ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 02.12.2023
Просмотров: 426
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Тарих сахнасынан кеткен ежелгі дәуір өркениеттерінің (Мысыр, шумер, майя т.б.) жаңа өркениеттермен түрленіп, өзгергені мәлім. Ал түркі өркениеті болса, көне дәуірден қазіргі дәуірге дейін жалғасып келе жатқан бірегей өркениеттердің бірі. Алайда өркениет проблемаларына қатысты бірқатар теория мен тұжырымдамаларда әлем өркениеттері жіктелген кезде түркі өркениеті феноменінің белгілі бір саяси көзқарастар мен мүдделерге байланысты ғылыми назардан әдейі шетқақпайланғанын да ескеру керек. Көптеген жағдайда, осы өркениеттің әлемнің саяси-мәдени тарихындағы рөлін азайтып, не болмаса толықтай жоқ етіп көрсетуге тырысу әрекетін байқауға болады. Адамзат тарихы тудырған ең тамаша өркениеттердің бірі болып саналатын түркі өркениетінің ескерілмей қалуының нақты бір себебі бар. Түркі өркениетінің тарихы, бүгіні мен келешек бағдарларының бұдан да қарқынды түрде ғылыми зерттеулерге арқау болуы оның жаһандық мәдени-гуманитарлық кеңістік тұтастығын қазіргі кезеңде де қорғап, сақтап қалғанын көрсетеді және бұл кеңістіктің саяси біртұтастығының қалыптасуы оның жаңа күш орталығына айналу мүмкіндігін арттырады. Ал негізінде жаһандану үдерістері үдей түскен қазіргі заманда бүкіл әлемдік өркениеттің құрамдас бөлшегі ретінде түркі өркениетінің оқытылып, үйретілуі жаһандану тенденциялары мен оның даму келешегіне баға беру тұрғысынан аса өзекті мәселе. Түркі өркениетінің өмір сүруін қамтамасыз еткен ең маңызды фактор оның әлемдік тілдік семьялардан өзгеше лингвистикалық жүйеге кіретін, яғни Алтай тілдері бұтағында түркі тілдері тобына кіретін суперэтностың өркениеті ретінде дамып, қалыптасуы. Барлық ірі тілдік семьяларға кіретін халықтар (үнді-еуропа, семит, қытай-тибет, т.б.) негізінде дәл осы тілдердің этномәдени саласында өзінің өркениет кеңістігін құрған. Бұл заңдылық жалпы түркі тарихында өркениеттің гүлденуі үдерісінде де сақталған.
Түркі өркениеті тарихта жеке-жеке емес, бір жүйе, бір процесс түрінде пайда болған. Ол әртүрлі өркениеттердің Еуразия бойынша ұрпақ өзгерістерінің генераторы (қуат көзі) қызметінде осы өзгерістерден нәр алған, жаңадан пайда болған өркениеттерге тың серпін берген. Осы орайда, түркі өркениеті тек өзін ғана тудырған бір жүйе емес, сонымен қатар әлем өркениетін құраушы басты детерминаттардың (айқындауыштардың) бірі екенін айтып өту керек. Түркі өркениетін жоққа шығарушылардың пікірінше, түркілердің тек мәдениеті ғана қалыптасқан, ал өркениет тудыру деңгейіне жете алмаған. Бұл толықтай жаңсақ көзқарас. Себебі мәдениет ішінде мәдениеттердің болу фактісін растау, жалпы алғанда, мүмкін емес. Белгілі бір өркениет жүйесінің өз ішінде оның даму сатылары секілді жеке-жеке мәдениеттер қалыптасады. Түркі өркениеті де тарихи даму заңдылығына сәйкес бір-бірімен генетикалық байланысы бар әртүрлі мәдениеттер тудырған. Бұл ұлттық мәдениеттер (түрк, әзербайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, ұйғыр, башқұрт,татар және т.б.) ғасырлар бойы өзіне тән ерекшеліктер алуына қарамастан, ұқсас сипаттарын да жоғалтпаған. Сонымен қатар, олар түркі өркениетінің ішінде әмбебап құндылықтарға ие мәдениеттер секілді тармақтала түскен.
Әлемдегі барлық мәдениеттер мен өркениеттердің өзара қарым-қатынасы үдерісінде «түркі өркениеті» ұғымының өзінде жинақтаған ерекшеліктері төмендегідей: Мәдениет мәселесінде табиғаттың архетиптік сипат алуы: табиғат түркілер үшін барлық жерде отан болып саналған. Тілдің даму үдерісінде оның өз лингвистикалық «өзегін» және даму заңдылықтарын қорғап қалуы: өзара өркениет қарым-қатынастарында түркі тіліне қаншалықты кірме сөздер енсе де, олардың мөлшерінің артуы оның құрылымдық ерекшелігін бұзбай, керісінше, тілдің сапалық көрсеткішіне айналып отырған. Мифтік дүниетанымы түркі өркениетінің қалыптасу үдерісінде оның «поэтикалық архитектурасын» тудырады. Түркі эпос мәдениетінің архетиптері көркемдік-эстетикалық дамуының кейінгі сатыларында да жаңаша мазмұндау формаларында көрініп отырады.
Халық өзі дүниеге әкелген өркениеттің барлық кезеңдерінде өзін мемлекеттің ажырамас бөлігі ретінде көрсетеді: түркі тарихында да ұлыс-мемлекет синтезі түркі саяси-мәдени құрылымының синергиялық зандылыққа сәйкестігі секілді пайда болады. Түркі халықтарының мәдени, әлеуметтік және саяси мағынада жаңғыруы олардың өз тамырынан айырылуына әкеліп соқпайды, керісінше, дәстүр мен жаңашылдық түркі өркениетінің өмірлік принципі ретінде өзін дұрыстап, әрдайым қатар адымдайды. Түркі өркениеті өз ішінде де, басқа өркениеттермен қарым-қатынасында да әрдайым үндестік пен үйлесім тудыруға тырысады. Өзара алмасу мәдениетіндегі толеранттылық осы өркениеттің ішкі тепе-теңдігі мен тұрақтылығын сақтайды. Түркілер кең-байтақ Еуразия кеңістігінде қаншама мемлекет пен империялар құрса да, әрі осы саяси құрылымдарда тарих бойы жеке-жеке ұлттық мәдениеттер қалыптасса да, бұл тарихи-этникалық, саяси-мәдени тармақталу түркі өркениетінің өзегін ыдыратып, жоймаған. Түркі өркениеті тарихтың барлық кезеңдерінде түркі ұлттық мәдениеттерінің бірлестіруші базасы ретінде сақталып қалған, әрі осы «ағымдардан» келген қуатпен әрдайым күшею, мызғымас іргетас болу мүмкіндіктеріне қол жеткізген. Бұл тұрғыда түрікі әлемінің бірлігі – түркі өркениетінің бірлігі, біртұтастығы деген сөз.
Түркі өркениеті өзінің барлық қызмет ерекшеліктері арқылы Еуразияның бай табиғатын, этносфераның алуан түрлілігін, фольклор архетиптерін өзінің өзегінде тарих бойы сақтап, олардың бірлігін рухани қуатқа, әскери-саяси ұйымдасушылық құдіретке айналдыра білгендіктен, сөздің нақты мағынасында айтар болсақ, пассионар өркениет болып табылады. Түркілер үнемі әлем мәдениетінде әмбебаптандырушы үдерістерді ілгерілетіп, мәдениеттер арасындағы байланыстардың көп тілділік негізін тудырған. Гуманизм философиясын, теологияның рационалдылығын, жалпы адамзат құндылықтарының барлық адамзатқа тән болу идеясын, саяси биліктің, қоғамдық заңдардың әділеттілігін, рухани және материалдық сұлулықты,отбасы құндылықтарын, Тәңірлік махаббаттың тартымдылығын ең жоғары көркемдік шеберлікпен және ғылыми логикамен аша білген жалпы түркі поэзиясының, ғылымы мен философиясының классиктері әлем мәдениетінің дамуында қайта өркендеу дәуіріне тың серпін берген.Түркі ислам мемлекеттерінің Таяу Шығыс пен Орта Шығыс саясатын басқаруы осы аймақта өмір сүрген халықтар мен олардың мәдениеттерінің тек түркі және ислам өркениеттері негізінде интеграциялануына жол ашқан.
Түркілердің саяси басымдығы исламды дін, өркениет және саясат ретінде өз тарихының ең жарқын сатысына шығарды. Гүлденген дәуірінде өзара байланыстар құрған үнді, қытай, ислам, батыс және славян өркениеттері шеңберінде түрк өркениетінің жинақтаушы қызметі адамзаттың тарихи дамуын бағыттау жігеріндегі мақсаттылығымен көрінген. Тарих жадында қалған ең маңызды фактілердің бірі – түркі империяларының ешбірінде ұлтаралық кемсітушілікке (бөлушілікке) жол берілмеген, керісінше, өзге ұлт, дін және өркениет өкілдері мемлекет істерінде алға тартылып, тіпті, жоғары билікте болған. Түркі әлемінің тек қана әлеуметтік-саяси тұрғыдан емес, әрі көркемдік-эстетикалық мәдениет тұрғысынан да бөлінбес біртұтастығы және алуан түрлілігі басқа өркениет пен оны тудырушыларға ізгі ниетті байланыста барлық тамаша жақтарымен көзге түскен. Түркілер саяси тұрғыдан басқа халықтар мен дін мәселесінде қандай да бір кемсітушілікке жол бермегені секілді, өзге халықтардың ахлақи және рухани заңдарына, өнер технологияларына, тарихи ескерткіштеріне де құрметпен қараған. Мысалы, Орталық Азиядан Анадолыға дейін бүкіл түркі елдеріндегі көне өркениеттердің барлық іздері қиратылмай, қорғалып, сақталып қалған. Түркілер өздерін әлемге жоғары тектен шыққан, текті халық ретінде көрсетумен қатар, басқа халықтар мен мәдениеттердің шығармашылық стилін, озық тәжірибелерін де пайдалануға тырысқан. Қазіргі заманда түркі ұлттық мемлекеттерінің бірлігі идеясының түп-түбірінде де осы мемлекеттерді тудырған түркі халықтарының этногенетикалық іргетасы, ұлы өркениет бастаулары, мемлекеттілік тәжірибесі мен дәстүрі, бүкіл тарих бойы жалғасқан этномәдени байланыстары, тарихи бөліну процестерінде жоғалтпай сақтап қалған, әрі ұдайы дамытып отырған ортақ құндылықтары жатыр. Бұл іргетастың беріктігі соншалық, тарихтың ең қиын дәуірлерінің өзінде мызғымай, құлдыраған сайын нығая түскен, ал қазір мықты энергетикалық әлеуетін жаңадан әрі мақсатты түрде әрекетке көшірерлік бейнебір күші барберік іргетас сипатында.
Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала). Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде "Тархан" деген атаудың болуы. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған жазбаларына қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.
Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті, оның бақытына қарай сол заманда Отырарда аса бай кітапхана бар еді. Әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренеді, осы тілде ғылыми трактаттар оқиды. Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған соң әл-Фараби өз білімін жетілдіру мақсатында Бағдатқа аттанады. Фарабидің дүниетанымының қалыптасуына Мерв мектебінің ғылыми дәстүрлері мен философиялық бағдарлары өз әсерін қалдырды. Бағдадта әл-Фараби ғылым мен әртүрлі пәндерді оқиды. Білімге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында да болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. Сол қалаларда оқыды, еңбек етті. Шығыстың осы шаһарларында ол өз дәуірінің ең көрнекті ғалымдарымен, көркем сөз деректерімен танысады. Олардан тәлім-тәрбие алады.
Әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында "Екінші Ұстаз" атауына ие болды. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор (150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар), ал оның айналысқан ғылыми салалары ол – философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат" деп аталады. Оның атақты “Музыка туралы үлкен трактат” деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
Жүсіп Баласағұни, Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни (1020) - ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткер
Өмірі туралы мәліметтер аз сақталған. философиа, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, тағы басқа ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан. Жүсіп Баласағұнидің есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында "Құтадғу білік" ("Құтты білік") дастаны арқылы қалды. Жүсіп Баласағұни бұл дастанын хижра есебімен 462 жылы, қазірғі жыл санау бойынша 1070 жылда жазып бітірген. Дастанды "хандардың ханы" - Қарахандар әулеті мемлекетінің (942 - 1210) негізін салушы Сүлеймен Арслан ханға (908 - 955) тарту етеді. Сол үшін хан өз жарлығымен Жүсіп Баласағұниға "хас хажиб" - "бас уәзір" немесе "ұлы кеңесші" деген лауазым берген. Дастанның бізге жеткен үш нұсқасы бар. Біріншісі, Герат қаласындағы 1439 жылы көне ұйғыр жазуымен (қазір ол Вена қаласындағы Корольдік кітапханада сақтаулы), екіншісі, 14 ғасырдың 1-жартысында Египетте араб әрпімен (Каирдың Кедивен кітапханасы қорында) көшірілген. Ал Наманған қаласынан табылған үшінші нұсқа 12 ғасырда араб әрпімен қағазға түсірілген.
Махмұд Қашқари (араб. Махмұт ибн әл-Хұсейн ибн Мұхаммед әл-Қашғари; 1029—1101) — түркі ғалымы, әйгілі «Диуани лұғат ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») атты еңбектің авторы.
Махмұдтың әкесі белгілі қолбасшы, Барсханның әмірі болған. Ол кейін Қарахан әулеті билеген мемлекеттің мәдени саяси орталықтарының бірі Қашқарға ауысқан. Махмұд осында дәріс алған, ұзақ жылдар тұрған. Оның аты жөніне қай жерден шыққанын көрсететін дәстүрмен «Қашқариді» тіркеуінің мәнісі де содан.
Ғалымның туған, қайтқан жылы белгісіз. Ол жөнінде өзі де, басқа зерттеулер мен сол тұстағы жазбаларда да ештеме айтылмайды. Ол Қашқарда алған білімін одан әрі толықтыру мақсатымен, Бұқара, Нишапур, Бағдат қалаларында болады, түркі тілінің сыртында араб, парсы, тілдерін жетік меңгереді. Өз заманының аса білімдар филологы, тарихшысы, этнографы, географы ретінде танылады.
Қожа Ахмет Ясауи[K 1], халық арасында Әзірет (Хазрет) Сұлтан атымен танымал (1093 немесе 1103, Сайрам — 1166, Түркістан[1]) — ортаазиялық философ, ислам уағызшысы, сопылық ақын.
Қожа Ахмет Ясауи – 1093 жылы туылған түркістандық ғұлама, әулие. Қожа Ахмет Ясауидің арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі – Исфиджабта даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Мұса шейх те Исфиджабта әулиелігімен танылған. Кейбір деректерде Қожа Ахмет Ясауидың Ибраһим атты ұлы мен Гауhар Хошназ (Жауhар Шахназ) атты қызының болғандығы айтылады. Қожа Ахмет Ясауидың ұрпағы негізінен осы қызынан тарайды. IX ғасырда Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Ясы, Сауран, Сығанақ Шаш, Сүткент, Жент, Кудур, Отлук, Өзкент, тағы да басқа Мауераннахр қалаларында ислам діні уағызшыларының белсенді әрекеттері саяси сипат алған болса, Х ғасырдан бастап ислам ілімі жолындағы тәлім-тәрбиелік ордалар – медресе-теккелер түбегейлі орнығып, исламдық-руханияттық ахлақи (моральдық) ұстанымдар қалыптаса бастады. Қожа Ахмет Ясауи дүниеге келмей тұрып, Исфиджабта исламдық фикһ (құқық) мектебі ханафи мазһабының ондаған өкілдері өмір сүрді. Ясауи ілімі осы саяси-әлеуметтік, тарихи шарттарға байланысты қалыптасты. Қожа Ахмет Ясауи ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Кашифи “Рашахат-ул айн-ил хайат” атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жыл қызмет еткендігі туралы мәлімет береді. Ясауидың “Диуани хикметінде” де Арыстан баб жиі ауызға алынады. Қожа Ахмет Ясауидың өмірі мен қызметі туралы Жазба деректерде (Хазини, “Жауаһир-ул Абра Мин Амуаж-ил Биһар”) оның Юсуф Хамаданидың шәкірті екендігін көрсететін деректер болғанымен, соңғы зерттеулерде оны теріске шығаратын тұжырымдар айтыла бастады.