ВУЗ: Казахский национальный медицинский университет им. С.Д. Асфендиярова
Категория: Учебное пособие
Дисциплина: Религиоведение (Религия)
Добавлен: 04.02.2019
Просмотров: 18547
Скачиваний: 9
Барлық әлемдiк мәдениет өзiнiң бастамасын, шығу тегiн дiннiң құрамдас бөлiгi болып табылатын культтен алады дейтiн пiкiр бар /66/. Бұл пiкiрдi негiздеу үшiн этимологиялық аргумент келтiрiледi: бiр кездерi “культ” (лат. - cultus) және “мәдениет” (лат. - cultura) сөздерi мен ұғымдары бөлiнбейтiн болған. О. Петрученконың “Латынша-орысша сөздiгiне” қарасақ, cultus және cultura сөздерiнiң семантикасын анықтап, салыстырғанда келтiрiлген аргументтiң нақты емес екендiгiн байқауға болады. Cultus “егу, өңдеу, айдау”: 1) тар мағынасында – егiс алқабын егу, өңдеу, өсiмдiктерге қарау, өсiру, өңдеу, мәдениет; 2) кең мағынасында – күтiм, егу, қамқорлық, әсемдеу, безендiру, өмiр салты, құрылым, даму, тәрбиелеу, жаттығу, шұғылдану, айналысу, (құдайды, адамды) құрметтеу, табыну дегендi бiлдiредi. Cultura егу, жер өңдеу, күтiм, агрикультура (жер өңдеу, диқаншылық), сондай-ақ құрылым, даму деп аударылады. Көрiп отырғанымыздай, cultus және cultura сөздерi семантикалық жағынан байланысты, бiрақ олардың мағыналары толығымен сәйкес келмейдi: О. Петрученко cultura сөзiнде (құдайды) құрметтеу, табыну дегендi бiлдiретiн бiрде-бiр мағынаны көрсетпейдi /67/. Осылайша, көрсетiлген латын терминдерiнiң семантикасын салыстыра келе, “әлемдiк мәдениет дiннiң құрамдас бөлiгi болып келетiн культтен бастама алады” деген қорытынды шықпайды, дұрысы бұл “тiлдiк жадыда” синкретикалық мифологиялық кешеннiң реликтiлерiнiң сақталуы дегендi айтады.
Дiндегi жеке адам және тұлға
Қоғам дамуының ерте кезеңдерiнде адам өзiн дiни топтан бөлмейтiн, ол жеке адам ретiнде, этникалық-дiни кешендердiң қолданушысы болып табылатын ру немесе тайпаның жеке өкiлдерi ретiнде танылатын. Жеке адамның дiнде (болмыстың басқа да салаларында сияқты) тұлға болып қалыптасуы жекелену және өзiн қауымдастықтан бөлу процесiнiң белгiлi бiр кезеңiнде ғана орын алды. Дамыған дiни жүйелерде тұлға “әулие”, “дуана”, “даурыққан”, “аскет”, “тақуа” және т.с.с. әр түрлi типтерден көрiнедi, ал күнделiктi өмiрде ол – “дiншiл”, “фанатик”, “теңселушi”, “басым (немесе бағынған) дiни бағдарлы тұлға” және т.б. Дiни тұлғасыз дамыған дiни жүйе өмiр сүре алмайды. Дiни тұлға – бұл дербес қасиеттерiн, соның iшiнде дiни қасиеттерiн жинақтаған, дiни әрекеттiң субъектiсi болуға қабiлеттi адам. Мұндай тұлғаға санада - дiни түсiнiктер, идеялар, сенiм, қажеттiлiктер, сезiмдер, ал жүрiс-тұрыста – храмға бару, дұға қылу, құдайға құлшылық етуге қатысу, дiни жол-жораларға қатысу, дiни мерекелердi тойлау, ораза және т.с.с. қалыптастыратын “дiншiлдiк” қасиетi тән. Дiншiлдiк “Құдай - адам”, “адам - Құдай” қатынастарына, немесе дiндердiң типiне байланысты басқаша формаға сүйенедi. Әлеуметтену, жеке адамның дiни ортада әлеуметтiк тәжiрибенi меңгеруi процесi арқылы дiни қасиеттер интериоризацияланады (лат. interior - iшкi), iшке енедi, соның нәтижесiнде тұлғаның дiни руханилығы қалыптасады. Адамның рухани мәдениеттi, соның iшiнде дiни мәдениеттi қалай меңгергендiгiне байланысты тұлғаның руханилығы анықталады. Руханилық құндылықтарды түсiну және оларға кiрiгу, өзiндiк сана мен өзiн-өзi тану, интеллект пен сезiнулердi асқақтату, өмiр сүрудiң мәнi мен мақсатын iздеу, идеалды табу, ар-ұят даусын тыңдау және есту, шығармашылық дегендi бiлдiредi. Бұл процесстер дiни сенiммен немесе басқа да дүниетанымдық бағдарлармен байланысты болуы мүмкiн. Дiни сенiм, дiни түсiнiктер, күйзелiстер, үмiттер жиынтығы, дiни мәдениетке қосылу, катарсистарды тудыратын дiни-психологиялық процесстер тұлғаның дiни руханилығын қалыптастырады, ал бұл руханилықтың мазмұны дiни қатыстылыққа байланысты.
Бақылау сұрақтарының тапсырмалары
-
Дін дегеніміз не?
-
Діннің теологиялық анықтамаларының ерешелігі неде?
-
Статутарлық және моральдық діндердің айырмашылығы неде?
-
Гегельдің дінді талдаудағы ұстанымы қандай?
-
Дінді философиялық түрғыдан талдаудың ерекшеліктерін айқындаңыз
-
Э. Дюркгейм мен М. Вебердің дін социологиясының негізгі ұстанымдарын ашыңыз
-
Дінді биописихикалық тұрғыдан талдаудың ерекшеліктерін айқындаңыз
-
Дінді талдаудағы этнологиялық қадымдарға сипаттама беріңіз
-
Маркстік дін талдаудың негізгі ұстанымдарын айқындаңыз
Тарау II
ДIННIҢ НЕГIЗДЕРI МЕН АЛҒЫ ШАРТТАРЫ
Байланыстар жүйесi
Дiндi түсiндiруде дiн қандай факторлардың әсерiнен пайда болады, өмiр сүредi және көрiнiс бередi деген сұраққа жауап беру аса маңызды. Факторлар жүйесiн әр қырынан қарастырайық, алдымен бұл жүйеде байланыс түрлерiн көрсетейiк. Себептiлiк қатынастар дiндi, әр түрлi дiни құбылыстар мен процесстердi салдарлар ретiнде туындатады, себептiлiк байланыстар басты генетикалық фактор болып табылады. Тарихи байланыстар аса маңызды: дiн – бұл бұрын әрекет еткен және уақыттың осы сәтiнде әрекет етiп тұрған себептердiң салдары ғана емес, сондай-ақ жалпы қоғамның, оның әр түрлi салаларының дамуының нәтижесi, өзiндiк дамудың нәтижесi. Дiнге себепшi болатын факторлардың қатарына тұрақтылық, бiр қалыптылық, өзгермейтiндiкке “бейiм” тұратын қоғамның iшкi құрылымы, оның жүйеасты салалары, дiннiң өзiнiң құрылымдық байланыстары жатады. Дiнге үлкен әсер ететiндер - функционалдық қатынастар. Нақты бiр типтегi қоғамдарда бiрқатар функцияларды дiн атқарады, бұл функцияларды орындауға қажеттiлiк оның орын алуына септеседi. Дiн детерминанталарының кешенiнде дiннiң қалыптасу ортасын, оның туындауы, шығу тегi, өмiр сүруi, қызмет етуiне септесетiн байланыстар, ықтималдылық, кездейсоқтық байланыстарды атауға болады.
Әр алуан байланыс түрлерiмен бiрге социумдық, әлеуметтiк-мәдени, антропологиялық, гносеологиялық негiздер мен алғы шарттарды анықтауға болады. Олар дiннiң пайда болуы мен өмiр сүруiне қажеттiлiк пен мүмкiндiк жасайтын факторлардың кешенiн құрайды. Социумдық негiздер тұтас қоғамның тiршiлiк әрекетiмен байланысты, олар санадан тыс қатынастардың “жағында”. Ең ақырында шешушi болып табылатыны – материалдық қатынастар – бұлар “бiрiншi детерминанталар”, бiрақ олардың әсерi жанама түрде. Дiнге “қосымша әсер” ететiндерi – рухани сфераның әр түрлi салалары – саясат, мемлекет, мораль, өнер, философия, ғылым. Сыртқы жағдайлардың алдында адамдардың дәрменсiздiгiн көрсететiн қоғамдық қатынастардың жиынтығы дiннiң негiзiн құрайды. Әлеуметтiк-мәдени, антропологиялық, психологиялық, гносеологиялық факторлар социумдық негiздердiң базасында әрекет етедi. Мәдениет саласында бұл - құндылықтар жүйесiнiң бұзылуы, руханисыздықтың орнауы, басымдылықтардың сциентизм, техницизм, заттану жағына қарай ойысуы, коммерциализация, қалыптық бұқаралық мәдениеттiң кең таралуы, өнер тығырықтары және әдептiлiктiңң құлдырауы, гедонистiк бейiмдiлiктердiң шамадан тыс ұлғаюы, порнографизация сияқты құбылыстар. Антропологиялық тамырлар жеке адам және “тұтас адам” ретiндегi адамның болмысының нәзiктiгiн, тiршiлiгiнiң шектеулiгiн еске алатын аурулар, эпидемиялар, алкоголизм, нашақорлық, гендiк будандасу, кем-тарлық, өлiм, этнос тектiк қорының дағдарыстық деңгейге құлдырауы, геноцид, “Homo Sapiensтiң” өзгеруi мен адамзаттың жойылу қаупi секiлдi адам өмiрiнiң сан қырлы жақтарын көрсетедi. Дiннiң психологиялық алғышарттары жеке адамдық және қоғамдық психологияда, адам болмысының шектеулiгi мен тәуелдiлiгi көрiнетiн психологиялық процесстерде өмiр сүредi. Ақырында, дiннiң адамның танымдық әрекетiнде орнығатын гносеологиялық өзегi де бар.
1. СОЦИУМДЫҚ НЕГIЗДЕР
Социумдық негiздердiң объективтiлiгi
Социумдық негiздердi материалдық (экономикалық, технологиялық) және осылардан шығатын рухани саладағы қатынастар (саяси, құқықтық, мемлекеттiк, әдептiлiк және т.б.), адамдардың күнделiктi өмiрiнде адамдарға үстемдiк ететiн, оларға жат, адамдардың еркiндiгiнiң жоқтығын және олардың сыртқы жағдайға тәуелдiлiгiн туындататын қатынастар құрайды. Бұл қатынастардың негiзгi жақтары: табиғи және қоғамдық қатынастардың стихиялылығы; жеке меншiктiң жаттанған формаларының, қызметкердi экономикадан тыс және экономикалық мәжбүрлеу; қала мен ауылда өмiр сүру жағдайларының қолайсыз жақтары, интеллектуалдық және физикалық еңбек бөлiнiсi мен бөлектiгi, қызметкердiң солардың бiреуiне үйiрлiгi; жеке адамды көпшiлiктiң (жиынтықтың) бiр данасы деп көрсететiн тап, жiк, гильдия, цех, каста, этносқа жатуына байланысты шырмалушылық; шектелген еңбек бөлiнiсi жағдайында жеке адамдардың дамуының жарым-жартылығы; билiктiк-өктемшiлдiк қатынастар, мемлекеттiң саяси езгiсi; этникааралық қақтығыстар, бiр этносты басқасының езуi, отарлаушы елдiң отарланған елдi қанауы; соғыстар; табиғи стихияларға және экодағдарыстық процесстерге тәуелдiлiк.
Негiзiн материалдық өндiрiс құрайтын қатынастар екi аспектiде - адамдардың табиғатқа және адамдардың бiр-бiрiне деген қатынастарының негiзiнде өрбидi.
Қоғам мен табиғат қатынастарындағы факторлар
Адамдардың табиғатқа, қоғам мен табиғат қатынастарының сипаты өндiргiш күштердiң даму деңгейiне: өндiрiс құралдарымен, әсiресе, еңбек құралдарымен (аспаптармен, механизмдермен, машиналармен және т.б.) жабдықтану дәрежесiне, сондай-ақ қоғамдық өндiрiске қатысушылар – адамдардың даму деңгейiне байланысты.
Өндiргiш күштердiң дамуының деңгейi неғұрлым төмен болса, соғұрлым табиғат күштерi адамдарға үстемдiк етедi, сәйкесiнше социумдық негiздiң осы аспектiсi соғұрлым өктем әрекет етедi. Тарих барысында өндiргiш күштердiң, әсiресе, өндiрiс құралдарының өсуi байқалады, еңбек құралдарымен жабдықтану деңгейi көтерiледi, соған байланысты табиғат процесстерiн басқару мүмкiндiктерi кеңейедi, адамдардың күнделiктi өмiрiнiң табиғат күштерiне тәуелдiлiгiнің деңгейi төмендейдi. Индустриалды қоғамға көшуге байланыстың өндiрiс құралдарының дамуында түбегейлi секiрiс жасалынады. Бiрақ ғылыми-техникалық прогресстiң салдары қарама-қарсылыққа толы. ХХ ғ., әсiресе оның соңына байланысты айғақ көз алдымызда: бiр жағынан, адамзат тарихындағы өткен дәуiрлерiнiң бiрiнде де болмаған және адамзат пен дербес адамдардың рақат болашағына жол ашатын өнеркәсiп және ғылыми күштер өмiрге келсе, екiншi жағынан, ғылыми-техникалық прогесстiң өзi тәуелдiлiк, қорғансыздық және қауiп-қатердiң жаңа координаталарын жасайды.
Қазiргi күндерi де ғылым мен техниканың деңгейi адамдардың күнделiктi өмiрiн табиғаттың көптеген стихиялық процесстерiнен сақтай алмайды, құйындар, тайфундар, жер сiлкiнiстерi, су тасқындары, құрғақшылық, эпидемияларды және т.б. жоя алмайды. Алдыңғы қатарлы озық технологиялық жүйелер де күтпеген және апатты iстен шығулардан сақтай алмайды. Iстен шығулар ядролық энергетика, ғарышты игеру, химиялық өнеркәсiп, көмiр, мұнай және газ өндiру, гендiк инженерия және т.с.с. саларда аса қауiптi. Ядролық-ғарыштық ғасыр техникасымен, адамдардың өздерi өмiрге әкелген күштерге байланысты трагедиялар қауiп-қатер дабылын күшейтiп отыр.
Эпидемия қаупiне қарсы тұру оңай емес. Егер өткен ғасырларда шешек, оба, тырысқақ зәрiн шашса, қазiр адамзатқа СПИД қаупi төнiп келедi.
Үдеп келе жатқан экологиялық дағдарыс қаупi мазасыздық тудырып отыр. Бiр жағынан, ҒТТ өндiргiш күштердiң, жаңа технологиялардың, материалдардың, компьютерлiк және роботтық техниканың дамуына септеседi, оның нәтижелерi күнделiктi өмiр комфортын жоғарылатады, бұрын мәлiм болмаған мәдени ортаны жасайды және т.с.с.; екiншi жағынан – кез келген өндiрiстiң қоршаған ортаны ластайтын, Жер бетiндегi тiршiлiктiң сақталуының өзiне қауiп туғызатын қатер, бостандықтың жоқтығы және тәуелдiлiк жағдаяттарын туғызатын “қоқыстары”, қосымша салдары бар. Әлемде экологиялық процесстердi басқару дәрежесi әлi жоғары емес. Табиғат заңдылықтарын және адамзат қоғамының талаптарына үстiрт қарау соңы насырға шабатын оқиғаларға әкелiп тiрейдi. Адамзаттың табиғатқа орны толмас зиян шектiргенi күмән келтiрмейдi.
Адамдардың бiр-бiрiне қатынастары саласындағы факторлар
Социумдық детерминанталар адамдардың табиғатқа қатынасы саласында ғана емес, сондай-ақ олардың бiр-бiрiне деген қарым-қатынастары саласында да әрекет етедi. Қоғамдық прогресстiң бұл аспектiде қарама-қарсылығы меншiктiң жаттанған формаларымен, қанаумен, шектелген еңбек бөлiнiсiмен, таптар және басқа да топтарға (жiктер, гильдиялар, касталар және т.б.) бөлiнумен, мемлекет билiгi мен мемлекеттердiң қарсы тұрушылдығымен байланысты, ал бұл жағдай әлеуметтiк, саяси, таптық, жiкаралық, этника аралық, топаралық, тұлға аралық және басқа да кикiлжiңдердi тудырады.
Осы күнге дейiн өткен тарихта қоғамдағы қатынастар негiзiнен стихиялы түрде қызмет етiп, өзгерiп отырған, бұл қатынастарды реттестiру мүмкiндiктерi кеңейтiлiп отырғанмен, олар бәрiбiр шектеулi болып қала берген. Адамдардың бiрге iстеген әрекеттерi стихиялы түрде жүзеге асқандықтан, қоғамдық қатынастар олардың өзiндiк бiрiккен күшi ретiнде емес, жат, олардан тыс тұратын билiк ретiнде саналды. Адамдарға үстемдiк ететiн, олардың мүдделерiне қарсы келетiн, бақыланбайтын және басқарылмайтын күштердiң әрекетi қоғамдық процесстердiң негiзiн құрады. Алғашқы қауымдық қоғамда дiннiң негiзiн өндiргiш күштердiң төмен деңгейi құрады, сәйкесiнше, адамдардың қатынастары материалдық өндiрiс шеңберiмен шектелдi, демек, олардың табиғатқа және бiр-бiрiне деген қатынастары шектеулi болды. Әрине, рулық байланыс индивидтердi бағындырды. Құл иеленушiлiкте, феодализмде, капитализмде, “аралас” қоғамдардағы даму процесi меншiктiң жатсынған формаларының қозғалыс заңдылықтарына тәуелдi. Құл иеленушiлiк және феодалдық құрылымда қызметкердi экономикадан тыс мәжбүрлеу орын алады. Құл иеленушiлiк құрылым тiкелей билеу және бағыну қатынастарына негiзделдi. Феодализмде жеке тәуелдiлiк материалдық өндiрiс қатынастарында, сондай-ақ өмiрдiң басқа салаларында көрiнедi; басыбайлы шаруалар мен феодалдар, вассалдар мен сюзерендер, пенделер мен дiн басылар – бәрi тәуелдi. Бұл дәуiрдiң әлеуметтiк байланыстарына әкiмшiлдiк, авторитарлық және корпорациялық тән. Капитализм билеу және бағыну қатынастарын жанама түрде қайта жандандырады. Заңды түрде адам еркiн, бiрақ экономикалық реттеушiлерге, әлеуметтiк, саяси және басқа да салаларға “ойын ережелерiн” енгiзетiн капитал қозғалысының заңдарына тәуелдi. “Аралас” қоғамдарда ру-тайпалық, феодалдық, капиталистiк және басқа да қатынастар бiр-бiрiмен шырмалып жатады, экономикадан тыс мәжбүрлеу экономикалық мәжбүрлеумен бiрiктiрiлген, дәстүрлi құрылымдар жаңашылдармен бiрге өмiр сүредi, еркiндiк деңгейлерiнiң өсуi басқару мен билiктiң авторитарлық, көп жағдайда әскери жүйемен iркiлiп отырады.
Еңбек бөлiнiсiнiң артуына байланысты қызметкер қайсыбiр қызмет түрiне, алынған беделiне таңылған жарым-жарты индивидке айналады. Осылайша, адамдардың шектеулiгi, қызметте жүктелген мiндетке тәуелдiлiк өседi, еркiндiктiң жоқтығы ұлғаяды. Еңбектiң ақыл-ой және дене еңбегi болып бөлiнуi рухани өндiрiс пен оны тиiмдi пайдалану азғаналардың үлесiне артылып, адамдардың басым бөлiгiнiң ауыр дене еңбегiнiң бағасымен жүзеге асырылды. Қала мен ауылдың қарама-қарсылығы, өнеркәсiп пен ауыл шаруашылық бөлiнiсi дамиды.
Тарихтың барлық кезеңдерiнде соғыс адамзаттың серiгi болды. Кейбiр есептеулерге қарағанда, бiздiң өркениетiмiздiң тарихында 14 500 соғыс болып, онда 4 млрд. адам қайтыс болған. 40 мемлекеттiң территориясында әскери әрекеттер жүргiзiлген Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде 50-55 млн. адам құрбан болып, 34-35 млн. адам жарақат алған, ал 20-25 млн. адам мүгедек болып қалды. “Соғыстан кейiнгi” жылдар деп жаңылыс айтылатын 1945 ж. кейiнгi кезеңде 200-ден аса соғыстар мен жанжалдар орын алған. Қазiр ядролық апокалипсис, адамзаттың түгел құру қаупi жоғалмаған. Халықаралық лаңкестiк те өз әрекеттерiн үдетiп отыр.
Әлемде 950 млн. адам ең қарапайым қажеттiлiктерiн қанағаттандыра алмайды. Жыл сайын әлемде аштықтан 50 млн. адам қаза болады. Қазiргi замандық әлемнiң қауiп-қатерлерiнiң зияндығы еркектерге қарағанда, әйелдерге тiкелей әсер етуде. Демографиялық дағдарыс жайылуда: бала туу деңгейiнiң төмендеуi (Батыс пен Солтүстiкте) және демографиялық жарылыс (Шығыс пен Оңтүстiкте).
2. ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АЛҒЫ ШАРТТАР
Дiннiң психологиялық алғы шарттары – дiндi туындату және меңгеру үшiн қолайлы психологиялық негiз, мүмкiндiк жасайтын жағдайлар, процесстер, қоғамдық, топтық және жеке адам психологиясының механизмдерi. Бұл факторлар социумдық негiзiнде, гносеологиялықпен байланыста әрекет етедi. Қоғамдық-психологиялық және дербес-психологиялық алғы шарттар ажыратылады. Бұл ажырату шартты түрде ғана: қоғамдық және топтық психология феномендерi жеке дербестiктен тыс болса да, олар жеке адамдардың психологиясы арқылы көрiнiс табады.
Қоғамдық-психологиялық алғы шарттар
Дiннiң қоғамдық-психологиялық алғы шарттары қоғам мен топтардың психологиясының феномендерін құрайды. Оларға: қоғамдық-психологиялық атмосфераның дағдарыстық жағдайлары, қатынастың құбылмалы сипаты, қоғамдық және топтық пiкiр, сендiру, елiктеу, психикалық жұқтыру механизмдері, дәстүрлер, салттар және т.б. жатады.
Қоғамдық-психологиялық атмосфераның дағдарыстық жағдайлары өткен мен қазiргiден түңiлу, болашақты үреймен күту көңiл-күйлерiнен, тарихи жадының тауқыметтiлiгiнен, қоғамдық және топтық идеалдардың бұзылғандығынан, қоғамдық әдептiлiктiң құлауынан, бұқаралық және топтық үрей мен қайғы-қасiреттен және т.б. көрiнедi.
Қатынас - қоғамдық қатынастардың жекеленген формасы, адамдардың маңызды қажеттiлiктерiнiң бiрi. Адамның адамнан жаттанған жағдайларда қатынастың дисгармонизациясы орын алады, қатынас құбылмалы формаға енiп, заттық қатынастармен жанасады. Дiни қатынасқа деген психологиялық бейiмдiлiк жасалады.