Файл: азастан Республикасыны 2025 жыла дейінгі Стратегиялы даму жоспары.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 26.10.2023

Просмотров: 285

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


Жалпы алғанда, Ұлттық Банк пен Үкіметтің жұмысы банк секторында нарықтық жағдайларды бұрмалайтын факторларды төмендетуге бағытталады, атап айтқанда: мемлекеттің араласуы мен мемлекет қаражаты есебінен жеке банктерді қолдау азайтылады, банк секторындағы корпоративтік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар жалғастырылады, экономиканы қаржыландырудағы квазимемлекеттік институттардың рөлдері біртіндеп азаяды, банк секторында, оның ішінде, жаңа капитал, жаңа банк өнімдері мен қызметтерді әкелуге қабілетті шетелдік қаржылық институттарды қоса алғанда, нарыққа жаңа жеке қатысушылардың кіруіне бөгет болатын кедергілерді төмендету арқылы бәсекелестікті арттыру шаралары қабылданады.

2-міндет. Экономиканы ұзақ мерзімді кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету

Банк жүйесін тұрақты қорландыру базасының болмауы банк секторының тұрақтылығын арттыруға кедергі келтіретін және банктердің экономиканы кредиттеу бойынша мүмкіндіктерін шектейтін негізгі факторлардың бірі болып табылады.

Ұлттық валютада орта мерзімді және ұзақ мерзімді қорландыруды қалыптастыру үшін депозиттік базаны күшейту және депозиттердің мерзімдерін ұлғайтуды ынталандыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ қаржы секторының қалған құралдары үшін бағалық бағдарға айналатын, мемлекеттік бағалы қағаздардың табыстылық ауытқымасын құру және сақтау үшін қажетті борыштық құралдарды шығару қамтамасыз етіледі.

Ішкі қорландыру көздері сонымен қатар тұрғындар мен отандық кәсіпорындардың бос ресурстары есебінен артатын болады. Халықтың жинақтарын қорландыру көзі ретінде тартуға, жеке капиталдың кетуін және репатриациялануын төмендетуге мүмкіндік беретін Private Banking құралдары дамытылады.

Банктердің теңгерімдерін «жаман кредиттерден» тазарту, қор нарығын дамыту және халықтың жинақтарын инвестициялауға мүмкіндіктерді кеңейту үшін екінші деңгейдегі банктен заңды тұлғаларға берілетін қарыз бойынша талап ету құқықтарын беру кезінде табыстарды мойындау тетігі жетілдіріледі. Бизнеске осындай берешектерімен проблемаларды уақтылы шешуге және кәсіпкерлік қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретін банктік борыштарды жедел қайта құрылымдау тетігі енгізіледі. Банктердің нарықтық емес активтерін секьюриттеудің тиімді тетіктерін енгізу есебінен банк секторының борыштық міндеттемелерін қайта қаржыландыруына жағдай жасалады.


Экономика секторларындағы нақты табыстылықты есепке алатын деңгейде ұзақ мерзімді несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер беруді қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылады.

Ипотекалық тұрғын үй кредиттерінің қолжетімділігін арттыру және банктердің ипотекалық кредиттеуін жандандыру бойынша жұмыстар жалғастырылады, ипотекалық кредиттерді секьюриттеу тетігі енгізіледі.

Бұл ретте елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін 2025 жылға қарай ұзақ мерзімді кредиттер үлесін өсіре отырып, несие қоржынын 50% дейін арттыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіледі, мұны ұзақ мерзімді кредиттер үлесінің өсуімен, Шығыс Еуропа, Латын Америкасы, Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінің көрсеткіштерімен салыстыруға болады.

3-міндет. Қаржылық қызметтер мен қор нарығын дамыту

Осы міндетті шешу үшін банктердің цифрлық технологияларды пайдалану, банктік қызметтердің жаңа тиімді түрлерін кеңейту және дамыту, қашықтықтан қызмет көрсету бөлігінде белсенділігін одан әрі арттыру бойынша жұмыстар жалғастырылады, бұл шығыстарды оңтайландыруға және банктер көрсететін қызметтердің құнына оң әсер етеді.

Қор нарығын жандандыру

Барлық құнды қағаздарды ұстаушылар туралы бірыңғай деректер базасын құру, клиенттердің шығасыларын қысқарту, мәмілелерді тіркеу рәсімдерін жеңілдету және тіркеу уақытын қысқарту мақсатында құнды қағаздар нарығының инфрақұрылымын оңтайландыру арқылы реттеушілік орта жетілдірілетін болады.

Құнды қағаздардың биржадан тыс нарығының ашықтығы артады және осы нарықта айналымдағы қаржылық құралдарға сұранысты ынталандыру бойынша шаралар қабылданады. Нарыққа қатысушыларды құнды қағаздармен жасалған биржадан тыс мәмілелер және құнды қағаздарға қалыптасқан бағалар туралы ақпаратпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіледі.

Жаңа технологияларды енгізу, электрондық сауданы инвесторлардың сауда-саттықтарға қашықтықтан қол жеткізу жүйелерін дамыту, акционерлердің жалпы жиналысында электрондық дауыс беру жүйесін құру құнды қағаздарды сату шарттарын жеңілдетеді.

Құнды қағаздарды шығару проспектісінің электронды форматына ауысу және оны қаржылық есеп беру депозитарийінде эмитенттер орналастырған ақпараттар негізінде автоматты түрде жаңарту жолымен құнды қағаздарды шығаруға байланысты рұқсат беру рәсімдерін одан әрі оңтайландыру жүргізіледі.



ДСҰ-ға мүшелік және капиталдың халықаралық нарықтарымен интеграциялануы жағдайында отандық делдалдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында инвестициялық банкингті дамыту үшін жағдайлар жасау бойынша жұмыстар жалғастырылады.

Құнды қағаздар нарығын одан әрі дамыту үшін қажетті тиімді жағдайлар жасау үшін формальды тәсілден тәуекелге бағдарланған реттеуге және құнды қағаздар нарығының субъектілерін қадағалауға өту бойынша шаралар қабылданатын болады. Отандық қор нарығын дамыту бойынша жұмыстар жалғасады.

Зейнетақы активтерін басқару нарығын дамыту

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша функцияларды бәсекелі ортаға беру есебінен экономиканың басым секторларын қаржыландыру үшін «ұзын» ақшаларды бере алатын зейнетақы активтерін басқару компаниялары атынан стратегиялық инвесторлар класы құрылады. Стратегиялық инвесторлардың пайда болуы эмитенттер үшін қор нарығында қаржыландыруды тартуға қосымша ынталандыру болады. Сонымен бір уақытта жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақымен қамтамасыз етудің алдыңғы жүйесінің кемшіліктерін ескеру қажет.

Салым салушыларға зейнетақылық жинақтарын инвестициялық басқару стратегиясын және басқару компаниясын таңдау құқығы берілетін болады, бұл да зейнетақылық қызметтер нарығында бәсекені қамтамасыз етеді.


Қорландыруға сұранысты қамтамасыз ету

Қорландыруға сұранысты қамтамасыз ету үшін эмитенттерді қолдау бағдарламасын енгізу арқылы жеке компанияларға құнды қағаздар нарығында қаржыландыруды тарту үшін ынталандырулар жасалады, сондай-ақ тұрғындар үшін өзінің жинақтарын түрлі құнды қағаздарға инвестициялау мүмкіндіктері кеңейтіледі.

Ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор компанияларын қазақстандық қор биржасына шығару жүзеге асырылады.

Мемлекеттің экономикаға қатысуының айқындығын арттыру және бизнесті мемлекеттік қолдау процестерінің нарықтық қағидаттарына сәйкестігін арттыру үшін мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру және қор нарығының құралы арқылы мемлекеттік қолдауды ұсынуға жағдайлар жасалады.

Брокерлік қызмет көрсетуді, активтерді басқаруды, капитал мен эмитенттер нарығын талдауды қоса алғанда, инвесторлық базалар қаржылық қызметтердің кең спектрін ұсынатын инвестициялық банктердің жұмыс істеуі үшін жағдай жасайды.

Банктік емес өзге де қаржылық қызметтерді дамыту

Сақтандыру секторын институттық дамыту және тұрақтылығын арттыру бойынша, венчурлік қаржыландыруды дамыту үшін заңнаманы жаңғырту бойынша жұмыстар жалғастырылады.

Баламалы қаржыландыру көздерінің тартымдылығын арттыру мақсатында инвестицияларға кепілдік беру және шығындарды өтеу жүйелерін енгізу мүмкіндіктері қарастырылады.

Инвестициялық құрамдағы ерікті жинақтаушы сақтандыруды дамыту үшін өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялар салымшыларға ұсынылатын инвестициялық өнімдер ассортиментін кеңейтеді. Сақтандыру қызметтерінің тізбегін кеңейту және сақтандыру компанияларының тұрақтылығын арттыру бойынша жұмыстар жалғастырылады.

ШОБ секторын жедел өтімділікпен, оның ішінде мемлекеттік қолдау, лизингтік қызмет көрсету нарығын дамыту есебінен қамтамасыз ету мақсатында факторинг нарығын дамыту бойынша шаралар енгізіледі.

Қаржылық қызметтерді цифрландыру

Кредиттеу және сақтандыру қызметтері, бұлтты бухгалтерия мен есептілік бойынша көрсетілетін қызметтер, кредиттік тарихты енгізу цифрландырылады, бұл қағаздағы құжаттамамен байланысты мемлекеттік шығасыларды қысқартады.

Цифрлық қызметтер көрсетуді белсенді енгізу шеңберінде блокчейн-технологияларды енгізу үшін жағдайлар жасалатын болады.

Қаржылық қызметтерді алу үшін мобильдік құрылғыларды пайдалана отырып, интернет арқылы қаржылық қызметтер алу мүмкіндіктері дамитын болады. Жеке тұлғалар арасында өзара кредиттеу сияқты жаңа бизнес-модельдер енгізіледі.


Цифрлық қаржылық қызметтердің өсуі сондай-ақ қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесін ұлғайтады және көлеңкелі экономиканың көлемін азайтады.

4-міндет. «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту

АХҚО дамыту: капитал нарығы, активтерді басқару, бақуатты жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару (Private banking), қаржылық технологиялар мен исламдық қаржыландыру сияқты бес стратегиялық бағыт бойынша жүзеге асырылады.

Баламалы қаржыландыру көздерін дамыту үшін АХҚО базасында қаржы биржасын дамыту жұмысы жалғасады. АХҚО ерекше құқықтық мәртебеге ие және ЕХРО-2017 инфрақұрылым базасында жеке аумағы бар. АХҚО инвесторлар үшін қолайлы жағдайларды: ағылшын құқығының қағидаттарына негізделген коммерциялық және азаматтық құқықты, тәуелсіз реттеу режимін; салықтық жеңілдіктерді; жеңілдетілген тіркеу режимі мен тартымды инвестициялық климатты қамтамасыз етеді.

Әлемнің озық тәжірибелеріне сәйкес капитал нарығын дамыту, шетелдік инвесторлардың тарту және қор нарығының ашықтығын арттыру үшін қажетті экожүйе және сапалы биржалық инфрақұрылым – жоғары технологиялы АХҚО биржасы

АХҚО биржасы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-тің ірі активтерінің акцияларын орналастыру үшін пайдаланылады. Сонымен қатар АХҚО биржасында өңір үшін жаңа «жасыл» қаржыландыру, исламдық қаржыландыру, қаржылық технологиялар құралдары шығарылатын болады.

АХҚО базасында ақылды келісімшарттар алгоритмі орнатылған арнайы криптографикалық жетондар (криптотокендер) шығару жолымен қорландыруды тартуға жағдай жасау туралы мәселе пысықталатын болады. Жаңа қаржы институттарының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету және жаңа технологияларды пайдаланатын клиенттерді қорғау үшін реттеу тетігі жасалатын болады.

Қазақстанда «ақылды» келісімшарттар мен таратылған тіркелім технологияларын дамыту қаржы нарығының кеңдігі мен тереңдігін арттыра отырып, жеке инвесторлар (жеке тұлғалар) көп болу үшін ұйымдастырылған қаржы нарығына қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ шығасыларды айтарлықтай азайтады.

АХҚО активтерді басқару саласындағы жергілікті нарықты және сараптаманы дамыту жөніндегі қызметі бастапқы сатысында активтерді басқару нарығында қызмет көрсететін халықаралық компанияларды тартуға бағытталатын болады. Халықаралық басқарушы компанияларды тарту елде стратегиялық инвесторлар класын құрудың қозғаушысына айналады, Private Banking құралдарын дамытуға түрткі болуға мүмкіндік береді.