ВУЗ: Казахский национальный медицинский университет им. С.Д. Асфендиярова
Категория: Учебное пособие
Дисциплина: Религиоведение (Религия)
Добавлен: 04.02.2019
Просмотров: 18559
Скачиваний: 9
Кейiнiрек тотемизм шеңберiнде табу деп аталатын тиымдардың тұтас бiр жүйесi пайда болды. Олар әлеуметтiк қатынастарды реттестiрудiң маңызды механизмi болып саналды. Осылайша, жыныстық-жас мөлшерлiк табу алғашқы қауымдық ұжымды қатаң бекiтiлген некелiк таптарға бөлдi және осылайша жақын туыстар арасындағы жыныстық қатынастарға тиым салды. Тағамдық табу көсемге, жауынгерлерге, әйелдерге, қарттарға, балаларға берiлуi тиiс тағам сипатын қатаң реттестiрдi. Табудың басқа бiрқатар түрлерi үйге немесе ошаққа қол сұқпауға, жерлеу заңдылықтарын реттестiруге, әлеуметтiк статусты, алғашқы қауымдық ұжым мүшелерiнiң құқтары мен мiндеттерiн бекiтуге шақырды.
Алғашқы нанымдардың формаларының және солармен байланысты практиканың бiрi магия (грек. mageia – сиқыршылық, арбаушылық) – адамдарға, заттарға және объективтi дүние құбылыстарына жасырын күштер арқылы әсер етуге болады деген сенiмге негiзделген түсiнiктер мен ырымдардың жиынтығы. Дiни нанымдардың бұл формасының дереккөзiн ағылшын этнографы Б. Малиновский өзiнiң “Магия, ғылым және дiн” атты еңбегiнде толық сипаттап өткен. Тынық мұхиты аралдарында тұратын түземдiктердiң (жергiлiктi тұрғындардың) өмiрiн зерттей отырып, Б. Малиновский өте қызық заңдылықты байқайды. Түземдiктердiң егiн шаруашылығында өнiмдерi құбылмалы болатын түйнектi өсiмдiктердi отырғызғанда магияны қолданатындары анықталады, бiрақ магия тұрақты, бiр қалыпты өнiм беретiн жемiс ағаштарын отырғызғанда қолданылмайды. Балық аулауда магиялық әдiстер акула және басқа да iрi, қауiптi балықтарды аулау кезiнде практикаланады, ал майда балықтарды аулауда магия артық деп саналады. Қайықтарды жасау әрқашан магиялық ырымдармен сүйемелденедi, ал үй құрылысында магия қолданылмайды. Бұл жағдай Б. Малиновскийге магиялық түсiнiктер адам өзiнiң күштерiне сенiмдi болмаған кезде, мәселенi шешу адамның өзiне емес, сырттан қосылған көптеген факторларға байланысты болатын қиындықтарға кездескен кезде пайда болады деген қорытынды жасауға мүмкiндiк бередi. Дәл осы жайт оны құпия күштердiң көмегiне сенiп, магиялық әрекеттер жасауға мәжбүрлейдi.
Өте ерте заманда магиялық түсiнiктер мен ғұрыптар синкреттi сипатта болды, бiрақ кейiнiрек олардың жiктелуi орын алды. Қазiргi замандық этнографтар магияны әсер ету әдiстерi мен мақсаттары бойынша жүйелейдi. Магия әсер ету әдiстерi бойынша контактылы (магиялық күш иесiнiң магия бағытталған объектiмен тiкелей жанасуы арқылы), инициалды (магиялық акт магиялық әрекет субъектiсiнiң қолы жетпейтiн объектiге бағытталған), парциалды (әйтеуiр бiр жолмен магиялық күш иесiнiң қолына түсетiн қырқылған шаш немесе тырнақ, тағам қалдықтары арқылы жанама түрде әсер ету), имитативтi (объектiге ұқсас нәрсеге әсер ету) болып бөлiнедi. Әсер ету мақсаттары бойынша магия зиян келтiретiн, әскери, кәсiпшiлiк, емдiк, махаббаттық және т.с.с. болып бөлiнедi.
Әдетте магиялық арбаулармен арнайы дайындалған адамдар –сиқыршылар мен бақсылар айналысқан, олар өздерiнiң рухтармен қарым-қатынасқа түсе алатындарына, оларға ұжымның сұраулары мен үмiттерiн жеткiзе алатындарына сендi. Бiрақ мұнда ең бастысы - олардың өздерiнiң ерекше қабiлеттерiне өздерi сенгендiгi емес, оларға ұжымның сенiп, ең қиын дағдарысты сәттерде олардан көмек сұрағандары. Сәйкесiнше, сиқыршылар мен бақсылар алғашқы қауымдық адамдар арасында ерекше құрметке ие болды.
Ақыр аяғында, нанымдардың алғашқы формалары жөнiнде айта отырып, анимизмдi (лат. anima - жан) – жан мен рухтардың бар екенiне деген сенiмдi еске түсiрмеуге болмайды. Анимистiк нанымдардың тиянақты талдамасын ағылшын антропологы Э. Тайлор (1832-1917) өзiнiң “Алғашқы мәдениет” еңбегiнде берген. Э. Тайлордың теориясы бойынша, бұл нанымдар екi бағытта дамыған. Анимистiк түсiнiктердiң бiрiншi қатары ертедегi адамның ұйқы, елестер, дерт, өлiм құбылыстары жөнiндегi ойлануларының нәтижесiнде, сондай-ақ транс пен галлюцинацияларын бастан кешiру барысында пайда болды. Бұл күрделi құбылыстарды дұрыс түсiндiре алмаған “алғашқы қауымдық философ” адам денесiнде болатын және кейде одан шығып кетiп отыратын жан туралы ұғымды қалыптастырады. Кейiнiрек бұған қарағанда күрделiрек түсiнiктер жасалады: дене өлген соң жанның өмiр сүретiндiгi жайлы, жандардың жаңа денелерге көшетiнi туралы, о дүние жайында. Анимистiк нанымдардың екiншi қатары қоршаған ортаны кейiптеу мен рухтандыру сияқты алғашқы адамдарға тән талпыныстан туындайды. Ерте замандағы адам объективтi дүние құбылыстары мен заттарын өзiне ұқсас, қалаулары, еркi, сезiмдерi, ойы бар деп қарастырған. Осыдан табиғаттың, өсiмдiктердiң, жануарлардың қаһарлы күштерiнiң жеке рухтарына деген сенiм пайда болады, бұл сенiм күрделi эволюция барысында политеизмге, содан кейiн монотеизмге ауысады.
Анимизмнiң кең таралғандығы жөнiндегi дерекке сүйене отырып, Э. Тайлор мынандай формуланы ұсынады: “Анимизм дегенiмiз бұл дiн анықтамасының минимумы”. Бұл формуланы көптеген дiнтанушылар өздерiнiң құрылымдарында пайдаланды, дегенмен анимизмнiң тайлорлық тұғырнамасын талқылау барысында оның әлсiз жақтары да көрiндi. Қарсы дәлел ретiнде алғашқы қауымдық адамдардың дiни нанымдары (мысалы, тотемизм немесе фетишизм) көбiнесе анимистiк түсiнiктердi қамтымағанын дәлелдейтiн археологиялық және этнографиялық мәлiметтер келтiрiлдi. Мұндай нанымдар “преанимистiк” деп аталды. Дегенмен анимистiк сенiмдердiң әлемнiң барлық дiндерiнiң құрамдас және аса маңызды бөлiгi болып табылатынына күмән жоқ. Рухтарға, жын-шайтанға, өлмейтiн күштерге сену – мұның бәрi алғашқы қауымдық анимистiк түсiнiктердiң модификациялары.
Алғашқы дiни наным-сенiмдердiң басқа формалары жөнiнде де осыны айтуға болады. Демек, осы күнге дейiн сақталған тұмар, бойтұмарларға, қасиеттi заттарға сену алғашқы қауымдық фетишизмнен қалған қалдықтардан басқа ештеме емес. Тотемизмнiң сарқыншағын көптеген дiндерде кездесетiн тағамдық тиымдардан, жануар бейнесiндегi жаратылыстарды бейнелеуден көруге болады. Магиялық нанымдар мен ғұрыптар барлық дiндердiң культтiк практикасының негiзiне салынды. Тұрмыстық ырымдар саласында: дуалауға, бал ашуға, үшкiруге сенiмде магияға маңызды орын берiлген.
Адамзат қоғамының дамуының ерте сатыларында дiни нанымдардың алғашқы формалары таза күйiнде болған жоқ, олар бiр-бiрiмен ерекше күйде тұтасып жатты. Сондықтан бұл нанымдардың қайсысының бiрiншi пайда болғандығы жөнiнде сұрақ қою аса дұрыс бола қоймайды. Мұнда дiни нанымдардың кешенi туралы сөз болуы керек сияқты. Бұл кешеннiң құрылымы аса көп қырлы. Мысалы, Австралия аборигендерiнде табу жүйесi мұқият құрылған тотемизм басым болды. Сiбiр мен Қиыр Шығыстың сансыз көп халықтарының арасында магия және онымен тығыз байланысты шаманизм практикасы үстем болды. Африка халықтарына келсек, олар фетишизмге бейiмдiлiктерiмен ерекшелендi.
Осылайша, егер дiннiң пайда болу уақыты жөнiндегi мәселе әлi де шешiмiн таппай отырса, ал дiни нанымдардың бiзге дейiн жеткен ең ежелгi формалары ХIХ-ХХ ғасырларда археологтар, этнографтар, антропологтар және дiнтанушылар тарапынан жеткiлiктi дәрежеде жақсы зерттелiндi. Мұндай формалар ретiнде фетишизм, тотемизм, магия және анимизм болғандығы көпшiлiкпен мойындалған. Бұған қоса, алғашқы наным-сенiмдердi талдау олардың бастамасын арғы ата-бабаларымыздың тұрмыстық жағдайлары мен ойлау ерекшелiктерiнен iздеу керектiгiн көрсеттi. Дiни нанымдар мен көзқарастардың эволюциясы қоғамдық өмiрдегi өзгерiстермен тығыз байланысты, бұл дiннiң рудименттi формаларын қарастырумен ғана емес, сондай-ақ оның бүкiл тарихымен дәлелденедi.
Таптық қоғамға көшу кезеңiндегi дiн эволюциясы
Қарастырылған алғашқы наным-сенiмдердiң кешенi ана немесе мына тайпа мен рудың тұрмыс жағдайын, әлеуметтiк байланыстарын, материалдық мәдениет және т.с.с. ерекшелiктерiн көрсететiндiктен, ала-құла болып келетiн ру-тайпалық дiндердiң өзегiне айналды.
Таптық қоғамға дейiнгi кезең өндiргiш күштердiң дамуының төмен деңгейiмен және қарапайым әлеуметтiк қатынастармен сипатталды. Ол көптеген мыңжылдықтарға созылды және осы кезең аралығында қоғамдық өмiрде де, дiни наным-сенiмдерде де көзге түсерлiк өзгерiстер орын алды. Рулық құрылыстың алғашқы сатыларында дiни табынудың объектiсi табиғат болды. Географиялық орта мен шаруашылық мамандануға байланысты алғашқы қауымдық адамдарды қоршаған ортаның әр түрлi жақтары ерекше қасиеттерге бөлендi. Мысалы, терiмшiлiк және қарапайым егiн шаруашылығымен айналысқан тайпалар өсiмдiктер мен аспан шырақтарына, ал аңшылықпен айналысатын тайпалар жабайы аңдарға табынды. Бiрақ ру-тайпалық дiндерде тек қана табиғат күштерi мен шаруашылық әрекетiнiң ерекшелiгi бейнеленген жоқ, сонымен қатар әлеуметтiк қатынастар да көрiнiс тапты. Мысалы, матриархаттың патриархатқа ауысуы және осының негiзiнде пайда болған қоғамның жаңа ұйымдастырылуы дiни санада айтарлықтай өзгерiстер тудырды. Матриархат кезiнде барлық жерлерде дәрiптелетiн әйелдiк рухтар ендi еркек жынысты рухтармен ығыстырылды. Культтi орындау сондай-ақ еркектердiң iсiне айналады. Ерте рулық құрылыс кезеңiнде дiни нанымдар тайпаластардың нағыз теңдiгiн де бейнеледi. Негiзiнен рухани жаратылыстардың өзiне тән өзгешелiгi жоқ болды, сондықтан адамдарда рухтардың иерархиясы жөнiнде түсiнiктерi болмады. Культтiк әрекетте магиялық ғұрыптар мен сахналаулар басым келдi және оларға тайпаның барлық мүшелерi қатысты. Сиқыршылар, бақсылар, рухтарды арбаушылар дiншiл бұқарадан әлi қатаң бөлiнбеген едi.
Ру-тайпалық қатынастардың ыдырауы мен тайпа iшiндегi әлеуметтiк жiктелудiң тереңдеуi дiни наным-сенiмдердiң айтарлықтай өзгерiстерге ұшырауына әкелдi. Уақыт өте келе қауымның кейбiр мүшелерiнiң қолына материалдық байлықтар жинақталып, қатардағы тайпаластары олардың қол астына түсе бастайды. Көсемдердiң шығуы және олардың тайпа өмiрiндегi рөлiнiң күшеюi бiртiндеп олардың сакралдануына әкеледi, олар өлгеннен кейiн ғана емес, тiрi кезiнде де дiни дәрiптеу объектiсiне айналады. Тайпа iшiндегi әлеуметтiк жiктелу мен тайпалық ақсүйектердiң қалыптасуы да дiни түсiнiктерде көрiнiсiн тапты. Бұрынғы аморфты және өзiндiгi жоқ рухтарға атаулар берiледi, оларға белгiлi бiр қызметтер таңылады, көптеген белгiлерi бойынша әлеуметтiк иерархияны елестететiн рухтар иерархиясы пайда болады. Полидемонизм – рухтардың көптiгiн дәрiптеу - өзiнiң соңғы кезеңiне енедi.
Оның орнына аса құрмет тұтылатын рухтарды құдайларға айналдыратын политеизм келедi. Денеден тыс жандар мен ата-баба аруақтары, жергiлiктi жартас данышпандары, қайнарлар мен ағаштарға қарағанда, құдiреттiрек құдайлар жоғарылай бастайды, олардың әсер етуi жергiлiктi, дербес немесе тайпалық жағдайлармен шектелмейдi. Үндiстанның таулы аймақтарын мекендейтiн кондылар – дравид тайпаларының дiни түсiнiктерi политеизмнiң қалыптасуын көрсететiн жақсы иллюстрация бола алады. Кондылардың әлемiн сансыз көп жергiлiктi рухтар мекендеген, олар табиғат құбылыстарын басқарып, адам өмiрiне әсер етедi. Жергiлiктi рухтардан жоғарырақ құдайға – тайпалардың қорғаушысына айналған ғұлама адамдардың жандары тұрады. Ал олардан жоғары алты ұлы құдай: жаңбыр құдайы, алғашқы жемiстердiң әйел-құдайы, өнiмдiлiк құдайы, аңшылық құдайы, соғыс құдайы, өлгендердiң төрешi құдайы орын тапқан. Бұл құдайлардан да жоғарырақ - күн құдайы Бура Пенну мен оның әйелi, құдiреттi жер құдайы Тари Пенну.
Иерархиялардағы ең жоғары орынды көбiнесе аспанмен немесе аспан құбылыстарымен байланысты құдайлар алды (Қытайда – Тань, Мысырда – Ра, Үндiстанда – Индра мен Шакра). Жер құдайлары политеистiк жүйелерде аспан құдайларымен бiр қатарға қойылды. Мысалы, Қытайдың ежелгi табиғат культiнде Тянь (Аспан) мен Ту (Жер) бiр-бiрiмен ерлi-зайыптылық байланыста бола отырып, әлемдiк ата-ана ретiнде құрметтелдi. Ведалық гимндерде жер құдай-анасы Притгиви айтылса, ведалық дiндердiң қызметшiлерi рақымшылық сұрап, Аспан-Әкеге ғана емес, Жер-Анаға да жалбарынған. Ежелгi грек дiнiнде жер бейнесi ретiнде аспанды, теңiз бен тауларды жаратқан және аспанды кейiптейтiн құдай - Уранды өзiне жұбайы еткен Гея болды.
Политеистiк жүйелерде жауынгер-құдайлардың маңызы зор болды, бұл ру-тайпалық қатынастардан таптық қоғамға көшу кезеңiне тән қиратушы соғыстарға байланысты болды. Бұл соғыстардың барысында тайпалардың бiрiгуi, тайпалық одақтардың құрылуы орын алды. Осыған сәйкес дiни түсiнiктердiң синтезi байқалды. Политеистiк пантеонның басына әдетте гегемон тайпаның құдайы орнықты. Осылайша политеизмнiң бiр түрi – генотеизм - адамдардың ана немесе мына қауымы көп кұдайлардың бар екенiн мойындай отырып, өзiнiң тiкелей қамқоршысы ретiнде көп құдайдың iшiнен тек бiреуiн санап, соған табынуы пайда болады. Бұл жерден монотеизмге дейiн бiр ғана қадам қалады.
Ру-тайпалық құрылыстан таптық қоғамға көшу кезеңiнде айтарлықтай өзгерiстер дiни практика саласында да болды. Құдайларға деген қатынас өлген адамдардың аруақтарына деген және адамның рухани табиғатының үлгiсi бойынша пiшiмделген кескiнi жоқ табиғат рухтарына деген қатынастардан ерекшелене бастады. Егер адамзат қоғамының дамуының ерте сатыларында өлген адамдардың жанымен, рухтармен қарым-қатынас жасау әрекетi адамдардың күнделiктi бiр-бiрiмен қарым-қатынас жасауының ары қарай дамуы деп қарастырылса, кейiнiрек бұл қатынастар өз мәртебелерi бойынша салыстыруға келмейтiн жаратылыстардың қатынасы сипатына ие болады.
Құрбан шалу сипаты да өзгередi. Сансыз көп құрбандықтар, соның iшiнде адам құрбандықтары әлеуметтiк иерархияда жоғары тұратын адамдардың жандарына ғана емес, сондай-ақ бiрiншi кезекте құдайларға шалынады және бұл құрбандық шалулар қатаң белгiленедi. Құрбандық шалулардың астарлары мен бүге-шiгесi бiртiндеп қатардағы дiншiл бұқарадан бөлектенген және әлеуметтiк иерархияда ең жоғары орындардың бiрiн алатын ерекше жiктi құраған абыздарға мәлiм болды. Көбiнесе абыздық мұрагерлiк мамандық болды, бұл ұрпақтан ұрпаққа берiлетiн абыздық бiлiмнiң тылсымдық сипатымен байланысты болды. Дiни өмiрдiң ордасына айналған тұрақты ғибадатханалар мен храмдар пайда болады. Құрбандық шалулар, храмдық жерлерден алынатын кiрiс, сондай-ақ зайырлы билiктiң материалдық қолдауы абыздықтың экономикалық және саяси әсерiн нығайтады.
Осылайша, қарастырылып жатқан кезеңде дiн қоғамдық өмiрдiң салыстырмалы түрде дербес саласына айналады, дiн тарихында жаңа бет - мемлекет болып құрылған халықтардың дiни жүйелерiнiң дамуы мен қызмет етуi жайында баяндайтын бет ашылады.
Бақылау сұрақтарының тапсырмалары
-
Діннің шығу мәселесін қандай ғалымдар зерттеді?
-
Э. Тайлор алғашқы діни нанымдардың пайда болуын қалай түсіндіреді?
-
Діни нанымдардың қалыптасуында мифтік дүниетаным қандай рөл атқарады?
-
Әлеуметтанулық дінтану діннің қалыптасуын қалай түсіндіреді?
-
Таптық қоғамға өту кезеңіндегі дін эволюциясын түсіндіріңіз
-
Дж. Фрезэрдің діннің пайда болуы туралы тұжырымын талдаңыз
-
Б. Малиновскийдің үйлесімді мәдениет үлгісіндегі дін тұжырымына талдау жасаңыз
-
К. Маркс іліміндегі діннің пайда болуын түсіндіріңіз
-
Л. Фейербахтың антропологиялық материализміндегі діннің пайда болуының себептерін ашыңыз
Тарау VII
ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ИСЛАМҒА ДЕЙІНГІ НАНЫМ СЕНІМДЕРІ
Тәңіршілдік – түркі халықтарының исламға дейінгі негізгі діни нанымы. Табынудың басты объектісі – Тәңір. Тәңірі (көне түркі тілінде – мықты, ер, құдіретті) – көне түркілердің діни наным-сенімдеріндегі тұлғаланбаған, шексіздік күйі есебіндегі аспанмен теңестірілген басты Құдай бейнесі.
Барлық діни жүйелер тәрізді Тәңірлік дін де табиғат күштерін құдіреттендіруден, құпия тылсым тіршіліктің терең қатпарларынан тамыр алады. Алайда, Тәңірге табыну діни түсінік эволюциясындағы табиғат діндерінен кейінгі жоғары саты болды. Барлық халықтар рухани дамуында, діни көзқарастар эволюциясын бастан өткізді.