Файл: Асхат лімов интербелсенді дістерді жоАРы оу орындарында олдану оу ралы Алматы.doc
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 1168
Скачиваний: 21
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Проблемаларды шешу үшін адам бірінші кезекте ойлай білуі керек, демек қазіргі кезде ойлау мен ойлай білетін адамдардың маңызы ерекше. Тіпті терең ойлай білу - адамның (тұлғаның, маманның) басты қасиеті де болар: ойлау арқылы ғана адам бұл өмірден өз орнын табады.
Ғұлама ғалым Альберт Эйнштейннің «Дыбыс жылдамдығы қандай шама?» деп сұраған бір әйелге: «Мадам, мен сөздіктер мен анықтамалардан алуға болатын деректерді ешқашан да есімде сақтамаймын!» деп жауап бергені мүмкін сол себепті де болар? Сол себепті де компьютер шығаратын алпауыт компаниялардың бірі ІВМ-ның бас офисіне кіре берісте келесідей ұран жазылған: «Бас адамға есте сақтау үшін берілмей, ойлау үшін берілген! Ал есте сақтау үшін компьютерлер шығарылған!»
Қазіргі күні ғалымдар ойлаудың үш түрін ажыратады:
1. Сыни ойлау.
2. Проблема шешуде қолданатын ойлау.
3. Шығармашылық ойлау (Некоторые вопросы образования-2, 33-36).
Кесте №1
Сыни ойлау | Проблема шешуде қолданатын ойлау | Шығармашылық ойлау |
- Белгіленген критерийлер бойынша бағалау - Рефлексия түріндегі күмәндану - Дербес түрде пайымдау, қорытындылау - Логикалық талдауды қолданады - Жүйелі түрде ойлау | - Аналитикалық ойлау - Эмпирикалық ойлау - Жүйелі түрде ойлау - Эвристиканы қолданады - Алгоритмдерді қолданады - Конвергенттік ойлау - Сызықтық ойлау (проблемалар бірінен соң бірі шешіледі) | - Интуитивтік ойлау - Жорамалдылық - Күмәндану - Әртүрлі тәжірибе-лерді жинақтайды, біріктіреді |
Сыни ойлау - сенім («Не нәрсеге/кімге сенуім керек?») мен құндылықтарды таңдау, қандай да болмасын мәселе бойынша барлық сұрақтар қарастырылғанша «сыпайы» түрде күмәндану.
Проблема шешуде қолданатын ойлау - жүйелі талдауды қажет ететін ойлау процесі, мұнда бұрынғы білім білмейтінді анықтау үшін қолданылады (эвристика). Ойлаудың бұл түрі бақылау, қорытындылау, жалпыламалау, жорамалдау (гипотеза құру) мен оны тексеру секілді әрекеттер арқылы атқарылады. Мұнда тәжірибе қою арқылы (эмпирикалық тәсіл) проблемалар арасында байланыстар анықталып, олар бір-біріне жақындастырылады.
Шығармашылық ойлау проблеманың қиял мен фантазия, елестету арқылы вариациялары көп шешімдерін келтіруді меңзейді.
Оқу/оқыту шәкірттерді осындай ойлау түрлеріне ынталандыруы керек, олар әр сабақта қандай да болмасын тапсырманы орындағанда оны жекелей және бірлесе отырып, жан-жақты қарастырып, ой елегінен өткізіп, туындаған ойлары мен түсініктерін ортаға салып, талқылап, пікірлесуі қажет. Ойлау дегеніміз мәселе жайында өзіңе сұрақтар қойып, соларға жауап іздену, жекелей және бірлесе ой қозғау. Ақыл-ой тек ойлану арқылы ғана дамитындығын ұмытпау керек.
Лирикалық шегініс
Біз қалай ойланамыз?
(әзіл-шыны аралас эссе)
Дегенмен, ойлану - тегін шаруа емес. Жалпы біз жиі ойланамыз ба? Өз өмірімізге байыпты да байсалды түрде көз тастап, өзімізге өзіміз есеп беріп, басымызға түскеннің бәрін де сабырлы түрде ой елегінен өткізіп, сараптаймыз ба? Жоқ, әлде ойымыз күнделікті күйбең дәрежесінен шыға алмай, тек майда-шүйде, бықи-тықи, жасап жатқан (көргеніміз, ішіп-жегеніміз, болмашы тақырыптарға сөйлескеніміз, біреудің жүріс-тұрысын, киімін, сөздерін, іс-әрекеттерін талқылағанымыз, т.с.с.) әрекеттерімізбен байланысты таяз мәселелерге ғана тоқтала ма? Мұның бәрі де әбден етіміз үйреніп кеткен, еш тереңдік пен даналықты қажет етпейтін ойлар мен ойлау, ал олардың бізді дамытатындығы күмәнді...
Шындығында да біз көп жағдайда ойланбаймыз, өмірді автоматты түрде сүреміз. Ұшқыштарда «автопилот» деген ұғым бар емес пе еді? Біз де дәл сондай күй кешеміз демекшімін. Сенбесеңіздер, есімізге түсірейікші, өміріміздің қанша мезетін терең ойлаумен өткізген екендігімізді? Таңертең тұрып, еш ойланбай-ақ жуынамыз, киінеміз, тамақтанамыз, жұмысқа/сабаққа жөнелеміз, онда да тіпті де ойланып-толғанбай үйреншікті, тіпті әдет болып кеткен әрекеттермен шұғылданамыз (құдды бір автомат десе де болады бізді!). Бәрі де таныс, әбден етіміз үйреніп кеткен істер, сөздер, амалдар... Осылайша ойланбай-ақ өмір кешеміз де, есімізді танымай дүниеден өтпейміз бе? Баяғы социализм дәуірінде мемлекеттің қартайған басшылары туралы айтылатын сөздерді орысша келтірейін: «Умер, не приходя в сознание». Біз де дәп сондаймыз ба?..
Ғалымдардың пайымдауы бойынша, адам миының ойлауға тікелей қатысты бөлігінің тек 3% ғана ойлау процесіне қатынасады да, қалғаны ұйқылы-ояу, қалғып-мүлгіген жағдайда күй кешеді екен. Себеп: ойланбаймыз, ойлана білмейміз. Көбіне-көп ойланудың орнына қиялдаймыз; әрекеттерімізді сараптап, оларға баға берудің орнына өзімізді ақтаймыз.
Ал ойлану деген не? Ол - өмірдің, тағдырдың, Жаратылыстың елеулі, қомақты, ауқымды мәселелері төңірегінде терең ой қозғау, оларға жауап іздеу: «Мен кіммін? Неліктен мен жоқ емей, бармын? Бұл өмірге не үшін келдім? Менің бұл өмірге келгенімнің мән-мағынасы қандай? Жалпы адам өмірінің мәні неде? Мен қайда бара жатырмын?» сынды маңызы бар сұрақтар бізді әрдайым мазалап тұруы керек.
Алайда олар төңірегінде ұдайы ойлануымыз екіталай. Сонда қандай мәселелер тұрғысында ойлануымыз мүмкін? Өміріміздің әр мезетінде өзімізге есеп беріп, барлық сөздер мен әрекеттерімізді еш жеңілдік жасамай, ақталмай, арымыз бен ұятымыздың таразысында бүкпесіз екшеп, өмірімізде туындаған проблемаларды шешудің амалдарын іздеп тұрсақ, құба-құп болар еді!..
Шәкірттерімізді де осындай ойлау әрекетіне баулып, оны күнделікті әдетке айналдырғанымыз абзал. Қандай мәселе туындаса да оны шешуде сезімге емес, ақылға жүгіну – халқымыздың ұлттық философиясы негізінде жатыр емес пе?
Өзіндік түсінік қалыптастыруға үйрену/үйрету
Әр шәкірт өзіндік түсінік қалыптастыруына мүдделі, осылайша ол өзінің теңдесі жоқ ерекшелігін айқындайды, соған иланады. Ал бұл сезім оның өзіне деген сенімін арттырады.
Өмірде әрбір адамды жоғарыда келтірілгендей «Менің бұл өмірге келуімнің биік мақсаты бар емес пе? Менің жаратылыста алатын орным қандай? Мен Жаһан ғимаратынан өз орнымды қалайша тауып, оған қалайша, Абай айтқандай, «қаланамын»? Өзімнен кейін қандай із, қандай ізгі іс қалдырамын?» деген сұрақтар мазаламай қоймайды. Әр адам өмірден тек өзіне ғана тиеселі үлес іздеп, ешкімге де ұқсамауға ұмтылады. Бұл адам табиғатының қасиеті де болар.
Мұндай мақсатқа жету қиын нәрсе, өйткені бұл өмірде барлық сөздер баяғыда айтылып кеткен, барлық істер жасалып біткен, барлық құпия біз жоқта ашылған, біз үшін осынау дүниеде орын да қалмаған сыңайлы. Енді бізге тек қана басқалардың айтқаны мен жасағанын қайталау ғана қалған ба? Ал бұл бір келеңсіз шаруа емес пе, еш асқақтауы мен шарықтауы жоқ?
Алайда біз дүниедегі өз орнымызды тек өзімізге ғана тиеселі өмірді толыққанды сүргеннен кейін ғана таба аламыз. Ал өз өміріңді сүру – өзің үшін өмірде қалтырылған «кетікті» табу деген сөз, өз өміріңмен сүру - басқалардың айтқан сөзін, істеген істерін, өмірдің барлық нышандарын өзіңше сезіну және түсіну. Философ Мераб Мамардашвилидің пікірі бойынша, біздің бүкіл Әлеммен қарым-қатынасымыз осындай түсініктен құралады. Түсіну деген - Әлемдегі өз орныңды табу, өйткені сенің түсінігің Әлемнің бір бөлігіне айналады. Жоғарыда келтіргендей, білім өздігінше өмір сүрмейді, ол әрқашанда біреудің түсінігінен орын алады;
білім прогресі мен дамуы басқа адамның басқаша түсінуінен құралады. Өзінше түсініп қана әр адам осы әлемнен өз орнын табады.
Кезінде философ Мишель Монтень келесідей айтқан екен: «Егерде оқушы Ксенофонт немесе Платонның пікірлері хақында ойланып, оларды қабылдаса, ол пікірлер жаңағы философтардың меншігі ғана болмай, оқушының пікіріне айналып кетеді» (Монтень, 123).
Сөйтіп шәкірттер оқыту процесінде қарастырылатын әрбір мәселе бойынша ой толғатып, оны өздігімен жан-жақты зерттеп, өз түсінігін қалыптастыруы керек. Білім алу жүйесі әр үйренушіге өз әлемін айқындап, оның құндылықтары мен қағидаларын белгілеуге көмек беруі керек. Бұл арқылы оқушы өзінің ішкі жан дүниесінің ойлануға (рефлексияға) негізделген әлемін ашып, оны басқаруға үйренеді.
Бұрынырақта тұлғаның дамуын біз бірінші мезетте білімділік тұрғысынан өсумен байланыстырсақ, қазіргі күні педагогика бұл мәселені оқушылардың өзіндік ой-толғанысына (рефлексиясына) негіздейді. Ал рефлексия дегеніңіз зерттеліп жатқан болмысқа деген шәкірттердің өзіндік көзқарасы мен түсінігі, оның құндылықтарын, себептері мен салдарын, мағынасын түсінуі. Рефлексия дегеніміз ойланып-толғану, өз түсінігіңді қалыптастыру, өзіңді тану мен түсіну. Сол себепті де үйренуші атқаратын барлық іс-әрекеттердің негізін рефлексия құрау керек: сол арқылы шәкірт алдында тұрған барлық мәселелер мен проблемаларды терең түсініп, оларды шеше біледі.
Білімді игерудің тиімді тәсілдерін үйрену/үйрету
Егер ұстаздың шәкірт жайлы түсінігі «таза парақ» бейнесі ретінде болса (шәкірт сабаққа таза парақ сияқты ешнәрсе «жазылмаған» күйінде келеді, ал ұстаз сабақ бойы оны біліммен «толтыруы» керек), онда үйренушінің білімді игеруі екіталай, өйткені білімді игеруге оның тікелей қатысы болмайды, яғни ол берілген білімді ырықсыз қабылдаушы рөлін ғана (ойнайды» деген сөз.
Білім алу ісінде бұл мәселені түбегейлі өзгертіп, оқушының білімге деген бәлсенді (пассив) көзқарасын бұзу қажет. Үйренуші енді өздігімен (мұғалімнің ұйымдастыруы мен жетекшілігі арқылы) «Маған қандай білім қажет?», «Мен не білуім керек?» деген сұрақтар төңірегінде үнемі толассыз ой-толғаныста болып, өзіндік тұрғыдан білімді ізденуі және игеруі керек. Мүмкін шәкірттің енді сабаққа жартылай «жазылған» күйінде келуі оңтайлы шығар, яғни ол бүгінгі сабақтың тақырыбы бойынша үйде өздігімен дайындалып, туындаған сұрақтарын, түсінбеген жерлерін айқындап, сабақта оқытушының басшылығымен басқа үйренушілермен бірлесе отырып, білгендерін талқылап, толықтырып, дамытып, жауап пен шешімін табуға ниеттелуі дұрыс болар?
Осылайша сабаққа «жартылай жазылып» келген тәлімгер өзін-өзі «толтыру» мүмкіншілігіне ие болады. Осылайша оқу/оқыту процесінде үйренуші өзіне керекті, өз өмiрiнде қажетіне жарата алатын ақпаратты таңдай біліп, оны өздігінше игеруге көмек болатын әмбебап тәсiлдерді игереді, үйренеді. Мұндай өзіндік тұрғыдан үйрене білу дағдысы өзгерістерге толы мына заманда әр адам үшін өмір бойы қажет болатын білімге айналатындығы сөзсіз.
Қазіргі күні ақпараттың орасан зор көлемін игерудің мүмкін еместігі туралы сөз қозғадық. Ал оның қайсысы бүгін және болашақ өмірде шәкіртке қажет болар екен? Бұл мәселені кім шешіп, кім дұрыс жауап берер екен? Ата-ана ма, жоқ, әлде, ұстаз ба? Алайда олар аға буын өкілдері ретінде ертеңгі күнді, яғни шәкірттің ересек өмірге белсенді араласқан мезетті, жан-жақты болжай алар ма екен? Сол себепті де олардың болашақтағы өмірдің ерекшеліктері және замана талабы қандай болатындығын білуі екіталай. Бұған қоса келер уақытта өмір сүретін бүгінгі шәкірттің өзі ғой. Сондықтан да үйренуші өзіне қажетті білімді өзі таңдап, оны ұстаздың көмегімен игеруі керек.
Мұндай жағдайда ақпарат - оқытудың нәтижесi емес (дәстүрлі оқу жүйесіндегідей), оның бастапқы кезеңiне айналады: оқушы (студент) осы мәліметті түсініп, талдап, оны өзінің әлеуметтік тәжірибесі тұрғысынан бағалай отырып, соның негізінде жаңа білім құрастыруға дағдыланады, оны өз керегіне жарата алады. Сөйтіп оқу/оқыту процесінде шәкірт бiлiм игеру және жаңа білім құрастыру дағдылары мен әдiстемесiне үйренеді. Енді ол мынау күнделікті өзгеріп отырған аумалы-төкпелі заманда қайда жүрсе де (мектеп пен жоғарғы оқу орнын бітіріп кеткеннің өзінде де), өмір бойы өздігімен білім ала алады. Ал ұстаздың басты мақсаты - шәкіртіне білімді өздігімен игеру амалдары мен тәсілдерін үйретіп, оның өзіндік түсінік қалыптастыруына тиімді жағдай жасап, бағыт-бағдар сілтеу.
Басқаша сөзбен айтқанда, оқу/оқытудың басты мақсатын дәстүрлі «Өмiр бойы азық боларлықтай бiлiм беру» үлгiсiнен «Өмiр бойы оқып үйрену» қағидасына ауыстыру керек. Ал бұл қағиданы жүзеге асыру үшін оқытуда негізгі салмақты нәтижеден процеске ауыстыру керек. Басқаша айтқанда, білім беруде басты мақсат - «не нәрсеге оқыту», яғни мазмұн емес, «қалай оқыту», яғни әдістеме, сабақ барысының өзі.
Бұнда мәселе тек қана ұстаздың білім беру әдістеріне келіп тіреліп тұрған жоқ сияқты. Шындығында да өзінде бар білімді ұстаз шәкірттеріне дайын күйде беретін болса, оның бұл ісінен мардымды нәрсе шығар ма екен? Халқымыздың