ВУЗ: Казахский национальный медицинский университет им. С.Д. Асфендиярова
Категория: Учебное пособие
Дисциплина: Религиоведение (Религия)
Добавлен: 04.02.2019
Просмотров: 18541
Скачиваний: 9
Э. Фромм дiни тәжiрибенiң теизммен байланысты болуы мiндеттi емес деп санайды және ол Құдай идеясын символикалық ретiнде қарастырады. Дегенмен құдайсыздық, оның көзқарасы бойынша, дiнсiздiк дегендi бiлдiрмейдi, тiптен өзiнiң психоанализ тұғырнамасын Э. Фромм “жаңа теология” деп жариялайды.
Этнологиялық тәсiл
Этнологиялық теориялар этнографиялық материалды қолдану негiзiнде жасалады, ал дiндi түсiндiру үшiн көбiнесе мәдени (әлеуметтiк) антропология идеяларын қолданады. Дiннiң дереккөзi жеке адамға тән және материалдық пен рухани қажеттiлiктiң қосындысынан тұратын “адам табиғатынан” немесе белгiлi бiр мәдени-антропологиялық кешеннен iзделiнедi.
Ағылшын этнографы Б. Малиновский “далалық” зерттеушi ретiнде де, сондай-ақ дiннiң этнология тұрғысынан дамытылған теориялық тәсiлдерiн жүйелеушi ретiнде де танымал. Функционалдық тұрғыдан әлеуметтiк антропология идеяларын жасай отырып, ол бастама ұғым ретiнде мәдениет ұғымын алады. Мәдениет институттардың күрделi органикалық жиынтығын, адамға қоршаған ортаны меңгеруге және алғашқы (өзiн-өзi сақтау және түрдi сақтау) және қосымша (мәдениеттiң өзi қалыптастырып, дамытатын) қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға мүмкiндiк беретiн “аспаптық аппарат” болып табылады. Адамның мiнез-құлқына тумыстан бiткен факторлар әсер етсе, мәдениет оны биологиялық себептiлiк деңгейiнен жоғары көтередi. Тұтастықтың iшiнде элементтер бiр-бiрiмен өзара байланыстылықта болады, әрбiр элемент басқа бiр элементтiң функциясы болып шығады, бiреуiнiң өзгеруi басқа элементтердiң өзгеруiн тудырады.
Дiн мәдениеттiң жалпыға бiрдей феноменi ретiнде қарастырылады. Б. Малиновский дiннiң ғылым және магиямен ара қатынасын көбiне Тробрианд аралдарының тұрғындарының жазусыз мәдениетi материалдарының негiзiнде талдайды. Ғылым ақиқатты рационалды меңгеру болып табылады. Дүниеге деген рационалдық қатынас мәдениеттiң барлық сатыларында болған. Бiлiмдердiң негiзiнде аңшылық саймандары дайындалды, қару жасалынды, бiрге әрекет ету үшiн бiрлестiктер құрылды, ауыл шаруашылық жұмыстары және т.с.с. ұйымдастырылды. Ғылым бар бiлiм мен техникаға сәйкес қоршаған ортамен “рационалды қарым-қатынас жасау”, ол күнделiктi, “профандық” әлемдi құрастырады.
Бұл саламен қатар, “сакральдi” сала бар, оған магия мен дiн жатады. Магия “сиқырлы формулалар мен жол-жоралардың арқасында табысқа жетудiң мүмкiн екенiне сенiм” ретiнде анықталады. Ол мақсатқа жетудiң рационалды әдiстерi жетiспейтiн әрекет фазаларында қолданылады. Мақсатқа жетудiң рационалды әдiстерi жетiспейтiн немесе ол әдiстер әрекет етуiн тоқтатқан жағдайда, адам психологиясында күштi аффектi күйлер туындайды (қарапайым қоғамдарда да, өркениеттiк қоғамдарда да. Мақсатқа жетудi көздеген рационалды әрекет мүмкiн емес болғандықтан, адам талғамсыз әрекетке сүйенедi. Мұндай магиялық акциялардың нәтижесiнде эмоциялардың шиеленiсi төмендейдi, тепе-теңдiк қалпына келедi, фрустрациялар белгiлi бiр дәрежеге дейiн меңгерiледi. Мұндай акциялар сыртқы мақсаттарға жеткiзбесе де, олар iшкi дүниенi қалпына келтiруде нәтижелi болып келедi.
Егер магияда әрбiр әрекеттiң мақсаты нақты анықталған болса, дiнде жол-жора басқаша ұйымдастырылған. Дiн күнделiктi өмiрдiң нақты фрустрацияларымен емес, адам болмысының iргелi мәселелерiмен шұғылданады. Б. Малиновский былай дейдi: “Өзiнiң қасаң қағидалы мәдениетi бойынша, дiн өзiн адамның универсумдағы орнын анықтайтын, оның пайда болуын түсiндiретiн және мақсатын шамалайтын дiни қағидалар жүйесi ретiнде ұсынады. Қарапайым индивидке дiн өлiм, бақытсыздық және тағдыр жөнiнде есеңгiрететiн, құтын қашырататын сезiмдi жеңу үшiн прагматикалық тұрғыдан қажет” /65/. Көрсетiлген мәселелер тiптен жойылмайтындықтан, дiн ешуақытта артық болмайды.
Б. Малиновский мәдениеттiң “үйлесiмдi моделiн” ұсынады. Оның пiкiрiнше, әр түрлi мәдени феномендер үйлесiмдi тұтастықтың iшiнде бiр-бiрiн толықтырып тұрады. Ғылым, магия және дiн жалпы мәдени мiндеттердi шешуде әр түрлi, бiрақ бiр-бiрiн өзара толықтырып тұратын жұмыс атқарады.
2. ДIННIҢ МӘНДIК СИПАТТАМАЛАРЫ
Тарихта нақты дiндер өмiр сүрген және өмiр сүрiп келедi, “жалпы дiндер” болған емес және жоқ. Бiрақ әр түрлi дiни құбылыстарды түсiндiру үшiн ғылымда сәйкес ұғым жасалған. Тек пен түр айырмашылығын көрсету арқылы формальдық-логикалық дефиницияны дiнге қатысты қолдану нәтижелi болмайды. Әр түрлi қырларынан алғандағы дiннiң мәндiк сипаттамаларын бiрiктiретiн, жинақтайтын жолды таңдайық. Сонда ең жалпы формада былай деуге болады: дiн қоғамның, топтың, жеке адамның рухани өмiрiнiң саласы, дүниенi рухани меңгерудiң тәсiлi және рухани өндiрiс саласы. Тап мұндай сипатында дiн дегенiмiз: 1) қоғам болмысының көрiнiсi; 2) адам мен қоғамның қалыптасу процесiнде мiндеттi түрде пайда болатын олардың тiршiлiк әрекетiнiң аспектiсi; 3) адамдық өзiн-өзi жатсынуды көрсету мен оны жеңудiң әдiсi; 4) шындықтың шағылысы; 5) қоғамдық жүйенiң жүйесi; 6) мәдениет феноменi. Осы сипаттамалардың мәнiн ашайық.
Қоғамның терең байланыстарын көрсету
Дiнде қоғамдық жүйелердiң белгiлi бiр типiнiң мәнi байқалады, ол қоғамдық шындықтың тiкелей бақылаудан жасырын, iшкi, терең деңгейлерiн танытады, демек, дiнде қоғам болмысына барабар нәрсе кездеседi. Бiрақ дiнге құбылыстар сияқты ене отырып, қоғамның iшкi байланыстары өзгерген түрiнде көрiнуi мүмкiн, демек маска киюi мүмкiн. Түрiн өзгерту әлдекiмнiң басынушылығының, арам ниетiнiң, саналы алдаудың немесе белгiлi интеллектуалдық қарапайымдылықтың нәтижесi емес: бұл қоғам қозғаласының өрбуiнiң және көрiнуiнiң сәтi. Демек, дiн қоғам туралы көп нәрсе “айтады”, мұнда тек кодталған ақпараттың шифрын дұрыс шешкен маңызды. Бұл үшiн дiни әлемдi қайсыбiр шынайы қатынастарға әкелiп тiреу жеткiлiктi емес – себебi толық редукция мүмкiн емес. Мұнда нақты өмiрдiң берiлген қатынастарынан оған сәйкес дiни формалар шығарған маңызды.
Адам мен қоғамның тiршiлiк әрекетiнiң қажеттi туындайтын аспектісi
Дiн дегенiмiз өткеннiң көптеген ойшылдары есептегендей, философтар, абыздар, өтiрiкшiлер, тирандар тарапынан адамдарға зорлап таңылған (мұндай пiкiр кейде осы күндерi де айтылып қалады) кездейсоқ құрылым емес. Ол қоғам дамуының белгiлi бiр кезеңiнде қажеттi түрде пайда болады. Өзiндiк мәнi бар бастама – метақоғамдық, дүниеден тыс, тарихтан тыс бастама деген ол жөнiндегi тезистерге де дәлел жоқ. Ол қоғамда қажеттi түрде пайда болып, қажеттi өмiр сүредi, бүкiләлемдiк тарих контексiнен кiргiзiлген және қоғамдағы өзгерiстерге сай өзгерiп отырады.
Рухани өмiрдiң кез келген басқа саласы секiлдi дiн материалдық өндiрiске тәуелдi. Дiни мекемелер қызмет ете алу үшiн, дiни мәселелер бойынша ойланып, дiни қызмет шұғылдану үшiн сәйкес материалдық алғышарттар қажет. Рухани салада, соның iшiнде дiнде қолданылатын үстеме өнiмдi жасайтын дәл осы материалдық өндiрiс. Бiрақ материалдық қатынастар тек соңында ғана, тек жанама түрде дiннiң пайда болуына, өмiр сүруiне және қайта жандануына жағдай жасайды. Оған тiкелей әсер ететiндер - рухани сфераның әр түрлi салалары – саясат, мемлекет, мораль, өнер, философия, ғылым. Дiн сол бiр уақытта қоғамның енжар, “ырықсыз” өнiмi емес: ол “өз” өмiрiмен өмiр сүредi, өзiн-өзi қайта шығару қабiлетi бар, идеялар, ұғымдар, нормалар, құндылықтар, сондай-ақ материалдық заттар жасайды. Адамның творчестволық әрекетiнде идеялық нәтижелер жөнiнде де, материалдық iске асырулар жөнiнде де айтқанда рухани процесс алғашқы болып табылады. Дiн экономикаға, сондай-ақ рухани сфераның басқа да салаларына керi әсерiн тигiзедi.
Әлемдiк дiнтануда дiннiң пайда болуы мен өмiр сүруi әсiресе еркiндiктiң жоқтығы, тәуелдiлiк, шектеулiк, үстемдiк – бағыну, басқаша айтқанда, адам тiршiлiгiнiң басқаруға, билеуге, мақсатты тәртiпке салуға көнбейтiн саласымен байланыстыратын көзқарас кең таралған. Сондай-ақ басқа да позиция айтылады: дiн адамның еркiндiгiнде, оның жоғары күшке, Абсолютке талпынысының түкпiрiнде орналасады. Бұл жерде дiннiң шығуына, сондай-ақ кейiнiрек тарихта оның өмiр сүруi мен дамуына жағдай жасаған еркiндiктiң жоқтығы, тәуелдiлiк қатынастары жөнiнде айтылып жатса да, бiрiншi көзқарастың артықшылдығы басымдау саналады. Қалыптасып үлгерген жүйенiң “iшiнде” адам, әрине, қорғаныш, шырмап тұрған жағдайлардан босау, шектеулiк шеңберiнен шығу сезiмдерiн сезiне алады және сезiнедi де. Дiн еркiндiк пен күштiң толысуын сезiнедi. Бiрақ қорғаныш сезiмi, шектеулiктiң шеңберiнен шығу, еркiндiк пен күштiң толысуын сезiну - тәуелдiлiк, еркiндiктiң жоқтығы сияқты нақты бар қатынастардан шығатын жанама сезiмдер, сондықтан да жоғары күшке, Абсолютке талпыну пайда болады, себебi адамның болмысы уақытша, шектеулi, салыстырмалы, тұрақсыз.
Адамзаттық жатсыну және одан шығу әдiсi
Жатсыну дегенiмiз – бұл адам әрекетiнiң және оның өнiмдерiнiң, қатынастар мен институттардың адамдарға үстемдiк ететiн күштерге айналуы. Нағыз жатсынудың негiзгi сәттерi мыналар: а) еңбек өнiмiнiң өндiрушiден жаттануы; б) еңбектiң жаттануы; в) ортақ мүдденi көздейтiн мемлекеттiң жеке және топтық мүдделердi жатсынуы, бюрократизация; г) адамның табиғаттан жаттануы, экодағдарыс; д) адамдардың қатынастарының заттардың қатынастарымен жанасуы, қатынастардың деперсонализациясы; е) аномия, құндылықтар, нормалар, рөлдерден жатсыну, әлеуметтiк тәртiп бұзу, дау-жанжалдар; ж) адамның адамнан жаттануы, изоляция және атомизация; з) тұлғаның iшкi жаттануы – “Мендi” жоғалту, апатия, жете түсiнбеушiлiк.
Дiнде шынайы өмiрдегi жатсынудың көрсетiлген сәттерi орын алады. Қоғамдық өмiрдiң әр түрлi салаларындағы жатсыну қатынастарының өрбiгенi үшiн дiн “жауапты” емес, керiсiнше, бұл қатынастар дүниенi жатсыну формалары арқылы рухани меңгерудiң алуан түрлерiне, соның iшiнде дiнге жағдай жасайды. Дүниенiң бөлшектiлiгi, қайшылығы дiнде сәйкесiнше көрсетiлген. Онда адамның күштерi өзiне жат күштерге айналады, өмiрдегi шынайы қатынастар басқаша бұрылады, қайта қойылады, орнын ауыстырады, “бiр қатынастар басқаларының орнына қабылданады”, дүние қосарланады. Шынайы өмiрден ерекшеленетiн “басқа” дүниенi өзiндiк өмiр сыйланған, дербес тiршiлiк иелерi мекендейдi.
Адамның экономикалық, саяси, мемлекеттiк, құқықтық, әдептiк және т.б. салаларындағы нағыз жатсынуларын көрсететiн дiни персонаждар мен олардың өзара байланыстары туралы түсiнiктер адамдардың арасындағы қатынастарда көрiне бастайды.
Бiрақ дүниенi меңгеру жатсыну қатынастарына ғана келiп тiрелмейдi. Жатсыну қатынастарын бейнелей отырып, дiн оларды жеңудiң әдiсi ретiнде де танылады. Жат күштердiң билiгiнен құтылу қажеттiлiгi тазару, тәубеге келу, ақталу, құтқарылу, Құдайға жақындау, жоғалтқан жұмақты табу, жұбаныш және т.б. идеялары мен жол-жораларынан қанағат iздейдi. Дiн жатсынудың салдарларын қоғамдық өнiмдi қоғамның аз қорғалған қабаттарының пайдасына қайта үлестiру, қайырымдылық пен рақымшылдық, шеттетiлген жеке адамдарды қауымдарға бiрiктiру, дiни топта тұлға аралық қатынасты дамыту және т.с.с. арқылы жұмсартады.
Шындықты бейнелеу (отражение)
Бейнелеу, жалпы, қоғамның және оның әр түрлi салаларының қасиетi болып табылады, ол қоғамдық әрекет процесiнде де, оның тұрып қалған нәтижелерiнде де iске асады. Дiн өзiнде табиғат, қоғам, адам қасиеттерiн сақтап қалып, қайта шығарады. Егер дiн бейнелеу болса, онда ол шындықты бейнелейдi және бейнелетiн жөнiнде сәйкес ақпаратты қамтиды. Ақпаратты сырттан ала отырып, дiн оны жақсылап өңдейдi және оны өзiн-өзi ұйымдастыру, дүниеде бағдарын айқындау үшiн қолданылады. Ақпараттық-сигналдық бейнелеу әсер етулердi қайта керi әсер ету құралы ретiнде пайдаланады. Басқа жағынан алғанда, бұл бейнелеу таңдампаз болып келедi және дiннiң өзiндiк ұстанымдарын ескере отырып, жүзеге асырылады; ол адамдардың тiршiлiк әрекетiнiң басқа салаларымен өзара әрекетiнiң нәтижелерiн “алдын ала сезiп қояды”, алдын ала еске салады.
Дiнде шындықтың көп қырлы құбылыстары бейнеленедi. Әсiресе, ол адамның бостандықсыздығын және тәуелдiлiгiн тудыратын жақтарды бейнелейдi. Бiрақ бұл бейнелеу дiндегi бейнелену процесiнiң түгел мазмұны емес. Ол әр түрлi табиғи және қоғамдық байланыстар туралы, адам туралы ақпаратты қабылдап, қайтадан өңдейдi, онда адамдарға үстемдiк жүргiзетiн сыртқы күштер, сондай-ақ адамның еркiндiгiн, оның табиғи және қоғамдық процесстердi басқару мүмкiндiгiн көрсететiн қатынастар бейнеленедi. Ол шындықты бостандықсыздық пен тәуелдiлiктiң бейнеленуi тұрғысынан бейнелейдi. Бейнелеудiң нәтижелерi санада, әрекет құралдарында және әрекеттердiң өзiнде, нормаларда және құрылымдық сұлбаларда, ұйымдастырушылдық “матрицаларда” сақталып қалады.
Дiн қоғамдық жүйеасты (подсистема) ретiнде
Қоғамға байланысты қарастырылғанда, дiн қоғамдық жүйеасты ретiнде танылады. Алғашқы қауымдық қоғамда ол салыстырмалы түрде дербес құрылым ретiнде анықталып, бөлiнiп шыға қойған жоқ. Алғашқы қауымдық нанымдар және солармен байланысты жол-жоралар мифологиялық синкретикалық кешенде өрбiтiлген. Қоғамның дамуы мен жiктелуi оның әр түрлi салаларының құрылуына әкелдi. Әрбiр сала күрделi құрылымды құрайды, бұл құрылымда әрекет жүзеге асырылады, құрылымның негiзi қаланады және оның өз элементтерi болады. Ешбiр жүйе және оның жүйеастылары бiр ғана элементтен тұрмайды және осы элементтердiң бiр-бiрiмен өзара байланысынан тыс қарастырыла алмайды, ал олардың өзара байланысы бәрiнен бұрын қызмет ету процесiнде жүзеге асады. Дамыған дiндерде сана, әрекет, қатынастар, институттар, ұйымдар көрсетiледi. Өз кезегiнде олардың әрқайсысының бiрқатар белгiлерi сипатталады.
Қоғамның жүйеасты саласы бола отырып, дiн қоғамда әр түрлi, тарих барысында өзгерiп отыратын орын алады және нақты-тарихи жағдаятқа сай белгiлi бiр қызметтердi атқарады. Тарих дiннiң қоғамда төмендегiдей жағдайларда болғанын көрсетедi.
-
Дiни сана үстемдiк етедi, қоғамдық, топтық және жеке адамдық санаға өтiп кетедi. Дiни қауымдастықтар этникалық қауымдастықтармен бiртектес болып шығады. Дiни әрекет әлеуметтiк шындықтың ажырамас бөлшегiн құрайды. Дiни қатынастар басқа әлеуметтiк байланыстардың “үстiне салынады”. Институттар дiни және зайырлы билiктердi бiрiктiредi.
-
Дiни сана үстемдiк етпейдi; онымен бiрге зайырлы сананың әр түрлi формалары дамиды. Дiни әрекет мiндет ретiнде жүктелсе де, ол бiртiндеп әрекеттiң жалпы шеңберiнен ысырылып, белгiлi бiр орындар мен уақыттар таңылады. Әлеуметтiк байланыстардан дiни қатынастар таңбасын алып тастау үрдiсi пайда болады. Дiни әрекет этникалық қауымдастықпен бiртектес болып қала беруге ұмтылса да, олардың жiктелу процесi жүредi. Дiни және мемлекеттiк тиiстiлiктiң ұқсастығы жиi жарияланады.
-
Дiни сана қоғамдық санада басты орын алмайды. Басқа идеялар жүйесi басым болып келедi. Дiни әрекет және қатынастар әрекет пен қатынастардың жеке түрi болып табылады. Дiни топтар этникалық қауымдастықтардан бөлек және мемлекеттiк құрылымдармен бiртектi емес. Рухани және зайырлы билiк әр түрлi институттарға жатады.
Қоғамның әр түрлi типтерiнде, тарихтың әр түрлi кезеңiнде, әр түрлi елдер мен аймақтарда, олардың қызметтерi мен әрекет ету саласы өзгерiп отырады.
Мәдениет феноменi
Дiн - мәдениет универсумының салаларының бiрi. Мәдениеттiң тарихи бiрiншi типi алғашқы-синкретикалық тип болды, ал оның рухани саласын мифология құрады. Бұл типтiң жiктелуiнiң барысында рухани мәдениеттiң әр түрлi салалары - өнер, дiн, философия, мораль бөлiнiп шығады және олардың жүйесi құрылады, бұл жүйенiң салалары бiрегейлiк пен тұтастықты құра отырып, өзара бiр-бiрiне әсер етедi. Дiндi осылайша түсiнген кезде, дiн мен мәдениет бiр-бiрiнен бөлiнбейдi және алшақтамайды, бiрiншiсi соңғысының аясынан шығарылмайды, мәдениет феноменi ретiндегi қасиетiн жоғалтпайды. Басқа жағынан алғанда, мәдениет универсумы дiнсiз қалмайды, мазмұны мен кеңiстiгiн тарылтпай, оны өзiнiң бойында сақтайды.