Файл: 1. 1 Макроэкономиканы пні. 2 Макроэкономикалы талдауды масаттары, ерекшеліктері жне талдау дістері.docx

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 07.11.2023

Просмотров: 306

Скачиваний: 2

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

1 МАКРОЭКОНОМИКАНЫҢ ПӘНІ МЕН ТАЛДАУ ӘДІСТЕРІ

1.1 Макроэкономиканың пәні.

1.2 Макроэкономикалық талдаудың мақсаттары, ерекшеліктері және талдау әдістері.

1.3 Макроэкономика және экономикалық саясат.
1.1 Макроэкономиканың пәні.

Макроэкономиканың пайда болуы мен дамуы үшін үш оқиға себеп болды:

1. XX ғасырдың басынан бастап макродеңгейде статистикалық ақпаратты жинауға ерекше назар аудара бастады. Макроэкономикалық үрдістерді зерттеу үшін қажетті статистикалық ақпарат жинақталды. Уақытаралық және еларалық салыстыруларды жүргізу үшін стандартталған және түгел қамтитын макроэкономикалық бақылауды жүргізуге мүмкіндік беретін ұлттық шоттар жүйесі (ҰШЖ) әзірленді. Статистиканың дамуы макроэкономиканы зерттеу пәні болып табылатын эмпирикалық заңдылықтардың қатарын анықтауға мүмкіндік берді.

2. Макроэкономиканың пайда болуы үшін экономикалық циклдер теориясы саласындағы зерттеулер маңызды рөл атқарды. Бірінші экономикалық цикл әдетте 1825 жылға жатады (бұған дейін экономикалық даму технологиялық жаңалықтармен байланысты серпіліс болды және әдетте үдемелі сипатқа ие болды). Алайда, бизнес циклдарды түгел қамтитын зерттеу (олардың қазіргі түсінігінде) 1920-шы жылдары басталды.

3. Макроэкономиканың жаңа ғылым ретінде пайда болуы үшін негізгі түрткі 1929-1933 жж. Ұлы депрессия болды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін орын алған демократияландыру да маңызды рөл атқарды. Демократиялық үкіметті халықтың өмір сүру деңгейінің апатты құлдырауына алаңдатты және депрессияға қарсы күрестің экономикалық тәсілдерін әзірлеуге мұқтаж етті. 1936 жылы ағылшын экономисі Джон Мейнрад Кейнстің «Жұмыспен қамтудың, пайыз және ақшаның жалпы теориясы» еңбегінің пайда болуы Ұлы депрессиямен тікелей байланысты болды және макроэкономиканың дербес экономикалық ғылым ретінде пайда болуының негізін құрады.

Макроэкономика жалпы экономиканың қызметін оқитын экономикалық ғылымның саласы. Макроэкономика экономикадағы жиынтық тәртіп (шешімдер қабылдау және оларды жүзеге асыру) туралы ғылым. Макроэкономика – экономикалық субъектердің жалпы тәртібі туралы ғылым болса, ол негізгі макроэкономикалық субъектердің шешімдер қабылдау және оларды жүзеге асыруға бағытталған іс-әрекеттерін зерттейді.

Негізгі макроэкономикалық субъектілер:

Үй шаруашылығының секторы - елдің ішіндегі жеке тұлғалар, олардың іс-әрекеттері өздерінің тұтыну қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Үй шаруашылығының іс-әрекеттері: еңбек нарығында жұмыс күшін сату арқылы табыс алу, оны тұтыну мен жинаққа жұмсау; тауарлар мен қызметтер нарығында дайын өнімдерді сатып алу арқылы тұтыну қажеттілікті қанағаттандыру; қаржы нарығында жинақ жасау, бағалы қағаздар мен жылжымайтын мүлктер сатып алу.


Кәсіпкерлік сектор - елдің ішіндегі заңды тұлғалар, фирмалар. Олар ең алдымен өндірушілер және дайын өнімді сатушылар. Олардың да іс-әрекеттері: ресурстар, оның ішінде еңбек нарығында сатып алушы, дайын өнімдер мен қызметтерді өндіруші және тауар нарығында оларды сатушы; өндіріс базасын дамытушы немесе инвестиция жасаушы.

Мемлекеттік сектор – барлық мемлекеттік институттар мен мекемелер. Мемлекет экономикалық субьект ретінде қоғамдық игіліктерді өндіруші, өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыратын игіліктерді сатып алушы және қоғамдық маңызды салаларға инвестиция жасайды. Қоғамдық игіліктерді өндіру шығындары мен мемлекеттік қызметкерлерге төлейтін еңбек ақы шығындарын мемлекеттік шығындар деп қарастырады. Сонымен қатар мемлекеттің экономикалық қызметінің бірі Ұлттық банк арқылы ақша ұсынысын қамтамасыз ету. Яғни, мемлекет экономикалық субъект ретінде бюджетті қалыптастырады, қоғамдық игіліктерді өндіру шығындарын өтейді, салық жинайды, ақша ұсынады.

Шетелдік сектор – шетелдегі экономикалық субъектердің жиынтығын және шетелдік мемлекеттік институттарды құрайды. Шетелдік сектор төлем балансы мен валюта курсын зерттеу барысында қарастырылады.

Макроэкономика келесі проблемаларды қарастырады:

  • макроэкономикалық тепе-теңдікті қамтамасыз ету;

  • экономиканың циклды даму проблемасы;

  • экономикалық ресурстарды толық қолдану;

  • жұмыссыздық проблемасы;

  • ақшаның экономикаға әсері және инфляция проблемасы;

  • экономикалық өсуді қамтамасыз ету;

  • сауда балансы мен мемлекет бюджетінің проблемалары.


1.2 Макроэкономикалық талдаудың мақсаттары, ерекшеліктері және талдау әдістері.

Макроэкономикалық талдау тұтастай алғанда ұлттық экономиканың жұмыс істеу нәтижелерін анықтауға бағытталған. Макроэкономикада ұлттық табысты, жұмыссыздық деңгейін, инфляция қарқынын, мемлекеттік бюджеттің және елдің төлем балансының жағдайын, экономикалық өсу қарқынын анықтайтын факторларды зерттейді.

Макроэкономикалық талдау кезінде ұлттық шаруашылықта тек төрт экономикалық субъект қарастырылады: үй шаруашылығы секторы, кәсіпкерлік сектор, мемлекеттік сектор және шетел. Осы секторлардың әрқайсысы нақты шаруашылық субъектілерінің жиынтығын білдіреді.



Макроэкономикалық модельдердегі өндіріс факторларының нарықтары: еңбек нарығы мен капитал нарығымен ұсынылған. Біріншісінде - бір еңбек түрі сатылады және сатып алынады; екіншісінде - кәсіпкерлер өндірісті кеңейту үшін қаражат сатып алады (тозған капиталды өтеу амортизация есебінен жүргізіледі). Өндірісті кеңейту үшін қажетті қосымша капитал экономикалық субъектілердің жинақтары нәтижесінде құрылады. Олар бағалы қағаздарды (облигацияларды, акцияларды) сатып алу, банктерде жинақ шоттарын ашу жолымен құрылғандықтан, капитал нарығын бағалы қағаздар нарығы деп те атайды.

Қазіргі экономикадағы ақшаның рөлін ерекше макроэкономикалық құрал – ақша нарығы арқылы зерттейді, онда сұраныс пен ұсыныстың өзара іс – қимылы нәтижесінде ақша бағасы - пайыз ставкасы қалыптасады. Макроэкономикалық талдауда елде «кредиттік ақша» бар деп саналады. Ұлттық шаруашылықта олардың пайда болу және таралу процестері монетарлық (ақша) секторды құрайды. Ұлттық шаруашылықтың нақты және монетарлық секторларының өзара іс-қимылы макроэкономиканың негізгі проблемаларының қатарына жатады.

Игіліктер нарығы мен еңбек нарығы бірге экономиканың нақты секторын, ал ақша нарығы мен бағалы қағаздар нарығы – оның монетарлық секторын құрайды.

Макроэкономикалық талдаудың негізгі бір мақсаты - жалпы экономикалық тепе-теңдікті түсіндіру. Ол өндіріс көлемі мен алмасу пропорциялары барлық рыноктарда бір мезгілде жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныс арасындағы теңдікке қол жеткізілетіндей етіп қалыптасқан жағдайды сипаттайды және бұл ретте нарықтық мәмілелерге қатысушылардың ешқайсысы өзінің сатып алу немесе сату көлемін өзгертуге мүдделі емес екендігін көрсетеді. Экономикалық тепе–теңдік - талдаудың негізгі санаты. Жалпы экономикалық тепе–теңдіктің жай-күйін анықтау - нарықтық шаруашылықтың барлық қатысушылары өздерінің белгіленген мақсаттарын қандай жағдайда іске асыра алатынын анықтау болып табылады.

Макроэкономикалық талдау үшін және экономикалық саясатты жүргізу үшін ағымдағы шаруашылық конъюнктураның ерекшелігін түсіну, экономикалық тепе-теңдік тұрақты немесе тұрақсыз болып табылатынын белгілеу маңызды.

Егер тепе-теңдікті бұзатын экзогенді импульске жауап ретінде жүйе ішкі күштердің ықпалымен тепе-тең жағдайға оралатын болса, онда мұндай тепе-теңдік тұрақты деп аталады, егер ол өздігінен қалпына келтірілмесе, онда тұрақсыз.

Экономикалық құбылыстарды зерттеу кезінде уақыт қандай шамада есепке алынатынына байланысты талдаудың үш түрі ажыратылады: статикалық, салыстырмалы статика және динамикалық.


Статикалық талдау кезінде қазіргі уақытта эндогендік параметрлердің қандай мәндерінде тепе-теңдік орнатылатынын анықтайды. Бұл жағдайда статикалық модельдер қолданылады, олардың барлық параметрлері бір уақыт кезеңіне жатады. Мұндай модельдерде эндогенді айнымалылар экзогенді параметрлердің өзгеруіне дереу жауап береді деп болжанады

Егер статикалық модельде бір кезеңде экзогендік параметрлердің мәндерін олардың басқа мәндеріне ауыстырса, онда модельді зерттеу эндогенді айнымалылардың жаңа шамаларын береді. Мұндай әдіс салыстырмалы статиканы талдау деп аталады.

Экономиканың бір күйден екіншісіне өту процесін динамикалық модельдер қолданылатын динамикалық талдау көмегімен зерттейді. Динамикалық талдау шеңберінде экзогенді шоктан (итеруден) кейін экономикалық жүйенің тепе-тең жағдайға қайтарылмау ықтимал себептері де анықталады.

Сонымен қатар, экономикалық зерттеулердегі уақыт есебі қысқа және ұзақ кезеңдерді бөлу жолымен жүзеге асырылады. Қысқа кезеңдегі талдаудың мәні халық шаруашылық айналымның ағын шамасы (кірістер, жинақ, амортизация, инвестициялар және т.б.) және олардың қорлар (мүлік) көлеміне әсері болып табылады. Бұл ретте ағынға мүлік көлемінің өзгеруінің кері әсері ескерілмейді. Экономикалық ағындар мен қорлардың өзара іс-қимылын кешенді талдау ұзақ кезеңдегі экономикалық процестердің модельдерінде жүзеге асырылады.

Белгілі бір кезеңде ұлттық экономиканың жұмыс істеу нәтижелерінің жалпылама көрсеткіштері ретінде жалпы ішкі өнім (ЖІӨ), жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ), таза ұлттық өнім (ТҰӨ), ұлттық табыс (ҰТ), жеке табыс (ЖТ) және қолда бар табыс (ҚБТ) сияқты агрегаттар қолданылады.

Макроэкономикалық талдауларда қолданылатын әдістер. Макроэкономика, басқа да ғылымдар сияқты жалпы және арнайы зерттеу әдістерін қолданады. Жалпы ғылыми әдістерге мыналар жатады:

  • ғылыми абстракция әдісі;

  • талдау және синтездеу әдісі;

  • индукция және дедукция әдістері;

  • тарихи және логикалық бірлік әдісі;

  • экономикалық-математикалық модельдеу;

  • нормативтік және позитивті әдістер.

Позитивті (оң) әдіс экономикалық мінез-құлық туралы ғылыми түсініктерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оның көмегімен не бар екенін зерттейміз. Нормативтік әдіс экономика қандай болуы тиіс деген бағалау пайымдауларын ұсынады. Оның көмегімен не болуы керек екенін зерттейді.

Сипаттама немесе эмпирикалық экономикалық ғылым – нақты мәселеге қатысты фактілерді жинау және теорияларды растау үшін гипотезаларды фактілермен салыстыру әдісі. Экономикалық теория немесе экономикалық талдау индивидтердің және институттардың нақты мінез-құлқына қатысты қорытуды шығарады, экономикалық шешімдердің жалпы принциптерін анықтайды.


Макроэкономикалық шешімдерді зерттеуде экономистер теориядан фактілерге, фактілерден теорияға ілгерілеуі мүмкін. Яғни, дедуктивтік және индуктивтік әдістерді қолданады. Индукция - фактілерден принциптерді шығару. Дедуктивтік әдіс жалпы жеке теориядан фактілерге дейін жүреді.

Сонымен қатар, әрбір ғылым өзіндік зерттеу әдістерін пайдаланады.

Макроэкономиканың негізгі ерекше әдісі макроэкономикалық біріктіру болып табылады. Агрегаттау - құбылыстар мен процестерді біртұтас тұтастыққа біріктіру. Біріктірілген шамалар нарықтық конъюнктураны және оның өзгеруін (ЖІӨ, ЖҰӨ, баға деңгейі, инфляция, тапшылық, мемлекеттік шығыстар) сипаттайды.

Агрегаттау - барлық макроэкономикалық операцияларды біртұтас жиынтығы ретінде зерттеу әдісі. Макроэкономикалық біріктіру нарықтарға да таралады. Микроэкономикалық талдауды зерттеу пәні болып табылатын жеке игіліктердің барлық көптеген нарықтары макроэкономикада игіліктердің бірыңғай нарығына біріктіріледі, онда тұтыну заты ретінде де, өндіріс құралы ретінде де (нақты капитал) пайдаланылатын игіліктердің тек бір ғана түрі сатып алынады және сатылады.

Макроэкономикалық агрегаттау барысында бір кемшілік бар, ол ақпаратты ішінара жоғалту және экономикалық зерттеулер абстракциясының жоғары деңгейі болып табылады. Алайда, абстракцияның жоғары деңгейі макроэкономикалық зерттеулерді саналы түрде қабылдау және жеңілдету үшін қажет. Мәселен, микроэкономикалық талдау барысында бір индивидтің нақты бір игілікке сұранысын талдау үшін көптеген факторлар ескеріледі ( кіріс, жеке артықшылық, жасы, отбасылық және әлеуметтік жағдайы, тұрғылықты жері және т.б.) Макроэкономикадағы үй шаруашылықтарының секторын зерттеу кезінде басты мақсат - бұл уақыт бойынша тұтынушылық сұраныс көлемінің ауытқуын түсіндіру; бұл жағдайда кірістен басқа барлық аталған факторлар агрегациялау барысында өзара бейтараптандырылады.

Макроэкономикада сондай-ақ, макроэкономикалық модельдер пайдаланылады, олар әртүрлі экономикалық құбылыстар мен процестер арасындағы функционалдық өзара байланысты анықтау мақсатында формалды (логикалық, графикалық, алгебралық) сипаттауды білдіреді. Макроэкономикалық модельдерде зерттеу кезінде аса маңызды емес элементтерге алаңдамай зерттейтін жүйенің басты элементтеріне және олардың өзара байланыстарына көп көңіл бөлуге мүмкіндік берелі. Осылайша, модель экономикалық үдерістердің дамуының негізгі заңдылықтарын анықтауға және күрделі экономикалық процестерді шешудің нұсқаларын әзірлеуге және экономикалық өсу, инфляция, жұмыссыздық және т.б. сияқты күрделі макроэкономикалық проблемаларды шешудің нұсқаларын әзірлеуге мүмкіндік беретін шындықты біршама оңайлатылған бейнелеуді білдіреді.