Файл: Сахна жне актер маман Байсеркенов айта терген Есмакова Жанерке Алы сз.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 1150
Скачиваний: 25
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Ендеше, с е з і м дүниесін еріктен тыс болатын күрделі процесс десек, қимыл-іс актісі өз еркіңмен істелетін
қам-қарекет. Олай болса, әрекет —сезім әлемінің құт қайнары. Өйткені, қырынып жатып ештеңені сезінбеу мүмкін емес жағдай. Адам әйтеуір қырыну үшін қырына салмайды. Белгілі бір мақсат үшін қырынады. Тойға таза бару үшін немесе сүйіктісіне сүйкімді болып көріну үшін іс істейді Әрекет жалаң істелінбейді. Әрекет арнасында мақсат ұмтылысы өмір сүреді.
Әрекет өзегінен мақсат желі тартса, мақсаттан — ой өріс алады. Ой өрісінен — сезім жапырақ жаяды. Әрекет— мақсат — ой — сезім — төртеуі бірігіп, актер ойын-өрнегінің қабырғасын қалайды.
Сонымен, ә р е к е т — мақсат, ой, сезім бірлігін құрайтын қимыл-іс қозғалысының (физических движений) қайнар көзі, тұтастық негізі. Өйткені, актер, белгілі бір мақсатқа желіленген әрекетке көшкенде, қимыл-іс (физическое) арнасынан психикалық процесс пайда болады да, керісінше, психикалық процестең қимыл-іс актісі туындайды, яғни қимыл-іс танабында психика құбылысы өмір сүріп жатса, психика әлемінде қимыл-іс ұрығы ұя салған. Екеуін бір-бірінен әсте ажыратуға болмайды. Екеуінің де асыл анасы — ә р е к е т.
Әрекет — театрдың «тілі мен жағы», актер өнерінің ең басты құралы. Актер әрекеті болмаған жерде театр да, өнер де болмақ емес. Сол себепті де сахна алаңында әрекеттің туу сәтіне ерекше мән беріледі. Әрекет — актердің творчестволық процесс кезеңіндегі ең маңызды, аса жауапты қызық шағы болғандықтан, оның өмірге келу дәуірін, актер қауымы: таң алдында Шолпан жұлдызы туғандай қуанышпен қарсы алады.
Сөйтіп, біз, «әрекет — сезімге құрылған қақпан» екенін, сезім дүниесін оятып, өмірге әкелуші билеуші элемент екенін, оның актер өнерінің ішкі, сыртқы техникасының іргетасы екенін, «Станиславский жүйесінің» құтты қонысының төріне қағылған киелі қада екенін ұқтық.
Өкінішке орай, іс жүзінде актер ойын-өрнегінің асау арнасы, тұнық тұмасы — әрекет, тек қана әрекет екенін жиі-жиі «ұмытып» қалып, бірден сезім дүниесіне өктемдік жасап жүрміз. Сахна алаңында сықсыңдап өтірік жылап, сақылдап өтірік күліп, «жылаған» болып жыламсырап, «жымиған» болып жылмиып, «күңіренген» болып күрсініп, «аһ ұрған» болып аңырып, сырттай еліктеу арқылы тіршілік көзі әрекетті аттап өтіп, сезімнің өзіне тікелей шабуылдаумен келеміз. Онда да сезімді емес, сезімнің жалаң жағын жарнамалаудан аса алмаймыз. Соның салдарынан ойын үлгісінің мазмұны мағынасызданып шынайылықтан, табиғилықтан жұтап жүрміз. Жансыздық, жасандылық, жалғандық, жалаңдық белең алып кетті. Себебі: жылау-сықтау, күлу-жымию, күңірену-күрсіну әрекет емес, сезім әлемі.
«Мағынасы жоқ беталды жүгіріс сахнаға қажет емес. Әйтеуір жүгіру үшін жүгіріп, әйтеуір қайғыру үшін қайғырып іс істеуге болмайды. Сахнада тек әрекет үшін «жалпы» әрекет ету деген болмайды, керісінше жемісті түрде, мақсатқа сай, тұжырымға негізделген әрекет болады» (там же, с. 50) дей келе: «Сезімді сығып шығаруға болмайды, тек қызғану, сүю, қайғыру үшін ғана істелінетін әйтеуір қызғану, әйтеуір сүю, әйтеуір қайғыру деген тағы болмайды. Сезімді зорлауға да болмайды, олай болған жағдайда актер ойын үлгісінің ең жексұрын түрімен аяқтауға тура келеді. Сол себепті әрекетке көшу сәтінде сезімді мазаламаған абзал. Қайғыру, сүю, қызғануды өмірге әкелген бұрынғы жағдайлар арқылы сезім өз-өзінен пайда болмақ. Міне, сол бұрынғы өтіп кеткен жағдайлар туралы ғана ойлап, солардың қалың ортасында болуға тырыс. Ал, нәтижесі жөнінде қам жеп керегі жоқ» деп К. С. Станиславский әрекет туралы ойын тереңдете түседі. Әрекет — сахнаға өмір жеткізуші актер тіршілігінің киелі кілті. Бұдан шығатын түйін: сахнада сезімді ойнауға болмайды, тек, әрекет арқылы өмір сүруге болады.
Рас, сахнаға көтерілген кез келген актер, көрермен қауым алдында бойындағы барын сарқып беруге атсалысады. Әсіресе, бастықпаған бас асау балғын актерлер бірден «аттың басын» қоя беруге құмар-ақ. «Қос құлағын қайшылап», атой салып сахнаға сыймай кететіндерін қайтерсің. Шымылдық ашылар-ашылмастан шарт- шұрт соғылған шапалақтың сатұр-сұтырына елігіп, партнерлерін баса-көктеп, алақ-жұлақ етіп алас ұрып шыға келетіндері қаншама! Делебесі қозып алған олар, лықсып келіп лап еткен тыз етпе жалған сезім жетегінде құйындата кетіп қалып, әрекет заңдылығын өрескел бұзып жүргендерін тез байқай алмай да қалады.
Рас, сахнаға аяқ салған санаткердің ойын-өрнек бедері кәусар сезімге шүпілдеп, тұнып тұрса нұр үстіне нұр. Ондай шалқар сезімге ие болу үшін актер ә дегеннен сезім бұлағын лақ еткізіп ақтара салмай, телегейдің өзін де тежей білуді үйрену шарт. Өзін-өзі сақ ұстап, сезім дүниесін сарқып алмайтын жағын ойлау керек. Кемерінен асып төгіліп, шүпілдеген сезім тасқынын көл-көсір етіп төге салатын өзінің сәтті кезеңі болады. Сол бір көркемдік кезеңді күткен абзал. Дәл осы жауапты кезең үшін, актер өзін іркіп ұстап, «сезім қорын» жинай бергені жен. Сағаты соққан сәтте с е з і м «шүмегін» ағытып жібере салса, сонда ғана ол өзінің қуатты көркемдік қасиетіне иелік етіп, көрермендердің рухани қажеттілігін қанағатқа бөлейді.
Сезімді ірке білудің творчестволық маңызы туралы Б. Захава: «Ақиқат өмірде сезім қуаты мен оның сырттай пайда болу арақатынасы төмендегідей заңдылыққа бағынышты екенін есте сақтаған абзал: ол заңдылық — адам неғұрлым өзінің сыртқы сезімінің пайда болу сәтін тежей білсе, сезім де соғұрлым бар қуат айқындылығымен молая, күшейе түспек. Сөйтіп,адам өз сезімін сыртқа шығармай тұншықтырып ұстауға тырысқан сайын, оның бірте-бірте жиналған қоры шектен тыс күшейе түсіп, бір сәтте бұрқ етіп аса қуатты алапат күшпен сыртқа жарып шығып, жолында кездескен бөгеттерді төңкеріп тастайды» (Б. Е. Захава, Мастерства актер и режиссера, Издательство «Искусство», Москва, 1969, стр. 164) деп зерделік таныткан.
О, тәңірім! К. С. Станиславскийдің тілімен айтқанда, көптеген театрлардың сахнасынан өзін-өзі зорлап, сезімді «сығып» шығаруға жанталасып жүрген дәрменсіз актерлерді көргенде, амалсыз бас шайқайсың. Демін сыртқа шығармай іштей қылғынып, қатты күшенгеннен тамырлары адырайып, беттері қызарады. Булыққандары сонша, өкпелері сырылдап, тамақтары қырылдап өзеурей бастайды. Шамадан тыс зорыққаннан тарамыстары тырысып, буындары сіресіп, қозғала алмай қалады. Бұнысы несі дейсіз ғой? Бұл — актердің сахна алаңынан өзі сомдап жүрген кейіпкерінің қайғылы көңіл күйін бейнелемек болып жылағаны. Ал, өмірде қасірет шегіп еңіреген адамның тоқталмай еңірей бергісі келер ме еді? Қайта көз жасын тыйып, жұбануға тырыспай ма? Ендеше, әлгідей көріністі қалай түсінуге болады? Мұндай жалған сезімді «ойнатуға» тек кәсіпқой актерлер «шебер» келеді. Олар зар еңіреп егілген болып, көз жасын зорлап «сығып» шығарады. Сонда оларға көрермен қауым сене қояды екен деп ойлауға бола ма? Әй қайдам... Немесе, күлкі қысқан адамның беталды күле бергісі келер ме еді? Жоқ! Ол күлкісін тыюға тырысар еді. Олай болса, актер, сахнада неге өзін-өзі зорлап күледі? Сонда актердің зорланып күлген күлкісінің өтірік күлкі екенін көрермендер аңғармай ма? Аңғарады. Өйткені өмірде өтірік күліп, өтірік жас төкпейміз ғой. Олай болса, актер, табиғат заңдылығына қарсы күрес ашып, ұятқа қалмай, сол заңдылыққа мойын ұсыну жағын ойлағаны абзал.
Түйіндеп айтқанда: мақсат, ой, сезім элементтерін өмірге әкелетін билеуші элемент ә р е к е т —«Станиславскей жүйесінің» негіздерінің негіздерінен саналады. Актер шеберлігі деп аталатын киелі ұғымның тас бұлақ қайнары — ә р е к е т.
ЕКІНШІ ЗАҢДЫЛЫҚ
Сахналық зейін әм оның түрлері
(Сценическое внимание и его виды)
«...Сағат он екілер кезінде біз Лебедевтің лагеріне жетіп жығылдық.
-
Тірі жан қалмаған-ау!—деп дауыстады Василий Николаевич, бұғы шанадан (нарта) қарғып түсіп, палатканың
ішін көзбен шолып.
-
Қонысты қар басып қалыпты. Не адамның, не шананың, не бұғының ізі жоқ... -
Міне қызық, олар қайда кетті екен?— дедім таңқалып.
-
Сен адамдарды сұрап тұрсың ба? Олар бүгін алысқа кетті, әзір келе қоймас,— деді Улукиткан. -
Сен оны қайдан білдің? Неге солай ойлайсың? -
Эһе, көрмей тұрмысың! Өзің оқып көрші, мына жерде анық жазылған.— Сөйтті де қарт тақау тұрған қарағайды қолымен нұсқады.
Мен қарағайдың кертілген ұшы сақина тәрізденіп иіліп, көлденең сұғылған жәңкіш бұтағын көрдім.
-
Түк түсінсем бұйырмасын! Кәдімгідей кертіп қойған. Сен қалжыңдап тұрсың. Улукиткан. -
Қалжыңдағаны қалай? Келіп көр, соқыр емессің ғой?—Ол ашуланған күйі мені қолымнан сүйреп қарағайға алып келді. -
Жақсылап қара, мен сөз сабақтайын. Бұрынғы кезде эвенктер жазудың не екенін білмеген. Олар біреуге бірдеңе айтқысы келгенде, өзінің не айтатынын ағашқа әр түрлі таңбалар салып, сол арқылы жеткізген. Егер қоныс иесі елді мекенін біржола тастап көшіп кетсе, бұтақты кеткен жағына қаратып қойып кететін болған. Ал түбінде қайтып келмек болып, ұзақ уақытқа кетсе, бұтақтың ұшын сақина сияқтандырып артына қарай дөңгелектеп қойған. Түсініп тұрсың ба? Көзің бар ғой, жақсылап қара: Лебедевтің жолбасшысы дұрыс жазып кеткен, олар сөз жоқ қайтып келеді, бірақ жуықта оралмайды. Егер эвенк екі-үш күндік жерге көшетін болса, бұтақтың сақина жақ басын сәл төменірек салбыратып ілер еді. Ал бір күндік жолға шығып, қонаға қонғысы келмесе, бұтақтың ұшын сақиналамай, төмен қаратып іледі. Енді түсіндің бе? Ерте кезде эвенктердің бәрі де осылай істейтін. -
Түсінбегенде ше. Алайда олардың тап бүгін кеткендерін қайдан білдің? -
Солардың бәрі де мына бұтақта жазулы тұр ғой. Қалай көрмейсің? Кәне, қарашы, мына жерде пышақпен төрт қатар етіліп тіс-тіс төрт істік және бір доғал сызық ойылған. Үшкір тіс жағы — біздіңше шуақты күн болып есептелсе, доғал жағы — ауа райының бұзылуы болып есептеледі. Ендеше, Лебедев бұл арадан қатарынан төрт күн жылы болып, ауа райы бұзылатын бесінші күні көшіп кеткен. Енді анықтап санап шық та, қай күні көшкенін айтып берші. -
Дұрыс екен, бүгін кетіпті,— деп Василий Николаевич сөзге араласты.— Естеріңе түсіріңіздерші, күн- шуақ біз асудың ар жағында болған кезімізде төртінші жұлдызда басталған болатын, содан төрт күн ұдайы жылымық болып тұрды да, бүгін бесінші күн болғанда — бірінші рет күн бұзылды. Мына қызықты қара, әрі анық, әрі түсінікті! Сауаты бар адамға бәрін жазып шығу үшін тіпті, қарағай да шақ келмес еді, ал эвенк бір бұтаққа бәрін сидырған... Бұған не айтарсың! Осылардың бәрін Улукиткан, сен қалай зерделей аласың?
Ал, ол болса таңырқаған күйі басын шайқап, біздің көп нәрселерді аңғара бермейтін бейқамдығымызға, табиғатта кездесе беретін әр түрлі құбылыстардың себептерін біле бермейтіндігімізге, жалпы сауатсыздығымызға ыза болып тұра берді.
— Адам баласына ақыл тектен-тек берілмеген,— деді ол. Егер қар үстінде бұрқырап үйіліп жатқан құстың қауырсынын көрсең,— қасынан жайбарақат өтіп жүре берме, қандай құстың қауырсыны екенін, бұл жерде неғып шашылып жатқанын біліп ал; сынған бұтақ көзіңе түссе — кім сындырды, не үшін сындырды, оны да біліп ал; жабайы бұғының қашқан ізін көрсең — кімнен, неден қашқанын ұғып ал. Көз бәрін де көруге тиіс. Көріп қана қою — аз, сол көргеніңді түсінуің керек.— Алайда ол бізден күдер үзгендей қолын бір-ақ сермеді де, бұғыларды доғара бастады.
Міне қаңдай, нағыз ізші, табиғаттың төл перзенті, есте жоқ ескінін куәгері!—деп ойладым мен, Улукитканға масаттана қарап.— Бұлар күн санап азайып, құрып барады... Олар ғасырлар бойы қорабаланған халқының тәжірибесімен бірге тарихын да өздерімен бірге көрге ала кетеді. Осы бір бұрынғы орман көшпендісінің ұшан- теңіз білім жинап, оған күллі тайга өмірінің бүге-шігесіне дейін алақандағыдай анық болатынын ойлаудың өзі хикмет. Жас шағынан бастап құштарлығы мен құмарлығын шыңдап, тылсым құбылыстарға ынта қойып, олардың себептерін біліп алуды үйреніп шығу— адам баласы үшін неткен бақыт!» (Гр. Федосеев, Тропою испытаний, Изд. «Молодая гвардия», 1969, стр. 85—86). Бұл «ағаш»кітапқа жазылған ғажайып жолдар 20—ЗО жылдары таулы Сібірдің Саян қырқаларын зерттеп, жер бедерін топографиялық картаға түсірген инженер-геодезист Григорий Анисимович Федосеевтің өзінің жолбасшысы эвенк шалы Улукиткан туралы жазғандарынан үзінді.
Не деген қырағылық! Не деген байқампаздық! Не деген зейінділік!
Улукитканның геолог достарына айтқан: «Көз бәрін де көруге тиіс. Көріп қана қою аз, сол көргеніңді түсінуің керек»,— деген сөздерінде қандай терең мағына бар десеңші! К. С. Станиславскийдің: «Өнерде — түсіну деген істей білу деген сөз» дейтін пікірімен астарлас жатқан жоқ па? Міне, сол көре білу,ести білу, сезе білу, иіссезу сияқты адамның ізгі қасиеттері сахна өнерінде ерекше гармониялық роль атқарады. Ал, табиғат сыйлаған осыншама қазына байлықты өнер игілігіне айналдыру, көркемдік құрал етіп пайдалану — актер творчествосына да тиесілі сыбаға. Өнер шарты әлгі айтылған көру, есту, сезу, иіскеу құбылыстарын бір-бірінен ажыратып қана қою емес, солардан алған әсерін жеткізу арқылы басқаларды еліктіру. Ол үшін адамның бойында айналасында болып жатқан құбылыстарды терең түйсінетін аңғарымпаздық қабілет болу керек.