Файл: азастан Республикасыны 2025 жыла дейінгі Стратегиялы даму жоспары.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 26.10.2023
Просмотров: 291
Скачиваний: 2
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
2-міндет. Индустрияландыруды тереңдету және жаңа қазақстандық тауарларды сыртқы нарыққа шығару
Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы шеңберінде экономиканы одан әрі индустрияландыру «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға баса назар аударылып, жүзеге асырылады.
Жоғары технологиялық өнiмдер өндiрiсiн дамыту және жаһандық қосылған құн тiзбектеріне енгізу үшiн қолайлы жағдайлар жасалады.
Жоғары технологиялық қайта бөлу тауарларын шығаруға қабілетті, жүйе құрайтын жобалар іске асырылатын болады. Бұл «салмақ орталығы» индустриалдық кәсіпкерліктің шекті массасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жабдықтың жұмыс істеу режимдерін оңтайландыру, өнімділік пен еңбек қауіпсіздігін арттыру, логистиканы, өнім сапасын жақсарту, сұранысты болжауды жақсарту, өнімді нарыққа шығару уақытын қысқарту, сатудан кейінгі қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында өндірісте «Индустрия 4.0» технологияларын (Big data, 3D-шығару, робот техникасы, сенсорлар, машиналық оқыту, толықтырылған нақтылық) енгізу негіз болады.
Өңдеу секторын дамытуға инвестициялар салатын кәсіпорындар үшін, экспорттық қолдау және еңбек өнімділігін арттыру бөлігінде қолдау көрсету күшейтіледі. Қосылған құнның өсуі негізгі өлшемшартқа айналады.
Өңдеу секторының жекелеген салаларына технологияларға да, сол сияқты өткізу нарықтарына рұқсат беретін жетекші шетелдік өндірушілер тартылатын болады. Өндірісті оқшаулау және технологияларды трансферттеу мақсатында импорттық тауарлардың ірі мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу шеңберінде офсеттік саясат элементтері қайта қаралатын болады.
Машина жасауда, бірінші кезекте, базалық салалар тұтынатын өнімдер өндірісі дамиды. Әлемдік өндірушілерді тартуға байланысты бұрғылау кешендері, астық тасығыштар, контейнер тасығыштар, комбайндар, жаткалар мен сепкіштер, тракторлар мен бульдозерлер, тау-кен жабдықтары, электр жабдықтары, локомотивтер, жүк және жолаушылар вагондары сияқты жаңа соңғы өнім түрлері игеріледі.
Басқа басым бағыттар, толық өндіріс циклын құруға бағдарлана отырып, отандық компаниялардың әлемдік көшбасшылармен ынтымақтастығына негізделетін, көлік құралдарын, олардың бөліктерін, керек-жарақтары мен қозғалтқыштарды өндіру, сондай-ақ адам денсаулығы мен экологияға қауіпсіз, энергия үнемдеуші-жоғары технологиялық материалдар өндірісі болып табылады.
Агрохимия және өнеркәсіпке арналған химиялық заттарды өндіру химия өнеркәсібін дамытудың басым секторларына айналады. Жоғары ғылымды қажет етуіне байланысты, осы секторларды дамыту кластерлік тәсілдің негізінде жүзеге асырылады. Мұнай-газ химия өндірісінің төңірегінде пластик бұйымдарын өндіру дамитын болады.
3-міндет. Жаңа индустриялар мен қызмет көрсету саласын дамыту
Цифрландыру мен технологиялық революция экономиканың дәстүрлі салаларының негізінде және айналасында жаңа индустриялардың пайда болуына мүмкіндіктер туғызады.
Жоғары өнімді қызмет көрсету экономиканың жаңа «өсу нүктесіне» айналуы тиіс және аэроғарыштық қызметтер, инжиниринг, АКТ, білім беру, медициналық туризм, заң қызметтері сияқты экспортталатын қызметтердің құрылымын әртараптандыру жоспарланып отыр.
Көліктік көрсетілетін қызметтерді дамыту. «Нұрлы жол» бағдарламасында көзделген қазіргі заманғы логистикалық хаб құру «Бір белдеу, бір жол» мемлекетаралық жобасы шеңберінде Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді пайдалануға және транзиттен пайданы ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ол үшін отандық көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту, логистикалық орталықтар құру мен сауда-саттық рәсімдерін оңайлату саясаты жалғастырылады.
Азия даму банкінің Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасы шеңберінде көлік-логистикалық бағыттарды дамыту бөлігінде одан әрі шаралар қолға алынатын болады.
Кедендік операцияларды орындау, жүктердің онлайн-режимінде қозғалысын қадағалау, жүк- және жолаушылар тасымалын жоспарлау мен құрудың зияткерлік жүйелер енгізіледі (оның ішінде «ауқымды деректер» қолдана отырып блокчейн технологиясы негізінде), бұл логистиканы Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан Еуропаға дейін тартуға, мультимодальды тасымалдауды жүзеге асыру үшін халықаралық деңгейдегі сервистік инфрақұрылымды және сауда-логистикалық орталықтар желісін қалыптастыруға, инфрақұрылымды әрі қарай дамыту қажеттілігін анықтауға, авиахабтарды дамытуға мүмкіндік береді.
«Ашық аспан» саясаты іске асырылатын болады, бұл авиалогистиканың құнын төмендетуге, туристік және жүк ағындарын арттыруға мүмкіндік береді.
Әлемнің тораптық транзиттік нүктелерінде көлік-логистикалық объектілер құру бойынша шаралар қабылданатын болады. Қазақстан үшін халықаралық теңіз порттарына қолжетімділікті кеңейту мен әртараптандыру маңызды басымдық болып табылады.
Инжинирингтік көрсетілетін қызметтер нарығын құру. Базалық және өңдеу салаларында индустриалды жобаларды іске асыруға мамандандырылған жобалау, технологиялық сараптама және консалтинг, техникалық аудит және қадағалау, технологияларды бейімдеу және жүйелі интеграциялау сияқты бәсекеге қабілетті инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді құрудың жоғары әлеуеті іске асырылатын болады. Осы бағытта осы секторларды дамытуда жинақталған тәжірибенің синергиясы және кейін шетелдік нарықтарға шыға отырып, әлемнің жетекші инжинирингтік компанияларын тарту маңызды.
Әлеуметтік экономиканы дамыту. Білім беру мен денсаулық сақтауға жеке инвестицияларды тартуға және осы салалардың көрсетілетін қызметтерді экспорттаудың өсуіне жағдай жасалады. Бұл қызметтердің экспорттық әлеуетін іске асыру локомотиві Назарбаев Университетінің халықаралық деңгейдегі кластерлері болып табылады. Халықаралық кеңістікке тиімді интеграциялану үшін әлемнің жетекші клиникалары, ЖОО-лар және зерттеу институттары желісімен стратегиялық әріптестік жолға қойылатын болады.
Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтерді дамыту. Ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді дамыту шеңберінде қазақстандық IT-қызметтердің экспорттық әлеуетін арттыру, «бұлтты» технологияларды енгізу, деректерді сақтау және өңдеу, бағдарламалау қызметтерін енгізу, электрондық мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ Қазақстанның аумағын жылдамдығы жоғары интернетпен қамтуды арттыру ұсынылады. Astana Hub және «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» АЭА базасында, сондай-ақ Назарбаев Университеті базасында инновациялық орталықтарды дамыту есебінен Қазақстандық IT-компаниялардың экспорттық әлеуетін арттыру жоспарлануда.
Қаржылық қызметтерді дамыту. Банктік, сақтандыру қызметтері мен активтерді басқару қызметтерінің сапасын арттыру жоспарлануда. Банктерде тәуекел менеджменті мен ақпараттық қауіпсіздіктің сапасын арттыру, блокчейн технологияларын қолдану бойынша шаралар қабылданатын онлайн-банкингке және қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға толық көшу іске асырылатын болады. Жоғары экспорттық әлеует АХҚО қызметі (қаржылық талдама, төрелік, есепке алу, fintech, төлем жүйелері) шеңберінде іске асырылатын болады.
Сауда қызметін дамыту. Транзакциялық шығасыларды төмендету, өткізу нарықтарын кеңейту мақсатында мынадай: нарықтарды жаңғырту, ірі ретейлердің франчайзингтік жобаларын қолдау, сауда объектілерін дамыту және B2B, B2C, C2C электрондық коммерция платформаларын дамыту бағыттары айқындалды. Көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындары үшін электрондық коммерция алаңын құру сапалы өнімге, әсіресе ауылдық жерлерде қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Отандық электрондық сауда алаңдарын халықаралық электрондық сауда алаңдарымен (Alibaba, Amazon, Ebay) интеграциялау тауарларды экспорттауға, сондай-ақ көліктік-пошта қызметтері үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Туризмді дамыту. Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан – бес туристік кластер құрылып, дамытылады. Астана қаласы іскерлік, медициналық және білім беру, Алматы қаласы – іскерлік және халықаралық тау шаңғысы, Шығыс Қазақстан – экологиялық/тұрақты (оның ішінде аграрлық, орманшылық, шытырман оқиғалы), Оңтүстік Қазақстан – мәдени (оның ішінде рухани, этнографиялық), Батыс Қазақстан – жағажай туризмі орталықтары ретінде айқындалады. Бұл ретте туристік кластерлер құруда табысты тәжірибесі бар стратегиялық (зәкірлі) инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады.
Өңіраралық туристік пакеттер көршілес елдердің туристік объектілерін мысалы, Жібек жолы шеңберінде қамти отырып, ерекше дамытылатын болады.
Жүріп-тұруы шектеулі топтарға қызмет көрсетудің, қолжетімділік және маршруттары қауіпсіздігінің арнайы стандарттары енгізіле отырып, әлеуметтік және инклюзивті туризм дамытылатын болады. Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту бойынша кешенді шаралар қабылданады. Қазіргі заманғы инфрақұрылымның болуына байланысты қысқы спорт түрлері, бизнес (форумдар, конференциялар), денсаулық сақтау және білім беру сияқты туристік бағыттар ілгерілетіледі.
4-міндет. Ұлттық экономиканы жаңғыртудағы ұлттық холдингтердің рөлі
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» (бұдан әрі - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ), «Бәйтерек» (бұдан әрі - «Бәйтерек» ҰБХ) және «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингтері экономикалық өсудің жаңа моделін құруда белсенді рөл атқаратын болады. Осы ретте бұл холдингтердің рөлі мемлекеттік бастамалар мен бағдарламаларды өткізушілер рөлінен экономиканың жеке секторының дамуымен қарама-қайшылыққа түспей, елдің ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін мемлекеттік және коммерциялық мақсаттарды көздейтін, қазіргі заманғы тиімділігі жоғары, ықшам және кәсіби институттардың рөліне өзгеруі тиіс. Бұл ұйымдардың активтері мен функционалы экономиканы әртараптандыруға, цифрлық және технологиялық жаңғыртуға бағытталатын болады.
Бұл ретте олардың стратегиялық рөлінің сәттілігінің негізгі факторы квазимемлекеттіктен корпоративтік басқарудың жоғары деңгейі бар жоғары технологиялы және тиімді институттарға трансформациялану процестерін тиімді аяқтау, холдингтердің тән емес функциялары және міндеттері yellow pages қағидаттарына сәйкес оңтайландыру және активтерді бәсекелес ортаға беру, жаңа салаларды дамыту мақсатында инвестициялық қызметтің тәсілдерін жетілдіру болып табылады.
3-саясат. Қаржы нарығын дамыту
Саясаттың мәні: қаржы секторын дамыту саясаты банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру мен экономиканы кредиттеуді, баламалы қаржыландыру көздерін дамытуды, АХҚО-ны дамыту мен халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды қамтитын қаржыландырудың тиімді тізбегін қалыптастыруға бағдарланған.
1-міндет. Банк секторының тұрақтылығын арттыру
Ұлттық Банктің төлем қабілетсіздігі тәуекелдерін төмендетуге және капиталдың жеткілігі бойынша банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің ұсыныстарын кезең-кезеңмен енгізуді жалғастыруды көздеген қадағалау функцияларын орындау есебінен қаржы секторының тұрақтылығын арттыру жөніндегі жұмысы осы міндеттің мақсатына айналады.
Банк қызметін пруденциялдық реттеуді, халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, банк қызметінің тәуекелдерін басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ жалпы қаржы жүйесін институционалдық дамытуды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылады.
Заңнаманы жетілдіру мақсатында Ұлттық Банкке жедел бақылау және тәуекелге бағдарланған қадағалауды қолдану бойынша құқықтар беру, аудиторлық және бағалау компанияларының жауапкершіліктерін күшейту, акционерлердің ашықтығын қамтамасыз ету және корпоративтік басқаруды жақсарту, банктердің дәрменсіздігін реттеу режимін жетілдіру жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Банк секторын сауықтыру бойынша міндеттерді шешу шеңберінде екінші деңгейдегі банктердің баланстарын «жаман» кредиттерден тазарту және қажет болған жағдайда, акционерлер тарапынан банктерді толық капиталдандыруды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылады.
Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің стандарттарына көшу шеңберінде дағдарысты құбылыстарды алдын ала ескерту жұмыстарын күшейтетін қадағалау процесі – Базель ІІ-нің екінші құрамдасын енгізу бойынша ұсынымдар әзірленеді. 2025 жылға қарай ағымдағы реттеу режимінің Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің (Базель ІІІ) жеке капиталдың жеткіліктігі мен өтімділігі жөніндегі негізгі қағидаттарына ауысуы бойынша жұмыстар жалғастырылады.