ВУЗ: Казахский национальный медицинский университет им. С.Д. Асфендиярова
Категория: Учебное пособие
Дисциплина: Религиоведение (Религия)
Добавлен: 04.02.2019
Просмотров: 18555
Скачиваний: 9
Мағына объективтiк-қоғамдық құбылыстар қатарына жатады, бiрақ ол жеке адамның рухани әлемiне енедi. Алдыңғы ұрпақтардың тәжiрибесiн меңгере отырып, жеке адам мағыналардың жиынтығын иеленедi. Жеке адам санасының дерегiне айналғанда, мағына өзiнiң объективтiк мазмұнын жоғалтпайды, бiрақ тұлғалық мағынамен (личностный смысл) үстемеленедi. Мағына (смысл) жеке тұлғаны қалыптастыратын және дамытатын макро-және микроорта жағдайларының әсерiмен қалыптасады. Бұл орта жеке адамға қоғамдық мағыналарды нақтыланған түрiнде тасымалдайды және мұндай тасымалдау бұл мағыналарды осы ортада қалыптасқан меңгеру тәжiрибесi тұрғысынан жүргiзiледi. Жеке тұлғаның қалыптасуына қарай, оның бойында мағыналарды өз бетiмен индивидуациялау қабiлетi қалыптасады. Индивидуация барысында мағыналарды “өңдеу” жасалады. Олар адамның қажеттiлiктерi, қызығушылықтары, мақсаттары, жасырын күйлерi және күйзелiстерiмен салыстырылады. Мағына (смысл) жеке тұлға меңгерген мағына (значение) ретiнде танылады.
Дiн мен мәдениеттiң ара қатынасы
Христиан теологиясындағы дiн мен мәдениеттiң ара қатынасы мәселесiн шешудi қарастырайық. Онда “мәдениет” ұғымы негiзгi болып табылмайды, ал дiн христиандық өзiндiк сана негiзiнде Құдай мен адам арасындағы байланыс ретiнде түсiндiрiледi (қар. §1 тар. I). Католиктiк көзқарастар бойынша, мәдениет – философия, мораль, өнер, техника – тарихи факт, адам әрекетiнiң өнiмi болып саналады: дiни өлшемi алып тасталған мәдениет нағыз мәдениет болып табылмайды. Христосқа сену әр түрлi мәдениеттi құрайтын құндылықтардың iшiндегi жай ғана құндылық емес болғандықтан, христиандық – мәдениет емес, ол дiн. Бiрақ христиандық мәдениетке немқұрайлы және жат емес, ол өзiн мәдениетте көрсетуге мұқтаж; христиандық күнәға батқан адам мәдениетiн жаңартуы тиiс. “Мәдениеттi христиандық бағалау” бар. Иоанн Павел II пiкiрi бойынша, мәдениет “iнжiлдендiрудiң түрлi жеңiлдiкпен пайдаланушы секторы”. Iнжiлдендiру, мәдениеттен дербес бола отырып, халықтар мен ұлттар арасында өзiнiң көрiнiсiн табуы тиiс. Iнжiлдiң қандай болсын бiр мәдениетте iске асуы – “инкультурация” – адамның iшкi дүниесiн жаңарту арқылы жасалады. Аса асқақ қабiлет – махаббат қабiлетiнен көрiнетiн жоғары абырой – руханилық абыройына адам cultura animi (“жан мәдениетi”) арқылы көтерiледi. Мәдениет жеткiлiктi деңгейде қалыптасу үшiн, бұған адамның бар бiтiмi – оның барлық шығармашылық күшi, ақылы, оның дүние мен адамдарды бiлуi, өзiн-өзi ұстай бiлу, құрбан ету қабiлетi, тiлектес болуы және ортақ игiлiкке көмектесу қабiлетi қатысу керек. Папа былай дейдi: “… бiрiншi және ең маңызды болып табылатын еңбек, бұл адамның жүрегiнде жасалатын еңбек, ал оның өз болашағын құруға қалай араласатыны оның өзiн және өзiнiң тағдырын түсiнгенiне байланысты, Шiркеудiң нағыз мәдениет пайдасына қосатын ерекше және мәндi үлесi дәл осы жағына қатысты” /1/. Нағыз мәдениет – сенiмнiң нәтижесi, дiнмен берiлген iшкi жан стимулының нәтижесi ретiнде пайда болатын христиандық (католиктiк) мәдениет.
Православиелiк дiн басылары да рухани мәдениет негiзi ретiнде дiндi санайды. П.А. Флоренский жасаған “культтiң бiрыңғай философиясы” идеясына назар аударайық. Оның пiкiрiнше, дiн рухани мәдениет құбылыстарынан жоғары тұрады, мәдениет дiннiң негiзiнде пайда болады: өнер культтiк ретiнде туындады, ғылым мен философия дүниеге деген дiни көзқарасты пайымдауға талпыныс ретiнде пайда болды, ал мораль мен құқық әрқашан дiни өсиеттерге негiзделдi. Культ – мәдениеттiң “түйiндiк” жерi, тар мағынасында ол – құдайға құлшылық ету, құдайға құлшылық әрекетi, ал кең мағынасында – феургия (грек. theurgea – құдай жасау). Феургия “барлық ғылымдар мен өнерлердiң аналық аясы” /2/. Культте имманенттi және трансценденттi, жазықтықтық және таулық, уақытша және мәңгiлiктер кездеседi, сондықтан ол мәдениеттiң негiзiн, дереккөзiн құрайды. Мәдениет – бұл “культтен ұсақтап жарылатын нәрсе, культтiң көктеуi, оның тармақтары, бүйiр сабақтары iспеттес. Қасиеттi нәрселер – бұл адамның алғашқы шығармашылығы; мәдени құндылықтар – бұл культтен шығатын, культтiң қабатталған қабыршағы iспеттi…” /3/. Культтен туындайтын көмекшi терминдер, ұғымдар, формулалар күрделену мен дербес даму процесiнде “зайырлы философияға, зайырлы ғылымға, зайырлы әдебиетке” айналады /4/.
Немiс-американ протестанттық теологы және философ П. Тиллих (1886-1965) өзiнiң “мәдениет теологиясында” күнәһарлану нәтижесiнде адамның Құдайдан (Болмыстың Өзiнен) жаттануы мен тарихи уақытта Құдайдың (Болмыстың Өзiнiң) адамға өзiн ашуы идеясынан бастама алады. П. Тиллих үшiн ең бастысы – “христиандықтың секулярлы мәдениетпен қалайша ара қатыста болатынын анықтау” /5/. Дiн мен мәдениет бiр-бiрiне қайшы келедi, сонымен бiрге бiрлiктi құрайды. “Дiн, - дейдi П. Тиллих, - бұл субстанция, адамның рухани өмiрiнiң негiзi мен тұңғиығы” /6/, ол мәдениеттi азықтандырады және оған мән бередi. Дiн мәдениеттiң субстанциясы, ал мәдениет – дiннiң формасы. Субстанция мен форма әрқашан синтезге талпынады және әрқашан қол жеткiзген синтездi құртады. Мәдениеттiң құрамында Шүбәсiзге деген қатынас, басқаша айтқанда, дiни тәжiрибе бар, әйтсе де бұл қатынас үздiксiз деструкцияға ұшырап отырады. Құдайдың (Болмыстың Өзiнiң) уақыттық тарихи жағдаятқа – Кайросқа (грек. kairos – тиiстi шара, норма, тиiстi сәт) енуi мәдениеттi “мәңгiлiк мәнмен” бiрiктiредi және формаға мәдени мағына бередi. Шүбәсiздiң, мәңгiлiктiң уақытшаға ену дәрежесiне қарай П. Тиллих мәдениеттiң үш түрiн анықтайды: теономдық (грек. theos – құдай, nomos – әдет, тәртiп, заң), гетерономдық (грек. heteros – басқа), автономдық (грек. autos - өзi). Теономдық мәдениет дiндi жат бiрдеме емес, өзiнiң рухани негiзi ретiнде анықтайды; тарихта бұл тип жүзеге асырылмайды және оған қол жеткiзiлмейдi. Тарих барысында жатсынған тiршiлiктiң гетерономдық және автономдық типтерi көрсетiлген. Гетерономдық мәдениет – бұл дiнге бағынған шектен шыққан авторитарлық жүйе, ал автономдық мәдениет рухани өмiрдiң тапшыланғанын көрсетедi, оған антропоцентризм, гуманизм тән, бiрақ оның iшiнде де Шүбәсiздiң өлшемi, дiни тәжiрибе, негативтi формада – бекершiлiк пен мәнсiздiк формасында болса да, бар.
Мәдениет құбылыстарын түсiну материалдық өндiрiс саласынан, әсiресе, жердi өңдеуден басталды. Басында “агримәдениет” (лат. agricultura – жерге күтiм) деген терминнiң қолданылуы кездейсоқ емес, кейiнiрек “мәдениет” сөзi қалалық өмiр тұрмысын да бiлдiре бастады. Тек содан кейiн ғана оны рухани тәртiп құбылыстарын атау үшiн қолданды.
Тарихи тұрғыдан рухани өмiрдiң ең бiрiншi саласы мифология болды, ол дүниенi меңгерудiң әр түрлi әдiстерiн – бiлiмдер мен дағдыларды, нормалар мен үлгiлердi, нанымдар мен жол-жораларды, мимесис, ою, ән мен бидi және т.б. синкреттi түрде бiрiктiрдi. Мифологиялық кешеннiң жiктелуi барысында рухани мәдениеттiң әр түрлi салалары - өнер, мораль, философия, ғылым, дiн және т.б. бiртiндеп бөлiне бастайды. Мәдениеттiң басқа салаларымен қоса, дiн материалдық және рухани әрекет аясында адам болмысын жүзеге асырудың әдiстерi мен тәсiлдерiн жасап, жинақтады, оларды мәдениет өнiмдерiнде iске асырып, ұрпақтан ұрпаққа бердi. Дiн, өнер, мораль, философия, ғылым ара қатынастарының күрделiлiгi, бiр тектi, бiр мағыналы еместiгiне қарамастан, тарихта олар бiр-бiрiне өзара әсер етiп, бiрлiк пен тұтастық – рухани өмiр универсумын құрады. Әр түрлi дәуiрлерде мәдениеттiң ана немесе мына салалары бiрiншi орынға шығарылып, неғұрлым үдемелi көрiнiс тауып, дамып отырды: өнер мен философия - антикада, дiн – Орта ғасырларда, философия – XVIII-XIX ғғ., ғылым - XX ғ.
Дiн мәдени универсумның бөлiгi бола отырып, өз iшiнде, өз саласының шеңберiнде өнердiң, моральдың, философияның, ғылымның белгiлi бiр құбылыстарын синтездей отырып, мифология дәстүрлерiн мұра еткендей болады. Дiн үшiн “жұлдызды сәт” болып табылатын дәуiрлерде ол басымдық танытады, мәдениеттiң барлық дерлiк саласын қамтиды. Мұндай жағдай, жоғарыда айтылғандай, Орта ғасырларда орын алды.
Секуляризация процесiнде, феодализмнен капитализмға көшу сатысында рухани мәдениеттiң әр түрлi салалары: философия, өнер, мораль, ғылым – бiртiндеп дiни санкциялаудан құтыла бастады. Шығу тегi бойынша орыс американ социологы П.А. Сорокиннiң Батыс Еуропадағы секуляризация процесстерi туралы мәлiметтерiн келтiрейiк. Егер Орта ғасырларда идеалистiк философия философиялық жүйелердiң 100% құраса, ХХ ғасырда (1900-1920 жылдары) оның үлесi 40, 9% дейiн түстi. Эмпиризм, материализм, критицизм және агностицизмнiң дамуы мен таралуы жүрiп жатты, ал бұл, П.А. Сорокиннiң пiкiрi бойынша, философия секуляризациясының көрсеткiшi болды. ХХ ғасырда (1900-1920) барлық философиялық жүйелердегi эмпиризмнiң үлесi 53%, материализм – 23,3, скептицизм – 21,9% құрады /7/. Орта ғасырлық өнердегi тақырып пен стиль түгелдей дерлiк дiнмен анықталған болса, ал содан кейiнгi уақытта дiни бағдар әлсiздендi. Бейнелеу және мүсiндеуде дiни өнердiң үлес салмағы: Х ғ. Дейiн – 81,9%, X-XI ғғ. – 94,7; XII-XIII ғғ. – 97; XIV-XV ғғ. – 85; XVI ғ. – 64,7; XVII ғ. – 50,2; XVIII ғ. – 24,1; XIX ғ. – 10; XX ғ. – 3,9% /8/. Бiртiндеп этикалық жүйелердiң де секуляризациясы орын алды, ол бақыт сезiмдiк этикасының (гедонизм, утилитаризм,эвдемонизм) пайда болуы мен дамуынан көрiндi. Абсолюттi (дiни) этика мен сезiмдiк этиканың сәйкесiнше үлес салмағы: IV-XIV ғғ. 100% және 0%, XV ғ. - 91,3 және 8,7; XVI ғ. - 56,5 және 43,5; XVII ғ. – 61,6 және 38,4; XVIII ғ. – 63,7 және 36,3; XIX ғ. – 62 және 38; XX ғ. (1920 ж. дейiн) - 57 және 43% /[9/].
Дiни мәдениет
Дiни мәдениет күрделi, кешендi құрылым болып саналады, қоғамдық жүйе ретiндегi дiннiң барлық аспектiлерi әлеуметтiк-мәдени салада көрiнедi. Дiни мәдениет – бұл адам болмысын iске асыратын, дiни әрекетте қалыптасатын және оның дiни мән мен мағына беретiн, ұрпақтан ұрпаққа берiлiп, меңгерiлетiн өнiмдерiнде көрiнiс табатын дiннiң әдiстерi мен тәсiлдерiнiң жиынтығы. Әрекеттiк орталық культ болып саналады.
Мәдени құндылықтардың мазмұны дiни санамен жасалады. Олар дiни дүниетаным айналасында ұйымдастырылады, сәйкес образдармен, түсiнiктермен, ұғымдармен, тәмсiлдермен толтырылған, адам санасы мен жүрiс-тұрысын гипостаздалған жаратылыстарға, атрибутталған қасиеттерге, байланыстарға, түр өзгертулерге бағдарлайды, адамның әр түрлi қажеттiлiктерiн қанағаттандырады. Нанымның материалды тасушылары ретiнде қабылданатындар: өсиет баяндалатын ауызекi сөз, қасиеттi әдебиет, жол-жоралық мәтiндер, культ құралдары (пұт, ступа, икон және т.б.), өнер туындылары.
Дiни жүйелерде қарым-қатынастарды өрбiту, ұйымдарды реттестiру, өзара байланыстарды құрылымдау, адамдардың жүрiс-тұрысын басқару тәжiрибесi жинақталып жатты. Дiни мәдениеттiң ұйымдастырушылық жағы культтiк әрекеттi басқарудың әр түрлi бөлiмдерiнде, теологиялық-теориялық зерттеулер мен бiлiм беру саласында, экономикалық, коммерциялық, қайырымдылық әрекеттерде жүзеге асады.
Дiннiң әсер етуiмен дiни философия, мораль, өнер және т.с.с. қалыптасады. Дiни дүниетанымдық алғы шарттардан бастама ала отырып, дiни философия ұғымдық аппарат пен теология, дiни iлiм тiлiн пайдаланады, онтологиялық, гносеологиялық, логикалық, әлеуметтанулық, антропологиялық және басқа да мәселелердi шешедi. Дiни мораль – дiн арқылы дамытылатын және уағыздалатын, нақты (иудаистiк, христиандық, исламдық) мазмұнмен толтырылатын әдептiк түсiнiктер, нормалар, ұғымдар, сезiмдер, құндылықтар жүйесi. Дiни өнер дегенiмiз - дiни рәмiздердiң “өмiр сүру” аясы болып табылатын көркемдiк құндылықтарды жасау, қабылдау және тасымалдау.
Дiни мәдениеттiң екi бөлiмiн атап айтуға болады. Бiрiншi бөлiм дiни iлiмдi тiкелей және жанамалаусыз беретiн компоненттерден тұрады, бұлар – қасиеттi мәтiндер, теология, культтiң әр түрлi элементтерi және т.б. Екiншi бөлiмiн тарихи тұрғыдан дiни-рухани және культтiк әрекетке тартылатын философия, мораль, өнер салаларынан алынған құбылыстар құрайды.
Дiни мәдениет әр түрлi дiндер мен конфессияларда бiрдей емес, сәйкесiнше, ру-тайпалық дiндер мәдениетi, индуистiк, иудаистiк, конфуцийлiк, синтоистiк, буддистiк, христиандық, исламдық және басқа да (олардың көптеген конфессиялық түрлерiнде) мәдениет ретiнде көрiнiс табады.
Тарихи жағдайларға қарасақ, дiни мәдениет азды-көптi дәрежеде зайырлы мәдениетке, сондай-ақ оның бөлiктерiне әсер етедi.
Бақылау сұрақтарының тапсырмалары
-
Дін мен мәдениеттің арақатынасы қандай?
-
Дін мәдениеттің дамуына қалай ықпал етеді?
-
Діни мәдениетті қалай түсінесіз?
-
Діни мораль дегеніміз не?
-
Діннен тыс мораль дегенді қалай түсінесіз?
-
Әлемдік діндердегі көркем өнер көрінстерін айқындаңыз
-
Ислам өнерінің стильдік ерекшеліктерін айқындаңыз
-
Қазақ әдебиетіндегі сопылық дәстүрге талдау жасаңыз
-
Ортағасыр өнеріндегі діни ситльдерге талдау жасаңыз
Тарау V
ДIННIҢ ФУНКЦИЯСЫ МЕН РӨЛI
Дiн қоғамда бiрқатар функциялар мен нақты бiр рөлдi атқарады. “Функция” және “рөл” ұғымдары байланысты, бiрақ бiрдей емес. Функциялар – бұл дiннiң қоғамдағы әрекет ету әдiстерi, рөл – жиынтық нәтиже, дiннiң өз функцияларын атқарғанының салдары.
Дiннiң функциялары
Дiннiң бiрнеше функциялары көрсетiледi: дүниетанымдық, компенсаторлық, коммуникативтi, реттеушi, интеграциялаушы-дезинтеграциялаушы, мәдениет тасымалдаушы, заңға сәйкестендiрушi-заңға сәйкестендiрушi емес.
Дүниетанымдық функциясын дiн адамға, қоғамға, табиғатқа деген белгiлi бiр көзқарастар типiнiң бар болуының арқасында атқарады. Дiн дүниенi түсiнудi (дүниенi тұтастай түсiндiру және ондағы құбылыстар мен процесстердi түсiндiру), дүниенi аңдауды (дүниенiң түйсiну мен қабылдауда бейнеленуi), дүниенi сезiнудi (эмоциялық қабылдау немесе қабылдамау), дүниеге деген қатынасты (баға) және т.б. қамтиды.
Дiни дүниетаным “шектi” өлшемдердi, Абсолюттердi жасап, осылардың тұрғысынан дүние, қоғам, адам пайымдалады, мақсат қою мен мағына қою қамтамасыз етiледi. Қолда бар болмысқа мағына беру дiнге сенетiн адамға шектеулiктiң шеңберiнен шығуға мүмкiндiк бередi, “жарқын болашаққа” жету, қайғы-қасiреттен, бақытсыздықтардан, жалғыздықтан, моральдық құлдыраудан құтылу үмiтiн жағады.
Дiн компенсаторлық функция атқарады, шектеулiк, тәуелдiлiк, адамдардың дәрменсiздiгiнiң орнын сананы қайта құру арқылы, сондай-ақ тiршiлiк етудiң объективтiк жағдайларын өзгерту арқылы да толтырады. Өмiрдегi жанышталуды “рухтың еркiндiгi” жеңедi, әлеуметтiк теңсiздiк күнәһарлық, қайғы-қасiрет көру жағынан “теңдiкке” айналады; шiркеулiк қайырымдылық, рақымшылық, қамқорлық ету, табыстарды қайта үлестiру бақытсыздыққа ұшырағандардың қайғыларын жеңiлдетедi; бөлектену мен оқшаулану қауымдастықтағы бауырмашылдықпен ауыстырылады; бiр-бiрiне немқұрайлы индивидтердiң өзiндiгi жоқ, заттық қарым-қатынастары өзiндiк ерекше құдаймен араласу және бiр-бiрiмен араласу арқылы орны толады. Компенсацияның психологиялық қыры – стресстi алу, жұбату, катарсис, рухани ләззат алу маңызды болып табылады.
Дiн қарым-қатынасты қамтамасыз етедi, коммуникативтi функцияны жүзеге асырады. Қарым-қатынас дiни емес және дiни әрекеттер мен қатынастарда қалыптасады, ақпаратпен алмасу, өзара әрекеттесу, адамды адамның қабылдауы процесстерiн қамтиды. Дiни сана қарым-қатынастың екi жағын анықтайды: 1) дiндарлардың бiр-бiрiмен; 2) дiндарлардың Құдаймен, перiштелермен, өлген адамдардың жандарымен, медиаторлар - адамдардың қарым-қатынасындағы – литургияда, дұға оқуда, медитацияда, “құпияны көруде” және т.с.с. идеалды делдалдар болатын әулиелермен қарым-қатынас.
Дiннiң реттеушi функциясы белгiлi бiр идеялар, құндылықтар, нұсқаулар, таптаурындар, пiкiрлер, дәстүрлер, институттардың көмегiмен жеке адамдардың, топтардың, қауымдардың әрекетiн және қарым-қатынастарын, санасын және жүрiс-тұрысын басқаруды жүзеге асырудан көрiнедi. Әсiресе, нормалар (дiни құқық, мораль), үлгiлер (елiктеу үшiн көптеген мысалдар), бақылау (нұсқаулардың жүзеге асуын қадағалау), марапаттау мен жазалау (өлiмнен кейiнгi тiршiлiкте берiлетiн игiлiктер) жүйесiнiң маңызы өте зор.