ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 02.12.2023
Просмотров: 439
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
52-сұрақ
Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақтардың көтерілісі: көтерілістің қозғаушы күштері, сипаты, кезеңдері, маңызы.
1836—1838 жылдары Бөкей хандығында аса ірі халық-азаттық көтерілістерінің бірі болып өтті. Ол көтерілістің басты себебі жердің жетіспеушілігі еді. Мәселен, Ішкі Ордадағы 20 мыңға жуық отбасы шаруашылығы жер тапшылығынан зардап шекті. Ең жақын шұрайлы жерлердің бәрін де ірі помещиктер мен байлар өзара бөлісіп алып қойған болатын. Қатардағы қарапайым қазақтар жерді солардан жалға алып пайдаланды. Қазақ ақсүйектері орыс помещиктерінен жалға алған жерлерді өздерінің жеке қалауы бойынша қазақ ауылдарына көтеріңкі қымбат бағаға тағы да қайыра жалға беріп отырды. Сөйтіп қазақтардан әр түрлі айыппұлдар мен алым-салықты еселеп алып тұрды.
1836 жылы халық көтерілісі басталды. Оның қозғаушы күші қатардағы бақташы қазақтар болды. Көтеріліс туының астына бірқатар старшындар да жиналды. Сұлтандар мұның ақыры не болар екен деп, әліптің артын бағып, бейтарап қалды немесе көтерілісшілерге қарсы шықты.
Халық көтерілісін елге белгілі беделді батырлар Исатай Тайманұлы (1791-1838) мен Махамбет Өтемісұлы (1803-1845) басқарды. Оның екеуі де беріш руының жайық атасынан болатын.
1836 жылғы ақпанда көтерілісшілер Жәңгір ханға қарсы ашық- таншық шабуылға шықты. Мұның басты себебі Исатай Тайманұлының Хан ордасына қыр көрсетуі болды. Ол ханның шақыруына барудан үзілді-кесілді бас тартты. Оның үстіне, өзіне қарасты ауылдарды қыстаудан көшіріп алып, көтерілісшілердің үлкен жасағын топтастырды.
1836 жылғы көктемде көтерілісшілер қосынына Қарауылқожа Бабажанұлы бастаған қарулы хан жасағы жақын келді. Оған қарсы Исатай Тайманұлы жақсы қаруланған 200 жігітті өзі бастап шықты. Ол қолына ту ұстап шығып еді. Қарсыласын жекпе-жек шайқасқа шақырды. Бірақ Қарауылқожа Бабажанұлы да, оның төңірегіндегілер де жекпе-жек шайқастан бас тартты, батырдың ұсынысын қабыл алмады. Хан жасағы үлкен шайқасқа шығуға бата алмай шегініп кетті. Көтерілісшілер өздерінің қосынына қайтып оралды. Исатай Таймановтың көтерілістің басшысы ретіндегі атағы бүкіл Кіші жүзге мәлім болды.
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған көтерілістің орасан зор тарихи маңызы болды.
Жәңгір хан мен оның төңірегіндегілер Исатайға жала жабуға көшті. Бір барымта кезінде сойылға жығылып қаза тапқан бір жылқышы қарттың өліміне Исатайдың және оның адамдарының қатысы бар дегенді дәлелдеуге тырысты. Исатай Тайманұлы бұл жаланы Жәңгір ханның келісімімен Қарауылқожаның ұйымдастырғанын жақсы түсінді. Қарауылқожаның үстінен Жәңгір ханға шағым түсіру ұйғарылды.
1836 және 1837 жылдары шағым мен петиция беру арқылы Исатай Тайманұлы Жәңгір хан және оның төңірегіндегі жандайшаптарды қалың көпшіліктін көз алдында әшкерелемек болды. Шағым-петиция жолдау жаппай наразылық шеруіне ұласты. Мұндай алғашқы шеруге 1836 жылы өте көп адам қатысты, Жәңгір хан халықтың қаһарынан шошып кетті. Исатай батыр халық қалың жиналған Толыбай шатқалында өз өтінішін табыс етті. Жәңгір хан оның айтқан талаптарын түгел тындап шығып, қордаланып қалған проблемаларды 12 күннің ішінде шешуге уәде берді. Бірақ ол уәдесінде тұрмады. Сөйтіп Жәңгір хан халық алдындағы беделінен айырыла бастады.
1836 жылдың күзінде Исатай Тайманұлы әр түрлі рулардың ауылдарын аралап жүріп, Жайық қазақ әскерлерінің иемденіп отырған жерлерін өз беттерінше тартып алуға шақырды. Көтеріліс көсемінің халық арасындағы беделі мен абыройы күн санап арта берді. Көтерілісшілер хан жасағына есеңгірете тойтарыс берді. Ханның төңіресіндегі жандайшаптардың бірі би Б. Құдайбергенұлы серкеш руының қазақтарына шабуыл жасады. Серкештер көтерілісшілердің жағында еді. Исатай серкештерге шабуыл жасағандарды жазалау үшін құрамында 270 сарбазы бар қарулы жасақты жұмсады. Олар әлгі бидің ауылын шауып, толық күйзелтіп кетті.
1837 жылдың бас кезінде көтерілісшілерге байбақты руының бе- делді старшыны Жүніс Жантеліүлының қолы келіп қосылды. Енді көтеріліс аумағының шекарасы кеңейе түсті. Көтерілісшілердің қатары да ұдайы арта берді. Көтеріліс ауқымынан қауіптенген Орынбор шекара комиссиясы Исатай Таймановты ұстап алып, ісін сотта карауға тапсырма береді. Бұған қарсы көтерілісшілердің басшысы генерал-губернатор В.А. Перовскийге шағым жасады. Өлке басшысының қазақтарға деген көзқарасы жаман емес еді. Бірде үйлену тойын өткізіп жатқан қазақтарға шабуыл жасап, тонап кеткені үшін Перовскийдің жүзбасы Бухматов пен бір топ қазақты мың адамдық саптың ортасынан өткізе дүре соққызып, оларды әскери қызметтен біржола қуып жібергені белгілі болатын. Бірақ ол өлке билеушісі ретінде патша үкіметінің отаршылдық саясатын жүргізді.
Исатай батыр оған жолданған өтініш-шағымында былай деп жазды: «Біздің өтініштеріміз бен шағымдарымызга ешкім де құлақ аспайды. Біздің мал-мүлкімізді талан-таражға салып, тонап кетеді. Сөйтіп біз император тақсырдың қол астына адал ниетпен берілгендігіміз жөнінде ант қабылдаған бола тұрсақ та, күн сайын қорқынышты үрей кешеміз».
1837 жылдың жазы мен күзінде көтерілісшілер ірі байлардың ауылдарына шабуылды күшейтті. Сол жылы күзде құрамында 200 сарбазы бар жасақ Қарауылқожа Бабажанұлының ауылын шауып, құл-талқан етіп кетті. 50 адам, соның ішінде 2 сұлтан тұтқынға алынды. Көтерілісшілердің елеулі күші бірте-бірте Хан ордасына жақындап келе жатты. Көтерілісшілер Жәңгір ханды жақтаушылардың мал-мүлкі мен шұрайлы жайылымдарын басып алумен болды.
Көтерілісшілер Астрахан губерниясы Чернояр уезінің аумағын да басып өтті. Онда қалмақтар мен қарақалпақтардың және татарлардың ауылдарына шабуыл жасап, талқандап кетті.
Көтерілісшілердің келесі бір шағын жасағы Балшықты қамалы маңында сұлтан Медетқали Шоқаұлының ауылын шауып кетті. Сұлтанның дүние-мүлкі мен малын олжалады.
Бұл патша үкіметі құрған жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қазақтардың отаршылдыққа қарсы ірі баскөтеруі еді. Оның ұлт-азаттық сипаты басым болды. Көтеріліс аяусыздықпен басылғаннан кейін де жалғаса берді. 1842 жылы Жәңгір ханға қарсы Аббас Кошайұлы мен Лаубай Мантайұлы бастаған баскөтерулер болып өтті.
Жәңгір хан көтерілісшілердің кейбір талаптарын орындауға мәжбүр болды. Атап айтқанда, халықтан жиналатын алым-салық көлемін едәуір жеңілдетті. Патша үкіметіне наразылық білдірген старшындардың пікірімен санасу керектігін түсінді.
53-сұрақ
Сұлтан Кенесары Қасымұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы: қозғаушы күштері, барысы, негізгі кезеңдері және жеңіліс себептері.
Көтерілістің себептері, мақсаты және қозғаушы күштері
XIX ғасырдың 20 — 30-жылдарында отаршыл өкімет билігі мен қазақ халқының арасындағы қарым-қатынас елеулі түрде шиеленісе түсті. Біріншіден, Кіші жүз бен Орта жүздегі хан билігінің жойылуы сұлтандардың, билердің және батырлардың едәуір бөлігінің наразылығын туғызды. Екіншіден, патша үкіметі қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі жерлерін әскери бекіністер салу үшін жаппай тартып ала бастады. Үшіншіден, бұрын Ресейге ешқандай алым-салық төлеп көрмеген қазақтарға ендігі жерде жасақ, түтін салығы, жол салығы сияқты алым-салық түрлері көбейе түсті, қазақ өз жерін өзі жалға алып, пайдаланатын күй кеше бастады. Төртіншіден, патша үкіметінің әскери отрядтары қазақ ауылдарына шабуыл жасап, күн көрсетпеді. Осының бәрі байырғы жергілікті халықты (номадтарды) қатты күйзеліске ұшыратты, олардың күн көрісін қиындатып жіберді.
Көтерілістің басты мақсаты қазақтардың патша үкіметі тартып алған ежелгі жерлерін өздеріне қайтарып алу, округтерді тарату, отаршылар енгізген алым-салықтарды жою еді.
Көтерілістің қозғаушы күші қатардағы қарапайым көшпелілер, сондай-ақ старшындар мен би, батырлар, тіпті сұлтандар да болды. Көтерісшілердің қалың қолына үш жүздің атақты батырлары жетекшілік етті.
Көтеріліске қатысушылар негізінен қазақ халқы еді. Бірақ олардың арасында орыстар мен башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, тіпті поляктар және басқа халық өкілдері де болды. Олардың кейбіреулері ханның ерекше сенімі мен құрметіне ие болып, жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Мәселен, Кенесарының өзінің хатшысы бұрынғы орыс солдаты болды. Наурызбай сұлтанның атқосшысы да Николай Губин есімді орыс еді. Татар Әлім Ягудин Әскери кеңестің мүшесі болатын. Дипломатиялық қызметке ханның атынан өзбеқ Сейдаққожа Оспанов басшылық етті". Бұлардың бәрі де Кенесарыға жақсы ұйымдастырылған тәртіпті әскер құруына көмектесті және көтерілісшілерге өздерінің жеке тәжірибелерін үйретті.
Көтерілістің басталуы
Көтеріліс Кенесарының патша үкіметінің саясатын жарамсақтана қолдаған жексұрын сұлтандар мен билердің ауылдарын шауып алудан басталды. Ол шекара шебіндегі бекіністерге де, патша үкіметінің әскери жасақтарына да жиі-жиі шабуыл жасап тұрды. Мәселен, 1837 жылдың аяқ кезінде Кенесары хорунжий Рытовтың отрядын тас-талқан етіп жеңіп шықты. Ол отрядтың құрамында 6 урядник және 48 сібір қазағы болатын. Олар Петропавлдан Ташкентке бара жатқан сауда керуенін күзетіп бара жатқан еді.
Кенесары 1838 жылы өзінің адамдарын Батыс Сібір генерал-губернаторына жіберіп, оған арнайы хат жолдады. Хатында Ақтау бекінісі мен Ақмола приказын жоюды, Омбыда тұтқында отырған өз адамдарын түгел босатуды талап етті. Генерал-губернатор Кенесарының адамдарының барлығын да саптағы мың солдаттың арасынан өткізіп, дүре соқтырды. Олардың әскерге жарайтындары тұрақты армия қатарына алынып, қалғандары Шығыс Сібірге жер аударылды. Генерал-губернатордың бұл қылығы Кенесары сұлтанның ашу-ызасын келтіріп, көтерілісті бастап жіберуін тездетті. Ол старшина Симоновтың әскери жасақтарына өлтіре соққы беріп, көптеген қару-жарағы мен оқ-дәрісін тартып алды. 1838 жылы Кенесарының сарбаздары Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының ауылдарына шабуыл жасады, оның 12 мыңға жуық жылқысын айдап әкетті. Ақмола төңірегіндегі бекіністер тұрғындарының 2,5 мың малы қоса кетті. Сұлтан Кенесарының туған қарындасы Бопай бастаған сарбаздар Көкшетау округының ауылдарына шабуыл жасады.
Кенесары жасақтарының белсенді әскери іс-қимылы 1838 жылдың тамыз айында басталды. Ол Ақмола бекінісіне таяу ірі елді мекенді алты күн бойы қоршауда ұстап, өртеп жіберді. Ақмола бекінісі мықты қорғалатын. Бекіністің төңірегіне терең ор қазылып, оған жете беріс жерлерге күшті кедергі-тосқауылдар қойылған болатын. Ақмола бекінісін аға сұлтан Қ. Құдаймендіұлы мен әскери старшина Карбышев бастаған отряд қорғады. Кенесары шабуылды 1838 жылдың 7 тамызында таң саз бере бастады. Оның сарбаздары бекіністі өрт шығаратын жебелермен атқылады. Бекініс өртке оралды. Кенесарының даңқты батырларының бірі Басықара бекіністің ішкі жағасынa баса-көктеп кіріп барып, сұрапыл ұрыс салды. Ол осы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Бекініске Ағыбай, Иман, Бұқарбай батырлардың сарбаздары басып кірді.Орынбор губернаторы В. Перовский мен Батыс Сібір губернаторы П. Горчаковтың арасында Кенесарыға қарсы қалай күрес жүргізу жөнінде өзара келіспеушілік пайда болды. В. Перовский Кенесарыға қарсы күресті бейбіт келіссөздер арқылы да жүргізу керек десе, П. Горчаков әскери күш қолданып, көтерілісшілерді аяусыз қырып-жою жоспарынан танбады. Орынбор губернаторы 1840 жылы патша үкіметінің Кенесарыға кешірім жасауына қол жеткізді. Кенесарының тұтқынға алынған туған-туыстарының барлығы да түрмеден босатылды. Арада уақытша бейбіт келісім кезеңі басталды
Жеңілу себебі
Сол тарихи кезеңде Қазақстанда қалыптасқан қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономиқалық жағдайда бұл ұлт-азаттық қозғалыстың да түпкілікті жеңіске жетуі мүмкін емес еді. Ресей империясының қуатты, тұрақты әскери күші бар екенін былай қойғанда, жеңілудің басқа да себептері болды. Көтеріліске қатысқан үстем тап өкілдері арасында ауызбіршілік болмады. Өзін қолдамаған туыстарымен, қазақтың ауқатты топтарымен, Қоқан хандығымен, ақырында қырғыз ағайындармен күресіп, Кенесары өз күшін әлсіретті. Жікке бөлінген қазақ рулары көтерілісті көбіне өз аймақтарында қолдап, басқа аймақтарға ауысқанда, әсіресе Қоқан және Қырғыз жеріне басып кіргенде, оған қосылмады. Өзін қолдамаған ауылдарды қатаң жазалауы да көтерілісті әлсіретті.
Бұл ұлт-азаттық қозғалыстың маңызы зор, ол Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихында өшпес із қалдырды, кейінгілердің азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресіне үлгі-өнеге әрі тарихи сабақ болды. Кенесарының күресі, оның өзінің халықтың мақсат-мүддесіне шын берілгендігі, қолбасшылық өнері, ақылды саясаткер ретіндегі сирек кездесетін қасиеті XIX ғасырдың өзінде-ақ халық тарапынан қадірлеушілік туғызды. Патша өкіметі тұсында бұл қозғалыстың мүлде сөз болмауы, ал бола қойса, оны бұрмалап теріс түсіндіру себептері белгілі. Кеңес өкіметі түсында да бұл қозғалыс кертартпа, хандық-феодалдық мемлекетті көксеушілік деп теріс түсіндірілді. Оны тарихи шындық тұрғысынан дұрыс бағалаған ғалымдар қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс өзінің шын бағасына ие болды. Осы қозғалыстың басы-қасында болған Кенесары хан мен оның басқа да қаруластарының есімдері тарихтан лайықты орнын алуда.