ВУЗ: Казахский национальный медицинский университет им. С.Д. Асфендиярова
Категория: Учебное пособие
Дисциплина: Религиоведение (Религия)
Добавлен: 04.02.2019
Просмотров: 18542
Скачиваний: 9
Ежельгі Русь елінде еркін ойшылдықтын дамуына Иван Грозныйдың (1530-1584 жж.) малайы Феодосия Косойдың көзқарастары зор әсер етті. 1554 жылы дін бұзарлығы үшін соборда жауапқа тартылған ол Литваны паналауға мәжбүр болды. Феодосии феодализмге ашық қарсы бағытталған «жаңа ілімді» жария етті. Жаңа іліміне сәйкес ол адамдардың адамдарды қаңауын айыптады. Антитринитари ретінде Феодосии бір Құдайды мойындайды, Құдай үшін «ішкі» адамдар оның балалары болып табылады, ал мырзаларға бағынғандар – құлдар. Феодосии адамдарды «билік пен поптарға» бағынбауға шақырады. Феодосиидің антиклеркализмі христиандық ақиқаттарна күмән туғызды. Феодосияның пікірінше, болмыс жаралмаған, ол төрт стихиядан тұрады. Адамның құтқарушысы да, күнәсін өтеушісі де тек өзі.
Еркін ойшылдық діни ілімдер мен ұғымдарды дінен тыс түсіндіруде діни образдарды, оқиғаларды дінен тыс тұрғыдан талдау түрінде де кездеседі. Інжілді түсіндіру (экзегезасы) діни ғұламаны дәстүрлі діни ілімнің ауқымынан алыстатып әкететін кездері де жиі ұшырасатын.
ХІҮ ғасырда Италия шаруалры мен қала кедейлері феодалдық құрылысқа қарсы бас көтерді Олардың көш басшысы Дольчино Жаңа Иерусалимді жерде бетінде орнату мүмкіндігін уағыздады. Ол католик шіркеуін сынай отырып, оны шайтанның тағы, қонысы деп әшкереледі. Ол құдайдың Иезекиль пайғамбардың кітабында өз халқына уәде еткендерін, қауіпсіз өмір мен құлдықтан құтылуды кедейлер үшін осы дүниеде орнатуға талпынды.
Байлық пен сән-салтанаттылықты тәркі еткен Францинск Ассизский (ХІІІғ.) кедейлікті мұрат ретінде қабылдады. Оның өмір сүру бейнесі кедейлік идеалына сәйкес болды. Сонымен бірге ол шіркеулік аскетизмге, тәнді қажытатын оразаларға қарсы болды. Оның еңбектерінде табиғат шайтанның азғыруы емес, керісінше шығармашылық шабыттың лебі ретінде көрініс табады. Францинсктің өмір жолы мен идеялары Еуропаның мәдениетіндегі францинсктік поэзия ағымының пайда болуына ықпал етті.Оның поэзиясындағы діни сюжеттер, Құдай ана мен Иса бойындағы адами бастаулар ретінде сипатталды.
Діни мәселелердегі индифференттілік бірқатар ортағасыр тарихшыларына да тән болды. Нақты тарихи оқиғаларды сипаттау тарихшыларды олардың себептерін өмірдің өзінен іздеуге итермеледі. Мұндай тарихшылар Еуропада да, Шығыста да кездесетін. Э. Эйнгардтың (770 – 840 шамасы) "Ұлы Карлдың өмірі" атты хроникасында Карл (742-814) зиялы адам ретінде суреттелген. Тарихшылар оқиғаларға толы өз уақытын шынайылықпен сипаттап, адамдардың істері мен мінез-құлықтарының нақты себептерін ашады. Провиденциализм идеялары біртіндеп крест жорықтарына арналған хроникалардан да аластатыла бастайды, бұл әсіресе, крест жорықтарын діннен тыс факторлармен түсіндірген араб тарихшыларына тән болды.
Ортағасырлардағы ой еркіндігінің дамуына ғылымның, математика, астрономия, медицина саласындағы жаңалықтар да зор ықпал етті. Ағылшын философы Р. Бэконның табиғатты тәжірибе арқылы тану тұжырымы, Ибн Синадан бастау алып, Ибн Рушдт арқылы Еуропаға кең таралған екі ұдайы ақиқат ілімі ортағасырлық ой еркіндігінің дамуындағы маңызды кезеңдер болып табылады.
Қайта өрлеу дәуіріндегі діни еркін ойшылдық. Қайта өрлеу дәуіріндегі діни еркін ойшылдықтың дамуына әлеуметтік және сонымен қатар тәжірибеге негізделген өндіріс пен ғылымдағы өзгерістер тікелей ықпал етті. Осы кезеңдерде (ХІҮ-ХҮІ ғғ) бостандық алған шаруалар қалаға қоныстанып, еркін қолөнер түрлерімен белсенді шұғылдана бастайды. Еркін өнеркәсіп еңбегінің техникасы, сауда-саттық дамып, қоғамның жаппай білім алуына себеп болған кітап басып шығару ісі пайда болады. Дәл осы кездері Магелланның бүкіл әлем шарлаған саяхаты, Американың ашылуы орын алады, медицина, анатомия, физика, анатомия салаларына деген қызығушылықтар қайта жаңарады.
Н. Коперник өзінің «Аспан денелерінің айналымы туралы» атты кітабында әлемнің гелиоцентрлік жүйесін математикалық тұрғыдан дәлелдеп береді. Бұл ілім інжілдегі әлем мен адамның пайда болу және күнәһарлықтан арылу сияқты дін тұжырымдарына негіз болған геоцентризм идеясын жоққа шығарды. Жүз жылдай уақыт өткен соң Галилео Галилейдің жаңалықтары Коперниктің айтқан тұжырымдарының ақиқаттылығын дәлелдеп, аспандық мен жер денелерінің бірдей табиғи заңдарға бағынатынын ашып, нақтылайды және бұл заңдарды тәжірибелік-математикалық тұрғыдан тануға болатынын алға тартады.
Еуропадағы қайта өрлеу католик дінін реформациялауға бағытталған қоғамдық қозғалыспен қатар дамыды. Бұл екі қозғалыстың өзіндік ортақ тұстары мен айырмашылықтары да болды. Екеуі де феодаолдық қатынастарды және шіркеуді сынға алды, қалыптасып келе жатқан буржуазияның көзқарастарын білдірді. Алайда, адамның күнәһәр табиғаты бар бар деген ойды сақтап отырған реформацияға қарағанда, қайта өрлеу адамның табиғатына тән адамгершілік қасиеттерін жоғары қойды, ең бастысы тұлғаның жаңа гуманистік концепциясын қалыптастырды. Сөйтіп реформациямен салыстырғанда жаңа зайырлы мәдениетке бастау берді. Қайта өрлеудің басты назарында – индивидуалды еркіндікке ие болған осы дүние адамы, ал реформация өкілдері адамды оның құдаймен тікелей байланысында қарастырылады.
Адамды жоғарғы құндылық деп тану, тұлғаның құндылықтары мен шығармашылық мүмкіндіктерін ашу көрсету ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы гуманистеріне, соның ішінде Ф. Петраркаға (1304 - 1374) тән сипат болды. Оның өз тұлғасына деген қызығушылығы, біртіндеп оның бойында басқа тұлғаға деген қызығушылығын туындатады. Басқа тұлға күрделі, рухани сарқылмайтын, абыройлы, өз мақсаты өзінде болатын адам ретінде сипатталады. Қайта өркедеу гуманистерінің тұжырымында адам – өмір құндылықтарын өзі анықтайтын белсенді және еркін тұлға, кім болатыны оның өз құзырында. Қайта өрлеу кезіндегі құндылықтарға шығармашылық, еңбек, адамгершілік кемелділік, азаматтық әрекет, тұлға мен қоғам мүдделерінің үйлесімділігі, сауаттылық, білімділік жатады. Гуманистер адамдардың діни және ұлттық қауымдастықтарынан гөрі, мәдени мүддесі ортақ қоғамды дұрыс көреді. Дәстүрлі теоцентризмнен антропоцентризмге өту адамгершілік принциптерді терістеуді білдірмейді.
Қайта өрлеу өкілдері – Л. Бруни мен А. Ринуччинилердің еңбектерінде азаматтық гуманизм идеялары көрініс тапты. Ринуччинидің «Еркіндік туралы диалогында» еркіндік пен сана заңдары бойынша өмір сүру мүмкіндіктері жоғары этикалық категория ретінде қарастырылады. Ол еркіндіктің екі аспектісін бөліп көрсетті: әлеуметтік белсенділік және ештеңемен шектелмеген ақыл әрекеті болып табылатын еркін ойшылдық. Азаматтық гуманизм азаматтардың теңдігін мойындауға, қоғам мен мемлекетке қызмет етуге негізделді және осы тұрғыда өмірді католиктік тұрғыда түсінумен қарама-қайшылықта болады.
Қайта өрлеу гуманистері католиктік шіркеуінің барлық институттарын – папалық иерархияны, рухпаншылдықты (монашествоны), әдет-ғұрыптарымен мен салттарын аясыз сынға алды. 1440 жылы Л. Валла «Рассуждение о подложности Дарственной грамоты Константина» атты шығармасын басып шығарды. Бұл еңбегінде Валла Константин сыйының, яғни император Константиннің Рим империясындаға билікті папаларға беру туралы шешімге қол қойған жарлығының жалған екенін дәлелдеуге талпынды. Л.Валла: «Мен жоғарғы бірінші священникке қарсы шығамын», «Мен оларды (папаларға) ауыр қылмыс жасады деп айыптаймын»,- деді. П.Браччолини мен Л.Бруни «Екі жүзділерге қарсы» деген аттас еңбектерін жазып, онда рухпандардың келеңсіз әрекеттерін айыптады. Рухпандар – екі жүзді адамдар, олар әділетсіз, шыншыл емес, өтірікші, мейірімсіз, адамгершілік қасиеті жоқ және т.б. – Браччолини оларға осындай баға берді. Ал Дж.Бруно шіркеу басшылары мен папаға қарсы шығумен шектелмей, сонымен қатар ол шіркеулік мүлікті секуляризациялауды ұсынды, сөйтіп, католиктік шіркеудің экономикалық үстемдігін жоюды талап етті. Шіркеудің экономикалық үстемдігіне қол сұққан Бруноны шіркеу кешірмеді, көп ұзамай ол дінбұзар деп танылып, 1600 жылы Римде отқа өртелді.
Қайта өрлеу дәуірінің ойшылдары схоластикалық дүниетанымды сынға алды, өйткені схоластика догматикалық жүйенің өзегі болып табылды. Католиктік теологияда бірнеше ғасырлар бойы үстемдік еткен Аристотельдің беделіне де күмән келтірілді. Қайта өрлеу ойшылдары Аристотельдің орнына алдыңғы қатарға Платонды қойды. ХҮ ғасырда Римде Платондық академияның негізі қаланды. Оның мүшелері папалыққа қарсы шығып, Римді республика деп жариялап, дәстүрлі діннің орнына саналы пайымдалған философиялық пұтқа табынушылықты енгізуге ниеттенді.
Атақты неміс гуманисі, католиктік схоластиканың сыншысы ретінде танымал болған Эразм Роттердамский (1469 - 1536) Иса ілімі адамдар арасындағы өшпенділік пен қантөгістерді тоқтатуға қауқарсыз, Иса ілімін уағыздайтындар әлемнің мейірімді екенін мойындата алмайды деп есептеді. «Жалоба мира» атты еңбегінде Эразм: «Бірде-бір дін басқа діндермен келіспейді», «әрбір адам басқаның дінін жек көреді және оған қарғыс айтады. Тіпті, бір діни бауырластықтың ішінде келіспеушіліктер жоқ деп кім айта алады»,-деген ойларын ашық жазады.
Натуралистік пантеизм мен дейстік ойларға сүйене отырып, Қайта өрлеу ойшылдары жанның мәңгілігі туралы ойды сынға алды. Шіркеу отқа өртеген дәрігер, пантеист Дж.Винини, өзінің философиялық ойларында жанның өлетінін дәлелдегісі келді: «Адамдар мен жануарларлардың қабылдауында, құрылымдарында, тууы мен қоректенуінде, өсуі және өлуінде ортақ ұқсас тұстар бар, сондықтан егер жан жануармен бірге өлетін болса, онда ол адаммен де бірге өлуі керек. Қазірге дейін ешкім өлілер әлемінен қайтып келген жоқ, ал егер жан мәңгі болғанда, құдай оны қайта жіберіп, атеизм көзқарасын жоққа шығаратын еді»,- деп жазды. П.Помпонцци өзінің «О бессмертии души» атты трактатында жанның мәңгілігі идеясының негіздемелеріне қарсы ой айтады. Атеист болмаса да ол: «Жанның мәңгілік еместігін мойындау адамгершілікке қарсы шығу емес» дейді.
Қайта өрлеу дәуірінде философтар діннің адамдар тарапынан ойлап табылғандығы туралы көзқарастарды қолдайды. Ванини дін адамдарды адастырудан туған деген пікрді қабылдайды. Адастырудың себебі дін қызметкерлерінің атаққұмарлығы мен билік басындағылардың өз билігін ұзаққа сақтап, иеліктерін ұлғайтуға деген ниетінен туындаған деп санайды. Ол Лукрецийдің «Жердегі құдайлардың алғашқы жаратушысы – қорқыныш» деген ойымен келісе отырып, ежелгі ойшылдардың діннің тамыры қорқыныш пен білімсіздік дейтін ілімін қайта қалпына келтіруге талпынады. Сонымен қатар ол діндердің пайда болу теориясына жаңа астрологиялық факторды енгізеді. Ғажайып дегеніміз аспан денелерінің белгілі бір тәртіпте орналасуының салдары, бір-біріне жақындаған жұлдыздар адамдардың еркіне әсер етеді. «Аспан денелерінің ықпалымен діндер пайда болады, дамиды және жойылады» дейді.
Осы дәуірде күн тәртібіне діндердің эволюциясы туралы сұрақ та қойылды. Дінді адам ойының туындысы деп қарастырған италиялық саяси ойшыл, философ, жазушы Н.Макиавелли (1469- 1527) діндер бір-бірінің орнын басады және өздеріне дейінгі мәдениеттерді құлдыратады деп тұжырымдайды. «Соңғы 5-6 мың жылдықтар барысында екі-үш рет әртүрлі дін формалары ауысты. Өз тұғырларын нығайту үшін жаңа пайда болған дін бірінші кезектегі мақсаты ескі дінді жою болып табылады. Христиан шіркеуінің әкейлері көне дәуір естеліктерін аясыз қудалап, ақындар мен тарихшылардың еңбектерін отқа өртеді, ескі құттардың мүсіндерін қиратты», - дейді. Н.Макиавелли діннің қоғамның тірегін екенін мойындай отырып, қоғам мен мемлекет үшін пайдалы дінді іздейді, егер дін әлсізденіп бара жатса, онда оның формаларын алмастыру қажет деп санайды.
Діндердің эволюциясы Дж.Бруноның да ойларына азық болды. Ол діннің дамуының үш дәуірін атап айтты: табиғат культі болып табылатын египеттік, египеттік рәміздерді тылсым болмыс ретінде қабылдаған иудейлік және табиғат туралы мифтердің мәнін мүлдем бұрмалаған христиандық дәуір. Христиандыққа қарсы шыға отырып, Дж. Бруно көне дінді жаңартқысы келді. Бруноның ойын жалғастыра отырып, Ванини «империялар мен діндердің де басы мен соңы болады» дейді. Бірақ, Брунодан айырмашылығы Ванини барлық діндердің мәні бір деп мойындайды.
Европадағы Қайта өрлеу дәуіріндегі, нақтырақ айтқанда ХІҮ-ХҮІ ғасырлардағы, еркін ойшылдық көркем және әдеби шығармашылықтың дамуымен сипатталады, ал өнердің өзі де ғылыммен тығыз байланыста болды. Осы уақыттың көптеген суретшілері – А.Дюрер, Леонардо да Винчи және т.б. – табиғат құбылыстарын да зерттеді. А.Дюрердің шығармашылығы математикаға негізделген. Леонардо да Винчидің көркем шығармашылығы ғылым және еркін ойшылдықпен тығыз байланысты болды. Леонардоның, Микеланджелоның Буонарротидің, Тицианның және басқалардың шығармаларындағы діни сюжеттер жалпы адамдық мазмұнға толы. Орта ғасырларда кең таралған Исаның азап шегуі көріністерінің орнын адамдардың әртүрлі сезімдері, қуаныштары және т.б. басты. Өнердің басты назарында табиғат туындысы ретінде күйзелетін, қуанатын адам тұрды. Қайта өрлеу әдебиет шынайы адам және оның шынайы өмірі туралы түсінікті кеңейтті. Бейнелеу өнері сияқты қайта өрлеудің көркем әдебиеті де антиклерикальды, ол да авторитарлық ойлаудың негізін шайқалтып, жаңа дәуір адамын қалыптастыруға ықпал етті. Ренессансты ғылымның, өнері мен моральінің бірігуі Европадағы еркін ойшылдықтың аумағын кеңейтті.
Еуропа мен Америкадағы жаңа дәуір еркін ойшылдығы. Жаңа дәуірде еркін ойшылдықтың дамуына қоғамның демократизациялану процессі, ескі феодалдық құрылыстың ыдырауы және буржуазия табының күшеюі мен нығаюы зор ықпал етті. Еркін ойшылдық – жаңа дәуір мәдени өмірінің ажырамас құрамдас бөлігі. Жаңа дәуірдегі ой еркіндігі осы дәуірің қарқынды дамы келе жатқан жаратылыстану, медицина, математика, тарих, этнография, өнертану, дінтану және т.б.ғылымдардың жетістіктеріне сүйенді. ХҮІІІ ғасырда жазылған «Энциклопедия, или толковый словарь наук, искусств и ремесел» атты атақты еңбек қоғам, адам және табиғат саласындағы ілімдерді жүйелеп, алпыс мыңнан астам мақалаларды қамтыды. Энциклопедия Сорбонна докторлары тарапынан цензураға ұшырады, ал 1759 жылы папа тарапынан айыпталып, қарғысқа ұшырады. Ол гуманизмге, еркін ойшылдыққа, шығармашылыққа толы ерекше рухани атмосфера қалыптастыруда үлкен рөл атқарды және теология мен діннен бөлек мәдени шығармашылықтың бар екенін айғақтады.
Еуропа, Америка және Ресейдегі ХҮІІ-ХІХ ғасырлар рухани мәдениеттің, соның ішінде өнер, этика, философия салалрының секуляризациялануымен, яғни діннің ықпалынан арылуымен сипатталады. Ағылшын, француз философтарының шығармалары схоластикалық стильден тазарып, адамды табиғатты тануға анағұрлым жақындататын таза және анық тілге ауысты. Бұл философияны көпшіліктің тұрмысы мен санасына жақындатты. ХҮІІІ ғасырда француз философтары алғаш рет дәйектеген материализм пантеизм мен деизм аясында пісіп жетілді. Б.Спиноза (1632 - 1677) философиясында пантеизм дәстүрге ілтипат ретінде қарастылады. Ол біртұтас, мәңгі және шексіз, сарқылмайтын субстанция ретіндегі табиғат туралы ілімді қалыптастырды, ол субстанция барлық құбылыстардың негізі, «өз өзінің себебі». Механикалық материализмге диалектикалық идеяларды қарсы қойған натуралистік философия да пантеизм формасында қөрініс берді, атап айтқанда мұндай идеялар атақты неміс ақыны И.В.Гетенің дүниетанымына тән еді. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырдағы еркін ойдың кемел формасы деизм болып табылды. Деизм механика ғылымымен және сонымен байланысты ашық немесе жасырын түрдегі алғашқы түрткі идеясымен сабақтасып жатты. Деизм біркелкі құбылыс болған жоқ. Бір-біріне ұқсамайтын ой тізгінін өрбіткен Г. Лейбниц, И. Кант, Т. Гоббс, Ф.М. Вольтер, Ж.Ж. Руссо, М.В. Ломоносов, А.Н. Радищев сияқты философтар деизмнің өкілдері болып табылды. Деизм материяға түрткі болған әлдебір парасат иесін мойындай отырып, қоғам мен табиғат ісіне араласатын тылсым күштерді теріске шығарды. Алғашында деистік позицияларында тұрған Д. Дидро (1713- 1784) кейіннен деизмді сынға алып, тылсым күштердің жоқтығын мойындайтын материализм позициясына өтті. Ол субстанционалды мәнге ие материя қозғалыспен ажырамас байланыста болады және өз заңдылықтарына сай дамып жатқан табиғат құбылыстарының негізінде жатыр деген тұжырымға келді.