Файл: Асхат лімов интербелсенді дістерді жоАРы оу орындарында олдану оу ралы Алматы.doc

ВУЗ: Не указан

Категория: Не указан

Дисциплина: Не указана

Добавлен: 11.12.2023

Просмотров: 1146

Скачиваний: 21

ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.


4. Ойыннан кейін. Қатысушыларға ойын туралы өз ойларын білдіру мүмкіндігін ойын аяқталысымен берген орынды. Ол үшін студенттерді шағын топтарға бөліп, келесідей сұрақтарды талқылауды тапсыруға болады:

- Бұл ойында өздеріңіз үйренген және білгендеріңіздің ішінде ең маңыздысы қандай жәйт болды?

- Бұл тақырып бойынша тағы да не білгілеріңіз келеді?

- Бұл ойынның шынайы өмірден қандай айырмашылығы бар?

Талқылауға жеткілікті уақыт берген дұрыс (15 минуттан 30 минутқа дейін). Әр топ өз ойларын плакатқа түсіріп, содан кейін жариялайды: қабырғаға іліп, қорғайды, сұрақтарға жауап береді.

Ауызша талқылаудан соң студенттер өздерінің ойында қандай тәжірибе иеленгендігі туралы жазуы қажет.

5. Ойынның студенттерді қандай білік пен дағдыларға үйрететіндігіне байланысты нәтижені бағалайтын жүйе жасау керек. Бұл жүйе әр студенттің жетістіктері мен оқытушы жұмысының тиімділігін бағалау мүмкіншілігін береді.
2.4 Блиц оқу ойындары

Блиц оқу ойындары - қысқа мерзімді шағын ойындар, олар студенттердің нақты біліктері мен дағдыларын дамытуға бағытталады.

Блиц ойындарда студенттерге ойынның жалпы нобайы мен тапсырмалары ғана беріліп, студенттер оларды өздігімен ойнап шығуы керек. Мұнда да «Ойыннан кейін» кезеңі ерекше маңызды рөл атқарады, өйткені осы уақытта студенттер ойыннан алған әсерлерімен бөлісіп, ой-толғаныстарын жазбаша түрде келтіреді.

Блиц оқу ойындарының мысалдары

(сценарийлердің қысқаша нұсқалары)

Шындық детекторы

Бір студентке 8-10 сұрақ қойылады. Студент сұрақтардың барлығына да шынайы түрде жауап беріп, тек біреуіне ғана жалған жауап қатады. Қалған студенттер шағын топтарға бөлініп, жауаптардың қайсысы өтірік болғанын анықтап, өз ұстанымдарына дәлелдер келтіруі керек.
Фотолар

Әр студентке (немесе студент тобына) бір адамның фотосын беріп, оның өмірін (немесе ол адамның мінез-құлқын) қысқаша түрде сипаттап беру тапсырылады. Жұмыс аяқталғаннан кейін фотолар тақтаға (қабырғаға) ілінеді. Студенттер кезекпен өз мәтіндерін оқығанда, басқалар әңгіменің қай адам туралы болғандығын анықтауы керек. Мұнда да өз көзқарасын дәлелдейтін тұжырымдар келтіріледі.
Алиби

Екі студентке белгілі бір қылмыс жасауда күдіктілердің рөлі беріледі. Оларды аудиториядан аластатып
, алиби ойлап табуды тапсырады. Бұл студенттер қайтып оралғанда топтар екіге бөлініп, екі күдіктіден кезектесіп жауап алады. Егер күдіктілердің алибилері аз да болса сәйкес келмесе, олар жалған деп есептеледі.
Таңдау

Студенттер басқарма отырысында директорлардың рөлдерін ойнайды. Олардың мақсаты – атышулы премияны (жүлдені) ең үздік адамға тапсыру. Студенттер өз кандидаттары туралы жан-жақты ақпарат келтіріп, нақты дәлелдерді айғақтауы керек.
Интервью

Кәсіпорын (мекеме) басшылары жұмысқа жаңа маман қабылдап, онымен әңгіме жүргізуде. Басшылардың бір бөлігі маманды жұмысқа алуға ниет білдірсе, қалғандары оның кандидатурасына қарсы. Жаңа маман жұмысқа қабылдануы үшін барлық күшін салып, сұрақтарға толық әрі ұтымды жауап беруге тырысады.

Келтірілген блиц-ойындар Марина Карапетянның «Пусть играют!» мақаласынан алынды (Перемена, Международный журнал о развитии мышления через чтение и письмо, том 5, №4, октябрь, 2004. - С. 25-29).
Оқу ойындары туралы қызықты мәліметтерді келесідей сайттардан білуге болады: http://memory.loc.gov/ammem/ndlpedu/index.html

www.spa3.k12.sc.us/WebQuests.html
2.5 Өндірістік ойындар
Оқу/үйрену процесінде қолдануға тиімді ойындардың тағы да бір түрі - өндірістік ойындар. Бұл әдіс ойынға қатысушылардың сан қилы (кейде тіпті бір-біріне қарама-қарсы) мүдделерін тоғыстырып, ойын аяқталғаннан кейін қатысушылардың барлығын қанағаттандыратын шешім қабылдауды қажет етеді. Өндірістік ойындар әлеуметтік немесе экономикалық сипаттағы нақты бір жағдайды (ситуацияны) шешуде үйренушілердің өзара әрекеттесуін қалыптастырады (имитациялайды, модельдейді).

Егер рөлдік ойындарда қатысушылар әдетте әртүрлі әлеуметтік мүдделері бар қоғамдық топтар (немесе субъектілер) рөлдерін орындаса (өкімет, оппозиция, орта бизнес, зейнеткерлер, студенттер, т.б.), өндірістік ойындарда олар бір әлеуметтік топ немесе бір мүдде аумағында қалып отырады. Қатысушылардың мұндағы басты мақсаты – қойылған кәсіби мәселені (проблеманы) шешу, сол себепті де олар тиімді әрі нәтижелі шешім келтіру тұрғысынан бәсекеге түседі, жарысады. Демек, өндірістік ойын дегеніміз сабақ аумағындағы кәсіпқойлардың (кәсіпкерлердің) жарысы.

Өндірістік ойындарда әлеуметтік және экономикалық маңызы бар келесідей күрделі проблемаларды шешуге болады:

- Өкіметтің студенттерге несие беру саясатын өздері оқитын жоғарғы оқу орнында қалайша жүзеге асыруға болатындығын жоспарлау.



- Экономикалық дағдарыста ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашу туралы өз ұсыныстарын келтіру.

- Экономикалық дағдарыс жағдайында кәсіпорында жаңаша жалақы жүйесін жасау.

- Кәсіпорында (мекемеде) жұмыскерлерді ынталандыру жүйесін құру.

- Несие берудің жаңа шарттарын талқылап, оларға өзгертулер енгізу.

- Кәсіпорын (мекеме) жұмысында немесе оның қызметкерлері арасында туындаған проблемаларды шешу: жанжал, ортақ мәмілеге келу, келіссөз жүргізу, проблеманы бірлесе шешу.

Іскерлік топтардың мақсаты - теориялық білімдердің қандай деңгейде игерілгендігін және оларды қолдана білуді көрсету, проблемаларды жеке және бірлесе отырып шешу дағдыларын қалыптастыру.

Өндірістік ойындар көп тұрғыдан кейс-стади әдісіне ұқсас: олар да кейс-стади секілді практикалық проблемаларды өмірлік ситуацияларға жақындастырып шешуге, кәсіби тұрғыдан нақты әрекеттерді орындау дағдыларын қалыптастыруға бағытталады.

Өндірістік ойындар әдетте студенттік топтың өзара келісімге келіп, бірлескен ізденіс әрекеттері (ой-толғаныс, талқылау, пікірлесу, идея жинау арқылы) түрінде өтеді. Ал мұндай әрекет топ мүшелерінің барлығын да жұмысқа, қарым-қатынас процесіне жұмылдырады. Бұл әдіс коммуникацияның ерекше түріне жатады.

Өндірістік ойындар келесідей нәтижелерге жеткізеді:

  • студенттер кәсіби (қоғам өмірінде орын алған) проблемаларды өздігінше қарастырып, оларды шешуде теориялық білімдері мен кәсіби тәжірибелерін қолданады;

  • студенттер өздеріне керекті ақпарат жинақтап, оны талдауды үйренеді;

  • студенттер кәсіби проблема шешудің әртүрлі балама ұсыныстарын келтіріп, ішінен ең тиімдісін таңдай біледі, оларды жекелей және бірлесе отырып өзіндік тұрғыдан шешеді;

  • студенттер кәсіпкерлер командасында бірлесе жұмыс жасау дағдыларына үйренеді;

  • студенттер бірлесе отырып проблема шешу – жұмыс жасаудың ең тиімді әрекет екендігін аңғарады.

Өндірістік ойындарды келесідей құрастыруға болады:

1. Қатысушыларды проблемамен таныстыру.

Мұнда студенттер ойынның шарттары және ережелерімен танысып, ойында қажетті материалдарды иеленеді (заңдар, нормативтік құжаттар мен ережелер, нұсқаулықтар мен өкімдер).

2. Командаларды (топтарды) құрамдау.

Топтарға бөліну кез келген тәсіл бойынша жасалуы мүмкін.

3. Командалық жұмыс.

Әр команда мәселе шешуде өз идеялары мен әдістерін ұсыну үшін бірлесе отырып, 5-8 минуттық
ауызша баяндама дайындап, оны басқаларға қалайша жеткізетіндігін талқылайды.

4. Жариялау және талқылау.

Командалар баяндамаларын кезекпен жариялайды, мұнда да олар өз рөлдеріне тиеселі әрекеттер атқарады. Баяндамалар жарияланғаннан соң олардың мазмұны салыстырылып, талқылау мен пікірталастар ұйымдастырылады, сұрақтар қойылады, сын пікірлері келтіріледі, ұсыныстар жасалады.

5. Қорытынды.

Оқытушы ойынның өту барысына талдау жасап, командалардың және жеке студенттердің әрекеттерін сараптайды. Әдетте ол ойынның жағымды нәтижелеріне тоқталып, студенттерден өз әсерлері мен пікірлерін білдіріп, көңіл-күйлерін келтіруді сұрайды. Студенттер бұл сауалға алдымен ауызша, содан кейін жазбаша жауап береді.

Егер ойын жарыс түрінде ұйымдастырылса, қазылар алқасы өз үкімін шығарып, орындарды бөліске салады.
Өндірістік ойындар басқаша да ұйымдастырылуы мүмкін. Төменде берілген өндірістік ойындарды өткізудің сценарийлерінде басқа тәртіптерді көруге болады.
Келіссөз жүргізу ойыны

Кіріспе. Студенттерді үш топқа бөліңіз. Олар ферма құрушы жолдастардың келіссөз жүргізуін ойнауы керек. Топтарға ойын шарттары мен тапсырмаларын түсіндіріп, нұсқаулықтарды үлестіріп беріңіз.

Нұсқаулық:

Сейітжан, Абыл және Әбдірахман есімді үш жолдас күніне 1000 $ таза пайда беретін сүт өнімдерін шығаратын ферма құруды жоспарлап, бұл фермада кімнің қандай қызмет атқаратындығы және пайданы қалайша бөлетіндігі жайлы келісіп алады. Бұл келіссөзге олардың әйелдері де қатынасады.

Келіссөзде келесідей жәйттер ерекше ескерілді: Сейітжанның 60 гектар жері бар, Абылда жүк машинасы және дәнді дақылдар тұқымы бар, ал Әбдірахманда трактор және сүт сауатын агрегаты бар. Сүт өнімдерін 44 шақырым жердегі қалаға әр күні апарып, сату керек. Күнделікті фермада екі адам жұмыс істеуі қажет, бірақ Абылдың ауыл шаруашылығымен айналысу тәжірибесі мүлдем жоқ, демек ол фермада тек біреуге көмекші ғана бола алады. Бұған қоса Сейітжанның жерінің жартысы ғана суармалы, ал Әбдірахманның тракторы ескі. Алайда үш жолдас та араларында бұрыннан қалыптасқан жылы қарым-қатынасты бұзғысы келмейді.


Тапсырма: Жолдастардың фермада атқаратын қызмет пен пайданы қалайша бөлісуі мүмкін? Әр топ 8 минуттық дайындықтан кейін келіссөз жүргізу версиясын 10 минут ішінде көрсетуі тиіс.

Топ версияларын талқылау барысында оларға келесідей сұрақ қоюға болады:

- Сіздер келісімге қалайша келдіңіздер?

- Барлық қатысушылар келіссөз нәтижесіне риза болды ма?

- Келіссөзде кім ұтты? Кім ұтылды? Неліктен?

- Келіссөз жүргізгенде қандай маңызды жәйттерге назар аудару қажет?
Жарнама құрастыру ойыны

Студенттер шағын топтарға 5 адамнан бөлініп, ойында тауар жарнамалау ісімен айналысады.

Кішкене қобди ішіне студенттердің парталарынан алынған әртүрлі заттар (көзілдірік, ерін бояйтын помада, қаламсап, дәптер, қарындаш, ұялы телефон, т.с.с.) салынған. Әр топ өкілі қобди ішінен бұл заттардың біреуін суырып алғаннан кейін, берілген уақыт ішінде (8-10 минут) топ мүшелері сол затқа жарнама (мәтін, ұран немесе слоган, плакат, т.б.) құрастырып, оны қалайша қолдануға болатындықты жиналғандарға көрсетуі («ойнап шығуы») керек.

Жарнаманы келесі тәртіппен келтіру керек:

1. Тауардың сипаттары.

2. Тауардың артықшылықтары.

3. Тауарды тұтынудың пайдасы.

Әр топ өз жарнамасын көрсеткеннен кейін (5-6 минут), топ ішінде әр студенттің қандай әрекеттер атқарғанын айтып беруі керек. Жазба жұмысы алдында студенттерге келесідей сұрақтар қойған орынды:

- Ойыннан кейін өздеріңізді қалайша сезініп отырсыздар?

- Ең сәтті ойнаған топ қандай? Олардың ойыны неліктен сәтті болды деп ойлайсыздар?

- Сіздер қалай жұмыс жасадыңыздар? Топ жұмысының ең ұтымды мезеттері қандай болды?

- Тауарды жарнамалау қалайша жүргізілуі тиіс деп ойлайсыз?
2.6 Имитациялық ойындар
Имитациялық ойын дегеніміз адамдардың қалыптан тыс (экстремалды) жағдайлардағы әрекеттерін анықтайтын өмір сүру ортасының үлгісін (моделін) құру. Мұндай жағдайлар қатарына «Жанжал», «Әуе апаты», «Жер сілкінісі», «Кеме апаты», «Робинзон», «Жау тылында», «Тұтқында» секілді оқиғаларды жатқызуға болады.

Имитациялық ойындарда студенттер өмірде тууы мүмкін оқыс жағдайларды қайталап (имитациялап), шаруашылық, басқару, әлеуметтік, психологиялық шешімдерді қабылдауды үйренеді. Бұл ойындар қарым-қатынастың әртүрлі тәсілдері арқылы жүзеге асырылады: пікірталас, келіссөз жүргізу, презентациялау, бірлесе әрекеттесу.

Имитациялық ойындар жаңа ортаға бейімделу дағдыларын қалыптастыруға өз септігін тигізеді. Мұндай ойындарда студенттер үйреншікті қалыптан өзгеше жағдайларда (ситуацияларда) өздерінің күнделікті құлықтары мен әрекеттеріне өзгерістер енгізіп, проблеманың шешімін табады.