Файл: Сахна жне актер маман Байсеркенов айта терген Есмакова Жанерке Алы сз.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 1148
Скачиваний: 25
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Солай десек, сахна өнерінің ерекшелігіне сай әдеп талаптарының биігінен көріну — кеңсе мен театр әкімшілігінің қоғамдық басты парызы.
ІІІ. Творчестволық әдеп
Творчестволық әдеп немесе артист әдебі театрда ерекше роль атқарады. Өнер жасау жолындағы бір ортақ мақсатқа арқандалған сахналық заңдылық, артистерді тек спектакль немесе репетиция кезінде ғана жұмыс жасаумен шектеліп қалмай, өмір бойы бос уақыттың бәрінде тер төгіп өтуге мәжбүр етеді.
Иә. Артист еңбегі — тынымсыз еңбек. Өзінің творчестволық ерекшелігіне байланысты К. С. Станиславский айтқандай: артист өмірі — құлдық өмір. Артист болған адам бар өмірін өнерге құл боп өтуге арнайды. Өнердің құлы болу— оңай шаруа емес. Бар саналы ғұмырыңды соның жолына қиып барып, пендешілік мәселелеріңді жиып қойып, өнердің соңына біржола берілгенде ғана өнер мұраты орындалады.
«Бишінің, пианистің, әншінің ертеңгі күні неден басталады?
Олар алдымен төсектен тұрады, жуынады, киінеді, шәйін ішеді, сонан соң белгіленген уақытта жаттығу
жасауға кіріседі. Әнші ән салып вокалдық жаттығу жасайды; музыкант, пианист, скрипкашы техникасын ұстартуға көмектесетін гаммалар мен кейбір жаттығуларды ойнап жаттықса, биші қажетті экзерсистерін билеп дайындалу үшін театрға, станогына асығады. Мұндай жаттығу қыс болсын, жаз болсын үзбей күнделікті жасалады, ал жасалынбай құр кеткен күн, артист өнерін қері тартатын жоғалған күн болып есептелінеді» (там жё, с. 260) деп жазады
К. С. Станиславский, артистің күнделікті творчестволық тәртіп кестесі туралы. Сондай-ақ ол шеберліктің шыңына жетіп, көркемдік кемеліне келген ұлы жазушылар Л. Толстой мен А. Чеховтың күн сайын белгілі бір уақытта қолдарына қаламдарың алып, роман, пьеса жазбаған күннің өзінде көргендері мен ойға түйгендерін түртіп қоятын күнделік жүргізетіндерін жазады, кітабында. Өйткені, олар қалам ұстаудан қолдары тосырқап, ой ойлаудаң қиял көкжиегі мешеуленіп қалмас үшін күнделікті жазу-сызуын тоқтатпаған. Жазушыға шындап еңбектену үшін темірдей тәртіп қажет екендігін: «Жазушы! Оның соншама көп білуге тиіс екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Ол бәрін де түсінуге тиіс! Ол өгіздің істегенін істеуге тиіс, бірақ атақ қуаламағаны абзал» (К. Паустовский, Издательство «Худо- жественная литература», Москва, 1968, с. 268) деп К. Паустовский де қуаттаса, артистерге де шеберлігі мен техникасын тот бастырмай ұдайы бабында ұстау үшін күнделікті тер төгу — айнымас жұмыс кестесі болып қалыптасса нұр үстіне нұр.
Алайда басқа жанрда қызмет ететін артистерге қарағанда драма артистерінің уақытының көпшілігі босқа өтеді деуге болады. Егер әнші
даусы мен тынысын, биші қозғалысын, күйші саусағын, үрмелі аспаптарда ойнайтындар дем мен тынысын баптап, шыңдаса — драма артистеріне осылардың бәрімен де жаттығу жасауға тура келеді. Ол аз болса, өзін-өзі баптау мен шыңдау программасы өмір бойы тоқталмақ емес. Ал жас ұлғайып, адамның қимыл-қозғалысы баяулаған сайын жаттығу қажеттілігі арта түседі.
«Сахна—кітап немесе ашық жатқан ақ қағаз, сол қағаз — артистің ойын өрнегіне байланысты жақсы да, жаман да болып көрінуі ғажап емес»,—дейді К. С. Станиславский. Сальвини, Ермолова, Дузе ойын үлгілерінің сахна өңіріне түскен өрнектері — кесте төккендей айрықша ажарымен көзге ұрып тұратынын айтады.
Өнерде: «сахна — айна» дейтін ұғым өмір сүреді.
Айнаға қараған адам ажарын ғана көрсе, «сахна — айнаға» шыққан адамның қара башбайына дейін көрінеді. Сөйлеген сөзі, даусы, қимыл-қозғалысы, қараған-қарасы, күлген күлкісі, ым-ишараты, басы, шашы, көзі, қасы, мұрны, тісі, иегі, құлағы, бұғағы, қыл-қысқасы, боялған тырнағына дейін сарапқа түседі.
Өнер шарты солай болғанда, артистке көрермен көңілінен шығатын хас шебер дәрежесіне жету үшін «қарақұсынан бастап, қара бақайына» дейін, «сөйлеп» тұратын сахнаның техникалық тілін меңгеру қажет. Сахна — ажал алаңы. Олпы-солпыны ұнатпайды. Шеберлікке қазықталған ойын бедерінің техникалық тілін таппасаң — асынған алқа, тағынған білезік, ай мүйіз сырға, жылтыраған жүзік арашашы бола алмайды. Малынып киінген ақ берен сауыт, қылпылдаған қылыш, сумаңдаған сүңгі де жаныңды алып қала алмайды. Сахнадағы жылтырағанның бәрі бірдей алтын емес. Қейіпкержандылық өнері мұрат тұтқан шеберлік шындығы мен мінсіз техника айшықтары ғана саф алтынға парапар.
Кез келген актер, театр труппасы деп аталатын әйдік мекеменің белсеңді мүшесі. Әр кеш сайын актер, сол мекеменің атынан мыңдаған көрермендердің алдында өнер көрсетеді. Мыңдаған көрермен олар туралы, олардың еңбектері туралы баспасөз бетінен оқып біліп, күн сайын хабардар болып жатады. Баспасөз бетінде артистің есімімен қатар, театрдың да аты жүреді. Артист атынан айтылған пікір театрға да тиесілі. Ендеше, актер қайда болмасын, қай жерде жүрмесін өнердің өкілі ретінде театрдың атына кір келтірмеу жағын қатты ойлау керек. Азаматтық ар — өнердің де ұжданы.
Актердің өзіне де, өнерге де дақ түсірмей кіршіксіз еңбек етуі — К. С. Станиславский этикасының жарқын парақтарының асыл арқауына түскен алтын әріптер іспеттес.
Театр — киім тігетін,
бутафория мен реквизит жасайтын, түрлі маталар бояйтын, мебельдер мен қару-жарақ соғатын ағаш ұстасы мен темір ұстасы жұмыс істейтін ұстахана гример, етікші, көркемдік-жиһаздау шеберханаларымен қатар автогараж, қоймаларын қосып есептегенде тұтас бір фабрика сияқты. Олардың әрқайсысының жеке-жеке атқаратын өзіндік функциялары бар. Біреулер жаңа қойылымның декорациясын дайындап жатса, еңді біреулері киім тігіп, баз біреулері ағаш жонып, қару соғып жатады. Ал, автогаражда тұрған автобустар,
жаз бойы артистерді қала мен далаға гастрольге алып шығып еңбекшілерге ойын көрсету үшін керек. Міне, осылардың бәрі мүлтіксіз жұмыс жасау үшін темірдей тәртіп, бір орталыққа бағынған мінсіз басшылық қажет.
К. С. Станиславский: «осындай «алып» шаруашылыктың барлық тараулары өзара тығыз байланысып, мінсіз жұмыс істеп тұруы үшін қаншама ұйымдастырушылықтың қажет екенін өздеріңіз ойлап көріңіздерші. Олай болмаған күнде — апат болмақ қой» деп ескертеді. Ал, аталмыш шаруашылықтың бәрінің жалғыз мақсаты — өнерге қызмет ету.
К. С. Станиславский әдебінің тағы бір тармағы осындай ұйымдастырушылық мәселесін қамтиды.
Театр — тек қана шаруашылық фабрикасы емес, ол — ең алдымен, адам жанының фабрикасы.
Сыртқы шаруашылықты ұйымдастыруға тәртіп қандай қажет болса, ішкі творчестволық шаруашылықты ұйымдастыруға тәртіп екі есе, үш есе қажет. Бұл саладағы жұмыс өзінің аса нәзік табиғатына сай, адамның органикалық шыныдай шынайы жан дүниесінің мөлдір заңдылықтарына бағынып істелінуі тиіс. Мұнсыз сахна алаңында «Станиславский жүйесінің» негізгі творчестволық талаптарын іске асыру мүмкін емес. Станиславский әдебінің басты міндетінің өзі — актер творчествосының қалыпты жағдайда қанат жаюына мүмкіншілік тудыру.
Әдеп — өнерді баптап бағуға, мәпелеп күтуге басшылық етеді.
Әдеп — күллі өнердің ар-ұяты мен ұжданы!
«Театр — артистер үшін көркемдік шеберхана әрі мектеп болса, көрермендер үшін бұқаралық аудитория» (К. С. Станиславский, сочинения, 3 том, с. 240) деп жазады кемеңгер ұстаз.
Себебі: театрда адам бейнесі сомдалып, адам сезімі сыр шертіп жатса, оның босағасын мыңдаған адамдар аттап жатады. Бір жағынан мектеп, бір жағынан аудитория болатын себебі — сол. Осындай екі миссияны басқаратын орган —«Станиславский» әдебі.
Театр — коллективтік өнер болғандықтан «бірі — бәрі үшін» дейтін девизге бағыну шарт. Тәртіп — тек ортақ іс атқару үшін ғана емес, өнер мен творчествоның көркемдік көкейкесті мақсаты үшін керек. Сондықтан әрбір актер бірлік үшін, тұтастық үшін, ансамбль үшін күресуге тиіс.
«Өнердегі өзіңді емес, өзіңдегі өнерді с ү й» (Люби искусство в себе, а не себя в искусстве) қағидасы — бүкіл «Станиславский жүйесінің» кіндік программасы болып танылуы тиіс.
Өкінішке орай, көптеген театрларда татулық жетіспейді. Бақталас, бақас, күндеушілік, бірін-бірі көре алмаушылық, күндестік індеті етек алып кеткен.
Осындай өшпес өрескелдік туралы К. С. Станиславский: «Мәселен, мен сахнаға шығар алдында кездесіп қалған дардай екі актрисалардың шымылдық сыртында ғана емес, сахна төрінде тұрып неше түрлі балағат сөздермен бірін-бірі сыбағанда, тіпті базардағы естіген саудагерлердің естері шығатын сұмдықты көрдім.
Мен екі дарынды артистердің бірі шыққан есіктен немесе шымылдықтан екіншісін шығармауын табанды түрде талап еткендерін көрдім.
Мен, атақты артист пен артистканың бір-бірімен жылдар бойы сөйлеспей қалғаны өз алдына, тіпті репетицияны режиссер арқылы жүргізгендерін естідім.
«Пәленше деген артисткаға айтыңызшы,— дейтін көрінеді артист,— ол-бос сөз сөйлемесін».
«Түгенше деген артистке жеткізе көріңіз,— дейтін көрінеді екінші артистка режиссерға,— ол көргенсіз».
Сонда әлгі талантты адамдар бір кезде өз қолдарымен туғызған ғажайып істі неге азғындатады? Жеке бастарының түкке тұрмайтын түсінбеушілігімен майда- шүйде өкпе-араздыққа бола ма?!
Мінеки, өзінің актерлік өрескелдігін дер кезінде ауыздықтай алмаған актер, өзін-өзі улау мен құлдырауға дейін барады.
Міне, осылар сақтық пен ғибрат өнегесі болып қалсын» (там же, с. 246) деп бір жағынан жирене, түршіге отырып, екінші жағынан лұғат айтады.
Бұлардан шығатын қорытынды: дұрыс қалыптасқан тәртіп бар жерде, еңбек жемісті болмақ. Ал олар жоқ жерде, коллективтің еткен еңбегі зая кетпек. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейтін халық мақалы тегін айтылмаса керек...
Ендігі бір үлкен кемшілік мынада: актерлердің басым көпшілігі тек репетиция кезінде ғана жұмыс жасап, үйде демалу керек деп ойлайды. Олай емес. Репетиция кезінде үйде істелінетін жұмыс жәйі талданады, ал, нағыз творчестволық процесс үйде істелінеді.
Өнерде: «талант қайнары— өз инициативаң» дейтұғын қанатты қағида бар.
Ал, іс жүзінде творчестволық инициативадан құр алақан күйде репетицияға жетіп келетін актерлер мен актрисалар қаншама? Оларды ұйқысынан оятып, арнасына салғанша қаншама тер төгіліп, қаншама жүйке жұқармайды дейсің?