Файл: Сахна жне актер маман Байсеркенов айта терген Есмакова Жанерке Алы сз.docx
ВУЗ: Не указан
Категория: Не указан
Дисциплина: Не указана
Добавлен: 11.12.2023
Просмотров: 1122
Скачиваний: 25
ВНИМАНИЕ! Если данный файл нарушает Ваши авторские права, то обязательно сообщите нам.
ЖЕТІНШІ ЗАҢДЫЛЫҚ
Сөз әрекеті
(Словесное действне)
Сахна өнерінің ең басты құралы — сөз. Онсыз әдебиет те, драматургия да, қарым-қатынас та болмақ емес. Әдебиет жоқ жерде сахна өнері де жоқ. Сахна үшін сөз — тек, адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, қайнаған өмір. Сондықтан да сөз, сөз болғанда қарсылық пен қақтығысқа құрылған әрекет-қуаты күшті сөз «Станиславский жүйесінің» заңдылық негізіне жатады. Ол сахнаның сәулетті ғимараты — спектакльдің тас табалдырығы мен қыш қабырғасын өріп шығаратын асылтас материал. Өйткені, драматургия тілі — сахнаға көшіріле салған әншейіндегі ауызекі сөз емес, ол айырықша айшықты тіл. Ой теңізінің тұңғиық түбінен терілген маржан сөздер қағаз бетіне түспес бұрын ең алдымен жазушының санасында ұзақ толғатып, өлшемдік бітімі, композициялық құрылысы, жанрлық сипаты, оқиға желісі, идеялық табиғаты, тілдік қуаты әбден пісіп, айқындалып барып өмірге келеді. Демек, сахна тілі — өмірге ізгілік идеясын әкелетін символдық сипат.Сөз, оның ішінде сахналық сөз өзінің ішкі қитұрқы астар-мағынасымен, теңіздей тереңдігімен, пішіндік сымбат-айшығымен символ сабақтастығын тудырады. Анықтап айтқанда, тіл — идеяның символы. Әсілі, ыңыранған ішкі толғанысыңды, шүпілдеген мөлдір сезіміңді сахнадан көрермендерге тасымалдайтын асыл аспабың да, құдіретті қаруың да —сөз.
А. Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» атты трагедиясындағы Сальери роліндегі ауыр сәтсіздігінен кейін
К. С. Станиславский: «актер сөйлей білу керек» деген екен қатты ашынып. Өзінің әйгілі сәтсіздігін терең талдаудан өткізген ол, рольдің құлау себебін Пушкиннің «өлеңдерін жете менгере алмаудан болды деп түйіндесе керек. Ақиқат солай болғанда, сөздің актер творчествосында алатын айрықша орны туралы айтпаса да түсінікті болар.
К. С. Станиславский актерлерден өмір бойы дене мүшесін баптап ұстауды талап етумен болса; оларға дауыс баптау, анық сөйлеу (дикдия), әсем қимыл (пластика) ережелері жатады. К. С. Станиславский еңбектерінің ішінде сахна тіліне жататын бөлім айрықша бірінші орында түр. Түсініксіз, міңгірлеген не болмаса әріптері түсіп қалып, аяғы айтылмай қалған сөз бен сөйлемді ол, кембағал адамға теңеген.
«Әріптері ауысып кеткен сөздер маған аузының орнына құлағын, құлағының орнына көзін, мұрнының орнына саусағын ауыстырып алған адам сияқты болып көрінеді.
Асығыс басталған сөз басы қабысып қалған адамның басы сияқты әсер етсе, аяғы айтылмай қалған сөз, аяғынан айрылған адам сияқты әсер етеді. Оларға дауыс баптау, анық сөйлеу (дикция), сымбат қирап, көзі шығып, мұрны кесіліп, шұнтиып қалған кембағал адамға ұқсайды» (там же, с. 69) деп К.С. Станиславский актерлердің күңкілдеп, мыңқылдап, былдырлап, быдықтанып, сақауланып сөйлейтін тілдегі мүкістік кінәраттарын қатты кінәлайды. Сондай-ақ Сальери роліндегі өзінің сәтсіздігін талдай келіп, іштей елжіреген ыстық сезімін жеткізе алмау себебі: тілге деген шеберліктің шектеулі болғанынан деген қорытындыға келді.Ол өзін-өзі ынтызар болған әйелге сезімін жеткізе алмаған мылқау адамға теңейді. Өзінің ұзақ жылғы сахналық тәжірибесін сараптай келіп, негізгі кінәрат көзі — қимыл-іс аппаратының қақайып, сіресуі мен актерлік жалған пафос екенін, олардың актер бойына үйір болатын себебі — актерлердің тіл білмейтіндігі,яғни сөздің саралық сипатын терең меңгермегендігі екенін айтады. Олар сахна алаңында сөздің небір нәзік иірімдері мен сазды сиқырын іштей терең сезіне тұра, сол іңкәрлік пен ынтызарлығын «қақтаған күмістей қылып» әсем сөз өрнектері арқылы айшықтап жеткізіп бере алмайды, өйткені техникалық дайындықтары шамалы әрі дүмбілез,— дейді К. С. Станиславский. Әрине, «адамның рухани тіршілігін» сомдау сияқты нәзік процесс сөз дүниесінің де нәзіктігін қалайды.
Әрі қарапайым, әрі әсем сөйлей білу — белгілі бір мызғымайтын өз заңына негізделген тұтас іліми кафедра.
Тіл — адамның ой парасатының шешен шежіресі. Амал не, адам баласының ой қазынасын ақтарып алдыңа жайып салатын тіл құдіреті мен тіл қасиетінің қызметін олақ пайдаланамыз. Ал, ақиқатына келсек, әр буын, әр бунақ, әр сөз, әр сөйлемнің өз табиғаты, өз жан дүниесі бар. Біз сөздің осындай сиқыр сарайы мен тылсым құпиясына атүсті қараймыз. Соның салдарынан өмірде қалай сөйлесек, сахнада да солай сөйлейміз. Өйткені, өмірдегі өзіміздің сөз саптасымызға құлағымыз үйреніп кеткен. Сөздің астарына үңіліп, үніне құлақ аспаймыз. Оларды былай қойғанда, дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбыстың үндестік заңын білмегендіктен олардың қалай айтылуын да ажырата алмаймыз. К. С. Станиславский аса жоғары бағалаған зиялы сөз зергері С. М. Волконский өзінің атақты «Бейнелі сөз» деген еңбегінде: «дауысты дыбыс — өзен болса, дауыссыз дыбыс — жағалау»,—деп дыбыстың әуендік, үндік сипатына дейін терең үңілсе, режиссеріміз бен актерлеріміздің көпшілігі аққан өзенді арнасынан шығарып алып, жағалауын тасқын астында қалдырып жатады. С. М. Волконский бейнелеп айтқандай, көктемде тасыған өзен кедергіге кездесіп, арнасынан адасса, жағалауын жуып аңғарын бүлдірмей ме? Дауысты дыбыста сол сияқты — өзінің ішкі әуендік ағысы кедергіге соқтығып кідірсе, үннен айрылады. Жағалау жартасқа соғылған әсем әуен — жағымсыз жаңғырық шығарады. Ұлы Абай: «Жартасқа бардым, күнде айғай салдым, одан да шықты жаңғырық!»—деп біліп айтқан. Жаңғырық үні — жабайы да жарықшақ. Ендеше, «дауысты дыбыстың аққан өзенін — дауыссыз дыбыстың жағалауына» жайып алмай, өз арнасында ұстау — көркемдік шарты. Сахналық туындының идеялық мазмұн-мағынасы сөйленген сөз арқылы жететінін есте сақтау лазым. Сөз кейіпкердің — жан дүниесі. Кейіпкердің толғанысы мен тіршілігі, сезімі мен секемі сөз арқылы кестеленеді.
К. С. Станиславский тіл ұстарту үшін әріптерді бас- басына жеке-дара зерттеуден бастау керек екенін айтады. (Өзі де содан бастаған ғой). Ол: «дауысты дыбыстардың тегі мен төркіні — әуен, дауыссыз дыбыстарда саздылық аз болады»—деп, жаттығуды дауыссыз дыбыстардан, онда да қатаң, ұяң түрінен бастаса керек. Әсіресе, олардың әуезділігі мен саздылығына баса назар аударған. Дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбыстардың аралас келетін тұстарындағы дауыссыз дыбыстың тіл тірейтін тұтқырлығын саздылыққа көшіру тәсілдерін іздеген. Ол үшін белгілі әншілермен пікір алысып, музыка заңдылықтарын тынбай зерттеген. Сөз бен саздың сабақтастығын, әуендік байланысын, үзілмейтін үндік желісін заңдастыруды армандап, алдына мақсат қойған. Әуелі әр әріптің көмейге, таңдайға, тілге, тіске, ерін мен кеңсірікке апаратын қуыс жолдары — а к у с т и к а с ы н , оның дыбыс шығаратын табиғатын ерінбей ұзақ жылдар бойы әдейілеп зерттеген. Ол үшін неше түрлі жаттығулар ойлап тапқан. Нәтижесінде, опера әншілері дауыс қойып үнін, дауыс қуатын дамытса, драма артистері де сахнадан дұрыс сөйлеу үшін әріптің дыбысын қоюдан бастау керек деген қорытындыға келеді.
«Әріптің жанын сезінбеген адам, сөздің де жанын сезіне алмайды, сондай-ақ сөйлем мен ойдың да жан дүниесін сезінбек емес» (там же, с. 71) деп әріптің, сөздің, сөйлемнің өзіне тән жан дүниесі болатынын, ал актер мұраты — солардың ішкі сарайын ашып, қазынасын ақтару екенін айтады К. С. Станиславский. Актер тіршілік иесі болғандықтан сөйлеген сөзіне де жан кіргізуге міндетті деп ұққан ұлы ұстаз, сахна лексиконына: өлі сөз, тірі сөз дейтін ұғым енгізді. К. С. Станиславскийдің сүйікті шәкірті М. Чехов ұстазынан да асып түсті. Ол: әріптерде жан тұрмақ, олардың түсі де болады,— деді. Сөйтіп, ол әріптерді жіктеп, түс-түске бөлді. М. Чеховтың айтуынша, әріптердің әуезділігін түсіне қарап ажыратуға болады екен. Үн-әуенін былай қойғанда, тіпті өлшем-ырғақ мөлшерін де түсінен анықтауға мүмкіншілік бар болса керек. Алайда, тосын көрінетін мұндай құбылысқа тосырқап қарауға болмайды. Атақты композитор Скрябин де музыкалық әуеннің түсі болатынын тұңғыш рет трагик актриса Алиса Кооненге айтып, таң қалдырған ғой. Ал, кәзір сол іске асып, түсті музыка аспаптары мен түсті музыка аппараттары тіршілігімізге араласып кетті. Демек, М. Чехов та бірдеңе біліп айтқан болар. Бірақ, бір өкініштісі — айтылды да қалды. Идеясын аяқтауға елін тастап, Америкаға біржола жер ауған М. Чеховтың күнкөрістен әрі мұршасы болмады...
«Даусың дұрыс қойылған екен, ендеше сөйлеген сөзіңді де ән салғандай қып айт»—деп уағыз айтқан атақты шет елдік бір әншінің сөзін К. С. Станиславский лұғат тұтып, ән сабағы мен сахна тілі сабағын қосып оқыту керек деген пікіріге де келеді. Өйткені, ән сабағының мұғалімі көбінесе дауысты дыбыстарға айрықша көңіл бөліп, дауыссыз дыбыстарға мән бермейді. Ал, сахна тілінің мұғалімдері керісінше, дауыссыз дыбыстарға назар аударады. Екеуі бірігіп іс істесе, бірін-бірі толықтырып, өнерге пайда келтірер еді деген ой айтады. К. С. Станиславский дауыс пен тілді қатар қойған. Анық сөз, айшықты сөз, ашық үн, асқақ дауыс — сахна сәні деп есептеген. Айтты-айтпады, сөз сұлуы мен үн әсемдігі актер творчествосында басты роль атқарады.
Иә, актер өмірінде әр түрлі жағдайлар бола береді. Кейбір актердің әдемі үні бола тұра дауыс күші әлсіз болады. Залдағы бесінші қатардан әрі аса алмайды. Алдыңғы қатарға жеткен дауыс, артқы қатарға жетпей жатады. Дауыс жетпеген соң, көрермендер жөтеліп, шашалып шулай бастайды. Амалы құрыған актер амалсыз айғайға басады. Нәтижесінде, биіктігі шамалы әдемі дауыс зорығып тамақ жыртылып, қарлығады. Актердің сөз айшығы бұзылып, ролінің әуендік жан дүниесіне жарақат түседі. Сөйтіп, көрермендерді ләззатқа бөлей алмайды.
Кейде төменгі дауысы (регистр) мен жоғарғы дауысы бірдей күшті актерлер болады. Алайда үнінде табиғи жарықшақтар болғандықтан дауыс саздылығы онша рәуішті бола бермейді. Жоғарғы үні сырылдап, төменгі үні қырылдап құлаққа аса жағымсыз естіледі. Бұдан да көрермендердің рақат ала алмасы бесенеден белгілі.
Сондықтан дұрыс қойылған дауыс, дұрыс қойылған дем, бырысу мен тырысу, сіресу мен қақаюдан арылған өңештің бұлшық еттері мен ерін артикуляциясы, ең соңында,— дәрігерлік ем — артистің дауыс баптап, тіл ұстартуына зор пайдасын тигізбек.
Сахнаға аяқ салған актер — дейді реформатор — жүріп-тұруды, көріп-білуді, әрекет етуді, айналасымен ;қарым-қатынас жасауды, әрі-беріден соң майын тамызып сөйлеп беруді басынан бастап қайтадан үйрену керек. «Артист тілдің қыры-сырын мүлтіксіз білуге тиіс. Егер тіл татымсыз болса, сахнадағы тәтті тіршілігің зая кетеді. Бірінші класты артист құлақ күйі келмеген аспапта ойнамас болар» (там же, с. 81) деп К. С. Станиславский қанша кақсаса да, сахнадағы тіл мәдениеті әлі күн өрге баспай келе жатыр. Жалаң декламация,жалған пафос, құрғақ баяндама көз аштырмайтын болды. Сахнадан сөйлеген сылдыр сөзден көрермен мезі болып бітті. Асығып-аптығып, сөзінің аяғын жұтып жұлмалап, жұлқып сөйлеген жаралы сөздерді естігенде жаның жабырқайды. Жалаулаған жасық сөздің жаныңа батқаны сондай — жадап-жүдеп, күйзелмеске шараң жоқ. Актерлер ыңыранып сөйлесе, актрисалар ыңырсып сөйлеуді әдетке айналдырып алған. Ыңыранғаны-толғанғаны, ыңырсығаны — жүректің қылын шерткен нәзіктікта бейнелегені болып саналады. Ал, ақырып-бақырып сөйлеу - бұлжымайтын модаға айналды. Ақырғаны — айбаттанғаны, бақырғаны — шабыттанғаны болып жүр. Кейде ысылдап сөйлесек, ара-арасында тіс арасынан сыздықтатып ысқырып қоятынды шығардық. Кейде сыбырлап, баз-базда жыбырлап сөйлегенді де өнер тұттық. Сыбырласқанымыз—сыр шерткеніміз, жыбырласқанымыз - кұпияласқанымыз болып әбден қалыптасты. Тамағымыз қырылдап, өкпеміз сырылдаса—сөздің саздылығы, үннің әуезділігі деп ұғатын болдық. Кейде сөздің басын естіртпей сыдыртып өте шықсақ, ортасы» дауысқа салып мөңкітіп, аяғын тоқ еткізіп тұқырта сала- тыпды таптық. Сөз бен сөйлемдегі буын мен бунақтың бұзылуы, әріптердің түсіп қалуы, интонациялық әуезділік пен өлшем-ырғақтың ауытқуы сияқты ірілі-уақты кінараттарды байқағанда, К. С. Станиславский: «Сөздің буын мен бунағының түсіп қалуы — тісі түсіп, көзі шығып
, мұрны кесіліп шұнтиып, құлағы кесіліп құнтиып қалған кембағал адамға ұқсайды» деп ашуға булыққан.
Айта берсек себеп те көп, салдар да көп.
Солардың басты себептерінің бірі мыналар сияқты.
Адам өмірде не сөйлесе де белгілі бір мақсатпен сөйлейді. Біреуге бірдеңе беру үшін, не болмаса алу үшін іс істеп, қарым-қатынас жасайды. Тіпті болмаса, уақыт өткізу үшін әңгіме-дүкен құрады. Қыл-қысқасы, алдарына максат қойып, іс істейді.
Ал, сахнада ше? Сахнада олай емес. Сахнада біз, автор, жазып берген «бөтен» біреудің сөзін айтамыз. Көпшілік жағдайда зауқымыз соқпайтын «керексіз» сөздерді айтуға мәжбүр боламыз. Сондықтан автордың айтар ойына да, көркемдеген сөзіне де қызықпаймыз. Ең бастысы — сенбейміз. Алдына қойған мақсаты, айтатын ойы болмаған соң, әрине, сөз — сөз күйінде қалады.
Ал, өмірде адам шын сөйлесіп, шын сұхбаттасады. Қоршаған айналасымен қарым-қатынас жасайды, сезінеді, тұшынады, көрген-білгенін ой елегінен өткізіп, елеп-екшейді. Сахнада болса, кейіпкеріміздің сезінбеген, көрмеген, білмеген, ойламаған дүниесін айтқызуға зорлайды.
«Өмірде біз өзімізге қажет, әрі қызық болған нәрсеге шындап құлақ асамыз. Ал, сахнада көпшілік жағдайда зейін қойып, тыңдап тұрған сыңай танытамыз. Тіпті іс жүзіне келгенде бөтен біреудің ой дүниесіне терең бойлап, партнеріміз бен роліміздің сөздерін сіңіруге де ден қойып мұқтаждық таныта бермейміз. Өзімізге өзіміз зорлап істетеміз. Ал, көпшілік жағдайда мұндай өктемдіктің ақыры кәсіпқойлық пен таптаурындылыққа апарып соғады» (там же, с. 82) деп жазады К. С. Станиславский. Бұл — бір.
Екінші. Жиі-жиі жасалған репетициялар мен қайта- қайта қойылған спектакльдердің нәтижесінде актерлер, сыдыртып сөздің өзін ғана сөйлеуге төселіп алады да, сөздің ішкі мазмұнына мән бермейді. Рольдің ішкі олқылығын бос сөзбен толтыруға тырысады. Сөйтіп, бара-бара сылдыр сөз сөйлеуге үйреніп, әдеттеніп алады. Егер актердің осы әдетіне еркіндік берілсе, ол творчество жасаудан қалып, баяндамашыға айналады. Өнердегі мұндай құбылысты
К. С. Станиславский: «Мұндай актерлер үшін рольдің идеясы мен сезімі — өгей бала сияқты да, ал сөз — өз баласы сияқты» (там же, с. 83)деп кейістік білдіріп, келеке қылған. Демек, олар шығарма мен образдың идеясы мен мазмұны үшін емес, тілдің тақылдаған техникасы мен декламациялық сыртқы мәнері үшін күреседі. Сөздің дыбыстық табиғатына, ашық айтылуына ғана назар аударады. Әрине, мұндай актерлердін шынайы өнерге қатысы да шамалы. Сондықтан, актер өзіне творчестволық қатаң талап қоя білуге тиіс. Өнер шарты — тәртіп. Келесі мәселе — сахнадан судыратып бос сөз сөйлемеу үшін талдау арқылы зерттеу процесін бастан кешу керек. Оның алғы шарты сөз а с т а р ы н ашу.