ВУЗ: Казахский национальный медицинский университет им. С.Д. Асфендиярова
Категория: Учебное пособие
Дисциплина: Религиоведение (Религия)
Добавлен: 04.02.2019
Просмотров: 18544
Скачиваний: 9
Атеизм-еркін ойшылдықтың ажырамас бір түрі болып табылады. Қоғам дамуының ертедегі кезеңінде атеизмді Ксенофан мен Корнеадтың скептицизмінен ажырату қиын. Тарихи дәуірдің әрқандай шеңберінде атеизм еркін ойшылдықтың басқа нысандарына қарағанда дінді дәйекті, әрі негізді сынға ала отырып, діннің мәні мен оның қоғамдағы атқаратын рөліне мәлімет беруге тырысты. П. Гольбах атеизмнің мақсаты – дінмен күрес емес, табиғатты зерттеп ақиқатты іздеу деген болатын. Атеизм – қоғамдық күрделі құрылым. Оны айрықша дүние–танымдық құбылыс, фәлсәфа білімінің саласы, әлеуметтік құбылыс, қоғамдық сананың нысаны ретінде де қарастыруға болады.
Ежелгі әлемдегі еркін ойшылдық. Этнографтардың айтуынша, еркін ойшылдықтың жекеленген элементтері алғашқы қауымдық қоғамда ұшырасатын. Алайда, әлеуметтік тапқа бөлінген қоғамның пайда болуына, адамдардың сана-сезімінің өсуіне, мәдениеттің дамуына байланысты еркін ойшылдық қоғамдық санада жиі көрініс таба бастайды. Еркін ойшылдық барлық аймақтарда біркелкі дамымағанымен, ежелгі халықтардың бәріне тән болды. Мысыр, Вавилон, Палестина сияқты Ежелгі Шығыс елдерінде патшалар адамдардың өмірін шешетін құқыққа ие болса, жеке әлеуметтік тап ретінде абыздар да үлкен билікті өз қолдарына жұмылдырды. Мұндай жағдай еркін ойшылдықтың халықтың рухани өміріне терең тамыр жаюына мүмкіндік бермеді. Еркін ойшылдықтың жарқын көріністерін біз Ежелгі Грекия мен Рим елдерінен де байқаймыз. Ежелгі грек полистеріне қоғамның демократиялық құрылысы тән болды. Полистерде құлдарға қарағанда, білімді және еркін азаматтардың үлесі басым еді. Сондықтан, олар мемлекеттік басқару ісіне араласып, өз өмір жолдарын өздері айқындар отырды. Бұл полистерде абыздардың ерекше кастасы және теологиялық ілімдер қалыптаспаған еді. Ежелгі Шығыс елдерімен салыстырғанда, Грекия мен Рим елдерінде теологиялық-мифологиялық ілімдерге қарағанда философиялық жүйелер жақсы дамып, дінді сынаудың алғашқы алғышарттарын қалыптастырды. Дегенмен, еркін ойшылдық Шығыс елдеріне де тән рухани құбылыс болды.
Құдаймен күрес идеясы – ежелгі әлемнің әдеби мұраларында көрініс тапқан еркін ойшылдық формасының бір түрі. Ежелгі қытайлық «Әндер кітабы» (Цзи – Цзин, б.з.д. ХІ ғасыр) атты шығармасында құлдардың жоғарғы құдайға, яғни императорға қарғыс айтқанын байқауға болады. Бұл шығармаларда жоғарыда айтып өткеніміздей Құдайдың әділеттілігіне күмән келтіреді.
Құдаймен
күресу идеясы ежелгі грек мәдениетіне
де тән. Еврипид (б.з.д. 480-406) өзінің
«Вакханки» атты драмасында Фив патша
Дионис құдайымен күрес жүргізеді. Эсхил
(б.з.д. 525-456) өзінің «Бұғаудағы Прометей»
атты драмасында Зевс құдайы адамдарды
жоймақшы болған кезінде адамдарға жаны
ашыған Прометей туралы аңызын пайдаланады.
Про-
метей
адамдар үшін Гефестен отты ұрлап, оларды
әртүрлі білім мен өнерге үйретті. Зевстің
еркіне қарсы шыққаны үшін Про-
метей
қатты жазаланып, ауыр азап шекті.
Бірақ, Құдаймен күрескер Прометей Зевстің құлайтынын болжайды және өзінің Құдайға деген қарым–қатынасын: «мен барлық құдайларды жек көремін. Олар менің жасаған жақсылығыма азаппен жауап қайтарды», - деп баяндайды.
Ақын Лукиан өзінің «Құдайлардың әңгімесі», «Өкінішті Зевс» атты шығармаларында ертедегі грек дінін сынап, құдайларды сараң, ақымақ, құрметке емес, жек көруге лайық, көргенсіз тіршілік иесі ретінде бейнелеп, оларды келемеждейді. Ол діннің қасаң қағидалары мен тұжырымдарының қайшылығын, олардың адамдардың нақты мүдделеріне сәйкес еместігін көрсетті. Лукиан діннің шығу себебін аспан құбылыстарының құпиялы көрінісі деп білді.
Діни түсініктер Ежелгі мысырлықтардың «Арфашының әні» және «Көңілі қалғанның өзінің жанымен сұхбаты» (б.з.д. ХХІІ-ХХІ ғғ.) атты екі тарихи ескеркіштерінде де сынға алынады. Бұл шығармаларда адамды жерлеу рәсімдерін атқарудың мәнсіздігі айтылып, о дүниенің бар екеніне күмән келтіріледі.
Скептицизм көбінесе дінді тікелей жоққа шығаруға ұласып отырды. Б.з.д. Ү ғасырда үнді философиялық мектептері пайда болды. Солардың ішінде, дінді сынауда Локоята мектебі ерекше орын алады. Локаяттардың көзқарастары олардың идеялық қарсыластарының тарихи жазбаларында сақталған. Олар карма мен нирвананы, брахма идеяларын теріске шығарды. Ведалардан қасиеттілік сипатынан айырып, ведаларға жалғандық пен қарама-қайшылық, кемшілік тән деп санады. Ежелгі мифологияда адам мен табиғат туралы шынайы ойлар адасушылықпен, жалған көзқарастармен астасып жатты. Ежелгі Шығыс пен Грекияда философияның пайда болуы қарсаңында табиғат туралы ғылымдар саласында біршама білімдер жинақталды, медицина саласы дамыды. Грекияда алдына таза утилитарлық мақсаттар қойған математика ғылымы дүниеге келді. Қоғам туралы діни нанымдардан тыс білімдер қалыптасты. Грек және Рим тарихшылары - Фукидид, Тит Ливии құдайлар еркіне тәуелсіз үдеріс ретінде сипаттады, оқиғалар мен олардың нәтижелері адамдардың іс-қимылы, мінезі арқылы сипатталды.
Құдайлар туралы ақыл тоғытқандар бұл түсініктердің нақты өмірге сай келмейтіне таңырқады. Мысалы, Диагор (б.з.д. Ү ғ.) өзінің қалжыңдары арқылы діни ілімдерге күмән келтіріп отырған. Ол Самофракияға келген кезінде, досы храм қабырғасында қасіреттен аман қалған адамдардың есімдері жазылған тақтайшаларға назараударады. Сол кезде Диагор: «Солай ғой, бірақ мына жерде қасіреттен құтыла алмай суға батқан адамдардың есімдері жоқ» деп жауап қайтарған. Киренадан шыққан философ-скептик Карнеад (б.з.д. 214 - 129) дүние мен өмірдегі келеңсіздіктерді көрсете отырып, құдай болмысының телеологиялық дәйектерін теріске шығарады. Карнеадтың бір ойын келтірсек, Құдайлар шынымен өмір сүретін болса, оларда сезім болады, ендеше олар тәтті және ащы дәмді де сезіну қажет, солай болатын болса олар жамандықты та, өзгерісті де, мазасыздықты да қабалдауға қабілетті, яғни олар да мәңғі емес, ал олай болатын болса олар құдай емес.
Ежелгі Қытайда еркін ойшылдықтың алғашқы өскіндері Қытай өркениетінің қанат жаюымен тұспа-тұс пайда болды. Ерте кезден мұнда маңызды идеологиялық жүйелер – даосизм, конфуциандық, легизм қалыптасты. Ежелгі қытай философы Ван Чунның (б.з.д. 27–100 жж.) идеялары бұл елдегі фәлсафалық және ағартушылық ойдың дамуына зор ықпалын тигізді. Көк тәңірдің әділдігіне және оның қоғамдық құрылыстағы маңызына алғаш рет сын келтіру «Әндер кітабында» жазылған. Әндерде сол кездің құрылысына, жалпыға мәлім түсініктер мен наным–сенімдерге қарсы шыққан ойлар айтылады.
Ежелгі қытай философы Ван Чун Конфуциді құдайландыруға, сонымен қатар аспанға құдайлық қасиет таңуға қарсы болады. Егерде аспанның санасы болатын болса, ол дұрыс жолдан тайып, адасқан ел билеушіге наразылығын білдіре алса, неліктен қателік жібермейтін ел басшысын әу бастан таңдап алмайды деген сұрақты алға тартады. Ван Чун дүниенің бір тұтастығын, мәңгілігі мен материалдығын жария етті. Ол ежелгі ойшылдардың бойына туа біткен білімдарлықты, жұмбақ сезімді теріске шығарды. Танып білудің бірден – бір жолы - сезіммен түйсіну. Егер адамда көру, есту, иіс сезу түйсігі болмаса, ол адам да қоршаған дүние туралы түсініктің болуы мүмкін емес.
Ван Чун рухтың өлмейтіндігі жайлы діни идеяны жоққа шығарып, барлық тірі жәндіктер секілді адам да өлгеннен кейін толық жойылады: «өлгендер рухқа айналмайды, танып білуге қабілеттері болмайды және адамдарға зиян келтіре алмайды», - деп үйретті. Ван Чун өзінің еркін ойшылдық көзқарасы үшін қудалауға ұшырады, оның еңбектері ұмыт болды, тек мың жыл өткесін ғана оның кітабының қолжазбасы кездейсоқ табылып, әлем ежелгі дәуірдің көрнекті фәлсафашы туралы білді.
Антикалық философияның дін туралы негізгі қағидаттарын Эпикурдың ізбасары Тит Лукреции Кар (б.з.д. 99 - 55) жүйеледі. Оның «Заттар табиғаты туралы» поэмасының мақсаты – адамдарды діни нанымдардың қыспағынан арылту. Өйткні діни нанымдарды ол адамзат үщін зор зұлымдық деп санайды. Теңізге шыққан кемелелердің қайтып оралуын тілеген гректер Ифианассты қанды құрбандыққа шалады. Сонымен қатар дін адам жанына о дүние туралы үрей ұялатады. Лукреций дінде осы дүниелік өмірдің көрініс табатыны дәлелдейді, алайда ол бұл дүниенің бұрмаланған көрінісі дейді. Лукреций адамдар табиғат заңдылықтарын танып, өз руханилығын түсініп, құдайлар туралы аңыздарды дүниеге әкелген себептерді ашып, ажалды абыроймен қабылдай білуге ұмтылулары керек деп тұжырымдайды.
Ортағасырлардағы еркін ойшылдық. Ортағасырлық Еуропа және араб-мұсылмандық Шығыста еркін ойшылдық христиандықтың және исламның билік құру кезінде дамыған. Ежелгі Римнің білімді адамдарының христиандықты сынауы ІІ–ІІІ ғасырларда-ақ басталады. Самосаттық Лукиан (б.з.д. 120 – қайтыс болған жылы белгісіз) дінің себептерін құбылыстарының қияли көріністерімен байланыстырды, христиандықты сәуегейлердің қараңғы адамдарды алдауының нәтижесі деп қарастырды. ІІ ғасырда Цельс өзінің «Шындық сөзі» атты еңбегінде христиандықтың тамыры, құдайдың қайта тірілу идеясы шығыс діндерінде жатқандығын көрсетеді. Жаңа дәуірдің алғашқы ғасырларында христиандық бүркемесіз ашық түрде сыналатын. Алайда, христианшылдық мемлекеттік дінге айналған уақытынан бастап ашық сынау тоқтатылады. Тек ІХ ғасырдан бастап еркін ойшылдық нақты көрініс бере бастайды. Еркін ойшылдықтың дамуы қалалардың өсуімен, өнеркәсіптің дамуымен байланысты болды. Өйткені еркін ойшылдар қала халқы және ішінара шаруалар арасынан шығатын. Қоғамда дінге сенбейтін адамдар жайлы мағлұматтар сол кездегі құжаттарда тіркелген. Испандық «Жеті партид» (бөлім) атты заңдар жинағында еретиктер жайлы айтылады. Олардың арасында дінге сенетін бірақ ақиқат дінімен сәйкес келмейтін және мүлдем дінге сенбейтіндер де бар, олар «адам өлген уақытта жаны да бірге өледі», осы өмірде жасаған жақсылығы немесе жамандығы үшін марапатталмайды да және жазаланбайды да деп санайды. Кентерберлік Ансельм (1033 – 1109жж.) христиандықтың қарапайымдылығын келемеждеп, оны ақымақтып деп санаған және теологтарға Құдайдың адамға айналғаны қайдан белгілі? Неліктен Құдай өзінің өлімі арқылы дүниеге қайтадан тіршілік дарытты, ол мұны өзінің еркі арқылы да іске асыра алатын еді ғой? Деген сияқты сұрақтар қояды. Олар Исаның адамзатты құтқару үшін өзін құрбандыққа келтіргені, онығ шайтандармен күресі туралы ілімге қарсы шығады, олар біздің сенетін дәйектерімізді қиял деп қабылдайды дейді.
Шығыстағы еркін ойшылдықтың болғандығын мұсылман философы әл – Ғазалидің еңбегінен көре аламыз. Ол білімді адамдар: математиктер мен жаратылыстанушылар, философтар (метафизиктер) арасында сенімсіздік пен құдайсыздықтың кең тарағанын атап көрсетеді.
Ақын Әбу–әл Маари (973–1057жж.) исламды, оның әдет–ғұрыптарын, моральдық жарлықтары мен шектеулерін сынай отырып, о дүниедегі өмірге, сенімге күмән келтіреді. Ол әлеуметтік және рухани езгінің өзара байланысы туралы мәселе қойған алғашқы араб ойшылдарының бірі болып табылады. Маари өлеңдерінде өзінің қоластындағылардың қараңғылығын, дінді пайдаланып езген билеушілер атына, молдалар мен төрелермен бірге далада мал ұрлайтын ұрылар секілді халықты ар – ұятсыз тонайтын көпестер мен басқа да байлар атына сын айтады. Ақынның пікірінше, дін ашкөздік пен пайдакүнемдікті туғызады, ол өзінің бас пайдасына бола ақыл – ойды тұтқындап ұстау үшін қарапайым адамдар санасын да алдаумен және дәстүрге көзсіз ере берумен орнығады. Ол өз замандастарын исламдағы секталар басшыларының бәріне шектен тыс сене бермеуге үйретеді. Олар жаңа діннің көмегімен әділеттілік орнатуға, жақсылықтың салтанат құруын бақыт пен сәттілікке жетуді қамтамасыз етуге уәде береді.
Сондықтан да, Маари адамдарды құтқаратын жалғыз нәрсе адамдардың назарын өзінің маңызды істерін шешуден басқа жаққа аударып, оларды алдап – арбайтын діндерді жоққа шығара отырып, өз зердесіне, күшіне ғана сенуге шақырады.
Араб мұсылман мәдениетін орта ғасыр жағдайында осындай жеткілікті, жоғары деңгейге шығаруға әсер еткен айтарлықтай маңызды факторлардың бірі – Таяу және Орта Шығыста сол кезде әртүрлі ғылыми және мәдени дәстүрлердін өзара тоғысу мен қорытылу орны ғана емес, сонымен бірге онда көптеген діндердің, оның ішінде индуизмнің, христиан, ислам діндерінің қатар өмір сүруі болды.
Дінге деген сенімсіздіктің немесе салқын көзқарастың белгілерін ХІІ ғасырдағы ежелгі Ежелгі Русьтің діни әдебиеттеріннен де байқауға болады. Шіркеу қызметкерлері өздерінің көптеген «сөздерінде», «уағыздарында», адамдарды храмдарға келуге, діни ғұрыптарды орындауға шақырады. Ортағасырдың рухани мәдениетінде атеизмнен басқа еркін ойшылдықтың барлық көріністерін кездестіруге болады.
Батыс Еуропадағы еретиктер (дін бұзушылық) қозғалысы, ересь – бұл үстемдікке ие болған діни сенімге қарсы келетін ілімдер болып табылады. Еуропадағы сияқты Русьтеде ортағасырларда олар діни дүниетаным шеңберінен шықпады. Шаруалық-плебейлік немесе қалалық-бюргерлік ересь феодалдық ұйым ретіндгі шіркеуге деген антиклеркальдық рухқа толы болды. Көбінесе олар Құдай мен адамның тұтастануын үндейтін және шіркеудің көмегінсіз де адам құдайылық деңгейге көтеріле алады дейтін пантеистік идеяны ұстанатын. Еретиктер мистикалық, пантеистік идеяларды шіркеудің және шіркеу ғұрыптарының қажет еместігін дәлелдеу барысында пайдаланды. ХІІ ғасырдың аяғы мен ХІІІ ғасырдың басында Еуропада басшылары Париж университетінің оқытушылары болған амальрикан сектасы пайда болды. Олардың идеологы, философия және теология пәндерінің оқытушысы Амальрик Бенский (1206 қайтыс болды) дүниедегінің бәрі біртұтас, өйткені бәрі – Құдай; жаратушы мен жаратылған бір нәрсе деп тұжырымдайды. Амальрикандықтар шіркеудің және дінбасыларының беделін мойындамайды, «антихрист» папаны, католиктік ғұрыптарды, аскетизмді теріске шығарады. Олар надандықты – тозақ, білімге ие болуды – жұмақ деп түсінді. Католик шіркеуі амальрикан сектасының жетекшілерін көпшілік алдында отқа өртеді. ХІІІ ғасырдың басында философ-пантеист Давид Динантский теистік доктринамен мүлдем келіспеді. Давид Дикантский «Әлемнің өзі – құдай... Әлемнің материясы бұл құдайдың өзі»,- деп жазды. Пантеистік көзқарастар адам абыройы идеясымен тығыз байланыста болып, христиан іліміндегі адамзаттың әу бастағы күнәһарлығы идеясына қайшы келді. ХІІІ ғасырда пайда болған бегард және бегинок еретиктерінің жақтастары адам осы өмірде дамудың жоғарғы сатысына дейін жете алады деп ойлаған. Бұл кезде адамдар құлшылық жасауға мұқтаж болмайды және Мәсіхтің өзінен де озып кетуі мүмкін. ХІІІ ғасырда пайда болып, ХІҮ ғасырда Германияның ауыл тұрғындарының және қалалық плебейлер арасында кең тараған Бегиндер және бегард еретиктерінің жақтастары адам осы дүниеде жоғарғы кемелділікке жете алады және ендігі жерде оларға құлшылықтың да, оразаның да қажеті болмайды, олар тіпті Исадан да жоғары көтеріледі деп есептеді.
Русьтеде антиклеркализм шаруалардың, қатардағы дінбасыларының көңіл-күйін бейнелеген еретиктік қозғалыстардың маңызды сипаты болды. Христиан дінін қабылдаған алғашқы ғасырларда Русьтегі шіркеуге қарсы қарсы қозғалыстар христиандыққа дейінгі сенімдерді қорғау формасында көрініс берді. Русь елінде болған көтерілістерді (1024 жылы Суздальда, 1068 жылы Киевте) волховтар басқарып, бай адамдардың мал – мүлкін басып алуды көздеген болатын.
Стригольничество – Русь еліндегі ең бірінші орынды алатын ересь қоғалысы. Қозғалыстың негізін псковтық диакон Карп қалаған болатын. Бұл қозғалыс көп ұзамай Новгород қаласында да кең жайылды. Өйткені, Псков және Новгород қалаларында сауда саттық желісі және өнеркәсіп орындары жақсы дамып, еркіндік және бостандық рухы биік болды. 1375 жылы ересь көтерілісі басылып, басшыларының бастары алынды. Стригольниктер шіркеу иерархиясын жоққа шығарды, шіркеу кемшіліктерін ашты, өлімге байланысты ғұрыптарды мойындамады, құдай мен адам бір-бірімен тікелей байланысқа түседі деп мәлімдеді. Сондықтан олар храмдарды мойындамай, өз ғұрыптарын ашық аспан астында өткізетін. Олардың кейбіреулері қайта тірілу идеясына да күмәнмен қарады. Еретиктер апостол Павелге сілтеме жасап, сенім мәселесін ары таза қарапайым адамда басқаларға үйрете алады деп мәлімдейді.
ХҮ ғасырдың аяғында ешқандай ұлы жоқ Құдайдың бірлігін дәлелдеу үшін Көне өсиетке сүйенген новгородтық-мәскеулік «жидшілдік» - антитринитарилер ересі пайда болды. Олар үшін Мәсіх – айшыққа керілген және табытта жерленген қарапайым адам. Еретиктер иконаларға табынуға, құпияларға қарсы болды, евангелияны, шадиарларды (апостолдарды), шіркеу әкейлерін мойындамады.
Ересь рухы мәскеулік рухани басқармасында да тарай бастады. Еретиктер астрологиямен, математикамен, логикамен шұғылданған. ХІҮ ғасырдың астрологиялық таблицасы «алтықанатты» зерттеп, теологтардың 1492 жылы болады деп болжаған ақырзаманның орын алмайтынын дәлелдейді. Өзерінің «Сауаттылық жайлы жазу» атты шығармаларында Құдай адамға «еркін ақыл» дарытқан және адамзатты тек қана білім аман алып қалады деп жазған. Архиепископ Геннадийдің (1505 жылы қайтыс болған) жарлығы бойынша еретиктердің бәрі отқа өртелді.
1533 жылы Правислав Шіркеуі боярдың ұлы Матвей Башкинді ересь үшін айыптады. Бас бостандығынан айырылған орыс шаруаларының ауыр жағдайын көріп жаны ашыған Матвей «езгі қағаздарын» жыртып тастап, өз қол астындағы шаруаларға еркіндік береді. Ол бұл әрекеттінде евангелиялық «өз жақыныңды сүй» деген өсиетке сүйенеді. Матвейде Жаңа өсиетті негізге ала отырып, Исаның қарапайым адам екенін дәлелдеуге талпынады. Ол шіркеу әкейлерінің беделін және әлемдік соборлардың шешімдерін, храм және иконаларды, евхаристияны және тәубеге келу ілімдерін мойындамады, шіркеудің ілімі мен өмірлік тәжірибенің практикаларының бір-біріне сәйкес келмеуін қатты сынады.