Файл: Сахна жне актер маман Байсеркенов айта терген Есмакова Жанерке Алы сз.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 1146
Скачиваний: 25
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
Ондай қасиет театр тілінде — з е й і н деп аталады.
«Жас шағынан бастап құштарлығы мен құмарлығын шыңдап, тылсым құбылыстарға ынта қойып, олардың себептерін біліп алуды үйреніп шығу— адам баласы үшін неткен бақыт!»—деп Гр. Федосеев жазғандай, зейінді адам шын мәнінде бақытты ғой. Олардың көрмейтіні,естімейтіні, байқамайтыны болмайды. Ал, қырағы, байқампаз адам — нағыз талантты адам. Көпті көріп, әр нарсені аңғарған адамның ішкі мазмұны бай болып, ойлау процесі айшықты әрі ұшқыр келеді. Алайда байқампаздық бар да, пайымдау және бар. Көру барда, көңілдің көрігіне салу тағы бар. Демек, байқампаздықтан — байлық жинау, көргеннен — көркемдік табу, актердің санаткерлік міндетіне саяды. Актер өзінің күллі сахналық сипатын пластика, ритмика, сценография талап-тілектеріне бағындыра білу керек; ол режиссер тауып берген мизансцена пішімін бұлжытпай өрнектеу үшін керек; ол, сондай-ақ творчестволық мақсатын іске асыру үшін өзі мен партнерінің әрекетін, ойын үлгісін көркемдік дәрежеде сабақтастыра алатындай болу керек; ол көрермен залының тыныс-тірлігін дұрыс сезініп, қорытынды шығаратын деңгейде тұру керек; ол дауыс, ырғақ, қимыл сияқты бейнелеу кұралдары өз айшығымен жеткізе алатын шеберлік таныта білу керек. Демек, актердің зейін аппараты: көзі, құлағы, сезімі барынша қырағы болып әлгіндей талаптарға сай болмаса, ол сахнада творчестволық іс атқара алар ма еді? Атқара алмас еді. Ол үшін актер сахнада барынша сақ, құлықты болу керек. Ондай талаптарды басшылыққа алатын басты элемент — сахналық зейін.
«Зейін — өзін қоршаған айналасымен қарым-қатынас жасау үшін адам баласына біткен ерекше қармау сезімі. Адамның зейіні неғұрлым тұтқыр болса, оның өмірден тоқығаны мен түйсінгені де соғұрлым терең болады. Зейінді адамның өмір сүргенінің өзі — үлгі. Оның өзгелерден алары да, өзгелерге берері де көп. Оның әрі тартымды, әрі мазмұнды ішкі дүниесі айналасындағыларды еліктіріп өзіне тартып тұрады» (М. Кнебель, Поэзия педагогики, ВТО, Москва, 1984, с. 57) деп жазады зейіннің актер творчествосындағы айрықша ролі туралы К. С. Станиславскийдің төл шәкірті, белгілі ұстаз М. Кнебель.
Зейін элементі К. С. Станиславский творчествосында ерекше мазмұнда кең орын алады. Ғұлама ғалым аталмыш элементке орасан маңыз беріп, көп қадалып, еңсе сала шұқшиып жан-жақты қазып зерттеген. Актердің сахнаға аяқ салған сәтінен бастап, басқан қадамына дейін қадағалап отырған. Сахнаға шыққан санаткер алақ- жұлақ етіп абдырап қалмас үшін—субъекті (актер) мен объектінің (қоршаған орта) тұтқыр зейінге қазықталған байланысын ашып берді. «Актерге сахнада зейін объектісі (нысана) қажет — дейді Станиславский — егер объект неғұрлым көзтартарлық болса, актер зейінінің билігі де соғұрлым қуатты болмақ». Осы жолдардың ішкі мағынасына ой жүгіртсек, өмірде адам баласының зейін аудармайтын объектісі бола ма? Аттаған сайын тың объектілер кездесе бермей ме? Ал, бұлар — өмірде кездесетін нәрселер. «Сахна — өмірдің көшірмесі» дейтін ұғымға мойын ұсынсақ, өмірдегі зейін мен сахналық зейін арасында әжептәуір айырмашылық бар. Сахналық зейін — өмірден алған әсердің белгілі бір объектіге шоғырланған жиынтық түрі. Демек, сахнада актердің зейін қоятын объектісі болу керек. Сахналық кеңістікке байланысты объектінің алыс, жақын орналасуы заңды кұбылыс.
«Өмірде сіздер жүре де, отыра да, сөйлей де, көре де білесіздер, ал театрда осылардың бәрінен айрылып қалып, көпшіліктің тақау отырғанынан жасқанып: «Олар неге қарайды?!»—деп өздеріңізден өздеріңіз сұрайсыздар. Демек, сіздерді басынан бастап, бәріне — сахнаға шығуға да, жұрт алдында тұруға да қайтадан үйретуге тура келеді»
(К. С. Станиславский, Сочинения, том 2, с. 108) дейді де К. С. Станиславский: тақау нысана-нүктесі, алыс нысана-нүктесі деп кеңістік алаңындағы актердің партнеріне шоғырланған зейін нысанасының арақатынасын безбендейді. Енді актер, алақтамай- жалтақтамай нысана-нүктесімен яғни партнерімен нақ- па-нақ қарым-қатынас жасайтын болады. Сахнада көз тоқтатарлық тұлдыр таппай сасқалақтайтын бейнеттен құтылады. Демек, нысана-нүкте (объект-нүкте) сахнада дұрыс көруге, дұрыс тыңдауға, адаспай қарым-катынас жасауға үйіретіп, соған дағдыландырады.
Зейін — нысанаға өзінің әрекет қажеттілігін жүктейді. Ал, әрекет — нысанаға зейін қуатын бағыттап, оны шоғырландыра түседі. Нәтижесінде, зейін — әрекет арқылы құйылыс тауып, өзектес бір өріммен өріліп барып, нысанамен ажырамастай болып берік байланысады. Сөйтіп, зейін — әрекет — нысана — актер мен партнердің, актер мен көрерменнің, актер мен сахнаның арақатынасын байланыстыратын комплекстік элементтер шоғырына айналады. Әрекет белсенділігін нысанаға бағыттайтын — зейін. Ал, көру, есту, қарау, тыңдау, сезу — зейін қоюдан пайда болатын құбылыстар. Ендеше, осыларға басшылық етуші де — зейін.
Өкінішке орай, біз көп жағдайда сахнада тұрып бір-бірімізге қараймыз, бірақ, бір-бірімізді көрмейміз. Өйткені, көңіл ояу, көкірек ұйқыда. Зейініміз кейіпкердің жан дүниесімен емес, бөтен нәрсемен алаң болуда. ( Өмірде көзінде мағына жоқ адамнан жаман не бар? Сылдырлаған сөз, сермелген қол, жіті қимыл — бірде- бірі адамның жалтылдаған жанарын алмастыра алар ма? Сондықтан да К. С. Станиславский: «Көз — адам жанының айнасы» деген.
Жалт етіп қараған актер көзі көрермендердің назарын өзіне аударып, оны нысанаға бағыттайды. Ал, мағынасыз көз көрермен назарын басқа жаққа бұрып жібереді.
Сонымен, зейін процесін нысана-нүктеден бастаған Станиславский, енді оның аясы мен аумағын кеңітіп, зейін шеңберін (круг внимания) сала-салаға жіктеді.
Олар: зейін шеңбері (круг внимания), к і ш і з е й і н ш е ң б е р і (малый круг внимания), о р т а з е й і н ш е ң б е р і (средний круг внимания), үлкен зейін шеңбері (большой круг внимания), ең үлкен зейін ш е ң б е р і (самый болыной круг внимания) болып беске бөлінеді.
Кіші зейін шеңбері — күллі зейінінді бір нысанаға шоғырландыруға; өз сезіміңмен оңаша өмір сүруге; ойға шомуға, ой мен сезім астарының небір нәзік сырларымен жеке сырласуға; өткен-кеткенді еске түсіріп, болашақты болжауға жетелейді. Актердің осы бір оңаша көңіл күйін К. С. Станиславский: «Жұрт алдындағы жалғыздық» (публичное одиночество) деп атаған. Қалың көрермен алдында ойын кестесін көрсетіп жүрген актер «жалғыздық» күйін бастан жиі кешеді. Ал, кіші зейін шеңбері сахна алаңында, әсіресе, кинематографияда ірі пландық (крупный план) роль атқарады.
Орта зейін шеңбері — ауқымды әрекет желісіне қазықталған. Ол кіші зейін шеңберіне қарағанда кең кеністік тілейді. Бұл екі-үш немесе төрт-бес адамдық шағын көріністерді қамтып ойнауға қолайлы. Творчестволық ауа райы, шет-шегарасы, кеңістікпен арақатынастары да соған ыңғайланған.
Үлкен зейін шеңбері — сахнаны түгел қамтиды. Мұндай әйдік шеңбер, кейіпкерлері көп классикалық шығармаларда сахналау үшін қажет. Мазмұны бай, қақтығысы калың, мизансценалық айшық-бедері жиі туынды кеңістік тілейді. Әрине, зейін щеңбері де кеңейеді.
Ең үлкен зейін шеңбері — перспективалық планда іс атқарады. Мәселен, біз ен далада жүрсек, көру қашықтығымыз аспан кенересімен, яғни көкжиекпен шектесер еді. Сахнадағы көкжиек кенересі сахнаның төргі түкпір
қабырғасы болып есептеледі. Сол алыс перспективалық шет-шегара кенересін табиғат немесе теңіз, т. б. көріністерін беру үшін көпшілік жағдайда суретшілер пайдаланады. Тақырыбы өндірістік туындылар болса, кейде конструкциялық шешім тілейтін спектакль үшін де қажет. Ең үлкен зейін шеңбері, сайып келгенде, спектакльдің образдық шешімін бейнелеуге мүмкіндік туғызуға жәрдем беретін сахналық кеңістік.
Көп жағдайда кейіпкерлер әрекеті мен көріністердің алмасуына байланысты зейін шеңбері де жиі-жиі өзгеріп тұрады. Ондай жағдай сахнадағы жарықтың өзгеруіне байланысты да болады. Міне, сондай қажеттілікке орай өзгеріп тұратын зейін шеңберін — жылжымалы зейін шеңбері (передвижной круг внимания) деп атаған К. С. Станиславский. Мәселен, кіші зейін шеңберінде әрекет етіп тұрған сәтте оқиға орта зейін шеңберіне, одан үлкен зейін шеңберіне ауысып кетуі мүмкін. Сол кезде актердің абдырап, адасып барып үлкен зейін шеңберіне араласып, соған сіңіп кетуіне дау жоқ. Онда не істеу керек?
«Егер үлкен шеңбер ішінде адасып кетсең, тездеп, нысана-нүктесіне шап бер. Одан айрылмаған күйі кіші шеңберді тауып ал, содан соң орта шеңберге жармас» (там же, с. 112) деп зейінді басшылыққа алатын техникалық әдісті үйрете отырып: «Сіздеір бұл әдісті эстрадалық концерттің әйдік алаңына аяқ салып көргенде шындап бағалайтын боласыздар. Әйдік алаңға аяқ салған артист, өзін елсіз далада жүргендей дәрменсіз жағдайда сезінеді. Өзіңді құтқарудың жалғыз жолы — кіші және орта зейін шеңберін мүлтіксіз меңгеру екенін сонда ғана түсінетін боласыздар» (там же) деп кеңес береді К. С. Станиславский.
Зейін элементінің сахнада айрықша маңызды роль атқаратыны туралы К. С. Станиславский үнді халқының мынандай бір ертеде болған көне аңызын мысалға келтіреді.
«Бір атақты Махараджа өзіне жақсы министр таңдамақшы болыпты. Ол шүпілдете толтырып сүт құйылған үлкен құмыраны көтеріп, қаланы айнала қоршаған дуалдың үстімен бір тамшысын тамызбай жүріп өткен адамды министр қоймақшы екен. Жүріп өтпекші болғандарға, айғайлап, шулап, алаңдата берген соң олар сүтін төгіп алса керек.
«Бұлар министр бола алмайды»,— депті Махараджа.
Сонымен тағы біреу тәуекелге бел байласа керек. Айқай да, қорқыту да, алдау да оның сүт толы құмыраға қадалған жанарын басқа жаққа аудара алмапты.
«Атыңдар!»— деп айғай салады әмірші.
Олар тарсылдатып қанша атса да, ештеңе шығара алмапты.
«Мынау министр!»— депті Махараджа.
«Сен айқайлаған дауысты естідің бе?»— деп сұрапты одан әмірші.
«Жоқ!»— дейді ол.
«Өзіңді қорқытқан адамдарды көрдің бе?»—дейді оған.
«Жоқ,— дейді ол.—Мен қолымдағы сүттен көз айырғам жоқ».
«Мылтық даусын естідің бе?»
«Жоқ, әміршім! Мен сүттен көз айырғам жоқ»,— депті.
Сол адамды Махараджа министр тағайындаса керек.
— Шеңберден шықпау деп, міне осыны айтады! Нағыз зейін осылай болуға тиіс, ол тіпті қараңғы жерде емес, жарық жерде жасалды ғой!» (там же, с. 114) деп К. С. Станиславский сөзін: «Егер үлкен шеңбер ішінде адасып кетсең, лезде кіші шеңбер ішіне сығымдал. Алайда сіздер кіші зейін шеңберін тек сахнада ғана емес, өмірде де тастамай өздеріңмен бірге алып жүре аласыздар ғой» (там же), деген ізгі ниетпен аяқтапты сөзін.
Демек, сахна өнерінде нысана мен зейін актердің мәңгілік серігіне айналу керек. Творчество біздің күллі организміміздің бүтіндей жұмылып іс атқарғанын талап етеді. Бірақ, біздің сорымызға қарай, талант дәрежесі тым шектеулі нәрсе. Табиғат бәрін бірдей үйіп-төгіп бере салмайды. Сонда не істеу керек? Табиғат пен тіршілік берген байлықты байқамай, елеусіз жүретіндерді қайтеміз? «Көрмес түйені де көрмес» деп қазақ айтқандай, еш нәрсені аңғармайтын, көргенін көңліне тоқымайтын, үнемі «ат үстінде» жүретін зейінсіз жандармен не істеуге болады? Селқостық пен салақтықтан қалай құтылуға болады? Өмірде — көруге, тануға, түсінуге не нәрсе көмектеседі?
«Ең алдымен, жамандықты емес, әуелі — әдемілікті қалай қарап, қалай көре білуді, қалай тыңдап, қалай естуді түсіндіру қажет. Әдемілік жан дүниенді сергітіп, тебіреніс зердеңде өшпейтін із қалдырып, әсем сезім ұялатады. Бәрінен де табиғаттың өзі әдемі. Мүмкіндігі келгенше табиғаттың өзіне үңілуге тырысып бақ. Істің бастамасы ретінде алдымен гүлге немесе жапыраққа, тіпті өрмекшінің ұясына, тіпті болмаса терезе әйнегіне түскен аяздың өрнегіне назар сал. Бұлар — табиғаттың ұлы суретшісі салған өнер шығармасы. Өзіңе осылардың несі ұнайтынын өз сөзіңмен анықтап айтып беруге тырыс.. Мұның өзі зерттеген нысанаңа мықтап зейін қоюға, оған саналы түрде баға беруге, мән-мағынасына тереңдеп енуге мәжбүр етеді. Табиғаттың сұрықсыз жағы болса, одан жиренбеңдер. Жағымсыз құбылыстың қалқасында жағымдысы болатынын, көріксіздің көрікті жағы болатынын, сондай-ақ, ажарлының ажарсыз жағы да болатынын естеріңізден екі елі шығармаңыздар. Нағыз шынайы әдемілік кейіпсіздіктен қорықпайды. Қайта кейінгісі әдемілікті онан сайын жарқыратып көрсетеді» (там же, с. 126) деп «өнерді өмірдің өзінен үйреніндер» дейтін ұстазы М. С. Щепкиннің ұлағатын өнерге өнеге етеді.
Сондай-ақ: кім, не, қашан, қайда, неге, не үшін деген сан қилы сауалдар арқылы көрген мен тоқығаныңды, байқаған мен аңғарғаныңды терең талдау бойынша салалау керектігін айтады. К. С. Станиславский.
Жоғарыда Гр. Федосеевтің кітабынан үзіндіні текке келтіргеміз жоқ. Аталмыш жолдардың зейін элементіне тікелей творчестволық қатысы болғандықтан мысал үшін алдық. Ит тұмсығы батпайтын ну жыныс тайганы туысындай танитын сексен жастағы эвенк қарты Улукитканның зейінділігі мен зерделілігі кімге болса да, әсіресе, өнер адамдарына үлгі боларлық мысал.
К. С. Станиславский талдау процесі: кім, н е, қашан, қайда, неге, неүшін сияқты етістіктің сұраулары арқылы анықталады десе, Улукиткан: «Егер қар үстінде бұрқырап, үйіліп жатқан құстың қауырсынын көрсең — қасынан зу етіп өтіп кетпе, қандай құстың қауырсыны екенін, бұл жерде неғып шашылып жатқанын біліп ал; сынған бұтақ көзіңе түссе — кім сындырды, не үшін сындырды, оның да себебін біліп алуға тырыс; қашып бара жатқан жабайы бұғының ізін көзің шалса — кімнен, неден корқып, қашқанына көз жеткіз. Екі көз бәрін де көруге тиіс. Көріп қана қою — аз, сол көргендеріңді түсінуің керек» деп, ол да етістіктің сұрауларын көлденең тартады.
Не деген үндестік! Не деген үйлесімдік! Байқампаздық пен аңғарымпаздық, көрегендік пен келісімдік қандай?!
Екеуіне де тән, ортақ қасиет — даналық. Біреуінде: әлемдік мәдениет бұлағынан суарылған зиялы зерделілік айдыны шалқып жатса, екіншісінде: өз басынан кешкен,өмір тәжірибесінен жиналған қазына кені жарқырайды. Демек, өмір тәжірибесі — сахна қазынасы.
Тәжірибе — оқумен, тоқумен келетін процесс. Зейінділік — байқампаздық пен аңғарымпаздықтың жемісі
К. С. Станиславскийдің өсиеті де осыған саяды. Өйткені,ұзақ уақыт бойы талмай зерттеу мен байқампаздық нәтижесі актердің творчестволық материалы болып танылады.
«Артист, тек, сахнада ғана емес, өмірде де зейінді болуға міндетті. Ол өзінің назары ауған нәрсесіне бар жан дүниесін жұмылдыра білуге тиіс. Бақылап тұрған затыңа алаңғасар тоғышарша қарамай, тереңдей үңіле карағаның абзал» (там же, стр. 125) дейді К. С.Станиславский.
...«Қарарбақ тынышсыздана бастады, әлденеге мазаланғандай болды. Ол тарамыстанған мойнын созған күйі басын тұқитып, төменге, жартас астына тесіле қарады.
Астымызда арша ағаштарына барып ұласып жатқан қабырғалы қырқалар, онымен жарыса тапал үйеңкілер жапқан иір-иір сай жатыр, ал одан төменірек — бұйраланған сұп-сұр малта тастар.
Маңайда жан баласы көрінбейді.