ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 08.09.2021
Просмотров: 8123
Скачиваний: 57
Микробтардың сан алуан «армиясы» әр түрлі типтерге, әлемге жататын мыңдаған түрлерге бөлінген:
-
бактериялар (мысалы, жерше, күл, тырысқақ, оба, соз, т.б. қоздырғыштары);
-
вирустар (мысалы, тұмау, сал , құтыру, ЖИТС, гепатит т.б. қоздырғыштары);
-
приондар-инфекциялық агенттердің (profeinaccons infections particle) ерекше сыныбы болып есептеледі;
-
ақуыз тәріздес жұқпалы бөлшектер (адамдарда куру, Крейцфельд-Якоб ауруларын; сиырларда-сиыр құтыру ауруын қоздырады);
-
саңырауқұлақтар (мысалы, кандидоз, таз, шуаш, теміреткі, бластомикоз т.б.);
-
қарапайымдылар (мысалы, безгек, токсоплазмоз, лейшманиоз, лямблиоз, т.б.).
Микробтардың жоғарыда аталған топтарға бөлінуіне байланысты микробиологияда арнайы тараулар айқындалды: бактериология, вирусология, микология, протозоология. Қазіргі кезде биологиялық ғылымдардың ең маңыздысы – микробиология бірнеше өзіндік пәндерге бөлінген:
-
Жалпы микробиология – микробтардың дамуы мен тіршілігінің жалпы заңдылықтарын, олардың табиғаттағы рөлін зерттейді.
-
Ветеринариялық микробиология – жануарлардың жұқпалы ауруларының қоздырғыштарын, диагноз қоюды, сол аурулардан сақтану шараларын зерттейді.
-
Ауылшаруашылық микробиологиясы – микробтардың топырақты тыңайтудағы маңызын, жем-шөптерді консервілеуді, топырақ құру процесіндегі микробтардың рөлін, өсімдік ауруларының қоздырғыштарын, олардың профилактикасын және т.б. зерттейді.
-
Өндірістік (техникалық) микробиология – тағамдық өнімдердің микробтарымен байланысты (нан пісіруде-ашытқылар, ірімшік, сүтқышқылды өнімдер, сары май, шарап дайындауда - сүт қышқылды бактериялармен); витаминдер, антибиотиктер, ферменттер өндіруде; тері, жүн өндірісмен байланысты микробиологияның өте дамыған бөлімі.
-
Аса маңызды тарау - биотехнология, гендік инженерия.
-
Ғарыш және теңіз микробиологиясы – соңғы кезде адамдардың ғарышқа ұшуымен байланысты дүниеге келді. Бұл сала ғарышкер денесінің микроорганизмдерін, ғарыш кемесінің микробтарын, ғарыштық сәулелердің микроорганизмдерге әсерін, ұзақ мерзімді ғарыштық ұшу кезінде микроорганизмдердің сұрыпталуын (селекциялануын) зерттейді, ғарыштық кемеге инфекция қоздырғышының еніп кетуіне жол бермеу шараларын жүргізеді, ал теңіз микробиологиясы жер бетінің көпшілік бөлігін алып жатқан теңіз суларының сан-алуан микробтарын зарттейді.
-
Медициналық микробиология нені зерттейді? Қысқаша айтқанда адамдардың жұқпалы ауруларының қоздырғыштарын, жұқпалы ауруларға диагноз қою әдістерін, олармен күресу жолдарын зерттейді.Медициналық микробиология – медициналық ЖОО студенттері білім алу жолындағы кездесетін ең бірінші медициналық пән. Медициналық микробиология – клиникалық пәндерден бұрын оқытылады, ол медик-студентті жұқпалы аурулар, тері-венерологиялық аурулары, хирургия, гинекология, урология, терапия және басқа медициналық ғылымның салалары бойынша микробтар қоздыратын профильдік ауруларға диагноз қою және емдеуімен байланысты арнайы пәндерді зерделеуге дайындайды. Ол адамдар үшін патогенді микроорганизмдерді (вирустар, бактериялар, саңырауқұлақтар, ринкетсиялар, хламириялар, микоплазмалар, қарапайымдыларды) зерттейді.
-
Медициналық микробиология екі бөлімнен тұрады: жалпы және жеке микробиология. «Жалпы микробиология» бөлімінде патогенді микроорганизмдердің морфологиясы, физиологиясы, генетикасы туралы жалпы түсініктер беріледі. Науқастарды емдеуге қолданылатын антибиотиктер мен химия-терапиялық препараттар туралы ілімнің негіздері, жұқпалы ауруларға зертханалық диагноз қою әдістері, инфекциялар эпидемиологиясы және олардың алдын алу шаралары туралы мәліметтер баяндалады. Микробтардың табиғатта таралуы, адам организмінің қалыпты микрофлорасы және де оның дисбактериоздар дамуына дейін бұзылуы туралы мәселелерді талдайды.
«Иммунитет туралы ілімді» игеруге ерекше көңіл бөлінеді. Студенттер алғашқы рет иммунитеттің түрлерін, оның қалыптасу механизмін, бейспецификалық қорғаныс факторларын, иммундық статус туралы түсінікті, иммундық реакцияларды және оның иммундық әдіспен диагноз қоюдағы маңызын, иммундық препараттар және олардың науқастарды емдеудегі, жұқпалы аурулардың алдын алудағы маңызын зерделейді.
Жеке микробиология жұқпалы аурулардың патогенезіне, клиникалық көріністеріне, микробиологиялық диагноз қою (соның ішінде иммунды-диагностика), эпидемиологиясы, спецификалық профилактикасы және емдеуіне байланысты олардың негізгі қоздырғыштарының (бактериялар, вирустар, саңырауқұлақтар, қарапайымдылар, т.б.) биологиялық қасиеттерін зерттеуді нақтылы қарастырады.
Клиникалық микробиология (оны пәннің бір тарауы деп есептеуге болады) соматикалық науқастарда микроб қоздыратын аурулардың, этиологиясын, патогенезін, иммунитетін зерттейтін пән болып табылады. Шартты-патогенді микробтар (стафилококтар, стрептококтар, клебсиеллалар, көкірің таяқшалары, протейлер, кандида саңырауқұлақтары, т.б.) қоздыратын ауруларды тек қана клиникалық микробиология зерттейді.
Мұндай микроорганизмдер немесе олардың ассоциациясы оппортунистік деп аталатын инфекциялар қоздырады, соның ішінде жиірек кездесетіні - әр түрлі ағзалар мен тіндердегі іріңді-қабыну процестері. Осындай кең тараған аурулардың қатарына төмендегілер жатады: бронхиттер, өкпе қабынуы, өкпе ірің қалтасы; гломерулонефрит, цистит, уретрит, простатит; парадонтит, ауыз қуысы және еріннің шырышты қабатының іріңді аурулары, кандидоз; сепсис, күйікке шалдыққанда және жарақат алғанда болатын инфекциялар, мастит, аппендицит, перитонит, парапроктит, холецистит, остеомиелит және т.б.
Санитариялық микробиология – адамдардың тіршілік ету ортасы нысандарының (су, ауа, топырақ, өсімдіктер, ас тағамдары т.б.) санитарлық-микробиологиялық көрсеткіштерін зерттейді. Санитарлық-микробиологияның міндеттеріне адамның денсаулығына әсер ететін экология сапасын бағалау үшін санитариялық көрсеткіш микробтардың қалыптылық шегін анықтау жатады.
1.2. Микробиологияның ғылым ретінде дамуының негізгі кезеңдері
Микробиология ғылымының даму тарихында негізгі бес кезеңдерді байқауға болады – эвристік, морфологиялық, физиологиялық, иммунологиялық және молекулалы-генетикалық.
Бұл кезеңдер бірін-бірі кезегімен алмастырып отырды деп қарастыруға болмайды. Мысалы, қазіргі кезде микробтарды зерттеуде молекулалық-генетикалық технология серпінді дамып келеді, сонымен бірге осы кезде бактериялардың, вирустардың, саңырауқұлақтардың жаңа түрлері ашылып жатыр; және де жаңа иммундық-диагностикалық препараттар, қоректік орталар, дифференцирлейтін тесттер т.б. пайдалануға ұсынылып отыр.
Микробиологияның бірінші даму кезеңінде нақты ауру қоздырғыштарының ашылуы болған жоқ. Дегенмен, адамзат тіршілік ете бастағаннан жұқпалы аурулардан адамдардың сүйектерінде осы індеттер процесінің із қалдырғаны дәлелдейді. Археологиялық мәліметтер – ерте заманғы суреттер, жазулар, мүсіншелер (статуетки)- бойынша тұрғындардың, кейде бүкіл бір елдің белгісіз «жабысқақ» аурулардан қырылғаны анықталған. Осындай індеттердің себебін түсінбеген. Адамдар құдайдан қорғаныс іздеумен қатар, өздерін өздері қорғап, өлімнен құтылу жолдарын іздеген. Олар көп ойланған және байқап отырған.
Алғашқы рет жұқпалы аурулардың не себеппен болатынын қандай халықтар түсіндіре бастағанын дәл айту қиын. Дегенмен, көне дүниенің әйгілі дәрігері Гиппократ (б.д.д. 260-377жж.) жаңа дәуірге дейінгі IV-ғасырда жұқпалы аурулардың (шешек, оба, тырысқақ, т.б.) себепкері «миазмалар» деп жорамалдағаны белгілі, яғни ауаны, суды, топырақты ластайтын жұқпалы булар адам организміне түсіп, ауру қоздырады деп есептеген.
Мыңжылдықтың басында өмір сүрген атақты ғалым Әбу Әли Ибн-сина-Авиценна (980-1037жж.) жұқпалы аурулардың пайда болуы қоршаған ортадағы көзге көрінбейтін тірі жәндіктердің адам ағзасына енуімен байланысты деп есептеген.
Падуан университетінің профессоры Д.Фракастро (1478-1553жж.) өзінше пайымдап, адамдарда және қоршаған ортада көзге көрінбейтін ерекше белсенді «тірі контагиялар» (contagium vivium) бар, олар тұрмыстық заттар және ауа арқылы, және де тікелей жанасқанда науқастан дені сау адамдарға беріліп, жұқпалы аурулар қоздырады деген қорытындыға келген. Бұл теориясын ол «Жұқпалар және жұқпалы аурулар, және де оларды емдеу» (1546ж.) деген еңбегінде жан-жақты баяндаған.
Ерте заманғы ғалымдардың тамаша жорамалдарын голландиялық табиғаттанушы Антони ван Левенгук (1632-1723жж.) XVII ғасырда ғана дәлелдеді, оны микроорганизмдерді алғашқы ашқан зерттеуші деп есептейді. Ол өз қолымен дайындаған, 50-300 есе үлкейтетін аспаптың көмегімен 1686 жылы алғашқы рет «анималькулюстерді» - «тірі хайуандарды» (animalculus viva) тапты. Оларды жауын суында, шөп тұндырмасында, тіс өңезінде, сілекейде, нәжісте тауып, алғашқы рет қарапайымдылардың, балдырлардың, ашытқы саңырауқұлақтардың және бактериялардың сипаттамасын берді, олардың керемет көп түрлі болатынын анықтады. Левенгук өзінің бір хатында ауыз қуысының микрофлорасы туралы былай деп жазған: «Менің үйімде бірнеше ханымдар болды, сірке қышқылы ерітіндісіндегі «өте ұсақ құрттарды» қызыға қарады, бірақ олардың кейбіреулерінде бұл көрініс жеркенісу туғызғаны сонша, олар бұдан былай ешқашанда сірке қышқылы ерітіндісін пайдаланбаймыз деп ант берді. Ал егер де оларға адам тінінің өңезінде мұндай жәндіктер бүткіл карольдіктегі адамдардан көп деп айтсам не болар еді?»
Левенгуктың замандастары оның жаңалығына таң қалады. Англияның корольдік қоғамы оны өзінің мүшесі етіп сайлайды. 50 жыл бойы ол өзінің ашқан жаңалықтары туралы есеп беріп, хат жазып отырады. Өзінің микробтарын Ресей патшасы I-Петрге де көрсетеді.
Өзінің барлық жаңалықтарын және байқауларын 1695 жылы «Антони Левенгук ашқан табиғат құпиясы» деген кітабында жариялайды.
Сонымен, өте ұсақ тірі организмдер ашылды... Бірақ, оларға микроорганизмдер деген ат берілмеді, олардың классификациясы жасалмады, биологиялық қасиеттері зерттелмеді, олардың жұқпалы аурулар қоздырудағы себепші фактор ретіндегі рөлі дәлелденбеді. Мұның барлығы ойда болатын. Көптеген сұрақтарға микроскоптар жетілдіріліп, әр түрлі зерттеу әдістерінің енгізілуі нәтижесінде 1,5-2 ғасырдан кейін ғана жауап алынды. Осылардың бәрін анықтау үшін көптеген елдерде XVII-XVIII ғасырларда Гук, Кирхер, Спалланцина, Пленчиц, Дженнер, Басси, Шенлейн, Груби, Эйкштедт, Лангебек, Поллендер, Давен, Рейэ, Генле, Холмс, Зельмельвейс, Самойлович, Каньяр-Латур, Шванн, Кютцинг, Беркли, Шредер, Аппер және басқа да ғалымдар мен дәрігерлер жұмыс атқарды.
Сонымен, 1,5-2 ғасыр бойы бактериялар мен саңырауқұлақтардың негізгі түрлері ашылып, сипатталды. Морфологиялық жаңалықтар бірінен соң бірі ашылып жатты.
Осымен қатар, микробтардың таза дақылдарын бөліп алу, олардың қасиеттерін зерттеу, түрлерін ажыратып-анықтау мүмкіндіктерінің әдістемелері жинақталды. Бұл адамдар мен жануарлардың негізгі жұқпалы ауруларының қоздырғыштары ашылған ең жарқын физиологиялық кезең болды; иммунитет құбылысы т.б. айқындала бастады.
Микробиология қызықты байқаудан практикалық маңызы бар жетекші ғылым саласының біріне айналды.
Медициналық микробиологияның, иммунологияның, биотехнологияның шын мәнінде негізін қалаушы Луи Пастер (1822-1895жж.) болды, оның еңбектері микробиологиялық ғылымның негізін қалады. Ол алғаш рет ашыту және шіру процесін микроорганизмдер қоздыратынын; тірі организмнің өзінше пайда болуының мүмкін еместігін, микробтардың аэробты тыныс алуынан басқа анаэробты жағдайда да тыныс алуы болатынын дәлелдеді. Л.Пастер асептика, антисептика, залалсыздандыру тәсілдерінің дамуына әсер етті; практикалық иммунологияның негізін қалады, құтыру ауруына, күйдіргі, тауық тырысқағына қарсы вакцина жасап шығарды. Бірқатар аурулардың алдын алу үшін әлсіздендірілген штамдардан тірі вакцина жасап, алғашқы рет Л.Пастер «аттенуациялау» деген терминді ұсынды. Пастер өзінің вакциналарын осындай аттенуацияланған микробтардан дайындады.
Ол жұқпалы аурулар патологиясында микроорганизмдердің рөлін ғылыми тұрғыдан алғашқы рет дәлелдеді, жұқпалы аурулар қоздырғыштарын зерттеудің негізгі әдістерін енгізді; стафилококтарды, стрептококтарды, шошқа тілмесінің, тауық тырысқағының қоздырғыштарын ашты. Аса жарқын тәжірибе қоюшы ретінде ол теориямен практиканың рөлін өте көрегендікпен бағалай білді, және де өз еңбектерімен «Ғылымдар және ғылымға қосымшалар бар; олар жеміс беретін ағаш сияқты өзара байланысты» болатынын дәлелдеді.
Бактериологиялық зерттеу әдістерін жетілдіруде және бірқатар аурулардың қоздырғыштарын ашуда неміс ғалымы Роберт Кохтың (1843-1910) еңбегі зор. Ашқан жаңалықтар тобы үшін Швеция академиясы 1905 жылы желтоқсанда медицина саласы бойынша оны Нобель сыйлығымен марапаттады.
Р.Кох көп жылдар бойы жұқпалы ауруларды қоздырудағы микробтардың маңызы туралы көзқарасты дамытты, тәжірибе жүзінде микробтардың этиологиялық рөлін дәлелдеу мүмкіндігін қарастыруды қолдады. Ол зертханалық микробиологиялық техниканың дамуына зор үлес қосты: тығыз орталарда (картопты, желатинді, ұйытылған сары суды, т.б.) микробтардың таза дақылын бөліп алудың сенімді әдісін енгізді. Дегенмен, агар-агарды алғашқы рет неміс зерттеушісі Гессе 1884 жылы қолданған болатын; микроскопта қарау үшін иммерсиялық жүйе және конденсор (Аббемен бірге) қолдануды, микрофотографиялық әдісті ұсынды.
Күйдіргі ауруына шалдыққан малдардың қанынан 1849 жылы Поллендер тапқан таяқшалардың сол аурудың қоздырғышы екенін Р.Кох 1876 жылы толық дәлелдеді. 1882 жылы ол туберкулез таяқшасын бөліп алды және жан-жақты зерттеді. 1883 жылы – тырысқақ вибрионын тапты; 1886 жылы – туберкулин препаратын жасады.
Микробиологияның дамуына және оның бір саласы – иммунология ғылымының қалыптасуында Ресей ғалымы И.И. Мечниковтың (1845-1916 жж.) еңбегі ерекше. Ол көптеген ағзалар жасушаларының фагоцитарлық белсенділігі болатынын, яғни, бөгде заттарды, соның ішінде микроорганизмдерді қорытып, организмді індеттен қорғайтынын дәлелдеді. Ол қабыну реакциясының механизмін ашты. Осындай байқаулардың нәтижесінде иммунитеттің жасушалық теориясының негізін жасады, сол үшін 1908 жылы (П.Эрлихпен бірге – ол иммунитеттің гуморалдық теориясын ашқан) Нобель сыйлығын алды. Иммунитет туралы көзқарасты «Қабылдамаушылық және жұқпалы аурулар» туралы кітабында 1901 жылы жарияланған болатын.
И.И. Мечниковтың микроорганизмдер антагонизмі туралы жұмысы осы кезге дейін классикалық еңбек болып табылады, жұқпалы ауруларды антибиотиктермен емдеуді дамытудың негізі ретінде қызмет етеді. Мерез ауруының тәжірибелік моделін қояндарда жасау тәсілін ұсынды. Оның тамаша ұйымдастырушылық таланты болды, 1886 жылы Ресейдегі ең бірінші бактериологиялық зертхананы Одессада ашты, ал 1888 жылы Л.Пастердің шақыруымен Париж институтында көп жылдар бойы (28 жыл) қызмет етті, соның ішінде институт директорлығын да атқарды. Оның зертханасында Ресейдің көптеген зерттеушілері оқыды және ғылыми жұмыстар жасады, өйткені кезінде И.Мечников оларға жазған болатын “Жұмыс істегісі келетін және зерттеу қабілеттілігі бар орыс ғалымдарына менің зертханамның есігі ашық, бұл жер олар үшін өз үйіндей”.
Л.Пастер, Р.Кох, И.М.Мечников тамаша зерттеушілер , ойшылдар ғана емес, олар көптеген жас табиғаттанушыларды, дәрігерлерді микробиологияның теориясы мен практикасына жұмылдыра білді және де бірнеше елдерде өздерінің пікірлес ізбасарларының мектебін қалыптастырды, олардың көпшілігі инфектология саласына қомақты үлес қосты.