Файл: 1 сра жауабы азастан халы Ассамблеясы оамдаы тратылы пен келісімні сенімді, берік іргетасына айналды.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 07.11.2023
Просмотров: 2375
Скачиваний: 34
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Өткеннің дәстүрлі мәдениеті мен өркениетін, оның ішінде көшпелілердің өркениетін зерттеу жазба дереккөздері мен археологиялық деректерге негізделеді. Олар антропологиялық және этнографиялық материалдармен, тарихи қосалқы пәндердің деректерімен толықтырылады. Қазақстандық археология ғылымы ежелгі әлемді зерттеу ісінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді; Қазақстан аумағында көптеген археологиялық ескерткіштер табылып, зерттеулер жүргізілді. Көшпелілердің бұрынғы өркениетін тануда номадистика саласындағы зерттеулер маңызды рөл атқарды.
№79 сұрақ жауабы +
Отырықшы және көшпелі халықтардың экономикалық байланыстар жүйесіндегі шаруашылық қызметінің рөлін сипаттаңыз.
Көшпелі және отырықшы елдердің экономикалық-мәдени байланыстары. Қазақстанның ежелгі тайпаларында энеолит, қола және ерте темір дәуірінде көшпелі өркениеттің пайда болып, қалыптасу кезеңінде малшаруашылығы, егіншілік пен қолөнер сияқты шаруашылық бөлініс біртіндеп орныға бастаған еді. Ежелгі тайпалар көшпелі және жартылай көшпелі әмбебап шаруашылық кешенін құрады. Егіншілік өнімі жеткіліксіз болғандықтан, оларға сұраныс артып, далалықтар астықты көрші отырықшылардан және қала тұрғындарынан малға айырбастап алды. Көшпелілер мен отырықшылардың мәдени және дүниетанымдық құндылықтармен алмасуы қатар жүрді. Шаруашылық-экономикалық байланыстар арқылы бір-бірінің мәдениетін байытты. Бұл үрдіс көшпелілер мен отырықшы халықтардың киімдері мен күнделікті өмірінде айқын көрінді.
Отырықшы-егіншілік мәдениет дамыған аймақтарда аз көлемде болса да, малшаруашылығы орын алды. Қазақстан жерінде ежелден мәдени-шаруашылық дәстүрдің екі түрі қалыптасқанын білеміз. Біріншісі – көшпелі малшаруашылығы Қазақстанның негізгі бөлігін қамтыды. Екіншісі – отырықшы-егіншілік оңтүстік аймақтарда тараған. Суармалы егіншілік, қала мәдениеті, қолөнер осы өңірдің негізгі шаруашылық түрін құрады.
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағындағы мемлекеттердің шаруашылық-мәдени дәстүрінің жағдайы. Ерте темір дәуірінде Жетісу жерін үйсіндер, Арыс, Талас, Сырдария бойында қаңлылар мекендеген. Оларда көшпелілікпен қатар, отырықшылық тұрмыс та өркендеген. Қала мәдениеті, малшаруашылығы, егіншілік пен қолөнер кәсібі дамыған.
Дала мен қала сауда, шаруашылық және әскери-саяси тұрғыда бір-бірімен қарым-қатынас жасап отырды. Қазақстан қалалары, қаңлы мен үйсін заманынан бастап түркі мемлекеттері – түргеш, қарлұқ, оғыз, қыпшақтар билеушілеріне бағынып келді. Қалалардың ішкі өзін-өзі басқару жүйесі туралы Сюань Цзянь былай деп жазады: «Олардың әрқайсысының өз бастығы бар. Олар бір-біріне тәуелді болмаса да, бәрі қағанға бағынады». Ірі қалаларда түркі билеушілері және ақсүйектер (бек, тархандар) отбасымен тұрды.
Түркілер Еуразия халықтарының этникалық құрамына да ықпалын тигізді. Болгар (бұлғар), венгр т.б. халықтар ұлт ретінде түркілердің араласуымен қалыптасты. Ат әбзелдері – темір үзеңгі, ер-тоқым және басқа түркілердің бұйымдары мен жетістіктері бүкіл Еуразияға тарады.
Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар халықаралық сауда және көшпелілер мен отырықшы тұрғындар арасындағы сауда-саттық орталықтарына айналды. Сондықтан осы қалалар үшін ерте орта ғасырларда түркі билеушілері (түргеш, қарлұқ, оғыз) мен араб және қытайлықтар өзара күресіп отырды. 1219–1220 жылдары Сыр бойындағы қалалар моңғол билігіне өтіп, Шыңғысхан империясының құрамына енеді. ХІV–ХV ғасырларда қалалар Ақ Орда мен Әмір Темір мемлекеттері арасында талас-тартыстардың нысанына айналды. ХV ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақ хандығы Сыр бойындағы қалалар үшін Шайбан ұрпақтарымен, Қашғардың моғол билеушілерімен, Аштарханилермен, Ташкент әміршілері және Маңғыт әулетімен қиян-кескі күрес жүргізді.
Қазақстанның кең-байтақ жерінде отырықшылық және қала мәдениеті дамуының ірі-ірі тарихи-мәдени аймақтары ежелден ерекшеленген. Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймағы болды. Ол бір жағынан Орта Азия, екінші жағынан Орталық Қазақстан, Сібір мен Орал аралығындағы аумақты алып жатыр. Онда үш аудан – Оңтүстік Қазақстан (Сырдария алқабы), оңтүстік-батыс Жетісу (Талас және Шу өзендерінің аралығы), солтүстік-шығыс Жетісу (Іле алқабы) аудандары өзіндік ерекшеліктерімен сипатталады. Аймақ егіншілікті жазиралар мен көшпелілік даласының тоғысқан жерінде орналасқан. Мұндай жағдай мәдениеттің дамуына ежелден ерекшелік беріп келді.
Қазақстанның егіншілік пен малшаруашылығы жанасып жатқан өңірлерінде жер өңдеу мен малшаруашылығының, отырықшылық пен көшпеліліктің, қала мен даланың өзара әсері мейлінше айқын көрінеді. Бұл алуан түрлі: саяси, экономикалық, мәдени, этникалық өзара әсер болатын. Бұл қарым-қатынастың сипатына зерттеушілердің көзқарастары бірдей емес. Мәселен, XX ғасырдың бас кезінде көшпелілер туралы: «отырықшы егіншілермен тұрақты күрес жағдайында, олар өз жолындағының бәрін жайпап кетеді және гүлденген жазираны өлі шөл далаға айналдырады» деп жазылды. Шығыстың, соның ішінде Қазақстан мен Орта Азияның көшпелілері көбінесе көнерген мәдениетті таратушылар, ал олардың өркениет дамуына ықпалы тек бүлдірушілік тұрғыда ғана болды деп қарастырылады. Мысалы, Орта Азияның тарихы отырықшы Иран өркениетін көшпелі түріктердің бірте-бірте жаулап алып, күйретуінің тарихы деп саналады.
Алайда бүгінде көшпелілер мен егіншілер арасындағы тығыз, етене байланыс болғаны туралы пікір басым. Әдетте қазіргі ғылымда жалпы тұрғындардың отырықшы бөлігін де, көшпелі бөлігін де қамтитын біртұтас экономикалық жүйе, шаруашылық өмірдің екі бағытының өзара тығыз байланысы туралы айтылып жүр. Бұл экономикалық бірліктің бұзылуы көшпелілердің де, отырықшы жазиралардың тұрғындарын да асқан ауыр зардаптарға ұшыратты.
1 ... 6 7 8 9 10 11 12 13 14
80 сұрақ.. Суреттер және тарихи білімдеріңізді пайдалана отырып, қазақ халқы қолөнерінің ерекшеліктерін сипаттаңыз.
Қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі - қолөнері, оның ішінде ою өрнек болып табылады. Ою өрнектер әсемдікпен, сәнділіктің белгісі ғана емес, сонымен бірге халықтың арман- ойының, тілек мүддесінің нышаны, осы тұрғыдан алып қарағанда ою өрнектің мазмұндылық ерекшеліктері сан алуан.
Бүгінгі ұрпақ өзінің ұлттық сезімдерін, өнерін жоғалтпауы қажет. Өнер адамға жақсы әсер ететін және оны тәрбиелейтін нәзік дүние.Оның құндылығы орасан зор. Сонау жазу-сызу шыға қоймаған ерте заманда адам өз ойын тасқа , сүйекке, ағашқа ойып, қашап түсіріп отырған. Қазіргі қолөнер саласындағы «сүйек ою өнері», «ағаш ою өнері» деген сөздер сол ерте заманда қалыптасқан ұғымдар.
Қолөнердің сала-саласында кең қолданылып келген, өнердің өте көне әрі күрделі түрі- ою-өрнек өнері. Қазақтың қол тума сәндік өнерінің барлық түрлеріне де оюлар мен өрнектер алғашқы элемент ретінде қолданылады. Ою мен өрнек қолөнер бұйымдарының тұтынушылық және эстетикалық мәнін аша түседі. Сондықтан да қолөнер заттарының әр қайсысындағы оюлау мен өрнектеуге, әшекейлеуге жіті зер сала білу керек. Бір кезде тасқа, ағашқа , сүйекке түсірілген ою-таңбалар келе-келе киізге, алаша, кілем тағы басқа заттарға салынатын болған. Ол белгі таңбалар арқылы халық белгілі бір ұғым түсініктерді аңғартып, біліп отырған.
Бұдан ою-өрнек белгі таңбалары өмір қажетінен туғанын байқауға болады. Мысалы, қазақ халқының ерте кезден бергі әдет-ғұрп салты бойынша, бөтен жерге, алыс ауылға күйеуге ұзатылған қыз баланың белгілі бір уақыттан кейін төркін жағына сәлемдеме жіберуі тиіс екен. Сәлемдемеде жас келіншек өзінің күйеуге шыққаннан кейінгі тұрмыс жағдайын ою-өрнекпен бейнелеп жіберуі шарт болған. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері мен оның атаулары көп. Ою-өрнек тарихына ой жіберсек, көп мағлұмат аламыз, даму кезеңдерін байқаймыз, уақыт өткен сайын жетіле бергенін көреміз. Сонымен, ою-өрнек дегеніміз геометриялық және бейнелеу элементтерінің жүйелі ырғақпен қайталанып , үйлесімді құрылуы.
1.Киіз үй. Орталық және Орта Азия халықтарының негізгі баспанасы; Орталық және Орта Азия халықтарының көшпелі тұрғын үйі. Ол — көшпенділердің тез жығып, шапшаң тігуге, яғни көшіп-қонуға ыңғайлы үйі. Көшпенділердің киіз үйі — тарихымыздағы ең алғашқы сәулеттік құрылыс. Киіз үйдің іші қыста жылы, жазда салқын. Сондықтан, шопандар да, туристер де пайдаланады. Киіз үй жер сілкінісінде де ыңғайлы, өйткені ол оңайлықпен бұзылмайды. Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен елдерге шатырдың орнына киіз үйлер апарып жүрді.
Киіз үй-көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама үй.Оның қабырғасы торлап көктелген керегеден тұрғызылады. Кереге әдетте екі түрлі болады. Оның бірі кең көзді кереге «желкөз» -деп аталады.Бұл артуға жеңіл, бірақ сәнсіз, сүйегі жеңіл болғандықтан желге төзімсіздеу болып келеді.
Екінші түрі тар көзді кереге «торкөз»- деп аталады, ол артуға ауырлау болғанымен , желге өте төзімді.Кереге жиналмалы бөлек-бөлек қанаттардан жасалады.Ал керегеден жоғары сидам, жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылады.Уықтардың басы дөңгелене жайылған керегенің аша басына айқастырыла байланып, ұшы (қаламы) шаңырақтың көзіне шаншылады.
Шаңырақ-үй күмбезінің төбесі әрі терезесі. Керегенің сыртынан әр алуан бояулы жүн оралып, өрнек түсіріліп тоқылған шымши немесе жалаңаш шиден тоқылған ши ұсталады.Кереге мен уықтар уықбау, кермебау, басқұр, құр және басқа да бау-шулармен бекітіледі.Үйдің ағаштан жасалғандарын «сүйегі» деп атайды.Үй ағашының сыртынан арнаулы үй киіздері-қабырғасына туырлық, үстіне үзік, төбесіне түндік жабылады.
Бұл үй киіздері бау-шулар арқылы ұштастырылады.Киіз үйдің есігінің биіктігі бір жарым метр,ені 0,8 метр келеді. Оған ағаштан оюлап жасалған «сықырлауық»деп аталатын жарма есік орнатылады. Сықырлауық сыртынан ораулы шиден тоқып, оюлы киіз қаптаған жаппа есік түсіріледі. Үйдің ортасында тамақ пісіретін ошағы болады.Үйдің оң жағында төсек, оның тұсына тұскиіз ұсталып, төсекті қоршап шымылдық тартылады.
Үйдің төріне жұқаяқ қойылып,оның үстіне абдыра, көрпе-жастық және т.б жүктер жиналады.Үйдің сол жағына кебеже, қазанаяқ, саба сияқты ыдыстар қойылып, шыптамен қоршалады. Талай ғасырлық көшпелі тұрмыс тәжірибесінен туған қазақтың киіз үйі – күннің аптабы мен түннің дым-сызынан, жауын-шашын мен аңызақтан, бораннан сақтануға ыңғайлы, әрі ауалы, әрі жарық болудың үстіне көші-қонға қоайлы, оны жарты сағат ішінде жығып-артуға да, жарты сағат ішінде көліктен түсіріп, тігіп алуға да болады.
2. Кілем тоқу. Әсемдік үшін, сондай-ақ үйдің жылылығын сақтау, дыбысты бәсеңдету үшін пайдаланылатын түрлі-түсті ою-өрнек салып тоқылған бұйым. Кілем бір немесе бірнеше қабатты, түкті немесе тықыр болып келеді. Түкті кілем бірнеше қабаттан тұрады. Мұндай кілемнің негізі және арқауы жекеленген жіптерден, бірақ бір-біріне тығыз орналасқан түйіндерден тұрады. Жіптердің ұшы біркелкі қырқылғаннан кейін пайда болатын қалың түк мұндай түйіндерді көрсетпей жауып тұрады. Түктің ұзындығы 3 мм-ден 18 мм-ге дейін болады. Ол кілемнің қалыңдығын, мықтылығын арттырумен бірге оны жеңіл (барқыт тәрізді үлпілдек) етіп көрсетеді. Тықыр кілем (кілем, палас, сумаха, шпалер, терме алаша және т.б.) бір өріс жібінен бір қабатты екі жақты тығыз етіп тоқылады. Түгі қырқылмаған (түз ақшалы), кейде түгінің жартысы қырқылып, жартысы қырқылмаған аралас кілемдер де шығарылады. Сонымен қатар тоқыма емес (түгі тігілмелі, шыбықшалы, желімді кілемдер), түскиіз, ою-өрнек салынған тері кестелі өрме кілемдер де болады. Дайындалу тәсіліне қарай кілемдердің қолдан және машинамен тоқылған түрлері болады.