Добавлен: 04.02.2019

Просмотров: 18567

Скачиваний: 9

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

Конфуций мұраттарынан алшақтаған ортодоксальды конфуцийшілдік, әсіресе XX ғғ. қатты сынға ұшырады. 1949 ж. соңы және мәдени революция жылдары Конфуций ілімі мүлдем жоққа шығарылды. Бірақ қазіргі уақытта дәстүрлі нормалар мен институттар Қытайда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Тайваньда, Сингапуда этникалық қытайлар арасында кең таралып, Конфуцийдің 67 буындағы ұрпақтары аса қошеметтеледі. Конфуций ілімі чжусишыл неоконфуцийшілдік ілімін жалғастырушылардың арқасында Жапонияда XVII ғ.-дан тарала бастаса, 1995 ж. мәліметтер бойынша Кореяның 0,2 млн. халқы, яғни 0,9 %-і конфуций ілімін ұстанушылар болып табылады. Кореяда конфуций шіркеуі болмағанмен, конфуцийлік ұйымдар бар. Мұнда ата-бабаларды еске алу, ғұлама конфуцийшілдердің құрметіне арналған салтанатты рәсімдер орындалып тұрады. Осы күнгі Кореядағы 200-ден астам хянге – конфуцийлік академияларда жастарды дәстүрлі құндылықтар мен өзін-өзі ұстау әдебіне үйретеді, сондай-ақ, ең бастысы – конфуцийлік құндылықтарды қазіргі замандық индустриялық қоғамның сұраныстарына бейімдеу міндетін қояды.

Қазақстан Республикасында конфуцийшілдік ұйымдар мен бірлестіктер тіркелмеген.

Әдебиеттер:

1. Малявин В.В. Конфуций. – М., 1992.

2. Переломов Л.С. Конфуций: жизнь, учение, судьба. – М., 1993.

3. Фэн Юлань. Краткая история китайской философии. – СПб., 1998.


ДАОСИЗМ

Даосизм (қыт. «дао цзяо» - «жол ілімі») б.з.б. IV-III ғғ. Ежелгі Қытайда пайда болды. Аңызға сай, бұл ілімнің құпиясын аты аңызға айналған Хуан-ди («Сары император») ашқан. Расында даосизм шамандық нанымдардан және ежелгі магтар ілімінен бастау алады, ал оның негізгі қағидалары данышпан Лао-цзынікі деп саналатын «Жол мен ізгіліктер туралы Канонда» (Дао-дэ-цзинде) және философ Чжуан Чжоу көзқарастары көрініс тапқан (б.з.б. IV-III ғғ.) «Чжуан-цзыда» баяндалады.

Тұтас жүйе ретіндегі даосизм «Лэ-цзы» (б.з.б. IV-III ғғ.) және «Хуаинань-цзы» (б.з.б. II ғ.) еңбектерімен танылады.

Даосизм – адамға қоршаған әлемнің сырларын ашуды, өмір мен өлім мәселелерін айқындауды мақсат қоятын ілім. Даосизмнің негізгі категориясы дао (жол, ақиқат, тәртіп) – ғарыш болмысының ішкі заңдылығы, табиғаттың жалпы заңы іспетті, формалар әлемін тудырушы бастау. Дао тек бастапқы себеп қана емес, сондай-ақ соңғы мақсат, болмыстың аяқталуы. Даоны ешкім жаратпаған, бірақ барлық нәрсе даодан жаратылған және соңында даоға қайта оралады. Дао – бұл барлық нәрсе, сонымен қатар ол еш нәрсе де емес; ол – мәңгілік және шексіз; даоның аты да заты да жоқ болғанмен, ол – бәріне есім мен атау беруші бастама. Дао – беймәлім, оны сезім органдары арқылы танып білу мүмкін емес, ол уақыт пен кеңістік аясын қажет етуден ада. Даоның нақты көрінісі тек «дэ» (ізгілік) күші арқылы ғана байқалады: егер дао барлығын жаратушы болса, дэ – қоректендіруші. Тақуа мақсаты – даоны тану, ол оны «ғарыш үйлесімділігі» - адамның табиғатпен қауышуы деп түсінеді.


Даосизм философиясының мәні – бес алғашқы элементтер (топырақ, ағаш, металл, от және су) туралы ілім болып табылады. Осы алғашқы элементтерден әлем құрылған. Ал элементтердің өзі «киден» (алғашқы материя) бастама алып, элементтердің негізін құрайды деп түсінілген.

Даосизмнің тағы бір негізгі ұғымы «әрекеттенбеу» («у-вэй») – табиғи әлемдік тәртіпке кереғар келетін мақсаттық әрекетті терістеу, табиғи үйлесімділікті бұзбау, табиғат дамуына араласпау, адамның табиғилығын ұстану, қандай күйде жаратылса, сол күйде болу. Басынан жаратылған нәрсені өзгертуге тырысу ұмтылысын жоққа шығаратын әрекеттенбеу принципіне сүйенген ел билеушісі Аспан асты елін тәртіпке келтіріп, мемлекетті басқарған, толқулардың алдын алған. Даосизм ғарыштағының бәрін бір тұтастық ретінде қарастырады, қарама-қайшылықтарды үйлестіруге талпынады.

«Чжуан-цзы» бойынша өмір мен өлім жалпылама метаморфозалардың тек сатылары ғана. Универсум сияқты кіші әлем – адам да мәңгілік. Оның физикалық тәні өлгенде рухы әлемдік «арнаға» сіңеді. Өмір бастауы ретіндегі даомен бірігу, діни пайымдау, тыныс және гимнастикалық жаттығу, жыныстық тазалық, алхимия және с.с. арқылы ғана мәңгілікке жетуге болады.

Тақуа-даошылар табиғат аясына кетіп, үйлесімділікке жету үшін онымен тұтасуға талпынды. Ажалды жеңу мен ұзақ өмір сүру үшін кем дегенде, біріншіден «рухты қоректендіру» қажет. Даошылар адамды көптеген рухтардың мекені, құдіретті күштердің шоғырлануы ретінде қарастырады. Тәндік рухтардың осы жүйесіне аспандық иерархия сәйкес келеді. Аспандағы рухтар адамның жақсы-жаман істерін тізіп, санап, өмір ұзақтығын анықтап, өсиеттерді орындауға, ізгі болуға шақырды. Ұзақ өмір сүрудің екінші шарты «тәнді қоректердіру» - қатаң диета сақтау және организмге тіршілік дарытатын эфирді тарататын тыныс гимнастикасын жасау болып табылды.

Ұзақ өмір сүру мен мәңгілік өмір сүру идеяларын уағыздау даосшыл магтар мен уағыздаушыларға халық арасында және император алдында үлкен бедел әкелді. Олар жаңа діннің негізін қалап қана қоймай, сонымен қатар мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін дәрілер мен эликсирлер жасайтын «алхимияны» дамытты. Сондай-ақ даосшылдар астрология, бал ашу, геомантия, магия және дерт шалған адамды айықтыруға септесетін медицинамен айналысты.

Көне даосизмнің философиялық ұстанымдары ортағасырлық даошылардың діни ілімдеріне негіз болды. Ортағасырлық даосизмнің көрнекті өкілдері Гэ Хун (VI ғ.), Ван Сюаньлань (VII ғ.), Ли Цюань (VIII ғ.), Тянь Цяо (Тянь Цзиншэн) (X ғ.), Чжуан Бодуань (XI ғ.). Конфуцийшілдік білім алған интеллектуалды элита да даосизм философиясына қызығушылық танытты, оларға қарапайымдылық пен табиғаттылықтың көне культі қатты ұнады, табиғатпен тұтасуда творчестволық еркіндікке қол жеткізілді. Даосизмге деген ықылас, әсіресе, Хань династиясы құлап, конфуцийшілдік ресми дін ретінде өз мүмкіндігін сарқыған уақытта орын алды. Буддизмнің Қытай жеріне бейімделуі барысында даосизм одан бірқатар культтер мен философиялық ой-тұжырымдарды қабылдады, буддалық ұғымдар мен философиялық концепциялар қытайларға түсінікті даостық терминдерге аударылды. Даосизм неоконфуцийшілдіктің дамуына ықпал етті.


Магия және физиогномистикамен байланысқан оккульттік даосизм халық бұқарасын өзіне тартты, сол себепті ол билік тарапынан қарсылыққа ұшырады. Билік одан көтерілісшіл-эгалитарлық дәстүр ұшқынын сезді. Даостық көзқарастар құпия қауымдардың идеялық негізіне («Ұлы теңдік жолы», «Ақ лотос ілімі» және т.б.) және шаруалар көтерілісінің жебеушісіне айналды (мысалы, 184 ж. «Сары орамалдылар» көтерілісі).

Барлық адамдардың анасы, туылмаған Ана-Сиванму құдайының мекені – Батыс жұмағы туралы ілімді дамытқан даосшылар, баршаның теңдігі және әлеуметтік әділеттілік идеясын негіздеді. Емшілер мен көрікпелдер де осы идеяларды жақтағандықтан, олар көпшілікке кең таралды.

Даостық дін көне анимистік нанымдарды, Аспанға табынуды және әулие даналар культін өзіне қабылдады. Ортағасырлық даосизм қытайдың рухани мәдениетімен тығыз байланыста болды. Даошылар күнәһарлар жаны жазаланатын әзәзілдер патшалығы мен әділетті жандар үшін дайындалған құдайлар мекендейтін аспан бар деп сенді. Ортағасырларда мәңгілік туралы ілім ұзақ өмір культіне, ал өмір бастауы ретіндегі дао доктринасы көп балалық культіне және т.б. айналды.

Құдайлар иерархиясына аңыздық ел билеушілерді, мифтік батырлар мен даналарды, конфуцийшілдіктің көрнекті қайраткерлерін, тарихи тұлғаларды қабылдаған даостық пантеон синкретизмнің айқын көрінісі болып табылды. Халық арасында әділеттілік пен ізгі істі жақтайтын сегіз мәңгілік данышпан тұлғалары кең таралды (оларға адамдық және сиқырлық қасиет тән деп саналды).

II ғ. «Аспан ұстаздарынының жолы» деп аталатын Чжан Даомин (I-II ғғ.). негізін қалаған бағыт пайда болды. Аңызға сай ол Лао-цзыдан аян алып, оның жердегі өкілі болу құқын иеленеді. Оның «Көктен түскен ұстаз» титулы осы уақытқа дейін ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. IV ғ. «Жоғарғы тазалық» және «Рухани асыл қазына» атты даолық мектептер пайда болды. Олар медитациялық пайымдау тәсілдеріне көп көңіл бөлді.

IV-VI ғғ. бастап даостық ілімінің көптеген қағидалары қайта қарастырылып, ресми мәртебеге ие болды. Біртіндеп кең ауқымды иерархиялық Канон жасалды. VII-VIII ғғ. монахтық институттар мен монастірлер, VIII ғ. Қытайдың солтүстігінде көптеген мектептер қалыптасады, солардың бірі – «кемелденген ақиқат ілімі» осы күнге дейін жетті.

Кейінгі даосшылар өз ілімін мемлекеттік дінге айналдыруға талпынды. Олар буддалық үлгідегі өсиеттерді жинақтап, ізгі адамдардың игі істері мен қызметтерінің тізімін жасады. Мемлекетке опасыздық жасау мен көтеріліс жасағаны үшін қатал жазалар қолданылды. Тан әулеті өз тегін ресми құдайландырылған Лао-цзыдан бастады.

Қазіргі уақытта даосизм ҚХР, Корея, Тайваньда, Сянганда және қытай эмигранттары арасында кең таралған. Даосизмді күнделікті тұрмысқа енгізген діни синкретті топтар 1960 ж. ҚХР-да құдалауға ұшырады, бірақ 80 жж. бастап олар, әсіресе, шет аймақтарда өз ықпалын қалпына келтіруге талпынды. Белсенді әрекет ететін Қытай құдайлары пантеонында шаман – медиумдар, галлопаттар, бал ашатындар, физиогномистер қызмет жасайды. Даостық храмдарға, монастірлер мен киелі орындарға мыңдаған діндарлар барады. Қытайдағы «Даосизм ілімін ұстанушылардың бүкілқытайлық ассоциациясы» жұмысын қайта жандандырған.


Кореяға даосизм Лао-цзы мен Чжун-цзы идеяларымен бірге ортағасырда үшпатшалық кезеңінде Қытай арқылы ене бастап, саясат, мәдениет және күнделікті өмір салтына таралды. Даосизм Кореяда басты орындардың бірін алмаса да, қуғынға ұшырап отырды, дегенмен қазіргі замандық корей қоғамында даосизмнің әсерлері байқалады.

Даосизмнің қазіргі күні әлемде кең таралған оккульттік практикасы фэн-шуй немесе геомантияға ерекше назар аударуға болады. Сөзбе-сөз фэн-шуй «жел және су» - өмір ағымының қозғалысы деп аударылады. Бұл – адамның ішкі дүниесін үйлесімділікке келтіріп, сыртқы ортадағы заттардың көмегі арқылы әлеммен гармонияда болуы.

«Фэн-шуй» жүйесі – адамның жанында энергетикалық үйлесімділік құру әдісі ретінде танылады. Бұл жүйемен шұғылданушылардың пікірінше, заттарды дұрыс орналастыру мен түрлі түстердің гаммасын орынды қолдану арқылы денсаулыққа, энергетика тұрғысынан жетістік пен табысқа қолайлы жағдайларды жасауға болады. Адам бұл жүйеде Ғаламның энергетика заңдылықтарына бағынатын кішігірім объектісі ретінде қарастырылады.

Фэн-шуй ТМД территориясына Қытайдан емес, Батыс елдері, соның ішінде Англия мен Германиядан келген. Батыста Халықаралық «Фэн-Шуй» орталығы құрылған, ал оның Қазақстандағы филиалы 2000 жылдың 3 мамырында тіркелген. Алматы мен республиканың бірқатар ірі қалаларында фэн-шуй жүйесін практикада қолдану бойынша жұмыстар атқаратын орталықтар бар.

Геомантия немесе фэн-шуй идеялары медицинаның, яғни шөппен емдеудің қытайлық әдістері, акупунктура, инемен емдеу жолдарына бастама берді. Фэн-шуйден басқа даосизм іліміне негізделген бағыттар цигун – тыныс алу гимнастикасымен байланысты психологиялық-физиологиялық практикалар, сондай-ақ дәстүрлі ушу өнерінің кейбір стильдері де танымал.

Жалпы алғанда, даосизмнің қытай мәдениетіне үлкен әсері болды. Алхимиямен шұғылдану химия, фармакология саласында бай эмпирикалық материалдың жиналуына ықпалын тигізді. Даостық ғалымдардың шығармаларында металлдар мен минералдар, қағаз жасау сыры, оқ-дәрі, фарфор, жібек, дәрілер рецептін баяндайтын деректер сақталған.

Әдебиеттер:

1. Баранов И.Г. Верования и обычаи китайцев. – М., 1999.

2. Кравцова М.Е. История культуры Китая. – СПб., 1998.

3. Торчинов Е.А. Даосизм. Опыт историко-религиоведческого описания. – СПб., 1998.


СИНТОИЗМ

Синтоизм – бұл Жапонияның VI-VII ғғ. қалыптасқан дәстүрлі діні. «Синто» («құдайлар жолы») ежелден жапондықтар дәріптейтін құдайлар мен рухтар әлемін («ками») білдіреді. Синтоистер өздерінің діндерін күн құдай-анасы және жапон императорларының ілкі анасы саналатын Аматэрасудан бастау алады деп есептейді. Аматэрасу – синтоистік құдайлар пантеонының басты құдайы.

Синтоизм қағидалары VI-VIII ғғ. жататын басты үш дереккөзге негізделген, олар: «Кодзики», «Нихон сёки» (тарихи-жылнамалық жинақ), «Синсэн сёдзироку» (генеалогиялық тізімдер)


Синтоизм жапондық дүниетанымды қалыптастыруда маңызды рөл атқарды, ол басты бес концепцияға негізделді. Бірінші концепцияға сай, әлем өздігінен пайда болған, әлем жоғарғы күш арқылы емес, өздігінен реттеліп отырады. Екінші концепция жер бетіндегі өмір қуатын сипаттайды. Үшінші концепцияда табиғат пен тарихтың бірлігі, әлемнің тірі және тірі емес деп бөлінбеуі (себебі табиғаттың барлық құбылыстары мен адамда камилер өмір сүреді) айтылады. Камилер осы әлемде тіршілік ететіндіктен, о дүниеден пана іздеудің қажеттілігі жоқ. Төртінші концепция көпқұдайлықты көрсетеді, себебі синтоның өзі жергілікті табиғат культтерінен, жергілікті, рулық және тайпалық құдайларға табынудан пайда болған. ХХ ғ. тізімдемесіне сәйкес синтоның құдайлар пантеоны 3132 құдайдан тұрған, кейінірек олардың саны едәуір өскен. Бесінші концепция синто жапон ұлтымен етене байланысты, дегенмен бұл жақындық жапондыққа кез келген басқа дінді ұстануына кедергі жасамайды.

Синто дінінде әртүрлі культтердің ортақ сипаттары біріктіріліп, біртұтас рәсімділіктің күрделі жүйесі жасалды. Синтоистік діни табынудың негізінде Аматэрасуға дейінгі ататектен бастау алатын ата-баба культі жатыр. Адам әлемі «ками» әлемінен бөлінбегендіктен, белгілі мағынада адамның өзі де «ками» болып табылады, сондықтан оған о дүниедегі аман қалуды іздеу жат нәрсе. Діни тазалық «камиге» және өз ата-бабаларына деген қастерлеуді, табиғатпен үйлесімді өмір сүруді, құдайылықпен рухани байланысты қажет етеді. Синтоизм этикасы өте қарапайым: ирригациялық жүйелерді бұзбау, қасиетті орындарды тазалықта ұстау, жан-жануарларға қамқорлықпен қарау.

Аматэрасу культінде айна, семсер және яшма тасынан жасалған әшекейлер бейнеленген. Оларды мифологиялық дәстүрге сай, құдай ана жапондықтардың алғашқы императоры ретінде немересі (кейбір деректер бойынша күйеуі) Нинигиді жерге аттандырар алдында оған тарту етіп, бүкіл әлемді нұрға бөлеп, билік құруды, бағынбағандарды бағындыруды өсиет етеді. Мифтегі айна – адалдықты, семсер – даналықты рәміздейді. Бұл қасиеттердің бәрі император тұлғасында толық көрінісін табады. Синтоистік храмдар кешеніндегі ең негізгісі Исэдегі храм – Исэ дзингу (VII ғ. соңында негізі қаланса керек). Исэ дзингу Аматэрасу храмы болып саналады.

Синто дамуындағы маңызды кезең – «Исэ синто» концепциясының қалыптасуы. Оның басты мақсаты – император культін нығайту. Бұл концепцияның пайда болуының бір себебі моңғол шапқыншылығы және одан кейінгі (1261-1281 жж.) кезеңдегі храмдардың, әсіресе, Исэ дзингу храмының ықпалы мен беделінің артуы болды. Осы уақытта император әулетінің ілкі тегі, әрі қорғаны исэні мекендейтін Аматэрасу культі өте кең таралды. XVI ғ. екінші жартысында «Исэ синтоның» дамуы белгілі бір адамды құдай деп қарауға жол ашатын жаңа культтің пайда болуына әкелді. Оған императорлық әулетке жақындық емес, сол адамның ірі саяси және қоғамдық еңбегі негіз болды. Бұл XII ғ. соңында-ақ елде қалыптасқан жағдайды, билікке әскери-феодалдық ақсүйектердің (самурайлардың) келуін бейнеледі. Олар император әулетінің билігін синто культінің сферасымен ғана шектеді. Сөйтіп императорда таза номиналды билік қана қалды. Феодалдық диктатор Ода Нобунага (1534-1582 жж.) елді біріктіру үшін күрес барысында өзін ками деп жариялап, өзіне камидей табынуды талап етті. Оның әріптесі диктатор Тоетоми Хидэйсиде (1576-1596 жж.) құдай деп танылды. Токугава Иэясу (1542-1616 жж.) сёгунның (әскери-феодалдық басқарудың басшысы) өсиеті бойынша оның аруағына табыну үшін бірнеше храмдар мен шырақ орындары салынуы керек болды.