Файл: азастан Республикасыны 2025 жыла дейінгі Стратегиялы даму жоспары.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 26.10.2023

Просмотров: 288

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


АХҚО қаржылық технологияларды дамыту үшін тартымды экожүйе құру жұмыстарын жалғастырады. Икемді реттеу енгізілетін, сондай-ақ финтех-компаниялар мен жеке кәсіпкер-инженерлер үшін офис кеңістіктерін қамтитын қаржылық технологиялардың арнайы орталықтарын құру, кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларын өткізу, қаржылық технологияларды дамыту жөніндегі жергілікті және шетелдік компаниялар мен институттарды тарту, шеберлік сыныптары мен оқу бағдарламаларын өткізу, зерттеу зертханаларын құру, қаржылық технологияларды жылжыту бойынша конференциялар мен
іс-шаралар өткізу қарастырылатын болады.

Исламдық қаржыландыру индустриясына жаңа қарқын беру үшін АХҚО базасында қолайлы құқықтық және реттеу ортасы жасалады және жаңа исламдық қаржыландыру құралдары әзірленетін болады. Қазақстан заңнамасы исламдық өнімдерді сәйкес дәстүрлі өнімдермен қатар қарастырады, сондықтан исламдық қаржыландыру үшін ұқсас шарттар қолданылады.

Халықаралық исламдық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жалғастырылатын болады.

5-міндет. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау, қаржылық инклюзивтілікті, халықтың қаржылық өнімдермен және қызметтермен қамтылуын арттыру

Қаржылық сауаттылықты тұрақты арттыру әрбір қаржылық көрсетілетін қызметті тұтынушының күнделікті міндетіне айналуы тиіс. Бір мезгілде қаржылық қызметтерді алудың барлық кезеңінде халыққа өз құқығын қорғайтын тетіктердің толық жиынтығын қамтамасыз ету қажет.

Қаржылық білімді арттыру, бюджетті жоспарлау дағдыларын дамыту және қаржылық өнімдерді пайдалану бойынша сараланған шешімдер қабылдау бойынша шаралар қабылданады.

Құнды қағаздар нарығындағы кәсіби қатысушылар мен эмитенттерді қоса алғанда, инвесторлардың қаржылық сауаттылығын, олардың құнды қағаздар нарығындағы процестер туралы, онда жұмыс істейтін субъектілердің қызметі туралы хабардар болуын арттыру жалғасатын болады.

Халықтың сақтандыру мәдениетін арттыру сақтандыру құралдарын танымал етуге, сақтандыруға сенімді арттыру және тарихи қалыптасқан халықтың мемлекет тарапынан әлеуметтік және басқа көмектерге бағдарланушылығын төмендетуге бағытталатын болады.


Исламдық қаржылық өнімдерге сұранысты арттыру мақсатында халық пен бизнестің исламдық қаржыландырудың мәні мен оның қолжетімділігі туралы хабардарлығын арттыру бойынша жұмыс жалғастырылады. Сонымен қатар жаңадан ұсынылып жатқан реформаларға халықтың сенімсіздігін жою үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесінің өзекті мәселелері бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жалғасатын болады.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқығын қорғауды қамтамасыз ету, тәуекелі жоғары кредиттеу және көлеңкелі реттелмейтін кредиттік нарық қауіптерін шектеу үшін халыққа қарыз берудің жеке тәртібі көзделетін болады. Жеке тәртіп заңды тұлғаларға төлем және қайтарымдылық шартымен ақша беруді де, сол сияқты заттарды (қызметтерді) беруді де қарастыратын, бірақ банктік қарыз беру шарты немесе микрокредит беру шарты болып табылмайтын барлық қарыз беру шарттарына қатысты болады.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында қаржылық ресурстарды (мысалы, біріккен «халықтық» қаржыландыру, инвестициялау, кредиттеу) тартудың баламалы тетіктерін реттеудің ықтимал шарттары қарастырылатын болады.

Халық пен кәсіпкерлер үшін кредиттің қолжетімділігін ұлғайтудан басқа, банктегі есеп айырысу және жинақ шоттарының болуы сияқты басқа да базалық қаржылық өнімдер мен қызметтерді қамтамасыз ету жұмысы жалғасатын болады. Мұндай өнімдерге қолжетімділікті, оның ішінде цифрландыру арқылы арттыру қаржылық жағынан дамыған және шалғай өңірлер арасындағы алшақтықты төмендетуге мүмкіндік береді.
4-саясат. Инвестицияларды белсенді тарту

Саясаттың мәні: мемлекеттік инвестициялық саясат қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруға, инвесторлар құқығын қорғауды нығайтуға, инвестицияларды тарту және ұстап қалу үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Бұл ретте институционалдық ортаны жетілдіру, мемлекеттің инвестициялық саясатының ашықтығы мен айқындылығын арттыру инвесторлардың сенімін нығайтудың маңызды факторлары болып табылады.

1-міндет. Реттеуді және инвесторлардың мемлекетпен өзара
іс-қимылын жаңғырту есебінен инвестициялық ахуалды жақсарту


Инвестициялық ахуал институционалдық ортаны жетілдіру, инвестициялық заңнаманың және мемлекеттік саясаттың ашықтығын арттыру, инвестициялық преференциялар беру, шетелдік мамандарды тартуға арналған жеңілдетілген режим, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту және бизнес жүргізу жеңілдігіне арналған жағдайларды қамтамасыз етудің арқасында жақсаратын болады.



Инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестицияларды тарту бойынша шаралар үздік халықаралық практиканы ескере отырып, басқа ауқымды нарықтарда жұмыс істейтін инвесторлардың қолайлы, ең аз қосымша күш жұмсай отырып, қазақстандық активтерге инвестиция сала бастайтын мүмкіндіктері болатындай әзірленуі және іске асырылуы тиіс.

Қазақстандағы және жетекші шетелдік нарықтардағы инвестиция салу шарттарының үйлесімділігі мен үндесуі ұзақ мерзімді перспективада сақталуы тиіс.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің шеңберіндегі белсенді жұмыс жалғасатын болады. Инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі мен жалпыға бірдей халықаралық практика ескеріле отырып, оңтайландырылады.

Кәсіпкерлік және инвестициялық қызметтердің мәселелерін қозғайтын негізгі заңдар мен құқықтық актілер бойынша толық және егжей-тегжейлі өзекті ақпарат жариялауды қамтитын ағылшын тіліндегі тиісті ақпаратқа
қолжетімділік жақсаратын болады. Бұл жаңа инвесторларды тартудағы ақпараттық кедергілерді айтарлықтай төмендетеді.

Инвестицияларды өзара көтермелеу мақсатында өнімді инвестициялар және технологиялардың көзі болуға қабілетті басым елдермен тығыз екі жақты экономикалық қарым-қатынас жалғасады. Түркия, Хорватия, Бахрейн, Сауд Арабиясы, БАӘ-мен жаңартылған және жаңа екіжақты инвестициялық келісімдерге қол қойылады.

Құзырлы және қажетті адами ресурстарды тарту үшін визалық және
көші-қон режимін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар қабылданады. Әлеуетті инвесторларға визалық рәсімдерді оңайлату бөлігіндегі жұмыс жалғастырылады.

2-міндет. Инвесторлар құқығын қорғауды күшейту есебінен инвестициялық ахуалды жақсарту

Инвестициялық ахуалдың негізгі элементтері инвесторлардың құқықтарын қорғау болып табылады. Ол үшін инвесторлармен өзара іс-қимыл кезінде әділдік және тең құқылық қағидаттарының орындалуын, неғұрлым қолайлы режимді қамтамасыз ету қажет, бұл әлеуетті инвесторлар қатарын кеңейтуге және қазақстандық экономиканы қаржыландыру шарттарын жақсартуға мүмкіндік береді.

Инвесторлардың сенімін арттыру мақсатында инвесторлардың проблемаларын сотқа дейін шешу және шағымдарын басқару тетіктері әзірленетін болады. Бұл жерде Kazakh Invest, Инвестициялық омбудсменнің, Инвесторларды тарту жөніндегі кеңестің (Инвестициялық штаб), сондай-ақ басқа мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы ерекше рөл атқарады. Инвесторлардың шағымдарын жүйелі және тұрақты түрде қадағалау, сондай-ақ проблемаларды шешудің тиімді әдістері ерекше рөл атқарады.


Соттардың біліктілігі мен кәсіби білімін арттыруды қоса алғанда, инвестициялық даулар бойынша сот жүйесі мен сот практикасын жетілдіру жұмысы жүргізілетін болады. Халықаралық тәжірибелер ескеріле отырып, жаңа форматтағы халықаралық инвестициялық келісімдер жасасу жөніндегі тәсілдер әзірленетін болады.

3-міндет. Отандық және шетелдік инвестицияларды барынша белсенді тарту

Инвестицияларды барынша белсенді тарту әлемдік инвестициялық қоғамдастыққа, ең әуелі экспортқа бағдарланған инвестицияларға Қазақстан экономикасының бәсекелес артықшылықтары туралы ақпаратты айқындауға және беруге бағытталады. Инвесторларды тарту үшін сол сияқты өнімдерді экспорттау үшін де инвесторлардың қызығушылығын тудыратын және елді дамыту мүддесіне сай келетін бәсекеге қабілетті салалар және нақты елдер анықталатын болады. Отандық инвесторлар да бұл ретте мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруға байланысты ақпараттар мен мүмкіндіктерге шетелдік инвесторлар сияқты қол жеткізе алады.

Әлеуетті инвесторлармен келіссөздер өткізіліп, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, барынша жоғары қосылған құны бар жаңа, жаңғыртылған өнімдер мен қызметтерді меңгеруге, әзірлеуге және енгізуге бағытталған инвестицияларды тартуға ерекше назар аударатын инвесторлардың елге келу сапары ұйымдастырылады.

Жекешелендіру бағдарламасының әлеуеті және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі пайдалану арқылы инфрақұрылымдық және сервистік жобаларға жеке сектордың қатысуын ұлғайту бойынша да шаралар қабылданатын болады.

Отандық кәсіпорындардың өндірістік және технологиялық қуаттарын дамытуға, олардың басқарушылық әлеуетін халықаралық стандарттарға дейін жақсартуға бағытталған шетелдік және жергілікті компаниялар арасындағы байланысты дамыту шаралары іске асырылатын болады.

«Бәйтерек» ҰБХ кіретін даму институттарының қызметін қорландыруға сыртқы бюджеттен тыс қаражат тарту практикасы жалғастырылып, кеңейтілетін болады.

Салалар мен өңірлер бөлінісінде инвесторларға арналған Инвестициялық жобалар картасы қалыптастырылады, халықаралық практикаға сәйкес әлеуетті инвесторлар үшін жобаларды «жинақтауды», қаржылық модельдер құруды, тизерлер дайындауды, data-room ұйымдастыруды қамтитын инвестициялық жобаларды сүйемелдеу функциясы енгізіледі.

4-міндет. Инвестицияларды тарту үшін инфрақұрылымды жетілдіру


Шетелдік инвестициялар тартуды кең өкілеттіктері бар және шетелдік өкіл желілері мен өңірлік филиалдары бар инвестициялар жөніндегі «Kazakh Invest» мамандандырылған инвестициялық компания «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыратын болады. «Kazakh Invest» инвестициялық жобаларды іске асырудың перспективалары мен шарттарын талқылаған кезде бірыңғай келіссөз жүргізушінің және инвестициялық жобаларды іске асыруға қажет әртүрлі рұқсаттар мен келісімдер беруді қоса алғанда, мемлекеттік қызметтер жүйесіне қол жеткізудің бірыңғай арнасының функциясын атқаратын болады.

Әріптес банктер мен инвестициялық компаниялардың, сондай-ақ, шетелдік инвестордың жобаға енуін тиімді сүйемелдеуге арналған консультациялық және техникалық қызметтердің өнім берушілерінің желісі қалыптастырылады.

Еркін экономикалық аймақтардың жұмысы үйлестіріледі және өңірдің ерекшеліктерін және логистикалық құрамдас бөлігін ескере отырып, әрбір ЕЭА бойынша инвестициялық жобалардың әлеуетті тізімі қалыптастырылады.

Жобаның салалық ерекшелігіне байланысты жобаларға немесе мемлекеттік кепілдік тетіктеріне мемлекет қатысуының түрлі схемалары пысықталады. Перспективалы қолданыстағы және жаңа жобаларды іздестіру бөлігінде орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар басшыларының мүдделі орынбасарларымен, кәсіпкерлерге қолдау көрсету арнайы орталықтарымен өзара тығыз іс-қимылы қамтамасыз етіледі.

АХҚО дамыту сондай-ақ капитал нарықтарының жұмыс істеуіне байланысты компаниялардың экожүйесін қалыптастыру есебінен инвестицияларды тарту бойынша инфрақұрылымды кеңейтуге ықпал етеді.
5-саясат. Өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз ету

Саясаттың мәні: Өмір сүрудің жоғары сапасы, оның ішінде сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау, сондай-ақ тұрғын үй жағдайларын жақсарту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы іс-шаралардың тиімділігін арттыру арқылы қамтамасыз етіледі.

1-міндет. Әлеуметтік саламаттылықты қамтамасыз ету

2025 жылға дейін Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша бірінші кезектегі міндеттердің бірі зейнетақы жүйесін және әлеуметтік сақтандыруды дамытуда, әлеуметтік қызмет көрсету және көмектің атаулылығы жүйесін жаңғыртуда әлемдік стандарттарға қол жеткізу арқылы азаматтардың әлеуметтік саламаттылығын қамтамасыз ету болып қалады.