Добавлен: 04.02.2019

Просмотров: 18565

Скачиваний: 9

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Төрт варнадан басқа жоғарыда айтылған төрт ашрама немесе өмірдің рухани сатылары бар. Брахмачари (некесіздікті ұстанатын шәкірттік кезең), грихастха (отбасылық өмір), ванапрастха (қоғамдық өмірден бас тарту), санньяси (тариқаттылық).

Қазіргі Үндістанда варнашрама-дхарма қасиетті кітаптарда жазылғандай таза варнамшрам қоғамы жоқ деп сенімді тұжырым жасауға болады. Бұны индуистердің өздері де мойындайды. Себебі қазіргі заман Ведаларда жазылған Кали-юга ғасыры бүкіл әлемнің тоқырау заманы деп түсіндіріледі. Осы замандағы Құдайға жетудің бірден-бір жолы Оған қажетінше құлшылық ету. Индуистердің осы жолдағы діни рәсімдері үш категорияға бөлінеді: нитья, наймиттика, камьия.

Нитья – бұл күн сайын жасалатын рәсім. Әр үндіс таңертең Күнге арнап сумен құрбандық шалады немесе отбасы құдайларының алдында пуджи (құдайларға құрмет көрсету) өткізеді.

Наймиттиканы адам өмірінің ерекше кезеңдерінде жасайды. Бұл отбасына кіріс болғанда, балаға есім бергенде, некелескенде өткізілетін рәсім.

Діни рәсімдердің үшіншісі камьия – діни саяхат. Бұл діни парызды орындау қажет деп есептесе де, әркімнің таңдауына ерік беріледі. Индуистер үшін діни саяхат табиғи өмір салтына айналған деседе болады. Діни мейрам кездерінде әсіресе ана құдайға арналған қысқа діни саяхатты индустар жаяу жасайды. Қасиетті қалалар мен әулиелер орналасқан алыс жерлерге ұзақ саяхатқа шығады. Индуизмде Ганг, Ямуна, Синдху (Инд), Сарасвати (жер астында орналасқан), Нармада, Гадавари және Кавери өзендері қасиетті деп есептеледі, сондықтан осы өзендерге шомылу адамның күнәсінен арылып, рухани тазаруына әкеледі. Кейбір қасиетті жерлер Гималай тауларында орналасқан.

Индуизмде отбасында жасалатын діни ғұрыптар – самскаралар ерекше орын алады. Индуистердің көпшілігі мойындайтын он алты самскара мыналар: 1) балалар дүниеге келгенге дейін: ұрықтану, құдайдан ұл сұрап жалбарыну, шашты тарау; 2) ала жасындағы рәсімдер: баланың дүниеге келуіне байланысты жасалатын ғұрып, балаға ат қою, баланың алғаш үйден шығуы, баланың ең алғашқы жеген қатты тағамы, ер баланың алғаш шашын алуы, оң құлағының жоғарғы жағын тесу, шәкірттік мирас қабылдау, қасиетті жазбаларды оқуды бастау, Ведалық білімді меңгерудің аяқталуы

3) ересектерге арналған рәсімдер: некелесу, отбасы қызметін атқару кезеңі, қызметтен кету кезеңі, 60 жасқа толғанда жасалатын рәсім, кремация (денені отқа беру).

Индуистердің діни ұғымы бойынша вегетериандықты ұстану қажет. Әйтсе де кейбіреулерінің қойдың етін тамаққа пайдаланатындығы кездеседі. Бұл діндегілер аюрведалық медицинамен емделеді. Себебі бұнда табиғи өсімдіктерден жасалған дәрі-дәрмектер қолданылады. Мемлекетте аборт жасау заңмен рұқсат етілгендіктен индуистер қыз баланың дүниеге келуіне бөгет жасауға, қалаусыз болған жүктілікті тоқтатуды дұрыс деп қабылдайды. Индуистер үшін адамның өзіне -өзі қол жұмсау ерсі әрекет емес, себебі бұл аскетизмнің соңы, діни кемелденудің шыңы деп қабылданады.


Индуизм әлемдік діндер қатарында болмаса да бұл діннің ілімі дүниежүзінде өте кең тараған. Үндістанның өзінде Ария Самадж ұйымы үнділіктерді индуизмге бағыттау үшін жұмыс жасайды.

Батыс және Америка елдерінде ISKCON – Халықаралық Кришна Санасы Қоғамы индуизмнің бір тармағы ретінде Харе-Кришна қозғалысын дамытуда.

1990 жылы Қазақстанда Алматы қаласында “Кришна Санасы” қоғамының орталығы ашылды. Қазіргі кезде бұл қоғам миссионерлік қызметті белсенді жүргізуде. Қазақстанның Шеткері облыстарының өзінде қоғамның орталықтары ашылған.

Әдебиеттер:

1. Боги. Брахманы. Люди. Четыре тысячи лет индуизма. – М., 1969.

2. Радхакришнан С. Индийская философия. В 2-х томах. – М., 1993.

3. Дандекар Р.Н. От вед к индуизму. – М., 2002.


КОНФУЦИЙШІЛДІК

Конфуцийшілдік – Ежелгі Қытайда пайда болған этикалық-философиялық ілім, даосизм және буддизммен қатар Қытай мен Қиыр Шығыстағы үш жетекші идеологиялық жүйелердің («үш ілім» - сянь цзао) бірі болып табылады. Оның негізін қалаған ұлы қытай ойшылы Кун-цзы немесе ұстаз Кун (б.з.б. 551-479 жж.). Б.з.б. ІІІ-ІІ ғғ. Хань династиясының билікке келуімен конфуцийшілдік ресми идеологияға айналып, конфуцийлік нормалар мен құндылықтар «қытайлық» ұғымын рәміздей бастайды.

Конфуций ілімінің гүлденуінің бірінші кезеңі Конфуций (б.з.б. 551-479 жж.), Мэн-Цзы (б.з.б. 371-289 жж.), Цзюнь-Цзының (б.з.б. 298-238 жж.) этикалық философиясымен байланысты болса, неоконфуцийшілдік Чжу Си (1130-1200 жж.) және Ван Янмин (1472-1529 жж.) секілді Кун-цзы ілімін заманына сай жандандырып, ақылды жетілдірудің практикалық жағына, даналық сырын ашуға талпынған ойшылдар есімімен сабақтастырылды.

Конфуций әлеуметтік және саяси күйзелістер орын алған дәуірде өмір сүрді: Чжоу билеушісі – Ван билігінен айырылды, патриархалдық- рулық нормалар дағдарысқа ұшырап, мемлекет құрылымы ыдырады. Конфуций патшалықтар арасындағы осындай шиеленістен титыққан қытай қоғамын байыптылыққа әкелетін діни-әдептік ілімнің негізін қалауға тырысты. Осы мақсатпен Конфуций ежелгі сенімдер мен дәстүрлерге жүгінеді. Конфуций сол кезеңде Ежелгі Қытайда пір тұтылған ата-баба аруағына табыну, жер культі, ежелгі қытайлықтардың жоғарғы құдайы және ілкі тегі – Шан-диге табыну сияқты көне нанымдарды қайта жандандыра отырып, соларды әдептік-этикалық және әлеуметтік реңкпен толықтырады. Кейінірек Шан-ди жер бетіндегі барлық тіршіліктің тағдырын анықтайтын жоғарғы құдайышылық күш ретіндегі Аспанмен ассоцияцияланды. Даналық және құдіретті тылсымдық бастаулары мен генетикалық байланыс - XX ғасыр басына дейін сақталған – «Аспан асты ұлы» деген атауда ұяланды. Конфуций көне – «алтын ғасыр» даналығының қорушысы ретінде көрінеді. Ол ел билеушілерге жоғалтқан беделді қайтарып, халық құлқын жақсартып, оны бақытты етуге талпынды. Ол көне заман даналары мемлекеттік құрылымдарды әрбір жеке адамның мүдделерін қорғау үшін қалыптастырған деген көзқарасты негізге алады.


Конфуцийшілдіктің философиялық-теологиялық негізін 6 қағида құрайды:

1. Аспан (“Тянь”) жайлы діни түсінік. Ол – ұлы бастама, адамды өз еркі бойынша басқаратын жоғарғы құдай.

2. “Тянь” культі Конфуцийдің “есімдерді түзету” әлеуметтік ілімімен байланысты, мұның мағынасы - әрбір адам өзіне лайық орынды иеленіп, соған мойын ұсынуы керек. Конфуцийдің “басшы – басшы, қызметші – қызметші, бала – бала, әке – әке ” болу керек деген сөздері арқылы түсінуге болады.

3. Конфуцийшілдік дүниетанымның мұндай қағидаларынан Қытайдың діни өмірінің мәніне айналған ата-баба культі туындайды.

4. Даосизмге қарағанда, конфуцийшілдікте рәсім, этикет, жазылмаған ережелерге көп мән беріледі. Осыған сәйкес кемел адам – “цзюнь-цзы” туралы ілім басты болып табылады.

5. Конфуций ілімінде маңызды орын “көнені”, қытай дәстүрін білу, қарт ұстаздарды құрметтеуден тұратын тәлімгерлікке беріледі.

6. Орталық туралы ілім – жаман мен жақсыны айырып, саналы түрде жүрегін тазартып, тәнін кемелдендіру, адамның өз болмысына лайық болуы.

Конфуцийшілдік каноны екі топтамадан тұрады: бірі - «Бесканондық» («У цзин»), екіншісі – «Төртканондық» («Сы шу»). «Бесканондықтың» жазба ескерткіштері – 1.«Көктем мен күз кітабы» («Чунь цю»). Чжоу доменіндегі оқиғалар мен Лу патшалығының тарихы баяндайды. 2.«Көне тарих кітабы» («Шу цзин») – көне уақыттарда жасаған императорлардың аңызбен астасқан тарихынан мәлімет береді. 3.«Діни өлеңдер кітабы» («Ши цзин») – жинаққа әлемнің жаратылуы мен құрылуы туралы мифтер, діни мадақ өлеңдер енгізілген. 4.«Салтанатты рәсімдер кітабы» («Ли цзин») – отбасындағы қарым-қатынастардан саяси әкімшілікке дейінгі әлеуметтік механизмнің идеалды моделі туралы мәлімет беретін естелік. 5. «Өзгерістер кітабы» («И цзин»). Бұл кітапқа құлшылық және тылсым дұғалары, өсиет сөздер топтастырылған. «Төртканондыққа» «Да-Сюэ» («Ұлы ілім»), «Чжун-юн» («Тепе-теңдік туралы»), «Лунь-юй» («Әңгімелер мен ойлар»), «Мэн-Цзы» кітаптары енген.

Кун-Цзы өз идеяларын әңгімелесу барысында дамыта отырып, ілімінің бір жүйеге түскен жазбаша мәтінін қалдырмағандықтан, оның айтқан ойларын шәкірттері «Лунь юй» (оның шәкірттерімен әңгіме – сұхбаттары жазылған еңбек) жинағында топтастырып, жарыққа шығарған еңбекте жетілген адам идеясы (цзюнь-цзы) ашылады, адами тұлға өзіндік құндылық ретінде қарастырылады. Конфуций ғарышпен үйлесімділікте болатын рухани кемелденген тұлға деңгейіне жету мақсатында жетілген адам бағдарламасын жасады. Мейірімді адам – бүкіл қоғам үшін адамгершілік мұраттың бастауы. Тек соған ғана үйлесімділік сезімі мен табиғи ырғаққа сай өмір сүру тән. Ол – ішкі жүрек әрекеті мен сыртқы іс-қимылдың тұтастығының көрінісі. Дана табиғатқа сай әрекет етеді, өйткені «алтын үйлесімділік» ережесін сақтау – оған туа біткен дарын. Оның мақсаты – ғарышта орын алған үйлесімділік заңына сай әлеуметті қайта құру, барлық тіршілікті тәртіпке келтіріп, сақтау.


Конфуцийдің философиялық-космологиялық көзқарастары әлемді белгілі бір заңдармен ретке келтірілген үйлесімді бастау ретінде қарастырған көне қытай дәстүрімен астарлас дамыды. Адам осы әлемдік гармонияда өз орнын табуы үшін ол үнемі кемелдікке ұмтылуы тиіс болды. Конфуций адамның космоспен үйлесімді қатынаста болуы үшін оның кемелденуінің бес қайырымдылықтан («у дэ»): әдет-ғұрып, әдеп («ли»), адамгершілік («жэнь»), әділетті парыз («и»), білім («чжи») мен сенімділіктен («син») тұратын бірегей бағдарламасын ұсынды.

Әдет-ғұрыптан ол әрбір тұлғаға, қоғам мен мемлекетке шексіз ғарыштық қауымдастықта өз орнын таба алуына, Жер мен Аспан арасына «Негіз және арқау» болатын құралды көрді. Осы тұрғыда отбасылық этика ережелерін Конфуций мемлекет сферасына да таратады. Иерархиялықтың негізіне ол білім, кемелдену, мәдениетке жақындық принциптерін алды. Әдет-ғұрыптың ішкі мәнінде орныққан шама сезімі, сыртқы – церемониялар мен рәсімдер арқылы әркімге түсінікті деңгейде үйлесімді қарым-қатынас құндылықтарын жеткізді, оларды игі істерге тартты.

Осы қасиеттерді тәрбиелей отырып, даналар қоғамдағы иерархиялықты қалыптастырды, сөйтіп оның өміршеңдігін қамтамасыз етті. Әлеуметке берілген табиғи ырғақ қоғам мен мемлекеттің дамуына түрткі болды. Ұстаздың шәкірттеріне берілген жауаптарындағы адамгершілік қасиеттерді түсіндіру әрқашан табиғатқа сай келеді, ырғаққа толы әрі қарым-қатынас субъектісіне сәйкес тәрізді. Әңгімелесушіге деген сенім белгісі – мұқияттылық пен жұмсақтық – шиеленісуге, қақтығысқа жол бермейді. Мысалы, ел билеуші мен шенеунік арасындағы әділетті парызға негізделген қарым-қатынас, ел билеушінің адамгершілігіне, оның қамқоршылығы мен игі еркіне жауап ретінде шенеуніктің оған сенімділігіне, берілгендігіне меңзейді (әкенің балаға деген махаббаты сияқты). Конфуцийшілдік этика аясында төмен тұрған адамның жағдайы кемсіту ретінде қарастырылмады, ол өз жүріс-тұрыстың нормативтілігіне жауап ретінде өзін қанағаттандыратын бағасын алады деп саналды.

Саясаткер ретінде Конфуций ел басқарудағы әдет-ғұрыптың құндылығын жақсы түсінді. Үлкен және кіші істерде қол астындағыларды өз шамасын білу сезіміне тәрбиелей отырып, әдет- ғұрып тұлғалық және әлеуметтілік деңгейдегі адамды «сыртқы ортаға» бейімдейді; қақтығыстардың алдын алды. Әдет-ғұрып әлеуметтегі әртектіліктің сақталуына ықпал етті, тұлғаға кемелдену болашағын ашты, өмірдің нағыз қамқорына айналды, кез-келген жағдайда, мысалы, материалдық және табиғи қордың шектеулігі жағдайында тұрғындардың тұтыну үйлесімділігін сақтап, аман қалуына қол ұшын берді. Әркімнің шаманы сақтауға ұмтылуы қоғамда моральдық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етті. Қытай мәдениетінен сусындаған тұрақтылығы үшін қытай қоғамы мен мемлекеті әдет-ғұрыпқа көп қарыздар.


Конфуций идеяларын әрбір жаңа ұрпақ өзінше қайта қарастырды. Мысалы, Мэн-цзы (б.з.б. 372-289 жж.) игі биліктің мәні тұралы ұстаз тезистерін қайтадан сана талқысына салды. Ол қоғам мен жер пайдалану идеалының көне жобасынан-ақ тұлғаралық үйлесімділікке, қоғамдағы жоғарғы және төменгі таптар арасындағы келісімділікке жетудің жолын көрді. Идеалды мемлекетте билік барлық қажеттіні өз қолына алады, ал тұрғындар шамадан тыс салықтар мен азықтың аздығынан жапа шекпейді. Әділеттілік бұзылған жағдайда Мэн-цзы халықтың көтеріліске шығып, «Көк жарлығын» жаңа, игі ел билеушіге тапсыру құқына ие болуын талап етті.

Жаңа дәуір аралығында конфуцийшілдікте жаңа ағымдар айқындалады: қол астындағыларды басқарудың құралы ретінде әдет-ғұрыпқа конфуцийшілдердің бұрынғы саяси оппоненттері – легистердің арсеналынан заң институты алынады. Бір-бірімен сәйкес келмейтін осы ұғымдарды біріктіргенде, әдет-ғұрыпты қоғамның билеушілеріне ғана қатысты қолдануға болды, ал төменгілерді тек заң мен жазалауға сүйеніп басқаруға болады деген ескерту айтылады.

Б.з.б. II ғ. конфуцийшіл мемлекет қайраткері Дун Чжуншу (б.з.б. 120-104 жж.) конфуцийшілдікке мемлекеттік идеология сипатын береді. Ол дәстүрлі екі бастау «инь» мен «ян» және барлықтың негізі болып табылатын бес элемент (су, металл, ағаш, топырақ, от) туралы ілімді жинақтап, бүкіл универсумды қамтитын бір жүйеге біріктірді, Аспан мен адамның және әлеуметтің ажырамас байланысы жайлы ілімді басшылыққа алып, қоғамдық және мемлекеттік құрылымның космологиялық интерпретациясын ұсынды.

Қытайда будда діні кең таралған орта ғасырларда, IV-V ғғ. бастап буддизм мен даосизм элементтерінің қосылуы барысында конфуцийшілдік модификациясы орын алады. Негізгі канондалған мәтіндердің кодификациясы жүргізілді: олардың жаңа редакциялары мен түсіндірмелері соңғы инстанциядағы ақиқат болуға ұмтылды. Көне классиктерді жаңаша түсіндіруге деген ұмтылыс ақырында, неоконфуцийшілдік деп аталған философиялық бағытты қалыптастырды. XIII ғ. бұл ілім философ Чжу Си (б.з.б. 133-120 жж.) есімімен – Чжусишылдық деген атауға ие болды.

Жаңа дәуірдің алғашқы ғасырларынан бастап Конфуций көзқарастары бұрмалана бастайды, олар алғашқы мағынасынан айырылады.

Конфуцийшілдік элита өзін абсолютті білімнің иегері деп санайды, ал ең алдымен даосизмнен нәр алған халықтың синкретті нанымдары дін бұзарлық және дөрекі ырымшылдық ретінде қарастырылады. Мемлекет жоғарғы діни институтқа айналып, ресми культтер жүйесі тиянақталған сипатқа ие болған ортодоксальді шенеуніктік сословие арасындағы жік алшақтай түсті. Бұл жағдайлар Конфуцийдің біртіндеп құдайдай дәріптелуіне ықпал етті. Бұл әр қалада көне данышпанға арнап храмдар орнату және оған бағыштап құрбандық шалу туралы 555 ж. Император жарлығынан басталды. Аспан ұлы қоғамның әлеуметтік пирамидасының ең биігінде тұрғандықтан жоғары абыз және кемелділік көрінісі болып саналады. Император еркі мызғымас заңға айналады. Адам көзін алатын, салтанатты Аспанға табыну рәсімдері (оларды орындау тек императордың құқы), сыртқы көзден таса және құпияға толы сарай өмірі қол астындағылардың бағыныштылығы мен жағымпаздылығының туындауына ықпал етті. Императорлық билік рәмізі құдіретті де күшті жануар Айдаһар да адамдарға қорқыныш пен үрей ұялатты.