Файл: Асхат лімов интербелсенді дістерді жоАРы оу орындарында олдану оу ралы Алматы.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.12.2023

Просмотров: 1141

Скачиваний: 21

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.

VІ. Интербелсенді сабақтың құрылымы
1. Неліктен сабақ үш кезеңнен тұрады?
Барлық дерлік оқыту жүйелері, жобалары және технологиялары сабақтың үш кезеңдік құрылымын ұстанады.

Бұл ұстанымның Г.Гегельдің диалектикасынан бастау алатындығы сөзсіз. Адам өз санасындағы ұғымдардың барлығын да объективтік деңгейге дейін жеткізеді дейтін бұл диалектикалық ілімге сәйкес, біздің түсініктеріміз үш кезеңнен тұрады: тезис, антитезис, синтез. Таным процесінде біз әлем туралы қандай да болмасын түсінік қалыптастырсақ (тезис), міндетті түрде оған қарама-қарсы тұжырым да табылады (антитезис). Сол себепті де объективтік білім алуымыз үшін, біз ой-толғаныс арқылы тезис пен антитезистің қажетті жақтарын салғастыра келе, орта мағынаны (синтез) табуымыз керек. Гегельдің пайымдауы бойынша, екі қарама-қарсы тұжырымдар мен пікірлердің тоғысуынан (тезис – антитезис) шынайы түсінік пен білім пайда болады (синтез).

Жан Пиаже балалардың ойлау ерекшеліктерін анықтайтын тәжірибелерден олардың ойлауы үш кезеңнен тұратындығын байқаған: «Бірінші кезеңде балалар өзінің көзқарасын келтіреді, екінші кезеңде басқалардың көзқарастарын жақтайды, ал үшінші кезеңде тіпті қарапайым заттарды да ескере отырып, салыстырмалы көзқарас таңдайды. Сонымен бұл процесс ойдың бірте-бірте әлеуметтендіру процесіндей болады: алдымен таза эгоцентризм, одан кейін әлеуметтендіру және аяғында толық объективтендіру... Бұл үш кезең біздің ұғымымыздағы ойлаудың да үш кезеңін көрсетеді: трансдукция, қарапайым дедукция және толық дедукция» (Ж.Пиаже, 278).

Мұнда Ж.Пиаже «таза трансдукция» деп баланың логикалық тәжірибемен байланыспаған алғашқы «ой тәжірибесін» атайды, оны «қарапайым елестету немесе өмірді түйсінген қалыпта имитациялау» дейді (Ж.Пиаже, 339), ал дедукцияны баланың бір құбылысты түсіндірумен қанағаттанбай, оны басқа да құбылыстармен байланыстырып, соның нәтижесі бойынша қорытындылауы мен жалпыламалауы деп атайды. Алғашқы дедукция баланың өзі білетін, оның күнделікті тәжірибесінен туындаған, оның сенімін тудыратын өмірдің кейбір жақтарына бағытталады. Мұнда бала өз түсініктеріне қарама-қарсы гипотезалар мен басқалардың келтірген пікірлерін қарастырады, оларды ой-өрісінен өткізеді. Тек осыдан кейін ғана оның ойы жан-жақты болып, бастапқы сенімдерден арылады (Ж.Пиаже, 338-339).

Сонымен Гегельдің және Ж.Пиаженің ілімдеріне сүйене отырып, таным және ойлау процестері үш кезеңнен тұрады және олар біртұтас құбылыстың, қозғалыстың бір-бірімен тығыз байланысты, бір-бірінен туындайтын және бір-бірінсіз қызмет жасамайтын ажырамас бөліктері болып табылады деп ұйғаруға болады.

Кесте № 38



Таным кезеңдері

(Г.Гегельдің диалектикасы бойынша)



Ойлау кезеңдері

(Ж.Пиаже бойынша)



Тезис



Эгоцентризм немесе трансдукция


Антитезис


Әлеуметтендіру немесе қарапайым дедукция



Синтез


Объективтендіру немесе толық дедукция




Тура осы секілді барлық дерлік оқыту жүйелері мен жобаларында кез келген сабақты да үш кезеңге бөлу дәстүрі мықтап орын алған. Сабақтың үш кезеңдік структурасын М.Жанпейісова былай түсіндіреді: «Психологтардың пайымдауынша, әрбір дербес тарауды (тақырыпты) оқып үйрену үш негізгі кезеңнен: кіріспе-қызықтырушылық, операционалдық-танымдық және рефлексиялық-бағалау кезеңдерінен тұруы тиіс (Л.М.Фридман)» (М.Жанпейісова, 15).

Дәстүрлі оқыту әдістемелері де орта мектепте «Өткенді қайталау – Жаңа білімді түсіндіру – Бекіту» форматындағы сабақтың үш кезеңдік құрылымын (азғантай ауытқулармен де болуы мүмкін) ұстанады. Ал дәстүрлі оқытуды ұстанатын жоғарғы оқу орындарында бұл құрылым осы қалыпта қадағаланбай, өзгерістерге ұшырайды. Мәселен, лекция сабақтарында «Өткенді қайталау» және «Бекіту» кезеңдері тіпті де қолданбай, олар семинар сабақтарына (практикалық сабақтарға) ауыстырылады.

Дәстүрлі лекция оқытушы тарапынан тек жаңа тақырыпты «берумен» шектелетіндігі белгілі. Лекция басында оқытушы әдетте студенттерді жаңа тақырыпты игеруге жұмылдырмайды, ынталандырмайды, олардың қажеттіліктерімен санаспайды: сабақ оқытушының жоспары бойынша өткізіледі. Ал оқытушының мақсаты әдетте тек білімді «берумен» шектеледі: мұнда негізгі мәселе ақпараттың ауқымында болады - неғұрлым көбірек «берілсе», соғұрлым дұрыс болып есептелінеді. Лекция басында оқытушы студенттерге тақырыпты және оның негізгі сұрақтарын, қажетті әдебиет тізімін оқып, оларды жазып алуды талап етеді. Осындай кіріспе бөлімнен кейін лекция оқу басталады. Мұндай лекцияларда студенттер тек екі әрекет атқарады: тыңдайды және жазады.

Дәстүрлі семинар сабақтары тек лекцияда қарастырылған тақырыпты қайталаумен шектеледі. Студенттерден лекцияда және ұсынылған әдебиетте берілген теориялық мәліметтерді қайталау талап етіледі. Әрине, мұндай сабақтарда студенттерге теориялық мәліметтерді практикада, күнделікті өмірде қандай қолданыс табатындығы жайлы ой қозғап, өзіндік түсінік пен пікір қалыптастыру мүмкіндігі берілмейді. Көбінесе мұндай сабақтар репродуктивтік тұрғыдан қайталауға ғана негізделеді.


Лирикалық шегініс

Дәстүрлі сабақ барысы...

(әзіл-шыны аралас эссе)

Орта мектепте дәстүрлі сабақтың ең көп тараған үрдісін көз алдымызға елестетіп көрейікші...

Сабақ әдетте өткен тақырыпты сұраумен басталады. Мұғалім сынып журнал ы бойынша әр оқушының фамилиясын атап, кімнің бар-жоқ екендігін түгендеп алғаннан кейін (бұған шамаман 2-4 минуттей есіл уақыт жұмсалады), журнал ға шұқшиып: «Ал енді өткен сабақтың тақырыбы бойынша маған сөйлейді... маған сөйлейді...» деп қаламын (немесе саусағын) жоғарылы-төмен жүгірте бастағанда, көп оқушылардың зәре-құты қалмайды, олар кірерге тесік таппай, жүректері ауыздарына тығылатын кейіпке түседі емес пе?! Сынып іші тым-тырыс күйге енеді: шыбынның ызыңы естілгендей... Стресті бастан кешіретін нағыз осы шақ! Байғұс шәкірт, сен сол мезетте қаншама миллиард жүйке жасушаларынан айрылады екенсің?!

Ағай (немесе апай: бәрібір емес пе кім екендігі, өйткені олардың сабақтарының бір-бірінен алшақтығы шамалы ғой!): «Маған сөйлейді бір «екісі», бір «бесі» бар Рапбек бала Түңдікбаев!» деп үкім шығарғанда, бүкіл сынып жеңілденгендей «Үф!» деп демін бір сыртқа шығарып алады.

Өткен сабақтардың бірінде алған «екілігін» жою мақсатында кеше ғана №30 параграфты толық жаттап келіп, тақтаның алдында шірене жауап беріп, сол үшін «бестік» алып, «Әй, енді ағай/апай үш-төрт сабақ менен сұрамас!» деп қаннен-қаперсіз отырған Рапбек үшін ғана бұл хабар аспаннан дүңк етіп түскен жайдың оғы іспеттес болды. Жаңа ғана ол алдындағы партада отырған Гүлжаһанға саусағын безеп, «Көресің, қазір сенен сұрайды!» деп мазақтап отыр еді...

Алғашында Рапбек құлаққа ұрған танадай селтиіп тұрып қалған. Мұндай әділетсіздікке сенгісі келмеді. Бүкіл сынып Рапбекке бір жағынан сынай («Ал көрейік, қандай екеніңді: өткен сабақта ешкімге сөз бермей сарнап едің, бүкіл тақырыпты жаттап алып! Сайра енді, бұлбылым!»), екіншіден үмітпен («Ойбай, құтқар бәрімізді, Рапбек, құрымай тұрғанымызда! Өткен сабақта бәрімізді де тамсандырып едің ғой!») қарайды.

Рапбекке енді ғана тіл бітті. «Астыңғы ерні қыбырлап, Үстіңгі ерні жыбырлап, Рапбек сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді»:

- Ағай/апай! Мен өткен сабақта жауап беріп едім ғой!

Сәл діріл қаққан дауысынан реніш сезілгендей. Алайда ағай/апай оның сөзіне титтей де иланған жоқ, жауап беруді талап етті... Желкесін қынжыла қасып, арылы-берілі теңселуге ғана шамасы жеткен Рапбекке (амал нешік!) бүгінгі сабаққа дайын еместігін мойындап, орнына отыруына тура келді.


Ағай/апай Рапбекті біраз жерге апарып тастады («Сені тәп-тәуір бала ма деп жүрсем, сен де мына Жүргенбаевтардың арғы-бергі жағында екенсің ғой! Қап, бәлем, осыдан тоқтай тұр, сынып жетешісіне/әкеңе/анаңа/ ағаңа/ әпкеңе айтып, сазайыңды тарттырармын!). Рапбектің екі жүзі қызарып кетіпті: әбден масқарасы шыққандай кейіпте өзі...

Ағай/апай Рапбектің ұпайын түгендеп болған соң тағы да екі-үш баланы «жауапқа тартты». Біреу жауап бергенде, басқалары бұғып отыратын әдет емес пе! Бәрінің ойы жалғыз ғана: «Менен сұрамаса екен! Менен сұрамаса екен! Менен сұрамаса екен!» деген тілек. Құдды оқушының Көкке бағыштаған дұғасы мен жалбарынышы секілді бұл сөздер...

Айтып-айтпай не керек, әйтеуір әупірімдеп жүріп, сынып өткен сабақты бір қайталап шықты-ау бір кезде! Мұнда да бірінші партада отырған, сабаққа ылғи да дайындалып келуді өздерінің өмірлік міндеті мен борышы санайтын Гүлбаһар мен Гүлмираларға рахмет: манадан бері қолдарын көтеріп «Мен айтайыншы!» деп отырғанында, оларды «Сендер күнде жауап бересіңдер ме?» деп елемей қойған ағай/апай уақыт өте әбден шыдамы таусылып, бір кезде тақырыпты солардан сұраған...

Ендігі кезек - жаңа сабақты түсіндіруде. Ағай/апай орнынан тұрып, жөткеңкіреп тамағын бір қынап алып, екі иығын қомданып, шашын (костюмін, жағасын, галстугін, қалтасын, т.с.) сәл түзеп қойып, бүгінгі сабақтың тақырыбы жайлы әңгіме шертуге кіріседі. Оның айтатыны оқулықта жазылғанның ар-жақ бер жағы, сол деректі азғантай ғана түрлендіріп, сәл-пәл «май» қосып, «өз сөзімен» айтып беруде ағай/апай. Желідегі құлындай оқулықтан пәлендей алшақтай алмайды. Өзінің негізгі міндетін орындап тұрған сыңайда: қатқылданған жүзінен шабыттың әнтек болса да бір табы сезілетіндей, даусы да жарқын-жарқын шығады...

Ағай/апай жаңа сабақты айта бастағанда, бүкіл дерлік сынып иықтарынан тау түскендей жеңілденіп, босаңсығандай. Сабақтың ең ауыр, азапқа тұрарлықтай кезеңі аяқталды олар үшін. Енді бойыңды да еркін жазуға болады. Сол себепті де әркім өз ісімен айналысуда. Гүлжаһан Рапбекке тілін көрсетіп, «Алдың ба, бәлем, сазайыңды; бағана маған күліп едің!» деп мазақтап, дән риза. Әбілғазы мен Бақыт алдарында жатқан қағазға шұқшиып, өздері ғана түсінетін бір ойын ойнауда. Майра мен Күләйхан қол айнасына әлсін-әлсін жасырын қарап, шаштарын түзеп әлек. Жомарт пен Сейітжанның екі көзі ағай/апайда, алайда ауыздарын алақандарымен көлегейлеп («ағай/апай сезіп қоймасын» деп), қызық бір тақырыпты талқылауда (шамасы Майраның әдемілігі жайлы). Асан болса Гүлбаһарға анда-санда жасырын көз тастап, дәптерінен жұлып алған параққа хат жазуда; хат жолдары оқтын-тектін өлеңге айналып кете жаздай ма, қалай?.. Рапбектің фәни денесі сынып бөлмесінде отырса да, оның бақи жаны зәулім арман мен шексіз қиял патшалығына сапар шегіп кеткен сыңайда, тек анда-санда еріндері діріл қағып, жыр жолдарын қайталағандай болады...


Ағай/апайды тыңдап отырған ешкім де жоқ... Ол кісі мұны біле ме? Білсе, неліктен әңгімесін қызық қылып айтпайды? Неге сөздеріне бәрін де селт еткізер, оқушылар өміріне тікелей қатысы бар құнды бір мағлұматтар қоспайды? Неге оқушыларды да әңгімеге араластырмайды? Неліктен диалог құрмай, тек монологқа дес береді? Әлде оған бәрібір ме: оқушылар тыңдап жатыр ма, жоқ па? Тыңдамаса, тыңдамасын, әйтеуір мен өз міндетімнен құтылдым: «Айтып бермесем – маған серт! Қайталап бермесең – саған серт!» деген сыңайда ма мұғалімнің басты сабақ ұйымдастыру мен өткізу қағидасы?

Анда-санда ғана өз сөзін оқушыларға ескерту жасау үшін ғана бөледі: «Әй, Асқат, сен неге тықыршып кеттің?! Тыңдамайсың ба!» немесе «Менің айтып тұрғанымды ертең дәлме-дәл айтып бермесең, Дәмешкен, «екілік» алғаның! Тыңдап отыр!», т.с.с... Сонда оқушылардың сабақтағы басты міндеті мен әрекеті тек тыңдау болғаны ғой!

Осындай сабаққа қатысқаннан кейін, бір мұғалімнен «Сіз не үшін оқулықта келтірілген мәліметті өзіңіз айтып бердіңіз: оқушылар тіпті де Сізді тыңдамады ғой? Мүмкін жаңа тақырыпты игеру жұмысына оқушыларды қатыстыру керек болар: олар Сіздің жетекшілігіңізбен бірлесе отырып, мәтінді өздігімен оқып, оны бірлесе талқыласа қалай болар еді? » деп сұрағанда, ұстаз «Мен мемлекеттен бекер жалақы алып жүрмегенімді дәлелдеуім керек емес пе? Сол себепті де оқушыларға түсіндіруім керек!» деп жауап берген екен...

Айтып-айтпай не керек, әйтеуір мұғалім жаңа сабақты түсіндіруін аяқтады деп есептейік. Өз сөздерінің нәтижелі болғандығын ағай/апай оқушылардың әрекеттерінен емес, ауызша пікірінен ғана білгісі келеді: «Балалар, жаңа сабақты түсіндіңдер ме?» Әрине бүкіл сынып «Түсіндік!» деп жауап береді. Сейтжан болса тіпті ренжігендей кейіп көрсетеді: «Түсінбегенде ше?!» деп. Басқа жауаптың болуы мүмкін емес бұл жағдайда, оқушылар оны жақсы біледі: егер де бола қалса, мұғалім өзіңе тиіспей ме «Неліктен түсінбедің: тыңдамағанның салдары бұл!» деп. Сондықтан манадан бері селқос отырған шәкірттер «Түсіндік!» деп тақ-тақ етеді...

Енді сабақтың үшінші кезеңі – жаңа білімді бекіту өз кезегін күтіп тұр. Зор борышын орындаған кейіппен ағай/апай орындыққа отырып (жүзінде сәл шаршаңқылық сезіледі: оңай да емес қой 15-20 минут көсіліп сөйлеген!), оқушыларға тапсырма береді: «Ал енді, балалар, пәленшесінші параграфты ашып, соны оқыңдар (немесе: түгеншесінші есепті шығарыңдар, пәленшесінші жаттығуды көшіріңдер), сабақ соңында мен тексеремін!»

Бүкіл сынып шұқшия жұмысқа кірісіп кеткендей, ал ағай/апай бір (немесе бірнеше) оқушыны тақтаға шақырып («Әй, Баймұқанбетов пен Сырбаев, бағанадан бері тіпті де құлақ салмай отыр едіңдер! Келіңдер, түсінгендеріңді көрейін!»), сол балалармен жаңағы тапсырманың бір бөлігін орындайды. Қоңырау шылдырлағанда, мұғалім әлі де әлгі оқушылармен әлек болып жатады, басқалардың немен айналысып отырғандығын қапеліміне де алмайды. Ал басқалар берілген тапсырманы орындап жатқан сыңай ғана көрсетіп, манадан бері айналысып жатқан істерін жалғастыруда. Тек екі-үш бала ғана (ішінде сол баяғы Рызуангүл, Гүлмира, Гүлбаһар бар) мұғалімнің берген тапсырмасымен әуреленіп, әйтеуір бір әрекет жасап, қыбырлап отыр.