаларын дайындау бойынша процестер мен институционалдық мүмкіндіктер жақсартылады.
Жария құқық жүйесінде реттеушілік те, сол сияқты деликтік заңнама және ең алдымен қылмыстық құқық жетілдірілетін болады. Бұл ретте оның нормалары толық көлемде заң нақтылығы мен салдарлардың болжамдылығы талаптарына сай келетін болады, яғни жеткілікті деңгейде нақты тұжырымдалады және заң ережелерін ерікті түрде түсіндіру мүмкіндігін болдырмастан, заңды іс-әрекетті заңсыз іс-әрекеттен барлық айқындамаларымен ажыратуға мүмкіндік беретін түсінікті критерийлерге негізделеді.
Заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін құқықтық, әсіресе халық пен бизнестің күнделікті қызметін тікелей регламенттейтін актілерді жаңартудың барынша жиілігі шектелетін болады. Барлық өзгерістер азаматтар мен ұйымдар үшін қолжетімді форматта жарияланып, қажетті түсіндірулерді қамтиды.
4.2 «Құқық қолдануды жақсарту» бастамасы. Көптеген сарапшылар отандық заңдардың сапасы жеткілікті деңгейдегі жоғары екенін, алайда нашар орындалатынын атап өтуде. Осыған байланысты заңдарды және өзге де нормативтiк актілерді, оның ішінде олардың орындалуын мониторингтеу мен бағалауды іске асырудың ұйымдық-құқықтық тетіктері айқындалады. Құқықтық мониторинг шеңберінде нормативтік құқықтық актілерді қолдану нәтижелерін толыққанды сараптау енгізілетін болады.
«Адам құқықтары мен бостандықтарын және меншік құқықтарын қорғау тетіктерін жақсарту» міндеті
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, бәрінен бұрын меншік құқықтарын қорғау азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекетке сенім білдіруінің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін негізгі шарттардың бірі болып табылады.
4.3 «Қылмыстық және әкімшілік-деликтік заңнаманы одан әрі ізгілендіру» бастамасы. Қылмыстық – ең алдымен заңдылық пен құқықтық тәртіптің салтанат құруы үшін қауіп-қатерлерді ескере отырып, экономикалық қылмыспен күрес саласында - саясатты одан әрі ізгілендіру үшін мүмкіндіктер айқындалатын болады.
Салықтық, кедендік және басқа да құқық бұзушылықтарды қоса алғанда, қоғамдық қауіптілік дәрежесі жоғары емес құқық бұзушылықтың экономикалық құрамдарын қылмыстық сипаттан арылту және ізгілендіру жөніндегі жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Қазірдің өзінде енгізілген өзгерістерден болған нақты әсер қазіргі заманғы талдамалық және пікіртерім әдістерінің көмегімен бағаланатын болады.
Заңнаманы және қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәркілеуді тек қылмыстық жолмен жинаған мүлкін тәркілеу ретінде қолдану практикасын жетілдіру, сондай-ақ мүлікті заңсыз жолмен алғанын дәлелдемелерді берудің нақты критерийлерін белгілеу бойынша шаралар қабылданатын болады.
Әкімшілік-деликтік заңнаманы ізгілендіру әкімшілік жауапкершіліктің құқық бұзушылық сипатына сәйкестігі қағидатын сақтауға бағытталатын болады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарау бойынша соттар мен соттардан тыс инстанциялар арасында өкiлеттiктердiң аражігін ажыратудың нақты тұжырымдамасы әзірленеді. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жаңартылған заңнама қолдану үшін қарапайым әрі тиімді және негізінен әкімшілік-деликтік заңнамамен қорғалатын құқықтар мен заңды мүдделерге қол сұғудан соттан тыс қорғауға бағытталады.
4.4 «Қылмыстық процесті жаңғырту» бастамасы. Дамыған елдердің базалық қағидаттарына сәйкес келетін, адам құқықтарын қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартудан қорғау кепілдіктерін нығайтуды, айыптауды төмендетуді, қылмыстық іс бойынша процестік шешімдер қабылдау кезінде объективтілікті арттыруды болжайтын сотқа дейінгі процесс моделі кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Қорғаушы тарапқа дәлелдемелер жинау және оларды сотқа ұсыну бойынша неғұрлым кең мүмкіндіктер бере отырып, қылмыстық процесте айыптау және қорғау тараптарының жарыспалылық қағидаты күшейтілетін болады,
Қылмыстық-процестік құқықты жетілдіру шеңберінде оның репрессивтілігін төмендетуге бағытталған қылмыстық сот ісін жүргізудің қағидаттары іске асырылатын болады. Мұндай тәсілді іске асыру адам мен азаматты негізсіз айыптау мен соттаудан, құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, кінәсіз адамды айыптаған немесе соттаған жағдайда оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз етеді.
Заңдылықты мүлтіксіз сақтау қамтамасыз етілетін болады, жедел-іздестіру іс-әрекеттерін жүзеге асыру және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде осындай әрекеттердің құралдары мен әдістерін заңсыз пайдалану үшін жауаптылықты күшейте отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кепілдендіру жүйесі күшейтілетін болады.
4.5 «Құқық қорғау жүйесін дамыту» бастамасы. Құқықтық тәртіп органдарын дамыту, олардың қызметінің нысандары мен әдістерін жетілдіру жалғасады. Кадр саясатының тұрақтылығы мен ашықтығы қамтамасыз етіліп, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі мен тәртібіне қойылатын талаптар арттырылатын болады. Құқық қорғау органдарына тән емес функцияларды толық жоя отырып, неғұрлым тиімді ұйымдастырушылық-басқарушылық тетіктері мен функцияларды тиімді бөлу белгіленеді. Құқық қорғау органдарының қызметіне сенім, қоғамдық бақылау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге халықты тарту деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдау жоспарлануда. Құқық қорғау органдарының қызметін бағалаудың нақты критерийлері айқындалады; азаматтардың сенім білдіру деңгейі олардың жұмыс сапасының басты көрсеткішіне айналады.
4.6 «Құқық қорғау органдары мен соттарды цифрландыру» бастамасы. Қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер кезең-кезеңімен электрондық форматқа ауыстырылады. Бұл бұрмалау мен сыбайлас жемқорлық үшін мүмкіндіктерді төмендетеді, осы істер бойынша іс жүргізуді неғұрлым үнемді етеді және адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға нұқсан келтірмей, мемлекеттік бюджетке жүктемені азайтады. Құқық бұзушылықтар туралы өтініштер беру, айыппұлдар төлеудің цифрлық жүйесі құрылатын болады, бұл адами фактордың ықпалын барынша азайтады. Сот жүргізуде жасанды интеллект элементтері, сондай-ақ құқықтық статистиканың үлкен деректерімен жұмыс істеуге арналған талдамалық құралдар енгізу қаралуда.
Бірыңғай сот практикасының ашық электрондық жүйесі құрылады. Сот процесінің кез келген қатысушысы өзін қызықтыратын сипаттамалар бойынша барлық сот актілерімен таныса алатын болады. Сонымен қатар, өтініштерді қарау сапасы мен нәтижелерін, не өтініш берушінің қанағаттануын бағалау жүйесін енгізу және/немесе кеңінен қолдану болжанады.
4.7 «Азаматтардың мүдделерін қорғау сапасын жақсарту» бастамасы. Заң көмегін көрсетудің стандарттары мен қағидаттары заңнамалық түрде белгіленетін, кірістері төмен адамдарға құқықтық көмек көрсету жүйесі жақсартылатын, ауылдық жерлерде адвокаттық қызметтерге толыққанды қол жеткізу қамтамасыз етілетін болады.
Бітімгерлік рәсімдері мен дауларды соттан тыс реттеу тетіктерінің қолданысын, оның ішінде сот тәртібінде де, сол сияқты соттан тыс тәртіпте де жеке-құқықтық қақтығыстар тараптарының арасында ымыраға қол жеткізудің алуан түрлі жолдары мен тәсілдерін (медиация, араағайындық және басқасы) бекіту арқылы кеңейту болжанады.