Файл: азастан республикасы денсаулы сатау министрлігі марат оспанов атындаы батыс азастан медицина университеті.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 05.12.2023
Просмотров: 237
Скачиваний: 1
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
1 сурет – Маңдайрефлекторы
Маңдай рефлекторын дәрігер басына байлам арқылы бекітіп, шарнирін маңдай деңгейіне қойып, рефлектордың саңылауын сол көздің тұсына орналастырады (2сурет).
2 сурет – Маңдай рефлекторының орналасу көрінісі
ЛОР мүшелерін қараған кезде дәрігер науқасқа қарсы отырып, аяғын науқастың оң жағына орналастырады. Жарық көзі науқастың оң жақ құлақ қалқанының артында сәл жоғары орналасуға тиіс. Маңдай рефлекторы зерттелетін мүшеден 25-30 см. қашықтықта орналасады. Рефлекторды босатып, жарық шоғырын зерттелетін мүшеге бағыттайды. Оң көзді оң қолмен жабу арқылы айнаның дұрыс орналасқанына көз жеткізу қажет. Содан соң зерттеу әдісін бастайды.
1.2 Маңдай шамды қолдана білу
Маңдайшам (син. маңдайлық жарықтандырғыш) – операциялық орынды немесе зерттеу объектісін жергілікті жарықтандыруға арналған рефлекторы және маңдайға бекітілетін шағын жарық шамы бар құрылғы (3 сурет).
3 сурет - маңдай шам/жарықтандырғышы
Дәрігердің іс-әрекетінің нақтылығы операциялық аймақтың көріну деңгейіне байланысты, сондықтан оториноларингология, стоматология және хирургия салаларында жергілікті жарық беруге аса назар аударады.
Әсіресе, дәрігер микроскопиялық құрылымдармен, жұмсақ тіндердің жеңіл жарақат түрлерімен жұмыс жасағанда, көлеңкесіз жарықтың алатын ролі өте маңызды.
Маңдай шамы /жарықтандырғышы/ - операция жасалатын немесе зерттелетін аймаққа жарықты түсіруге арналған ыңғайлы құрал. Құрылғы бинокулярлы лупа мен фотон көзінен құрастырылған маңдайға бекітетін аспап.
Жарық түсіруге пайдаланылады:
-
ксенон шамы; -
галогенді шам; -
жарық диоды.
Жаңадан пайда болған аспаптарының оптикалық жүйелері өте жақсы жетілдірілген, жұмыс жасау кезінде қателіктермен мен келеңсіздіктер кездеспейді, сол себепті жұмыс барысында ұсақ анатомиялық түзілістерді көруге мүмкіндік береді.
Маңдай жарықтандырғышы мен лупаны бірге пайдаланғанда көру объектісін үлкейтіп айқын көрсетеді. Жұмыс қажеттілігіне және зерттеу мақсаттарына сәйкес шамды көлденең және тігінен қолдануға мүмкіндік қарастырылған. Лупа жарық беру жүйесімен бірге шлемнің алдыңғы бөлігінде орналасады. Құрылымына: аккумулятор, қосқыш кабельдер және де әртүрлі конфигурациядағы бинокулярлы лупаларды бекіту үшін клипс кіреді. Құрал 4-5 сағаттай сыртқы желіден тыс өздігінен жұмыс істейді.
Медициналық шамның /жарықтандырғыштардың/ қарапайым жарық диодты, бинокулярлы және суық жарықты фиброоптикалық жарықтандырғыштар түрлері бар.
Бинокулярлы жарық бергіштер екі бөліктен тұрады: жарық бергіш және микроскоптан, оларды бірге және бөлек пайдалануға болады.
Фиброоптикалық жарықтандырғыш-гомогенді және айқын жарықтандыруға арналған оптикалық құрылғы. Оны бинокулярлы лупамен және түрлі бейне аппаратураларымен бірге қолданған тиімді.
1.3. ЛОР-комбайн
ЛОР-комбайн – заманауи деңгейде мұрын, тамақ, құлақ ауруларына диагноз қоюға және емдеуге жағдай жасайтын оториноларинголог дәрігеріне арналған автоматтандырылған қондырғы (4 сурет).
4 сурет – ЛОР-комбайн
ЛОР-комбайнның негізгі міндеттері:
-
білікті мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін жағдай
жасау;
-
жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз ету; -
ЛОР-ауруларына алғашқы диагноз қою және екшеу диагностика жүргізуге мүмкіндік беретін жоғары деңгейдегі техникалық элементтермен қамту.
Лор-комбайнның жинағы
- ЛОР-эндоскоптар;
- ауа мен суды сору жүйесі;
- науқасқа сығылған ауа мен суды беруге арналған компрессор;
- су ағызуға арналған раковина;
- дәрі бүрікігіш;
- жарық көзі;
- эндоскоптарды, айналар мен құралдарды қыздыруға арналған құрылғы;
- сұйық кристалды басқару дисплейі;
- сандық бейнекамера;
- пациентке арналған жинамалы кресло;
- материалдар мен құралдарға арналған ыдыстар /контейнерлер/
Құрал-саймандарды жылыту, дәрі-дәрмектерді бүрку, компрессор және т.б. орнатылған жүйелерді пайдалану пациент үшін барынша тиімді, әрі қауіпсіз.Вакуумдық аспирация орнатылған жүйесі мұрын жолдары мен мұрын маңы қойнауларының кілегейлі-іріңді бөліндіден тазартуға, қысымды жіті бақылау арқылы сыртқы есту жолындағы тығындарды алуға мүмкіндік береді. Мұрын, құлақ, тамақ ауруларында дәрілерді бүрку дәрілік заттардың (антибиотиктер, антисептиктер және т.б.) қажетті жеріне енуіне және жууға мүмкіндік береді. Дәрі-дәрмектердің тін аралағына және қуыстың ішіне терең енуіне себепкер, сондай-ақ ісінудің, қабынудың тез басылуына ықпал жасайды. Есту түтіктерін үрлеу ауа жіберу арқылы жүргізіледі. ЛОР-ем шаралары кезінде құралдарға уақытылы дезинфекция және қыздыру әрекеттерінде санитариялық-гигиеналық көрсеткіштері толықтай сақталады. Пациентті қарау кезінде ЛОР-ағзаларын заманауи жарықтандыру нақты диагноз қоюға және техникалық күрделі емдеу-диагностикалық процедураларды орындауға мүмкіндік береді. ЛОР-видеожүйесінде мониторды қолданып,әртүрлі сапалы бейне материалдар арқылы ЛОР-ауруларына шешуші диагноз қоюға болады. Дәрігер мен пациентке емдеуге дейін және емдеуден кейін ауру аймағының көрінісін көруге жағдай жасайды.Тіндердің түрі мен түсінің өзгеруін, функционалды және құрылымдық өзгерістерін электронды үлкейту арқылы толық көруге мүмкіндік береді. Заманауи ЛОР-комбайндарды пайдалану пациенттерге жоғары сапалы қызметті қамтамасыз етеді, сондай-ақ кіші операциялық әрекеттерді, оның ішінде аденотомияны, қорылды және т.б. емдеуге қолданылады.
2. Құлақ ауруларындағы қажетті тәжірибелік дағдылар
2.1. Отоскопия
Отоскопия дегеніміз құлақ оймышы арқылы сыртқы есту жолын және дабыл жарғағын көру.
Қажетті құралдар: маңдай рефлекторы немесе маңдай шам/жарықтандырғыш/, керекті көлемдегі құлақ оймышы, жасанды жарық көзі.
Қарау техникасы: Отоскопия алдында құлақ арты қатпарына, сыртқы есту жолының тарылуына, тыртықтарға және т.б. назар аудара отырып құлақ қалқанын, сыртқы есту жолын, емізікше тәрізді өсінді аймағын мұқият қарау керек. Қаралатын аймаққа пальпация жүргізіледі (ауырсыну, флюктуация, лимфа түйіндерінің ұлғаюы анықталады).
Отоскопия (5сурет) екі көзбен қарау арқылы жүргізіледі, сол көздің тұсында рефлектордың саңылауы орналасады. Құлақ оймышының кеңейтілген бөлігінде I және II саусақ орналасады (оң құлақты қарау кезінде оймышты оң қолға, сол құлақты қарау кезінде – сол қолға ұстайды). Оймышты жәймен айналалдыра отырып сыртқы есту жолына 0,8 см енгізеді.
5 сурет–Отоскопия жүргізу
Құлақ оймышы терең енсе, онда қатты ауырсыну пайда болады. Кейбір адамдарда оймышты енгізгенде кезбе нервісінің тармағы тітіркеніп жөтеледі. Сыртқы есту жолын түзету үшін ересектерде құлақ қалқанын жоғары және артқа тартады (балаларда – төмен және артқа қарай).
Қарау кезінде медбике баланы алдына отырғызып, аяқтарын аяғымен қысады; қолдарын және кеудесін оң қолымен, ал басын сол қолымен ұстайды.
Құлақты тексеру кезінде дабыл жарғағын көру маңызды болып саналады. Ортаңғы құлақтың ауруларында дабыл жарғағының қалпы, перфорацияның болуы диагноз қоюда өте нақты мәлімет. Сол себепті дабыл жарғағын қарау бір реттілікпен және мұқият жүргізілуі керек.
Сыртқы есту жолын құлықтан, эпидермистен және т.б. толық тазарту зерттеудің нәтижелігін жақсартады.
Отоскопияда дәрігер дабыл жарғағын толықтай көруге тиіс. Егер дабыл жарғағының беткейінде қабыршақтар немесе құлықтың қалдықтары болса, онда тазартылады, себебі дабыл жарғағындағы тесікті жауып, нақты диагноз қоюды қиындатады.
Дабыл жарғағының беткейінде: жоғарғы - алдыңғы полюсінде балғашықтын қысқа өсіндісі, одан төмен және сәл артқа балғашықтын сабы, оның төменгі жағында кіндік орналасқан. Кіндіктен алға және төмен қарай үшбұрышты жарық конусы көрінеді. Қысқа өсіндіден артқа және алға қарай қатпарлар орналасқан. Осы қатпарлардың жоғары жағында дабыл жарғағының керілмеген бөлігі (шрапнель мембранасы) көрінеді (6 сурет).
6 сурет – Дабыл жарғағы және оның ерекше белгілері:
А – дабыл жарғағының керілмеген бөлігі немесе шрапнель мембранасы, В – артқы қатпар, С – алдыңғы қатпар, D – балғашықтың қысқа өсіндісі, Е – жарық конусы.
Дабыл жарғағының беткейін шартты түрде төрт квадрантқа бөледі (7 сурет). Балғашықтың сабы бойымен бір сызық, екінші сызықты осыған перпендикулярлы кіндік арқылы жүргізеді, дабыл жарғағының беткейі шартты түрде 4 бөлікке бөлінеді (алдыңғы-жоғарғы, алдыңғы-төменгі, артқы-жоғарғы, артқы-төменгі квадранттар).
7 сурет - Оң және сол жақ дабыл жарғағының қалыпты көрінісі:
I-оң жақ дабыл жарғағы төрт квадратка бөлінген: 1-артқы-жоғарғы; 2-артқы-төменгі; 3-алдыңғы-жоғарғы; 4-алдыңғы-төменгі. II-сол жақ дабыл жарғағы: а-керілген бөлігі; б-керілмеген бөлігі немесе шрапнель мембранасы; 1-жарық конусы; 2-балғашықтың қысқа өсіндісі; 3-4-алдыңғы және артқы қатпарлар; 5-балғашықтың сабы; 6-кіндік.
Дабыл жарғағының қозғалғыштығын пневматикалық оймыш арқылы анықтайды (Зигл оймышы) (8, 9 сурет). Оймыштың кеңейтілген бөлігінде лупасы, ал бүйірінде резеңке баллонға жалғанатын түтік. Осы арқылы дабыл жарғағының қозғалғыштығын тексереді.
8 сурет - Зигл оймышы
9 сурет - Зигл оймышымен дабыл жарғағының қозғалғыштығын тексеру
Ауру құлақпен салыстыру үшін, отоскопияны сау құлақтан бастайды.
2.2. Отомикроскопия
Отомикроскопия дегеніміз ЛОР мүшелерін микроскоп арқылы қарау (10 сурет).Микроскоп нақты диагноз қоюға арналған құрылғы. Арнайы ЛОР-микроскопын пайдалана отырып ортаңғы құлақта, дабыл жарғағында, сыртқы есту жолында атипті немесе баяу жүріп жатқан қабыну процестерін және жаңатүзілістерді анықтауға болады. Қарапайым тәсілден айырмашылығы, тек қараумен шектеліп қоймай, емдеу шараларын қолдануға мүмкіндік жасайды.
10 сурет. Арнайы отоларингологиялықмикроскоп Haag-Streit Surgical ALLEGRA 50
Процедура наркозды, хирургиялық әрекетті қажет етпейді. Бұл шараны жүргізгенде дәрігер науқасқа қарсы отырып, микроскоп жарығын қажетті жеріне бағыттап, есту тесігін, дабыл жарғағын мұқият тексереді.